• Қоғам
  • 15 Сәуір, 2021

СОЛТҮСТІКТІ «ИГЕРУ»

Нұрперзент Домбай
«Ana tili»

Жақында Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов өзекті мәселені ортаға салды. Ведомство басшысы Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарын жұмысқа орналастыру, сондай-ақ аймақтағы демографиялық ахуалды жақсарту шаралары жөнінде айтты. 
Министрдің сөзіне қарағанда, аталған облыста 2025 жылға дейін 97 мың жұмыс орнын, оның ішінде 59 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Үкіметтің 2021-2025 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кешенді жоспары аясында 16 мың тұрақты және 10 мың уақытша жұмыс орнын ұйымдастыру көзделуде. 

Тағы бір жағымды жаңалық – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікке бет бұрған 300 мың жас оқытылады. Тілге тиек етілген бағдарлама негізінде жыл сайын 25 мың адам жұмысқа орналасады. Шәпкеновтің нығарлап айтқан ендігі бір сөзі – СҚО-ға жерсіну үшін осы уақыттары он мың адам қоныс аудармақ.

Бәрі дұрыс-ақ. Көңілге шуақ құятын-ақ сөздер. Бар мәселе осы айтыл­ғандардың сөз жүзінде қалмай, толық мәнінде жүзеге асуында ғой.

Жалғыз Солтүстік Қазақстан облысы ғана емес, біздің теріскейдегі Қостанай, Павлодар облыстарында тұрғындар саны басқа аймақтарға қарағанда азырақ. Мұның өзі жұмыс күшінің тапшылығына әкеліп соғатыны айдан анық. Сарапшылардың айтуына қарағанда 2025 жылға қарай оңтүстік өңірдің халқы бес жарым миллионға дейін жетіп жығылмақ. Есесіне солтүстіктегілер қатары бір милилионға дейін кемитін көрінеді.

Мұны ескерген мемлекетіміз жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру жайын назардан тыс қалдырмауға күш салуда. Осы мәселеге байланысты қабылданған маңызды құжаттардың бірі – «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама ­Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан бастау алады. Онда «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі» айтылған еді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының көздегені де аты айтып тұрғандай еңбек ресурсының теңсіздігін реттеу.

Үкімет қабылдап жатқан осындай оң шешімдерге қолдау көрсеткеніміз абзал. Мұндай бағдарламалардың елдік маңызы зор. Экономикалық жағын айтпағанда, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауда да алар орны ерекше.

Еліміздің солтүстік өңірлерінде өзге ұлт өкілдеріне қарағанда қандастарымыз сиректеу. Оның да себебі бар. Елдің басынан өткен небір зұлмат халқымызды қынадай қырды. Әйтпесе, қазағымыздың қалың ормандай тұтасып отыратын жөні бар еді.

Өзіміз аз, ал жеріміз ұшқан құс­тың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатындай ұлан-ғайыр болғаннан кейін осыны қызға­натындар, оны айтасыз, көре ­алмайтындар бар. Әсіресе батыс жақтағы көршіміздің көз тігетіні – солтүстік өңіріміз. Бұл жақта қазақтың аздығы, көптеген елдімекендер атауларының өз тілдерінде аталуы мойын бұрғызбай қоймайтындай. Осыған іштері қара қазандай қайнап, бір бәлені көздеп тұрады. «Кезінде сыйға бергенбіз» деп іштегі жаман ойларын жалпақ әлемге ашық айтатындары да бар. Бұлай тон пішетіндер мемлекеттік думадағы депутаттар ғана ма десек, мемлекет басшысының өзі де солардың қатарынан ба деп қалдық. Бұлай деп отырғанымыз, Ресей президенті таяуда Қырым аннексиясының жеті жылдығына арналған шарада Ресейдің Кеңес Одағы құрамында болған елдерге жер беріп, «мол сыйлық» жасағанын, сол себептен көптеген аумақтан, геосаяси кеңістіктен айрылып қалғандарын айтып қалды.

Әлгіндей сыртқы көзқарас, қала берді, теріскей жақтағы тұрғындар санының көңіл толтырмайтындығы мемлекетіміз қабылдаған «Оңтүстіктен – Солтүстікке» жобасының ойдағыдай жүзеге асуын талап етеді. Сөз жоқ, әбден үйреніп қалған тұрғылықты жерден басқа өңірге қоныс аудару оңай емес. Алайда туған Отан, туған ел үшін бұл іс маңызды болғаннан кейін түсіністік танытқан дұрыс. Оның үстіне мемлекет осы мәселеге барынша қамқорлық көрсетуге әзір. Көшкен кездегі жол шығынына, үй алуға, т.б. қатысты берілетін көмек бар. Жұмыспен қамтылу жағы ескеріледі. Жұмысқа адам алатын жұмыс берушіге де қаржылай қолдау көрсетілмек.

Қоныс аударушылар барған жерінде алаңсыз тіршілік етіп кету үшін екі жақтағы байланыстың алар орны бөлек. Бір кездері Солтүстік Қазақстан облысының әкімі  қоныс аудару жайына байланысты Шымкент қаласына келіп, жергілікті басшылықпен, адамдармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін білеміз. Жұртшылықты толғандырған барлық мәселе ортаға салынды. Осыдан кейін Шымшаһардың әкімі солтүстікке барып, осында көшіп келген жерлестерінің жағдайын білуді көздеген. Міне, екі арада осындай қарым-қатынас болса, қоныс аудару ісінде түсінбеушілік, өкпе-реніш болмайтындығы анық. Солтүстік өңірдегі бос жұмыс орындарына арналып түстікте еңбек жәрмеңкелерін жүйелі өткізіп отырудың да пайдасы зор.

Осы жерде «Серпін» бағдарламасының да адамдарды қоныстандыруда тигізер ықпалы айрықша екенін айта кеткеніміз жөн. Негізі жаңа жерге жастардың орналасқаны жақсы. Олар үлкендердей емес, тез қалыптасады. Шаңырақ көтеріп, сол жердің тұрғылықты тұрғынына айналып кететіні күмән тудырмайды. Бұл бағытта «Серпіннің» жастарға жасар жақсылықтары жетерлік.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарында әйгілі «тың игеру» деген бастаманың болғандығынан хабардармыз. Оның ұлтымызға, халқымызға жасаған қиянаты жөнінде бұл жолы сөз етпей-ақ қоялық. Ол өзінше, басқа әңгіме. Сол «тың игеру» деген секілді елімізде «солтүстікті игеру» деген патриоттық қозғалысты өмірге әкелсек қалай болар екен. Мүмкін сол кезде бұл елдік іс ерекше қарқын алып, діттеген мақсатымызға жетерміз.

Біз солтүстік, батыс, шығыс дейік. Олардың бәрі де қазақтың жері, атажұртымыз. Сондықтан өңірдің қай пұшпағын да жетім­сіретпей, қағажу қалдырмай кең жайыла мекен ету – парызымыз.

 

1272 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы