• Руханият
  • 15 Сәуір, 2021

АБАЙ АРМАНЫ ЖОЛЫНДА...

Әр қазағын адамгершiлiкке үндеу, ғылымға, бiлiмге жетелеу озық мәдениетке жеткiзу – Абай арманы, мақсаты. Абай «ғылым таппай мақтанбау, орын таппай баптанбауды» ұсынды. Рас, Абайдың қазақ еліне жаңа ықпалды өзгеріс әкелуі оңайға соққан жоқ. Шығыс пен Батыстың озық ойлы білімі мен ғылымына ынтамен, инемен құдық қазғандай жолмен жүріп жан-жақты  ізденген Абайдың айналасына оқыған, ғылымды керек ететін жастарды жинауы да құрметке лайық қадам. Ендеше, сол Абай арманы осы күні орындалды ма? Оны бүгінгі ғылым-білімді тәрбие арқылы сіңіріп өскен ұрпақтың саны мен сапасына қарап бағамдармыз.

Исламиятта  мұсылмандық  бес парызды ұстау қандай міндетті болса, Абайда  «Руза, намаз, зекет, хаж – ­талассыз іс». Бірақ 38-ші қара сөзінде: тағрифатқа (дін жолына) адам еріп кетсе, дүниенің ойран болатынын да ескертеді. Ақын жер бетіндегі пенденің көруге, орындауға, сезуге тиіс  нәрселерді, егер ол дінге беріліп кетсе, кім істейді деген ­сауал тастап, ойдың сергектігіне мән беруді ұсынады. Абайдың діни және ұлттық фанатизмге жол бермеуі адамды құдайдың сүйген құлы ретінде ­тануымен түсіндіріледі.

Ұлы Абайдың «мың түрлі діннің бәрі – ғаделет, махаббат, құдайға лайықты», «…Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады» деуі – қазақ өлкесі ақындарының Алланы – хақ, Тәңіріні – Ұлы деп тануымен үндестік тапқан.

 «Құдай Тағаланың жолы ниһаят­сыз болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді». Міне, таза мұсылман кім, толық адам кім? Ақынның адамгершілік бағасы. Алланы беріле сүю, адамзатты бауырым деп жақын тарту – Абай шығармаларының өзегі.

Ыбырай Алтынсариннің діни тақырыпқа арнайы арнаған еңбегінде де,  этнографиялық әңгімелерінде де дін мәселесіне айрықша көңіл бөледі. «Мұсылмандық тұтқасы» еңбегінде, «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» өлеңінде де береке мен сабыр сақтаудың амалы – пенде баласының тәубасына келуі екенін атап көрсетеді.

Отбасындағы тазалық, жан сұлулығы, имандылық, қайы­рым­дылық, бауырмалдық, ағайын­гершілік, көңілдің ақтығы, мұсыл­манмын деген әр пенденің бойындағы ақ-адал сезімнің кіршіксіздігі иман арқылы Құдайды тану, Хақты бір деп санаудан келіп шығатын моральдық құндылықтар.

Абайдың «қайрат, ақыл, жүректің» өзара сөз таластыруында да осы құндылықтар көрінеді: «...билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден  қуып  шығарады».

Осы арада мінез деген не? Ол адамда тумысынан ба, әлде өмірге араласу барысында қалыптаса ма? Бұл жөнінде ғұлама Абайдың өзі «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады... Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса,  сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деп қорытынды жасайды да, «адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» дейді. Осылайша, ақын жаман мінездің қалыптасуы, жалпы адам мінезінің бітісіне әсер етуші заман, өз ортасы, қоғамы екенін ашық айтады.

Мұндай топшылауды Шығыс ақыны Әлішер Науаи де айтады. Ендеше, жақсы адам, жаман адам кiм? Жiгiт жақсысы қандай болмақ? Дәстүрлi поэзияда бұл сұраққа жауап табу қиын емес. Ақтамберді, Шал, Сүйiнбай, Жамбыл, Шортанбай, тағы басқа сөз зергерлерiнің өнернамалық туындыларына зер салсаңыз, бұл қасиеттерге санамалап баға беріледi.

Жыраулардың жақсы мен жаманға сипаттама беруінде халық дидактикасымен үндестік молынан байқалады. Бұл да жыраулар шығармашылығының басты бір ерекшелігі. Бұл игі дәстүр кейінгі ақындар легіне де жалғасады. Сүйiнбай: «Жақсының сөзi майда, жүзi жылы, орыстың күймей пiскен бөлкесiндей, жаманның көкiрегi көр, көзi соқыр, жанбай қалған ағаштың шаласындай, сиырдың тентек танасындай, жаманның ешкiмге жұғымы жоқ, жылқының қотыр болған ала­сындай» дейдi. Адамгершiлiк қасиет­тердi құрайтын басты белгiлерi жақсылық пен жамандық туралы айта отырып, жыраулар мен ақындар  бай мен кедей, баршылық пен жоқшылық, аштық пен тоқтық, кеңдiк пен кемдiк секiлдi әлеуметтiк теңсiздiк мәселесiн де көтередi.

Абай халқының ұйқыда жатқан санасын әнмен, «жұп-жұмыр келісті сөзімен» оятуға тырысты. Тіптен ақын «жан құмарлығын – білмекке құмарлық» деп жастарды қызықтырып, білімге құлшынысын, ғылымға ұмтылысын оятқысы келді.

Ғылымға аңсары ауу, білімге ұмтылу Абай ізденісінде соны сипаттармен анықталады. «Ақыл-мизан, өлшеу қыл», «Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз,…кім болса мейлі, сол айтты, ақылменен жеңсеңіз». Өмірде Абайша өнер мен ғылым, білімді арқалап, «кірпіш дүниенің кетігін ­тауып қалану» – зерделі, ынталы жанның ғана қолынан келмек. Абайдың махаббаты да ғылым-біліммен суарылып, ақылға бағындырылады. «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр». Ғылымға апаратын ізденістің алды – талап. Өйткені талапсыз ниет етіп, көңіл қоюсыз – ғылымның шығуы мүмкін емес.

Ыбырай Алтынсариннің де «үміті – жастар», ол «батасын – білім қуған жастарға» береді. «Қазақ хрестоматиясының» алғы сөзінде:

«Қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды; оның ой-пікірі еркін, оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр» деп жазды.

Ғалым Ә.Дербісәлин ХХ ғасыр­дың қазақ даласына жаңалық ғасыры боп енуін сол ғасырдың өнер мен білім ғасыры болғанымен байланыс­тырады. 

Жалпы алғанда, қазақ әдебиетінің туып, қалыптасу кезеңінің негізгі арнасы − поэзиялық мұраларға келіп саяды. Өйткені қазақ поэзия­сы арқылы, оның көрші елдердің әдебиетімен байланысы арқылы жалпыадамзаттық байланыстың өзекті жалғастығына жол ашылады. Бұл арада поэзия – байланыстырушы қызмет  атқарады.

Адамгершілік құндылықтардың негізі – дін, білім-ғылымды игеру, жақсы мінез, жамандықтан жирену. Кісілік, кішілік қасиеттер есебінде ұғынылатын бұл түсініктердің ­поэзия атты ұлы құнды мұра арқылы жетуі, ұрпақ санасына жыр өзегімен дәйектелуі өте маңызды. Ұлы Абай­дың көркем проза тілімен жазылған қара сөздерінің өзі тағылымдық, осы адамгершілік құндылықтардың бар сипатын бойына жиғанымен бағалы, сонысымен мәңгі.

Анар БҮРКІТБАЕВА,

Ш.Есенов атындағы КТЖИУ-дің

Қазақ филологиясы кафедрасының доценті

1538 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы