• Руханият
  • 15 Сәуір, 2021

МІНЕЗ ТУРАЛЫ МИНИАТЮРЛАР

1.

Блиц-сұхбат. (10.08.2020ж.) Сұхбат­тасым – Ғұсман Жандыбаев. Белгілі ақын, толғамдары мен трактаттары – терең иірімді тұғырлы ойларға шегенделген ­шебер шайыр, тұғырлы талант. Ақынға нақпа-нақ сұрақ қойдым.

– Адам мінезі деген не?

– Жедел жауап күтесің, ә?

– Иә, өз пайымыңызды білгім келеді.

– Айтсам былай... Әдетте адамдар біреулер туралы «мінезі жаман» деп жатады. Жақсы мен жаманның бәрін мінезге саятын сияқты. Дұрысында мінез деп шектен шықпаған нәрсені ғана айтуға болады. ­Мысалы, біреу түкке тұрғысызға күле салады. Біреу қарқылдап, сыңқылдап, енді біреу жымиып күледі. Тіпті осылардың өзі де орнын, мөлшерін тапса ғана мінез болады. Ал өлшемсіз, мөлшерсіз шектен шыққандық – мінез емес, олардың әрқайсысының басқа бір себебі болмақ. Мысалға, ашуланбайтын адам жоқ, бірақ шектен тыс ашушаңдық – мінез емес, психикалық кемістік. Мұны ешкімнің де мойындағысы келмейді, бірақ солай.

– Жасанды мінез дегеннің жайы?

– Осыған керісінше, эмоциясыздық та – адамға тән емес. Эмоциясын сыртқа шығармай, іште тежеп ұстап отыру – жасанды мінез. Кейде осылай ету керек те. Бұл – ұстамдылықтың бір түрі. Алайда барлық уақытта үнемі «ұстамдылық» көрсетуді ақтауға болмайды. Мәселен, үйге келген адамға бет бұрып қарамау, оған дағдылы ілтипат білдірмеу – осындай қылық. Бұл – ұнатпағандықтың белгісі. Егер бұл – ол адамның өзгермейтін тұрақты «мінезі» болса, онда бұл – табиғи мінез емес, «саяси мінез» болмақ.

Байыптай білсек әртүрлі ситуацияларда көрініс беретін адамның сәттік әрекеттерін мінезге жатқызу қиын. Мұны олардың пенделік қарекеттері деп түсінсек лазым.

– Адам мінезіне баға беру жөн бе? Әлде оны жаратылысы айтып тұра ма?

– Адам мінезіне баға бергенде көптің сөзіне ере беру де – қате. «Жұрт айтса – болды, көп айтса – көнді, Әдеті ­надан адамның» (Абай). Шындықты бетке айтқанды, әсіресе өзінің кемшілігін айтқанды ұнататын адам сирек. Көптің сөзіне сайсаң, шындықты айту – нашар мінез. Жақсы, жаман мінезге баға бергенде мұны да есте ұстамақ керек. Сол Абайдың өзі де кезінде оразбайлардың көзінде «мінезі жаман адам» атанды емес пе. Ендеше, адам мінезіне баға берем деген кісінің бас қаруы – қара қылды қақ жарған әділдік болмақ керек. Ал әділдікті ұстанған адамның жақсы атануы – қиын нәрсе... Осыдан келіп, адам мінезі туралы кесіп-пішіп бір нәрсе айтудың өзі де оңай емес.

– Рақмет, Ғұсеке!

Ақын жауабы – өз ақиқаты, өз ойы, өз сөзі.

Тіпті осы жауабынан да ақын мінезі айқын көрінгендей.

Нақылды, нақты, нұсқалы.

2.

«Адамның мінезін ол саған бастық боп келгенде ғана танисың» депті неміс жазушысы Эрих Мария Ремарк. Өте дәл айтылған тұжырым.

Меніңше, бұл өзіміз де көріп-біліп, бас­тан кешіп жүрген қалыпты жай.

Адам мінезінің бір қыры осындай, оған ешкім күмән келтірмейді.

3.

Ақын әрі қайраткер Садықбек ­Хангелдин ағамыз сұңқардай сұңғақ, қырандай қайсар, абзал да ардақты жан еді.

«Жақау! Бұл кітапты өзің білетін өмірдің өрімдері түзілген. Өзіңе ықыласты ағаң Садықбек (17.10.06 ж.)» деп қолтаңбасын жазып берген «Құбыла» кітабынан өмір ғұмыр-өнеге ғұмырды көргендей болып едім. Ұзақ жыл қызметте жүріп ел өмірінің қилы кезеңіне куә болған адал тілекті – ақын жүректі азаматтың ғұмырбаяндық баяны өте тартымды, тағылымды жазылған екен. Сол жазғандарынан Сәкеңнің азамат­тық ақиқатын, мінез болмысын танып тәнті болдым. Ойын әдемі әрмен, сырлы шуақпен өрген Сәкең:

Айрықша Сыр еліне күліпті арман –

Бар дәстүр Сыр бойында сұрыпталған.

Сан ғасыр сапар шегіп – Сырға келіп,

Мінезі қарағымның тұнып қалған, – деп туған жерге деген жанашырлық пен адалдықты қазақтың мінезі деп біліп, аңсар сөзін ақжүрегімен ашық айтқандай екен. Өз мінезінің – сол қазақ мінезінің бір ұшқыны деп білгені әр сөзінен ашылып отырады. Асырмай сөйлейді, жасырмай айтады. Бұл азамат ақынның өзіне тән мінезі. Өз мінезіне кейде қынжылып қалатынын айта кетуі де адалдық үлгісі. Соның бір сәттік оқиғасын тілге тиек етіпті. Орталық комитеттің мерейлі тойға дайындығы болатын. Қарбалас жұмыс кезі. Сейдағаң (Бердіқұлов) күнде келіп анау өтті ме, мынау өтті ме деп сұрай беріпті. Бір жолы жүре жауап қайырып қателік жасағанын айтады. «Жақсы көретін ағам еді, өте сыйлас болатынбыз. Елге қадірлі азамат қой. Кешке жұмыс аяқталған соң, үйге қайтар алдында пәтеріне звондадым. Артық Мінез көрсеткеніме кешірім сұрадым. Ол менен мұны күткен жоқ екен. Қуанып қалды. Жадыраңқы көңілмен тағы біраз мәселенің басын жайма-шуақ әңгіме қылдық. Сол кісінің бала мінезін, ақ жүрегін күні бүгінге дейін аңсаймын» деп ағынан жарылады.

Міне, мәдениетті жанның мінезі, өз мінезіне – жауапкершілікпен қарау да мінездің бір қасиетті қыры.

 Садықбек ағаның таза тұрпаты, таза танымы, таза тілі, таза өмірі – таза мінезі – кім-кімді де тәнті етері сөзсіз болатын.

 Таныс-біліс азаматтардың бұл ойымызға бек қосыларына сеніміміз кәміл.

4.

 Мінездеме деген түсінік те адамға бері­летін сыпаттама болғанымен, аты айтып тұрғандай оның өмірлік жолымен бірге адами қырларын да ашып көрсететін баян сөз. Оның мәні, меніңше, адамның азаматтық мінезін іскерлік-еңбекқорлық қасиеттері арқылы көрсетудің бір түрі секілді. Әр мінездеме – өзіндік сипатымен салмақты, салдарлы. Көпке жайылмай-ақ, ертеректе өзіме берілген бір мінездемені алға ­тартайын. Оқып көрелік.

№ А-19

Қазақстан Пионері

газетінің редакциясы

12 июль 1965 жыл.

МІНЕЗДЕМЕ

 «Жақау Дәуренбеков пионер кезінен-ақ өзі үзбей оқитын «Қазақстан пионері» газетіне мектебі, класы, отряды туралы алғаш шағын-шағын информациялармен қатысты. Ол пионер өмірінің қызықтарын таңдай білуі, нені жазуға болатынын айыра білуі арқылы өзінің зеректігін, байқағыш талғампаздығын танытты.

 Жақау редакциямен 1961 жылдан бері үздіксіз байланыс жасап келеді. Ізденгіш те қабілетті жас талап бірте-бірте ойлы, жатық тілмен жаза білетінімен танылды. Оның жазу қабілетінің қалыптасуы үшін редакция үнемі қамқорлық жасап келеді. Оған танымал жас тілші ретінде қарап, жыл сайын заттай сыйлықтар беріп отырды. Осының өзі жас талаптың өсе түсуіне себін тигізді.

 Соңғы жылдары Жақау шағын көркем әңгімелер де жаза бастады. Оның үстіне пионерлер мен еңбек адамдары өмірінен отты очерктер, корреспонденциялар жазып, өз қабілетінің тағы бір қырымен танылды. Оның редакцияға жіберген материалдары шимайланып өнделмей пайдаланылып келеді. Мұның өзі жас талаптың бір жүйеге түсе бастағанын байқатады.

Жақау пионерлік істермен жақсы таныс. Ол Бүкілодақтық В.И.Ленин атындағы пионер ұйымы тарапынан көтерілген мәселелердің мән-мағынасын түсіне отырып, бұл салада үнемі нақты істерді жазумен үн қосып отырды.

Жақау Дәуренбеков болашағынан сенім­мен зор үміт күттіретін жас талап. Жақау­дың сезімталдығы, байқағыштығы, тіл байлығын орнымен қолдана біле­тін­дігі, ойлылығы өз білімін жетілдіре келе қабі­летті журналист болатындығын дәлелдейді».

Жауапты секретар: С.Жиренов.

 

Меніңше, мұны қабілет-мінездің ­сипаттамасы деуге болады.

5.

Менің таңғалатыным, есімі елге мәшһүр адамдардың қарапайым болатыны. Ойлап-пішіп жүресің іштей. Пәленше деген белгілі жанның аты әйгілі, атағынан ат үркердей, онымен жүздеспек тұрмақ, сөйлесудің өзіне жүрек дауаламайды. Ал өмірде, тіпті олай болмай шығатынын қайтерсің. Сондай азаматтың бірі – Әнуарбек ­Байжанбаев ағамыз еді. Ресейдің Юрий Ливитаны қандай атақты болса, қазақтың Әнуарбек Байжанбаевын білмейтін жан жоқ елде. Кезінде диктор, шәкірті боп тәрбиесін көрген журналист Қуанбек Боқаевтың 5 қыркүйек күнгі (2020ж.) телефонмен тілдескен сұхбатымызда Әнуарбек ағасы жөнінде былай деп әңгімелегені бар еді.

– Мінезі жібектей жан еді. Тіпті шектен тыс қарапайым, ұсақ-түйек шаруаға араласпайтын. Ол кезде бізге үлкен кісідей көрінетін. Сонда ағамыз елулер шамасында еді. Ақ-көңіл адам бәрімен теңіндей сөйлесетін. Әңгімесін де әдемі айтатын. Бәріміз Әнеке дейміз. Бірде кезекті мәтінді оқып болған соң дикторлар бөлмесіне келсем Әнекең отыр екен. Даусымның сәл құрғап, тамағым бір түрлі болып тұрған айтып ем, Әнекем стакан су әкеліп ұсынып жатыр. Сол бір балажан, бала мінезі мәңгі есімде қалыпты, – дейді Қуанбек тебірене еске алып, – жұмысымызға әркез тілеулес боп отыратын. Сынап, ақыл айтып, түзету жасап жатпайтын. Бәрі дұрыс, әлі төселіп кетесің деп демеп жүретін. Режиссерлердің: «Біздің Әнекең мұз шайнаса да дауысы қарлықпайды» деп отыратыны да бар еді. Дауысы зор, әр күнді ақ тілекпен қарсы алумен, жақсылықты жар салумен шығатын Әнекеңнің жансезімі жұмсақ-ты. Сөзі мейірімге толы, ақпейіл ашық-жарқын жүзі, байсалды болмысы, бала мінезі – дара мінез екен-ау деп ойлаймын осы күні, – деп Қуанбек ұстазының мінезіне қайран қалады.

Қайран қала отырып, атақты адамның біз білмейтін бір қырын – қарапайым ­сырын ашқанына рақмет дейік.

6.

Ахмет Байтұрсынұлының мінез ­туралы айтқаны қаперде боларлық қағида. Әлқиссасы: «Адамның, елдің, жұрттың, таптың, ұлттық сырын, Мінезін танып көрсету – мінездеме болады, Мінездеме өмірбаянның да, заман хатының да, тарихтың да ішіне бөлімі есебінде кіреді. Мінездеме заманның, дәуірдің халін де мінездеп көрсетеді. Адамды мінездегенде өмірбаянның бөлімі боп кіреді. Жұртты, ұлтты, заманды мінездегенде тарихтың бөлімі боп кіреді. Өмірбаянның аяқ жағы ылғи мінездемеге айналып кетеді. Мәселен, Шоқанның жәт дерегін, Абайдың, Ақан серінің өмірбаяндарын қарасақ, көп жерінде-ақ мінездемелері бар».

 Ұлт ұстазының пайымы – шынайы талдаудың үлгісі-ұлағаты іспетті.

7.

Абдулхамид Мархабаев – қазақ фантастикасының негізін қалаушылардың бірі. Қиялгер қаламгердің жазғандарын тұңғыш рет Арал аудандық (бұрынғы «Социалистік Арал», кейін аты өзгерген) «Толқын» газетінен оқыған едім. Газетке шығып тұратын.

Жылдар өтіп студент болғанымда Әбекең КазГУ-дің журналистика факуль­тетінің оқытушысы ретінде алдымнан шықты. Бұл кезде ол фантастикалық повесть, әңгі­мелер авторы еді. Ол Амангелді, Шөмішбай үшеумізді көріп:

– Сендер бәрің көшіп келгенсіңдер ме? – деп алды да, – үшеуің бірдей бір ауданнан, бір аудандық газеттен қалай түскенсіздер, – деп таңданыс білдіргені әлі есімде.

Әбекең жанашырлығын мысқылмен білдіріп:

– Иектерің қышымай-ақ қойсын, үшеуіңе де бестің төбесі көріне қоймас, – деп үркіте сөйлеп, сессия соңында өзі сол бесті қойып беретін.

Факультеттегі бәрімізге солай еді. Қыңырлау сөйлеп қытығыңа тиіп, абыржытып алу стилі секілді, үріксек те тез үйреніп кеттік.

Кейін Әбекеңнің мысқылшыл мінезін біліп алған біз еркін сөйлеп, еркін қалжыңдасатын боп алдық. Мысқылшыл мақамы оның ғарыштық шығармаларынан шыққан сөздердей көрінетін. Сөйлемдері де жаттанды қалыптан ада, түйінін ұстат­пайтындай түрленіп, жазса «...сұрапыл соғыстан оралған құландылық Әбдіжәміл Нұрпейісовтің күбідей «Курляндия» кітабы «жарқ» ете түскені. Бірінші мұқабаға басында – касқасы, иығында оқ өтсе-өтер, бірақ қарлы боран өтпейтін плащ, қолында – автомат солдаттың өзі... сол кітапты иеленгендер үлкен олжалы болғаны, мәз болып, төбелері Сексеуіл стансасы жанындағы Терменбес тауынан асып кететін!» деп түйіндемесін таптырмай қия тартып, қытықтай қызықтыра жазатын стилі ерекше еді.

 Мысқылшыл мақамынан бар болмысы көрініп туратын.

 Содан болар, жан шуағының әсері де шығар, «Мақамы сес, мінезі бес ­Мархабаев» деп афоризм шығарып алдық.

Көптің көңілі көл ғой.

Көп айтса қалып айтпайды деген де рас.

8.

 Сараптап қарап сырына үңілсеңіз ойды баурайтын, көңілді қызықтыра жаулайтын оның болмысын байқайсыз.

 Оның көзі жетіп барып жеріне жеткізе жазатын журналистігі, өнерді өмір өзегі деп бағалап – тағалаған өнертанушылығы, қырық құбылар бояулардың бар болмысын біліп, сыр-сипатын сөйлете алған суретшілігі, кіндік қасиетін қадірлеп ­ата-баба тегін таратуға терін төккен шежірешілдігі, шәкірттерін сынға шыдамды етіп шыңға бастай білген ұлағатты ұстаздығы, ауылда жатып әсерлі әңгіменамасымен астананы аузына қаратқан жазушылығы, бала қауымының бағбаны, кітапқұмар балаларды аузына қаратқан һәм ел балаларының ерек ертекшісі, дарындардың делебесін қыздырған дүбірлі бәйгелердің бас жүлдесін бермейтін дарабоздығы – сегіз қырлы ­Пернебай Дүйсенбиннің табиғи қыры-сынды. Мінезі осынау қабілет-қасиеттердің тұғырындай боп көрінеді.

 Оның сегіз қырлы шығармашылығы шынайы, шырайлы. Қарапайым, қағылез, көркем. Өнерді де, өмірді де сүйіп жазады. Өнерді өзгеше сезіммен, өмірді өзгеше өріммен жазады. Ауылдың тілін бағалай біледі, ауылдың баласын аялай біледі. Айтқанына ұйытады, жазғанына сендіреді.

 Мұның бәрі мінездің қасиеті.

 Мұның бәрі Пернекеңнің бала жанды мінезінің мұраты, мархабаты.

9.

 «Әр ұлттың өзіндік мінез-құлқын, өзіндік табиғатын зерттейтін ғылымды меңгеру өркениеттің бір белгісі» дейді психология ғылымының докторы, академик Құбағұл Жарықбаев.

«Қытай халқының барлық мінез-құлқын, әрекетін ұлы үш ойшылдан: Лао-цзыдан, Конфуцийден және Жуан-цзыдан іздегеніміз жөн» дейді ақын, философ, аудармашы Әубәкір Нілібаев.

Демек, әр ұлттың өз өмір ғұрпы, өз мінез-құлқы болады екен.

Тәлімдік түйіні – ұлт мінезі – ұрпақ мінезі.

10.

 «Дене дерті өзіңді, мінез дерті басқаны қинайды» (Ғабиден Мұстафин нақылынан).

11.

Қуанбек Боқаевты көбіміз журналист деп білеміз. Ал оның ақындығын ешкім еске ала бермейді. Мынаған қараңыз: ол он жыл «Қазақ әдебиетінде» істеген, бөлім меңгерушісі, алқа мүшесі. Өткір проблемалық мақалалары, сұхбаттары үзбей жарияланды, ілтипатқа бөленді. Ал жас­тайынан жүрегінің жаңбыры болған ақжауын поэзиясы – дастандары мен өлең­дері қоржынында жата берген. Өзі істейтін газетке де ұсынуды мақсат етпепті. Поэзия алдындағы сынның қасиетін қадір тұтып, жүрексіне бергені бар. Бұл оның мінезі екен. Өмір бойы сол мінезінен айнымаған.

Тағдыр-ай жанарымның нұрын бұрып,

Сала көрме түнекке сүріндіріп.

Деп кей сәтте өзіңмен сырластым ба,

Өз отымнан өзімді түңілдіріп.

Жоқ мен бұлай ешкімге жалынбағам,

Жалынбай-ақ жолымнан жаңылмағам.

Адастырып келесің әйтеу мені,

Болмасам да ерек бір жалынды адам.

Таппасаң да қажеттің бәрін менен,

Жарқылдадым өзімде барымменен.

Досым тұрмақ, дұшпанға бас игізсем,

Деп келемін бейкүнә арымменен! – деп ол мінезін айта да, мойындай да біліпті.

«Жыр болып өткен жас шағым» кіта­бының (2020 жылы шыққан екі томдық) темірқазық түйіні адамдықты адалдық деп өткен мінездің өмірге жауабы іспетті екен.

Мінез болғанда да ешкімге ұқсамайтын, тұйық та тұнық көрінер, мызғымайтын мұзарттай мығым Мінез!

12.

«Менің мінезім осындай» деп мақтанатындар жоқ.

«Менің мінезім сондай» деп ақтала­тындар бар.

13.

Әңгіменің майын тамызып айтатын жандар болады. Сондай жанның бірі атақты актер Қапан Бадыров ақсақал еді. «Өнер» баспасында жүргенімде Қапекеңмен талай мәрте сұхбаттасудың сәті түсті. Сол сексенінші жылдары баспадан «Өнердегі өнегелі өмірлер» сериясымен қазақтың өнердегі ерен тұлғалары жайлы кітаптар шыға бастаған. Өнер шеберлері қолжазба, естеліктерін алып жиі келіп, әңгімелесіп жүру дағдыға айналған еді. Сондай ретпен бір жолы Қапекең кітабының версткасын оқуға келгенде (13 май 1987 жыл) (атақты актермен екеуіміздің сұхбаттасып отырған суретіміз өзімізде сақталып қалыпты) өз өміржолының қызықты бір деталін айтып еді.

– Мен өзі тағдыр дегенге таңғаламын, – деп алып, күлімсірей отырып сырлы баянын асықпай бастаған, – театрда жай суфлер боп істеп жүргенмін, одан жалығып, мамандық алмақ болып, Ленинградтағы кооператив институтына жолдама алғанмын. Уақыты келіп, театрдағы дос-жаранмен қоштасқалы келдім. Сөйтсем, бір пьесаны қоймақ боп сапырылысып жатыр екен. Бәрі жүгіріп жүр, бір рөлде ойнайтын адамы келмей қалыпты. Әбден сасқан. Не істерлерін білмей, мені көріп бас салсын. «Сен ойна, көп сөйлемейсің, бір-екі рет көрінесің» деп бастықтарына ала жөнелді. «Бізді құтқар» десіп қояды. Содан бәрі қоймаған соң амалсыз көндім. Әлгі кішкене рөлді ойнадым. Содан кейін, бәрі жиналып, ақыл айта бастасын. Ең соңында үндемей отырған Жұмат аға тіл қатты. «Қапан, ойымды түсін де ойлан» деп өнер, театр жайлы әңгімесін бастасын келіп. Бәріміз ұйып тыңдап қалыппыз. Театр деген әлемнің сырын ашып бергендей болды. Ойым өзгеріп сала берді, өнер жолына түсуге илана түскенімді өзім де байқамай қалыппын. Міне, сол тағдыр жолымды нұсқаған Жұмат аға болды. Жұмекең болмаса, бәлкім, менен артист те шықпаған болар еді. Тағдырдың жазуы деген тосыннан болады екен, қарағым...» деп қызық әңгімесін қысқа қайырған еді. Кейін өмірлік естеліктерінде бәрін кеңінен тарқата жазғанда шығар, бәлкім. Онысын көре қоймадым.

Ал айтып отырған Жұмекеңі – қазақ­тың тұңғыш режиссері, Жұмат Шанин еді. Оның білімдарлығы, байыптылығы, өзгеге қамқорлығы, қайырымдылығы, мейірбандығы, мінезі, Қапекең өміріне тигізген шапағатынан байқалғандай.

Жұмекең жайлы осындай бір ықыласты лебізді Құрманбек Жандарбеков: «Өзі режиссер, драматург, домбыра тартады, скрипкада ойнайды, нота таниды, білімді, сері мінезді сал жігіт. Жұматтың жібектей мінезі, адам танығыштығы, бауырына тартып баулуы, көрерменді сүюі, өнерпазды құрметтеуі, барлығы да өз басынан табылады» деп ақпейілімен ақтарыла айтыпты.

«Өнер» баспасынан шыққан «Жұмат Шанин. «Арқалық батыр» – атты кітабында ұстазымыз, академик Рымғали Нұрғалиев ағамыз: «Жұмат Шанин – қазақтың драма, опера артистерінің алғашқы буынының ұстазы. Актер, театр сыншысы, музыкант, драматург. Қазақтың тұңғыш режиссері, Қазақстаның тұңғыш халық артисі» деп бағаланыпты.

Мұны талғамы биік, талдауы терең ұстаздың өрелі тұлғаның өнерлі мінезіне, берілген резюмесі десек те болар.

14.

Адам мінезінің жағымдысы да, жағымсызы да жетерлік.

Оны әркім өз безбенімен бағалайды, өз талғамымен танып біледі. Қанша адам болса – сонша мінездің барлығы да ақиқат. Мұның бәрін саралау, сараптау философтардың, психологтардың еншісі. Ал біздің көріп жүргеніміз күнбе-күн кездесетін, білетін мінездердің әр-алуандығы. Адам мінезінің тез өзгеріп, тез құбылатын түрлерінің өмірдегі көріністері, бетпе-бет ұшырасулары түрлі ойларға қалдырады. Мінез құбылмалы дейін десең де, мінезінен айнымайтындардың да барына күәгерміз.

Демек, Мінез – адамның жаратылысы. Жаратылыс – жүрекке жүгінеді, жүрекке бағынышты.

15.

Біле жүрер бір дерек. Мінез жайы философтар назарынан да тыс қалмаған. Бұл салаға түрен салғандар көп емес. Әлбетте, алдымен ауызға ілігетіні – ­философ ­Феофаст екен.

Грек философиясының ірі өкілі Феофраст «Мінездер» (Феофраст. Характеры. Санкт-Петербург, 2010) атты еңбек жазған. «Мінездер» – философиялық толғамдардан тұрады. Әрқилы адами мінездерінің 30-дан астам сипаттама портреттерін жасаған философ адам мінез-құлқының шынайы болмысын зерделейді, тіні бірге тірліктегі пенделік бет-бейнесін суреттедім деп есептейді.

Философ өз пайымына сенімді, байла­мына бекем. Өмірдегі қарапайым адам­дардың типтік мінезіне, мінездің тұрпат-түрлеріне тоқталады, түйін жасайды, баға береді, ойымен өрнектейді.

16.

Студент кезіміздегі ұстаздарымыз жас­тық шақтың жарқын куәгерлеріндей боп елестейді.

Есте қалғандары ерен-бөлек, әрине.

Журфакта – Темірбек Қожакеевті, филфакта – Әзиза Нұрмаханова апайды айрықша атаушы едік. Қатал деп есептейтінбіз, олардың лекциясынан қалу қауіпті боп есептелетін. Біле жүре ойымыз да үйренді, көре жүре күпті көңіл де бірленді.

Қатал дегеніміз – әп дегенде албырт сезімнің үріккен «үрейі» екен. Ұстаздардың мінез-құлқы, кісілігі, мәдениеті, білімдарлығы студенттердің өзіндік сарабынан туындап, ауыздан-ауызға «аңыз» боп тараған қаталдығы – қалыпты тәртіпті талап ету шарты екен. Шынында да, бұл қаталдықтың қағидасы қарапайым-ды. Ол – талап пен тәртіп, жауапкершілік, пісенттілік, ашықтық, адалдық, шынайылық болатын. Бар болғаны осы ғана екенін білген студенттер де апайдың қатал мінезін мойындай да білді. Апайдың қатал «Фонетикасы» (апайдың сабағы) – білімнің пайым-этикасы болып жадыға жазылды, санаға сіңді.

Кейін жастар газетінде істеп жүргенде қасымда «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакторы Мынажадин Сермағамбетов екеуміздің апайдың үйінде сұхбат құрудың сәті түскені бар. Қатал мінезді апайымыз сол жолы шай үстінде атақты шәкірті Төлеген Айбергеновтың өзіне арнаған «Мен туған жердің ардағы» атты өлеңін оқып беріп, қайта-қайта өлеңнен үзінділерін қайталап отырып, өзінің өмір жолын әңгімелеген. Ғылым жолында ірі ғалым болғаны, Қарақалпақстан АССР-інің Оқу министрі болғаны, шығармашылықпен қоса айналысқаны, «Шығыс шынары», «Қыздар» атты роман жазғанын айта келіп:

–Қазір бүкіл ғұмырымда тындырған ғылыми әрі шығармалық еңбегім бес том боп әзір тұр, – деп қаламы қолынан түспегенін көрсеткен еді.

Лекцияда – қатал, өмірде – қарапайым.

Жаны жарқын, бауырмал көпшіл жан екенін таныдық.

Ақын Төлегеннің ардақты ұстазы.

Тұңғыш Оқу министрі.

Ғылым докторы.

Қарымды қаламгер.

Мұндай жанның насихатының кемшіндігі, әрине, қынжылтады.

Жанын жасытпай, жігерін қайрап, өмірдің сыны мен шынынан шыңдап алып шыққан қасиет – елін сүйіп, ердің жүгін еңсеріп, еңбегіне сыйынған апамыздың ерек мінезі. Құрметтеуге лайық мінез.

Мұндай жанның көзден кетсе де қазақ қауымының көңілінен кетпегені жөн һәм айта жүру парыз.

17.

Ғабеңнің (Мүсірепов) ақындарды былай деп мінездеуі бар екен.

– Манағы кездесуде оқыған өлең­де­ріңнің кейсісі тәуір болып шықты, ақындар, бұдан былай бүтіндей тәуір болғаны дұрыс. Мынау теңіз сендерді тегін тербетіп келе жатыр деп ойламаңдар, – деді Ғабең үлкен кеседегі балық сорпасын қасықпен жиі-жиі алыңқырап жатып, – Ақын дегеннің қайсысы болса да, бала мінезді ғой. Көп адам оның ақындық көрсеткен тұсында ғана жақсы көңіл білдіреді де, басқа кезде ұмытып кетеді, тіпті оның өзгеге ұқсамайтын мінезін де кешіре бермейді. Ал бала өзін жұрттың бәрі, әсіресе ата-анасы, ылғи да жақсы көрсе екен деп дәметеді ғой. «Ақын да бір жас бала, жұбат, өзің мауқын бас...» дегендей... » (Ғафу Қайырбеков. «Ақжелкен», 1976 жыл.)

Ғабең айтқан тағылымды мінездеуі – Ғафу ағамыздың ғанибетті естелігіне айналыпты.

18.

«Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме? Қай ғасырда, қай уақытта болмасын, әрбір адам әрқилы жаратылыста болады емес пе? Кімнің не ойлап тұрғанын аңғару әсте қиын. Сондықтан адам болмысының тұңғиығына үңіле алмайсың. Кісі мінезі бейне бір тұман астындағы иллюзия іспеттес. Бірде көл, бірде шөл, хамелион секілді мың құбылады да тұрады» деп жазыпты шәкірті Тайжан Әсемай ұстазының кітабын оқығаннан кейін.

Әр нәрсенің екі жағы барын аңдатқан ұстазы Үмбетбай Уайдин:

«Қаталдау болмасаңыз жарамайды

Күлсеңіз көйлегіне жамау сұрап,

Кітаптың бетін ашып қарамайды» дейді сабырмен.

 Екі пайымнын ой-түйіні бір:

– Байқаңдар, хамелеон мінездер бар!

19.

Бірде жақсылық жасауға жаны құмар журналист досым: «Бір құдамның кітабы бар еді. Соны әкелейін, шығару керек», – дейді.

Ал өзінің жазғандарын шығару қапе­рінде жоқ.

Қазақы мінез дегеніміз осы-ау, тегі...

20.

Қазіргі өмір жүйкенің жауы. Жүйкені тоздырар ахуал, қажыған хал. Жұрттың бәрінің қан қысымы басына шабатын болған. Айналаның бәрі жүйкеге тиеді. Сөз де, адам да, жұмыс та – бәрі бірінен-бірі өтеді. Адамдарды бір реніш билеп алған, бітпейтін шаруа шырмап алған. Еститінің қатыгездік, өкініш, тонаушылық, пирамида атанған парықсыздық, парақорлық, түбі жоқ тоғышарлық, адамға жат ашкөздік, жегі құрт – жемқорлық, алдану мен арбалу... Күні-түні теледидардан түспейтін келеңсіз көріністер, желдей ескен өсектер... бәрі-бәрі жаныңды қажайтын, жүйкені тесер жайға айналды. Шараң қалмағандай, тілің байлағандай, ойың азғандай...

Шаршаған жанның айтары таусыл­ғандай... «Өмір деген осы» деп қояды.

Бәлкім, бұл өмірдің мінезі болар?

Түсініксіз мінез.

Тұманды мінез.

Біз білмейтін мінез.

21.

Кеңесхан Зәкеновті қатарлас-замандастары аңқылдаған адал, ақкөңіл азамат ретінде біледі. Қаламгерлігі мен журналистігін қатар ұстанып, тынымсыз тер төккен жан. Әріптестері де ағынан жарылып әрдайым айта жүреді.

«Кеңкеңнің мен жақсы көретін бір қасиеті – бірбеттілігі, не болса да бетіне айтатын турашылдығы. Онысымен ол біреулерге онша ұнай да бермейтін. Онысын өзі де білетін, сөйте тұра айтқанынан қайтпайтын. «Қайтемін, мінезім солай, құдай берген жанын құдайдың өзі алар» деп отыратын» деп жазады Әділ Дүйсенбек...

Көркем әңгімелерінен де Кеңкеңнің өз мінезі жайлы айта кететін тұстары елең еткізеді. «Бір кесек ет» әңгімесінде оны тілге тиек етіп тұздықтай түседі. «Марқұм әкем: «Балажан еркек – әйелінің құлы, ондай азаматтан өз басым шешімді ештеңе күтпеймін!» деп отырушы еді. Бұл сөздің төркініне кім үңілген... Қазір әкемнің сол бір қатал қолын сағынамын. Бірақ, әкеме тартпай балажан болып шықтым. Ол-ол ма, үйелмелі-сүйелмелі үш қызымды өзге тұрмақ, өздерінің шешелерінен қызғанатынымды қайтерсің».

Кеңкеңмен көрші болдық. Күнде кешкілік әңгіме-дүкен құрдық.

Айтарын ақтарылып айтады, аңта­рылып тыңдайды.

Сондай да ақ көңілі – балажан мінезі сөзінен де, жанары таза көзінен де көрініп тұрар еді.

(Жалғасы бар)

Жақау Дәуренбеков,

жазушы, Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

 

2043 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы