• Тұлға
  • 15 Сәуір, 2021

Ғалымның аты өшпейді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті Баспа ісі және дизайн кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, ұстаз, жазушы, публицист, тарих ғылымының кандидаты, профессор Әбілфайыз ­Ыдырысовты еске алуға арналған «Баспа ісі және медиа­дизайн: қазіргі трендтер, проблемалары және келешегі» деген тақырыпта «Ыдырысов оқулары» өтті.

Конференцияны Журналистика факультеті деканы Сағатбек Медеубекұлы ашты. Ұстаз Әбілфайыз Ыдырысовтың еңбек жолына, әсіресе Баспа ісі және дизайн кафедрасының ғылыми негізін бір жолға салып кеткен ғалым ретіндегі еңбегіне үлкен баға берді. Қазіргі таңда кафедрада Ыдырысов ұрпақтары тағайындаған арнаулы шәкіртақы бар. Бұл шәкіртақыны алуға көптеген жастар ынталы екенін атады. Бұл байқауға құнды, мағыналы жұмыстар келіп түскенін, атсалысып қатысқан әр қатысушыға өз тарапынан алғыс айтты.

Келесі сөз Баспа ісі және дизайн кафе­драсының меңгерушісі Айгүл Рамазанға берілді. Ол Ә.Ыдырысовтың ұстаздық, адамгершілік, ­қа­рапайымдылық қырларын еске алып, Әбілфайыз ұстаздың айналасына мейірім шуағын төге білген ізгі жан, ұстаз бен шәкірт арасында ­керемет құрметті сезіндірген абзал ғалым екендігін үлкен сағынышпен атап өтті.

Баспа ісі және дизайн кафедрасының оқытушысы Қоңыр Мұқатаева өз сөзінде: «Бүгінгі оқуларға біраз студент қатысты. Бәрінің шығармаларымен  танысып шықтық. Бәрі талпыныпты, ізденіпті, оқыпты. Негізі жаңадан басталып жатқан оқу болғаннан кейін келешегі зор деп білемін. Осы оқулармен Әбілфайыз Ыдырысовтың екінші ғұмыры басталды деп түсінемін. Ғылымдағы мұрасын зерттеу басталып жатыр, бұл оқулар жыл сайын жалғасып отыратын дәстүрге айналады деп сенемін» деген ойын білдірді.

Баспасөз бағыты бойынша әділ қазылар алқасының мүшесі ретінде «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлы сөз алып, Әбілфайыз Ыдырысовтың жол көрсеткен, теориямен қатар тәжірибені бірге алып жүруге септігін тигізген ұстамы мықты ұстаз екенін атады. Елу жыл бойы қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп жол көрсеткен ұстаздың, ғалымның атын өшірмейтін шәкірттері, сол шәкірттердің атсалысқан еңбегін бағалаудың өзі бір құрмет екеніне тоқталды.

Дизайн бойынша әділ қазының мүшесі, ­Дизайнерлер одағының төрағасы Қамбар Көшенов: «16 жұмыс келіп түскен екен, тиісінше саралап, лайық бағасын бердік. Дизайнер одағының атынан осы қатысушыларға ынталандыру дипломын қарастырдық. Жастардың байқауларға қатысуы қуантты» деген лебізін білдірді. 

«Дизайн өнерінің үздік туындысы» номинациясында 3-орын 3 курс студенті Жігер Жұмахметовке, «Үздік ғаламтор жарияланымы» номинациясында 3-орын 3 курс студенті Данагүл Майдарханға, «Үздік мультимедиялық жоба» номинациясында 3-орын 1 курс студенті Баян Мейірбекке, «Үздік ғылыми жұмыс» номинациясында 2-орын 2 курс студенті Жібек Құдайбергеноваға, «Дизайн өнерінің үздік туындысы» номинация­сында 2-орын 1 курс магистранты Жазира Жұмашеваға, «Үздік ғылыми жұмыс» номинациясында 1-орын 3 курс студенті Даяна Дарбаеваға берілді.

Шынар ӘБІЛДА

 

1583 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы