• Руханият
  • 15 Сәуір, 2021

РУХАНИ ТЕМІРҚАЗЫҒЫМЫЗ

2021 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті. Саммит қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды. Бұл күллі Түркі әлемі халықтарының бірігуіндегі Түркістан қаласының рухани маңыздылығы мойындалды деген сөз. Қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы Абайдың айтуынша, қоғамдық санаға дұрыс әсер етіп, оның дамуына ықпал ететін – рухани деңгей, зиялылық.

Түркістанның рухани астана атануы Қазақ­станның туризм мен қажылық орталық­тары деңгейінде әлемге танылған рухани, мәдени және туристік орталығы ретінде қалыптасуына септігін тигізері анық.

Түркістан облысы құрылған соң-ақ Түркістан қаласын әлемнің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасы бекітіліп, оған сәйкес ел үкіметі облыс әкімдігімен бірлесіп, Түркістанды дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруға кірісіп кетті. Қазірдің өзінде кешегі Түркістан мен бүгінгі қаланы салыстыруға келмейді. Түркістан өңірінде рухани-мәдени саланың дамуына ерекше жағдайлар жасалып келе жатқанын атап өтуге болады. Түркістанның жаңартылып және жаңадан салынып жатқан қалалық сәулеті ескі құрылысты қамтып қана қоймай, тарихи құрылыстың тұтастығын сақтауды ескере отырып, заманауи сәулетке сай үйлесімді бола түсуде. Түркістанда туристік кешендердің ұсынылып отырған дамыған жүйесі отандық және шетелдік туристердің тарихи, рухани, мәдени, спорттық бағыттағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетті. Рухани астанада бұдан былай да қалыптасқан туристік аймақтар және көпбейінді құры­лымдар ретінде оларға кіретін кешендерде функционалдық маманданумен қатар (тарихи, рухани, танымдық, мәдени-ойын-сауық, спорт, транзиттік және т.б.) қажылық қызмет көрсетудің, ойын-сауық пен уақыт өткізудің алуан түрлерін таңдауға мүмкіндік беретін туристік индустрия объектілері орналасатын болады.

Орта ғасырдың аты аңызға айналған күре жолы – Ұлы Жібек жолын жаңа технологиялық және экономикалық бейнеде жаңғырту идеясына қайта оралу қолға алынуда, себебі Еуразия кіндігінде орналасқан Ұлы Жібек жолының маңызы сауда мен экономикалық байланыстарды қамтамасыз ету ғана болған емес. Оның арқасында мәдени, ғылыми және дипломатиялық байланыстар жолға қойылды. Бастапқыда сауда жолы ретінде пайда болған жол адамзаттың техникалық, ғылыми және рухани прогресінің аса маңызды факторына айналды. Жібек Жолының бойында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияның аралығында орналасқан Түркістан қаласы тарихы тереңде жатқан ең көне қалалардың бірі екенін археологтар дәлелдеп отыр. Қаланың қалыптасу тарихы біздің дәуірімізге дейінгі II мыңжылдықтың басынан бастау алатыны белгілі.

Түркістанның қала ретінде алғашқы аталуы XV ғасырға Есім хан билік жүр­гізген жылдарға (1598-1628 жж.) жатады және ол қазақ билеушілерінің ордасы мен шетел елшілерін қабылдайтын жер орналасқан Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда маңызды мемлекеттік мәселелердің басы ашылатын қазақ ақсүйектерінің құрылтайлары да өткі­зілді. Көне мәдениет бесігі, сәулет өне­рінің кең сарай көрінісі, небір ұлы ақындар ордасы болған бұрынғы Тұран, қазіргі  Түркістан туралы ұлы ақын, ұлт азаматы М.Жұмабаевтың:

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой –

деп болашақты болжағандай етіп жырлауы бекер емес екен!

XVII-XVIII ғасырлардағы Қазақ ханды­ғының басына келген ауыр жағ­дайларға (жоңғарлар шапқыншылығы мен қоқан өктемдігі) қарамастан, қала өзінің маңызын жоғалтпай, құрылысын жалғастыра берді. Оған қаланың қоғамдық өмірінің ажырамас бөлшегі болып табылатын өңірдегі дамыған сауда-саттық қызметі септігін тигізген болатын.

Түркістан қаласы ХІХ ғасырға дейін Қазақ хандығының астанасы болып қалды. 1864 жылы патша әскері қаланы қоршап, жаулап алды, хандық пен халықтың өмірі түбегейлі өзгерді. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Түркістан қаласы ірі өнеркәсіп, білім беру және мәдени орталығы, ішкі және шетелдік туризмнің орталығы.

2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қаласы 1500 жылдығын атап өтті. 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралары тізіміне енгізілді. 2017 жылы Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымына (ТҮРКІСОЙ) мүше елдердің Мәдениет министрлері тұрақты кеңесінің 34-ші отырысында Түркістан қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленді.

Иісі түркінің рухани астанасы – Түркістанды Қожа Ахмет Ясауисіз бөле-жара қарастыру  мүмкін емес. XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, сопылықты уағыздаушы Ахмет Ясауи (Яссыдан шыққан деген мағынада) кесенесі орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіштерінің бірі. Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болған соң оның қабірі бүкіл Орта Азия мұсыл­ман­дарының зиярат әрі тәуәп ететін орнына айналды. Әмір Темір қабір үстіндегі кесенені 233 жыл өткен соң тұрғызды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеті өте ерекше құрылыс, оған түрлі үй-жай: орталық зал (қазандық), көрхана, мешіт, кітапхана, жиналыс залы (үлкен және кіші ақсарай), асхана, қажыларға арналған тұрғын жай кіретін нақты әрі үйлесімді жоспары бар. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінсіз Қазақстандағы туризм саласын көзге елестете алмаймыз.

Адамзат тарихында түркі мәдение­тінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі мол деп айтуға болады. Сондықтан сан ғасырлық тарихы бар мәдениетіміз бен әдебиетімізді жаңғыртып, адамзаттың рухани кемелденуіне тың серпін беретін құндылықтарымызды зерделеп, жаңаша пайымдағанымыз жөн.

Әлемнің көптеген елдері мен қауым­дастықтары қазіргі заманауи тарихи кезеңде өздерінің ертеңгі болашағы үшін ел бірлігі мен оның біртұтастығын сақтап қалу үшін пәрменді қадам жасап келген. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген халықтың қанатты сөзінің терең даналық мағынасы бар. Ұлт ретінде, халық ретінде өзінің ішкі бірлігін, біртұтастығын жоғалтқан қауымдастық әлеуметтік жағынан әртүрлі қиындыққа ­душар болады, береке мен бірлікті ту етіп,  айрандай ұйып отырған халықтың да сан қырлы бағыттағы қатынастарына нұқсан келуі мүмкін. Әлемдік саяси тәжірибеде бұған көптеген мысал келтіруге болады (араб елдеріндегі саяси жағдайларды мысалға алуға болады.) Сондықтан өзінің бірлігін, ынтымақтастығын шынайы әлеуметтік маңыздылыққа, ерекше құндылыққа айнал­дырған халық қана өмірдегі талай асуларды алуға көбірек мүмкіндіктерге ие болады және басқалардың алдында өзінің біртұтастығы жарасқан қадірлі ұлтқа айналары хақ.

«Тарихы бар халық тарихын таспен жазады, тарихы жоқ халық аспен жазады» дегендей, біздің түркілік ата-бабаларымыз бай тарихын, мәдениетін, ерлік дәстүрлері мен қаһармандық жорықтарын «Тастағы жазудан тағылым алғайсың!» деп, кейінгі ұрпаққа тасқа қашап жазып қалдырып отырған. Ежелгі түркілердің қоғамдық, әдеби, мәдени өмірін бейнелейтін көне түркі ескерткіштері қатарында: «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» жырлары және т.б. бар. Ел бірлігі, бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік, бірлік жолындағы еңбек оны ұстап қалу үшін ұрпаққа аманат қып қалдырған ұлағат – мем­лекетті ыдыраудан сақтандырып, алауыз­дық пен шиеленістен сақ болуға шақыр­ған даналық ой мен көрегендік тұжырымдар.

Атамекеннің азаттығын, ата-тегінің тазалығын, түрік ұлтының рухани дәстүрін, тілдік тәуелсіздігін басты қасиет ретінде ұстап, «Түркі халқы жойылмасын, ел болсын!», «Пәк ұлдарың құл болмасын, пәк қыздарың күң болмасын!» деп күресті, яғни татулық, бірлік мәселесі, түркілерді бірлестіру мәселесі тарих сахнасынан қай кезде де түскен емес.

Ежелгі түркілік қай жырды алып қарасақ та, күшті мемлекеттің кепілі көреген басшы, мықты заң екендігі, сол заңды қатаң ұстай білу керектігі айтылады. «Елді әділ заңмен басқару арқылы елді ұйытуға, құтқа, береке-бірлікке бастауға болады» дейді ортағасырлық ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби. Бұл дегеніміз, халқының қамын жеген ақылды басшы елінде бостандық пен тәуелсіздік орната алады, мемлекетті дамыту мен нығайтуды өзінің ­басты міндеті етіп қояды. Мемлекетті нығайтуда ірі тұлғалардың ерекше рөл атқарғаны айтылады. Түркі мемлекетінің бірлігін сақтауда зор табысқа жеткендердің бірі Білге қаған мен Күлтегін батыр еді. Күлтегін тақтың мүддесінен гөрі елдің мүддесін жоғары қойды. Білге мен Күлтегін қосылып, ақылгөй Тоныкөктің көмегімен халықтың бар күш-жігерін бірлестіру, басын қосу мәселесіне бар өмірін сарп етті. Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген түркілердің мықтылығы олардың бірлігінде еді. Алайда бір­ліктің осал кездері де болды, оған түркілердің шығыс және ­батыс қаға­наттарға бөлінгені куә. Бұл ­туралы «Орхон» жырларында түркі елінің қалай ыдырағаны, жойылғаны жөнінде ­былайша баяндалған:

«Соңындағы інісі ағасындай болмады,

Ұлдары әкесіндей болмады.

Біліксіз қағандар отырған екен,

Жалтақ қағандар отырған  екен,

Әміршілері де біліксіз екен

Жалтақ болған екен.

Бектерінің ымырасыздығынан,

Табғаш халқының тепкісіне

көнгендіктен,

Түркі халқы елдігін жойды».

Осы орайда баса айта кетерлік жағдай: тәуелсіздік алған жылдардағы негізгі идеология – тарихи-мәдени және рухани мұраны сақтау және дамыту, жаһандану кезеңіндегі сын-қатерлер мен қазіргі заманның күрделі үдерістерін парасатпен жеңу, мейірбандық пен кемелдікті дәріптеу екені сөзсіз.

Түркітілдес мемлекеттерді, қалаларды және түркі ұлтын дамыту бойынша егеменді елдерді біріктіру түркі халқының бірегейлігін, мәдениеті мен тұрмысын сақтауға, түркі мемлекеттерінің жаңа ­саяси доктриналарының және ұлттық қозғалыстардың құрылуына септігін тигізеді.

Тұтастай алғанда, Қазақстан, атап айтқанда Түркістан қаласы Түркі әлемін біріктіруге мүмкіндік беретін тиімді географиялық жағдайға, зор ­рухани-тарихи құндылықтарға, материалдық игілікке ие. Еліміздегі ең көне қалалардың бірі – Түркістан ежелден-ақ әлемге әйгілі шаһар. Түркістан – жұртымыздың рухани темірқазығы тәрізді тарих пен тағылымға толы күллі түркі-мұсылман халықтарының киелі мекені, қазақ хандығының астанасы.

Қасиетті Түркістанның қақпасы кімге болса да ашық. Ол Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбек­стан үшін ортақ мұра. Бұл жөнінде «Түркістан – барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру» деп атап өтті Президентіміз Қ.Тоқаев кешегі өткен бейресми Саммитте. Сондықтан да Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттың орындалуы нәтижесінде ұлылардың ордасы, гүлденген Түркістан болашақта білім мен ғылымның, өркениет пен сауданың, туризм мен логистиканың түркі әлеміндегі астанасына айналары сөзсіз.

Мансұрхан МАХАМБЕТҰЛЫ,

Парламентаризм институтының

 директоры

2034 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы