• Тұлға
  • 15 Сәуір, 2021

ЕШКІМГЕ ИІЛМЕГЕН ИСАЕВ

(Ұлттық Ғылым 
академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Айдарды жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, филология ғылымының 
докторы, профессор

Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, филология ғылымының  докторы, профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев. 
Жалпы академик С. Исаевтың есімі аталғанда көпшілік оны ірі ғалым әрі ұлттық тәрбие берудің ұстаханасына айналған – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры ретінде еске алатыны анық. 

Ғалымдығы айтыла қалғанда, кешегі кеңестік кезеңнің өзінде небәрі 36 жасында докторлық диссертация қорғап, қазақ тіл білімінің терең зерттеушісі ретінде танылуы тілге тиек етіледі. Қазақ әдеби тілінің тарихын нақты деректер арқылы зерттеп-зерделеу нәтижесінде  бірнеше ғасырға тереңдете талдаған жаңалыққа толы зерттеулері оны жастайынан бедел биігіне көтерді. «Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы», «Қазақ әдеби тілінің қалыптасып даму кезеңдері», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбектері айтқанымызға дәлел болады.

Иә, шығармашылық шеңбері кең, зерттеу салалары сан алуан екенін 200-ден астам монография, оқулық, оқу-әдістемелік құрал, сөздік пен ғылыми мақалалары айғақтай түсері анық. Академиктің ерекше екпін түсіріп зерттеген салалары – қазақ тілінің тарихы, қазақ әдеби тілінің қалыптасып, даму кезеңдері, сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі, сөздердің грамматикалық құрылымы ғылыми ортада ерекше бағаға ие болған зерттеу­лер екені белгілі. Әсіресе қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде, ғалымның қазақ әдеби тілінің тарихы Қазан төңкерісінен де емес, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан да емес, тіпті ХVII ғасырдан да емес, одан әрі хандық дәуірден басталатын академик С.Исаевтың сонау ХХ ғасырдың 70-жылдары зерттеулерінің ­нысаны етіп алуы – көзсіз батырлық деп бағаланғаны белгілі. Құр сөзбен емес, ғылыми негізде қазақ әдеби тілін дәуірлеу мәселесінде де өзіндік ұстанымын танытып, талдау нәтижесінде тұщымды тұжырымдар ұсынғаны ғылыми зерделігін танытқан зерттеулер қатарынан табылды. Нәтижесінде, әдеби тілдің қалыптасуының негізгі үш жолының болатындығы тілдік дәйектермен дәлелденді.

Қазақ тілінің грамматикалық құрылысы мен қазақ тілінің тарихи грамматикалық мәселелері «Грамматикалық талдау тәсілдері» (қос авторлықпен), «Қазіргі қазақ тіліндегі ұғымдар» және «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» атты зерттеулерінде ғалымның сөздің лексикалық, грамматикалық мағынасы ­туралы терең талдағанын байқаймыз. Әртүрлі түсіндіріліп жүрген грамматикалық мағынаның сырын ашып, грамматикалық мағынаның түрлері мен беру жолдары, грамматикалық категорияның мәні, грамматикалық формамен арақатынасы анықтамасын айқындағанының өзін зор жетістік деп қабылдауға әбден болады.

Реті келгенде, ғалымның сөзжасам саласын зерттеуіне байланысты сөз қозғағанда, бір оқиғаны еске ала кеткенді жөн көрдім. Ол кезде мен неміс және қазақ тілдерінің сөзжасамы ­туралы докторлық диссертацияма материал жинап, теориялық негіздемелеріне көңіл бөліп жүрген кезім болатын. Институттың ректоры Сейілбек Мұхамеджарұлында кафедра жетекшісі ретінде кейбір мәселелер бойынша қабылдауында ­болып, шаруаны бітіріп, орнымнан тұра бергенімде, докторлық жұмысымның қалай жүріп жатқанына көңіл аударғанын әлі күнге дейін ұмыта алар емеспін. Сөзжасам мәселесін зерттеп жүрген әрі қазақ және орыс тілдерінің типологиясынан кітап жазған ғалым ретінде ол кісімен алғашқыда бір-екі рет ақылдасқанымда, сөзжасам саласын дербес сала ретінде зерттеу қажеттігін қолдайтындардың қатарында екенін әрі керек кезде ақыл-кеңесін аямайтынын да айтқан еді. Жалпы неміс тілі сияқты қазақ тілінің сөзжасамы да жеке тіл білімінің саласы ретінде танылудың жөні бар деп қолдау білдіргені ғалымның сөзжасам жеке сала ретінде қаралмаса, тілдің теориялық пікір ала-құлалықтары таусылмайтынын айтып, салыстырмалы-салғастырмалы түрде осы бағытты негіздеуге күш салуға кеңес берген еді. Айтса айтқандай, бүгінгі күні қазақ тілінің сөзжасамының жеке сала ретінде қалыптасып, дамуына атсалысқан ғалымдар қатарында академик С.Исаевтың аты дериватолог ғалымдар арасында ғана емес, күллі тілші-ғалымдардың тарапынан құрметпен аталатынын айтқанымыз абзал. Ғалымның: «...сөзжасам сөз таптарын жасау емес, сөзжасамның басты белгісі – жаңа мағыналы сөз тудыру» деген ойы өте орынды пікір екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Ғалымның синтаксис саласында, атап айтқанда, сөз байланысы мен сөз тіркесінің арақатынасы, сөз тіркесін жіктеу мәселесі «Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде даму» атты монографиялық еңбегінен ­бастау алғаны белгілі. Ол тілдегі тіркесімділік сөздердің тек қана грамматикалық қызметі емес, лексикамен, сөздегі ішкі мағына сыйымдылығымен және семасиологиямен де байланысты екенін байыппен дәлелдей түседі. Ғалымның сөйлемді сөз тіркесі мен сөз байланысы деп екі топқа бөліп қарастыруы да тұщымды тұжырым екені ғылыми ортада жоғары бағаланғанын айта кеткеніміз жөн.

«Ал Секеңнің ғалымдығына келсек, бұл жағынан да оның көз алдымызда өсіп жетілген көп ғалымдардан өзіндік айырмашылығы болды. Ол, біріншіден, өзінің зерттеу объектісін жүрдім-бардым емес, тиянақты да терең талдап, тәптіштей зерттейтін ғалым; екіншіден, тілдің әр саласынан жүргізген зерттеулерінің ішінде, әсіресе морфология проблемалары бойынша өзінің айтар ойы, ұстанған өзіндік концепция­сы бар ғалым; үшіншіден, біреудің жазғанын жалғастырып, айтқанын мақұлдап, келісе салу көп ғалымның әдетінде болса, Секең кез келген мәселені өзінше түсініп, өзінше талдап-таратуды, пікір айтуды және сол пікірін әрқашанда дәлелдеп шығуға солдаттай дайын тұратын мінезді ғалым еді» деген академик Әбдуәли Қайдардың берген бағасы отандық оқымыстылардың ортақ ойы екенін, ғалымның ғылыми еңбектері күні бүгінге дейін көкейкестілігі көмескіленбеген көпшіліктің көңілінен шыққан зерттеулер екенін жастарға жеткізуді жөн көрдік.

«Тіл тарландары» айдары кейіпкерлерінің кезінде кімнің шапағатын көріп, ғылым жолына түсуіне жол сілтеген қайраткер-ғалымдар туралы да тілге тиек етуді дәстүрге айналдырғанымызды көзі қарақты оқырман ұмытпаған болар. Алаш ардақтыларының өнегесін үлгі еткен академиктер І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақовтар өзінен кейінгі болашақ ғалымдардың қалыптасуына айрықша көңіл бөлгенін көреміз. Міне, сондай келешегінен үміт күткізген, Омбыдағы педагогикалық оқуын бітіріп, аз-маз уақыт ұстаздық етіп, тәжірибе жинақтай келген филология факультетінің студенті Сейілбек Исаевтың ғылым жолына түсіп, бүгінгі күні көрнекті ғалымдар қатарынан көрінуіне академик Ғайнетдин Мұсабаевтай ғұлама ғалымның ықпалының зор болғанын, өзінің бойындағы ғылымға деген адалдықты, еңбекқорлықты, ынта-жігермен зерделеп-зерттеу қасиеттерін сіңірудің үлесі мол болғандығын ­мойындауымыз керек сияқты.

Ректор дегеннен шығады, Сейілбек ­Мұхамед­жарұлы ректорлық қызметке оп-оңай жоғарыдан тағайындала салмағанын біреу білсе, біреу білмес. Сонау өткен ғасырдың 80-жылдары соңында, кеңестік кезеңде, жариялылық, «қайта құру», демократия жолы таңдалып, әр ұжым өз басшысын өздері сайлап алу мүмкіндігін беретін қағидалар күн тәртібіне көтерілген болатын. Міне, Қазақтың қыздар педагогикалық институтына ректор сайлау науқаны да жүріп жатқан кез еді. Елге белгілі, «атынан емес, атағынан ат үркетін» тұлғалар конкурсқа қатысып, бағын сынаған болатын. Сегіз кандидатураның ішінен академик Сейілбек Исаевтың ректор болып сайлануы – сенсация емес, ұжым таңдаған, бағдарламасы оқытушы-профессорлар құрамын қанағаттандырған тұлға еді. Тағайындалған емес, сайланған ректормен жұмыс істеу әрі жеңіл, әрі жауапкершіліктің жоғары болғанын Секеңмен қызметтес болғандар аңыз қылып айтып жүргені де рас.

Ғылым жолын өзінің шамшырағы қылып алған ректор, қызметке кіріскен бірінші күннен бастап, қолға алған шаруасы институт тарихында болмаған аспирантура ашу болғанынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болатын сияқты. Қазіргідей емес, тәуелсіздікке қолымыз жетпей, Мәскеуге жалтаңдап отырған кез болатын. Білім саласына байланысты пайымды шешімдер сол жақтан қолдау тапқанда ғана іске асатын. Алайда ешкімге иілмеген Исаев Алматы мен Мәскеудің арасында шауып жүріп, әйтеуір бес мамандық бойынша ашылған аспирантура мамандықтарының санын өзі өмірден өткенше жиырмаға жуықтатқаны көңілге жұбаныш болғанын несіне жасырайық. Аспирантураға келешегінен үміт күттірер институттың үздік түлектерін тартуды тапсырма етіп қойды, сөйтіп, жоғары оқу орнының ғылыми-педагог кадрларын тәрбиелеуге үлкен мән беріп қана қойған жоқ, ­сонымен бірге олардың диссертация қорғап, ғалым атануы үшін кандидаттық диссертация қорғау кеңестерін ашқаны ғылымға, жоғары білімге деген қамқорлықтың көрінісі екені анық байқалған болатын. Осылай институт ғылыми әлеуетінің артуына айрықша көңіл бөлуінің арқасында ғылым докторлары мен кандидаттарының қарасы көбейгенін аңғаруға болады.

Айдардың форматына сәйкес, тіл білімпазда­рының ғылымнан қолы қалт еткенде шұғылданған істерінен де ақпарат беруді мақсатымызға айналдырғанымыз оқырманның ойында болса керек. Ендеше, Секеңнің серілігіне тоқталудың сәті түскендей болып отыр.

Оның ақынжандылығы, әдебиетке құштарлығы, сондай-ақ тамылжытып күй тартып, әдемі үнімен сезімге толы әндерді шырқайтынын замандастары күні бүгінге дейін айтудан жалыққан емес. Оның тасадағы сан түрлі таланттарының ашылуына Омбы педучилищесінде бірге оқыған достары осы оқу орнының үлесі болғанын, яғни өнерге баулуда орасан зор әсер еткенін әдемілеп айтқанын талай естідік. Жиын-тойларда және отбасылық отырыс­тарда жан-жары Қызсұлу апамен бірігіп, Сейілбек ағаның домбырада сүйемелдеуімен ­сызылтып ән салғанына сан рет куә болған едік. Әсіресе біздің үйдегі отбасылық отырыста «Баянауылды» орындап болып, әннің өн бойындағы айтайын дегенін шешендерше шешіліп, көсемдерше көсіліп: «Көрдіңіздер ме, қанша қиын болса да қыздың қылығына сүйсінбей тұра аласыздар ма? Өлердей ғашық қыздың махаббатын, ғашығын қимай тұрған қыздың сүйіктісін көзімен шығарып салып тұрғаны – бүкіл әннің философиясы мен мән-мағынасын жеткізіп тұрған жоқ па?» дегенде қонақтар оның жүрегінің нәзік, көңілшек, сезімтал, адамгершілігінен адалдығы аңқып тұрғанын байқап, кейін талай-талай әңгіменің өзегіне айналып еді.

«Ол нәзік жанды, сезімтал, ішкі мәдениеті телегей-теңіз, ешкімнің бетіне қатты келмейтін, ызадан келіп қалған ашуын ішке сақтап, кейін өзін-өзі қинайтын тым сыпайы азамат еді. Жоқ, ол соншалықты жуас та болмайтын, бірақ оның біреуге дауыс көтеріп, қатты сөз айтқанын естіген емеспін. Ол қуана да, ренжи де білетін. Бір қызығы, осы екі сезім қатар келіп қалса, екі көзінде жас мөлдірейтін шағын талай көргенмін» деп Ахмет Мұса аға еске алғанда, мен де академиктің жүрегінің нәзіктігіне таңырқай отырып, ерік-жігерімді ұстай алмай, эмоцияға беріліп кетіп, көзіме қалай мөлтілдеп жас келгенін байқамай да қалған едім...

Сондай-ақ ғалымның қолының ебі бар екенін, үйіндегі майда-шүйде құрылыс жұмыстарын оп-оңай істей салатынын, машинасының тетіктерін жөндеуді де меңгерген маман екенін, ағаш, темір ұстасы болғанын, бір кісідей білгір бағбан екенін көзкөргендер келістіріп айтқанын ұмыта қойған жоқпыз.

Міне, көрнекті ғалымның ғылымнан қолы қалт еткенде немен айналысатынынан хабардар етуіміздің мақсаты – оқымыстыларымыздың зерттеуден басқа да жастарға үлгі болып, кәдеге жарар кәсіптері бар екенін тілге тиек ету болатын.

Ірі ғалым, іскер басшы академик Сейілбек Исаевтың еліне еткен ерен еңбегі, қазақ руханиятының алтын ұясына айналған Қазақ  ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ­мамандарын даярлаудағы майталмандығы әрқашан ел есінде сақталары сөзсіз. Оның ғалымдық, ұстаздық, тұлғалық тағылымы тәуелсіз еліміздің әр тұсында еңбек етіп жүрген шәкірттеріне үлгі болып қала бермек. Мектеп пен университеттерде оқушылар мен студенттер оның жазған оқулықтарын пайдаланып, білім мен ғылым нәрімен сусындап жатқанда, академиктің екінші өмірі жалғаса бермек...

1840 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы