• Қоғам
  • 15 Сәуір, 2021

ЖЕР – ЖАН ЖАРАСЫ

Дағжан Белдеубай         
«Ana tili»

ҚАЗАҚҚА ЕШКІМ  ЖЕР СЫЙЛАҒАН ЖОҚ

Жер мәселесі дүниедегі қай ұлтта, қай мемлекетте болсын, ешқашан, жай, қатардағы көп проблеманың бірі болған емес. Адамзат тарихын­дағы небір жантүршігерлік қырғын соғыстың көбі жерге таластан басталған. Адам баласының асыраушысы жер – қай-қашанда шетін мәселелердің қатарында. Оны тіпті бүгінгі өмірімізден, шекарамыз әлдеқашан белгіленіп қойса да кейбір шет мемлекеттердің керауыздарының сандырақтарына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді». «Қазір кім не айтса да біздің екі жақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде таныл­ған ­шекарамыз бар. Аумақтық тұтас­тығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстам­дылықпен жүргізген жөн» деп толыққанды жауап бергені белгілі. Президент айтқандай құрлықтағы ғана емес, Каспий теңізіндегі тиесілі аумағымызды да заңдастырып алғанымыз, өзін-өзі ақтаған тарихи қадам болғаны анық.

Алайда Тәуелсіз болсақ та шетел­діктер көз тіге беретін сол қасиетті жерімізді қалай пайдаланып отырмыз дегенге келгенде толғандырар мәселе көп. Президентіміз Қ.Тоқаев биылғы 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде ауылшаруашылығына арналған жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді деп түпкілікті саяси шешім қабылдағанын жария етті. Оның бір себебі – 2016 жылы Президент Жарлығымен «Жер кодексінің» жекелеген баптарына енгізілген мораторий 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Сондықтан «Жер кодексіне» енгізілетін өзгерту, толық­тырулар қазір Парламентте талқы­лануда. Аталмыш заң жобасы еліміздегі қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтардың да қызу пікірталасын тудыруы әбден орынды.

 

«БАЙДЫҢ АСЫН  БАЙҒЫЗ ҚЫЗҒАНАДЫ»

Себебі жер шыр етіп туғаннан о дүниелік болғанға дейін әрбір адамға қатысты. Жалпы әр отбасына «он жүздік жер» дегенді кім шығарғанын білмейміз, қалалы жерде ол жеткілікті деуге болар, ал ұлан-асыр жері бар Қазақстандағы ауылдарға тым аз. «Байдың асын байғыз қызғанады» демекші, кеңестік кезеңдегі бір-біріне мінгестіріп салынған үйлер әлдеқандай қаскүнемнің қысастық әрекетіндей көрінетіні бар. Ол да Еуропаға еліктеуден пайда болған шығар деп түюге болар. Оған ренжиміз, Тәуелсіздік алған соң салынған үйлердің ауласын екі есе кеңейтейік, халық пайдасын көрсін, деген бастаманы да естіген емеспіз. Рас, әр азамат он жүздік жер алуға құқылы деген заңды шешім бар. Бірақ жылжымайтын, күн де көбейіп жатқан сол кезекте де 1,5 млн адам бар көрінеді. Алматы мен Нұр-Сұлтанның айналасындағы ауылшаруашылығына арналған жер, заңда тыйым салынғанына қарамай, тұрғын үй салуға беріліп жатқаны да еш құпия емес. Заңның саяжай салуға рұқсат етілген бабын пайдаланып, бәзбір пысықтар «ақша жасауда».

Бұл ғана емес, тереңірек үңілсек, мәселе шаш-етектен. Мысалға, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті атқарушы органдар берген мәліметтер бойынша, Қазақстан көлемінде иелі, бірақ пайдаланылмай бос жатқан жер 15,4 млн гектар. Оның 5,4 млн ­гектары, бәлкім, иелері өзгертіліп, әлде ескерту жасалып, пайдалануға қайта берілген. 5,6 млн гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. 4,4 млн гектары сот арқылы қайтарып алуға жолданған. Ол, ол ма, аталған министрлік 2020 жылы Ақмола, Маңғыстау, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының жеріне ғарыштық мониторинг жасағанда, сол төрт облыстың өзінен пайдаланылмай бос жатқан 8,3 млн гектар жер анықталған. Демек, атқарушы органдардың өз беттерімен берген мәліметтері шындықтан тым алшақ. Барлық облыстарға ғарыштық мониторинг жасалса, әлгі 15,4 млн гектар бер жағы болып қалады.

2003 жылдан бастап жер 49 жылға жалға беріле бастаған. 2015 жылы «Жер кодексіндегі» сол ұзақ мерзімге беретін бап алынып тасталған. Бүгінде елімізде азды-көпті жер иеленген қожалықтар, фермерлер, тіпті млн-даған гектарға ие латифундистер де бар. Анығырағы – ел ішінде айтылатындай, сіз айдалаға апарып, иен жатыр ғой деп қазық қағып, үй емес-ау, шатыр тігіңізші, ертесінде-ақ сол жердің егесі табыла кетеді. Жер кімдерге және қанша гектардан екендігі беймәлім болса да, үлестіріліп қойылғаны анық. Иелігінде млн-даған гектар жері бар бәзбіреулер өзге мемлекеттердің азаматтығын ала бастады, енді жерді банкілерге кепілдікке қойып, млн-даған қаржыны қалтаға басып, шетелдерге қашып кетуі мүмкін деген де қауіп айтушылар жоқ емес.

Еліміз ауылшаруашылығына арналған жер көлемі жөнінен әлемде алтыншы орында, жан басына шаққандағы егістік жер көлемі бойынша Австралиядан кейінгі екінші орындамыз. Яғни жеріміз ұлан-ғайыр. Адам аз. Сондықтан бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне тіреледі. Израиль секілді елдердің тәжірибесіне сүйеніп, ауылшаруашылығына арналған жер толықтай мемлекет меншігінде болғаны жөн деген уәж айтушыларға қосыламыз.

«МҮДДЕЛЕР  ҚАҚТЫҒЫСЫ»

Шешуі қиын кезекті түйін, қандай жолмен болса да ат төбеліндей адамдар жер иеленді. Өз азаматтарымызға да 49 жылға жалға беру жаңа заңда рұқсат етілмесе, бұрын үлестірілген жердің мәселесін де қайта қарау керек пе? Әділеттілік орнату үшін қайта қараған абзал. Шаруашылық жүргізем деген азаматтарға белгілі бір шектен асырмай (мүмкін бес жүз гектардан) жер беру қажет деген секілді сауал дәл қазір күн тәртібінде тұр.

Әлемжелідегі, өзге де ақпарат құралдарындағы жер десе дабырласып кететін қазекемнің сөз ләміне құлақ түрсеңіз; аудандарда құрылған жер ­комиссиялары заңды белінен басыпты. Алдымен сол комиссияның төрағасы болған аудан әкімінің орынбасары, өзге де әкімдер, ауылшаруашылығы бөліміндегі қызметкерлер, тіпті ­комиссия мүшелері, қысқасы, қолында билігі барлардың барлығы және олардың туғандары жермен қамтамасыз етіліпті. Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайда «Жер кодексіндегі» «мүдделер қақтығысы» бабына, комиссия шешімін заңсыз деп танитын өзгеріс енгізу қажет.

Ол дау-дамайдың дені комис­сияның жұмысында жариялылық жоқтығынан екені түсінікті. Жер кадастры ашық болуы тиіс. Жер мемлекет меншігінде болғандықтан, жалға алушы азаматтардың ол жеке басының құпиясы емес. Сондық­тан оны жариялау адам құқына қайшы келмейді. Тіпті он жүздік жерге кім, қай өңірде кезекте тұр, сол 1,5 млн азаматтың тізімі де сайттарда тұруы тиіс деген заманға сай талап орынсыз дей алмаймыз.

Ілкіде пайдаланылмай бос жатқан жер көптігі айтылды. Сөйте тұра, сенсеңіз де, сенбесеңіз де Қазақстанда 32 млн гектар жайылым жетіспейді. Халықтың айтуынша, оның сырын жерді үлестіру, қадағалау құқықтарын әкімдерге беріп қойғаннан іздеу керек. Олар оңды-солды үлестіргендіктен әрі жер қойнауын дұрыс пайдалану туралы заңдылықтарды сақтамауынан, малының өрісі тарылған ауылдар аз емес. Рас, елімізде «Жайылымдар беру туралы» заң қабылданған. Ол бойынша жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары, атқарушы органдар халықпен кеңесіп, үйлестіру шараларын қолдануы тиіс. Әр ауылдың аумағындағы жер мемлекеттікі болса да, сондағы халықтың мен­шігіндей қаралуы тиіс. Ауыл маңынан жер алған кей кәсіпкерлер қоршап алған немесе ор қазып тастаған секілді ­деректер ақпарат құралдарында жиі айтылады. Оның барлығы жаңа заңмен реттелуі қажет. Жер ­инспекторлары әкімдіктерге қарасты. ­Содан да қауқарсыз. Сондықтан Жер комитетін министрліктен алып, ­Президентке тікелей бағынышты агенттік құру ­керек деген бастама да орынды.

«ЖЕРДІҢ АРТЫНДА  ТІЛ ТҰР»

Иә, бір азаматымыздың малына өріс, екіншісіне шабындық, үшінші біреуге егістік жер жетпей жатқанда, айдаладағы Ресей Федерациясына 8,6 млн гектар жер жалға беріліп отыр екен. Төлейтіндері жылына небәрі 20 млн доллар. Олардың барлығы әскери полигон, жеріміз бен ауамызды улап жатқаны өз алдына бөлек әңгіме. Бәлкім, депутаттары мен шенеуніктері Қазақстанды әлі күнге отарындай көріп, аузына келгенін сөйлейтіні біздің осындай көршінің көңілін қалдырмайтын ақкөңілділігімізден шығар. Демек, бұл мәселені де халық болып күн тәртібіне шығаруымыз қажет.

Біз өстіп жер мәселесін отыз жыл бойы әрі тарт та, бері тарт қылып жүргенде, жеріміз 50-55 пайыз азып-тозып кеткенін мамандар дұрыс ескертіп келеді. Ол тұрғыдан ойлағанда, жер иелі болғаны жөн секілді. Соған да байланысты шығар, жерге иелік етіп алып, пайдаланбай отырғандарға салық оннан ­жиырма есеге дейін көбейтіліпті. Бұл шара қаншалықты нәтиже берері әзірге белгісіз. Әр ауылдың жерінің салығы сол ауылдың бюджетіне түссін ­деген талап та орынды. Фермерлер үшін жердің кепілдік бағасын өсіру қажеттілігі айтылуда. Ол фермерлердің қомақты несие алуына жол ашпақ.

Бұл салаға маман дайындау мәселесі де көтерілуде. «Жерге орналастыру» бағы­тында екі түрлі мамандыққа оқытылып келсе, кейінгі жылдары ол тоқтатылған. Саланы білмейтін, мамандығы жоқ адамдар да істің ілгері басуына кедергі келтіруде екен.

Дамыған елдерде жердің рен­та­бельділігіне, турасы – пайда­лылығына, қанша табыс әкелетініне маңыз береді. Ол үшін шаруалардың ісі сақтандырылған, арзан несиемен қамтамасыз етілген, дамуы тұрақты, жері құнарлы болуы шарт. Біздегі секілді шегіртке қаптап жеп кеткеннен кейін дәрі шашпай, бәрі алдын-ала ойластырылған болуы керек. Сонда ғана инвестиция келмек.

«Жердің артында Тіл тұр» деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, азаматтық беруді де өзгерту қажет-ақ. Шетелдердің тәжірибесінде бар себепті Қазақстан азаматтығын алғысы келетін қандастарымыздан басқалар, Мемлекеттік тілден, ­тарихтан емтихан тапсырса және ­Қазақ­станда кемінде 5 жыл тұрған ­болуы шарт делінсе, біз алаңдайтын көп мәселе азая түсер еді.

1193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы