• Тұлға
  • 15 Сәуір, 2021

АҒАЛАРЫН АРДАҚТАҒАН АСЫЛХАН

Баспасөздің өмірдегідей қарапайым да, көркем безендірілуі мен ақпараттық ерекшелігіне фототілшінің қосар үлесі шексіз. Фототілші белгілі бір оқиғаны немесе кейіпкерін суретке құр түсіріп қана қоймайды, оның объективіне іліккен нысана табиғилығымен, өмірдің қайталанбайтын қас-қағым сәтін мүлт жібермей, көрген жанды тәнті ететіндей сөйлеп тұруы шарт. «Жас Алаш» газеті арқылы елімізге танылып, бүгінгі буын қазақ фотожурналистерінің алдыңғы легінде тәжірибесі мен шеберлігі толысқан Асылхан Әбдірайым ініміз халық даналығы «алпыс – тал түс» дейтін жасқа жетті. Бұл елі алдында азаматтың бір қайырылып есеп беретін елеулі белесі. Бір ғажабы, Асылханның мерейтойы қазақ фотографиясының 180 жылдық қалыптасу тарихымен тұспа-тұс келуінде рәміздік сыр бардай көрінеді.

АДАМНЫҢ ЖАНАРЫ – ЖАРАТҚАННЫҢ ТАБИҒИ ФОТООБЪЕКТИВІ

Сәл шегініс жасап, фотоөнердің даму тарихын көктей шолып, экскурс жасасақ. Бүгінгі таңда фотография өмірдің барлық саласында қолданылатыны құпия емес. Ғылымның қарыштап дамуына фотографияның қосқан үлесі сан қилы. Жердің үсті, судың асты, ғарыш кеңістігіндегі таңғажайып құбылыстарды, қоршаған ортадағы тіршілік атаулының өсу, даму эволюциялық ерекшеліктерін зерттеп, зерделеу де фотографиясыз көзге елестету еш мүмкін емес. Жасампаздық ойдан туған тылсым дүниені фотографияның құдіреті – айнадан көргендей бейнелеп беруге өте қабілетті. Фольклордағы «жер теңгедей, аспан тебінгідей» немесе «аспан алақандай, жер тебінгідей болып көрінді» дейтін фразеологиялық оралымдарды сыншылар атадан балаға, ауыздан ауызға жалғасқан әдеби көркемдік, метафоралық әсерлеу мағынасында деп пайымдайды. Дәл осыған ұқсас «Жаратқан дүниенің көзі мен құлағы бар» дейтін тәмсіл құр бекер айтыла салмаған.

Асылы, жұмыр басты пенденің көру көкжиегі табиғи шектеулі. Алайда аспан денелерін танып білуге байланысты жұлдызшылардың небір болжамдары мен аңыз-әңгімелері халық жадында қордаланған. Зерттеушілер алысты жақындататын технологиялық құралдар арқылы аспан денелерінің қозғалыс заңдылықтарын бақылап, ұзақ жылғы тәжірибелерге сүйеніп, ғылыми жасампаздықпен дамытқанына күмән жоқ. Дегенмен, кемі мың жыл бұрын «жер теңгедей, аспан тебінгідей» немесе «аспан алақандай, жер тебінгідей болып көрінді» дейтін халықтық мифтік «байламға» бұ заманда сене қою әй, қайдам, қиын сияқты болғанмен, ашық ғарышқа ұшқан ғарышкерлер Жер планетасының Күн жүйесі бойынша өз орбитасындағы қозғалысын дәл солай – қаз-қалпында фотосын бейнелеп адамзатты аң-таң қалдырды. Ал сол – Жер планетасы – бүгінгі таңда 8 миллиардқа жуық адамзат қауымы, аң мен құстың, жануарлар мен мақұлықтардың, орман-тоғай, өсімдік әлемінің, көкпен таласқан заңғар таулар мен тұңғиық терең мұхиттардың, теңіздердің, көлдер мен өзендердің, маң дала мен шөлді өлкелердің құтты мекені. Ендеше, Жер планетасын ғарыштан көру мүмкіндігіне ие болуымыз мифтік санадан реалды шындықты тануымыз фотография арқылы жүзеге асты. Адамның жанарына күллі Жер планетасы толық сыйып кету мәнін біреу шын сезінсе, ал енді әлеуметтің басым бөлігі тіршіліктің күйбең тірлігімен басын қатыруға тіпті де құлықсыз.

Жалпы Homo sapiens, яғни саналы пенденің пайда болуы тарихи палеолит, яки алғашқы тас дәуірінде жердің барлық аймағын қамтыған екен. Біздің бағзы бабаларымыздың тіршілік етіп, мекендеген географиялық ареалдағы жартасқа шекілген бейнелеу өнерінің графикалық ілкі нұсқалары мен пиктографиялық, пиктограммалық белгілердің конфигурациясының таңбалануы – бұған дейін оқулықтардан түспей келген «ғылыми байламдарды» жоққа шығарады. Бұл ретте ежелгі таңбатану ілімі бізге көмекке келеді. Алғашқы саналы пенде тілінің шығуы дыбыстық тілден бас­талды дейтін жауыр болған ғылыми ұстанымдарды қолдаушылардың уәждерін таңбатану ілімі жоққа шығарады. Шындығында, адам тілінің шығуы қоршаған ортаны образбен ойлаудың жемісі. Сол қоршаған сыртқы ортаны образбен ойлаудың негізінде тұңғыш рет бейнелеу өнерінің алғашқы белгілері пиктограммалар, пиктографиялық, яғни сурет жазуының нышандары пайда болғаны даусыз. Жабайы табиғаттың ортасына түскен хомосапиенстер тілінің шығып, бейімделуі мен дамуына қоршаған табиғатты танып-білудің, образды пайымдаудың қорытындысы тікелей ықпал етті. Оның нақты куәсі бастапқы бейнелеу өнері үлгілері – жартастағы суреттер бүгінге жетті. Жаратқанның тіршілік атаулыға берген ауыз мүшесінің негізгі функциясы табиғи қажеттілік энергетикалық қуаттануға, қоректенуге арналған. Хомосапиенстің аң-құс, өзге де мақұлықтардан бөліп тұрған басты айырмашылығы ауыз қуысының екінші қызметі – ақыл-ой қабілетінің белгісі сөйлеу тілінің тууы мен дамуына себеп болды. Ендеше, саналы пенденің басты құралы – бір-бірімен коммуникациялық пікірлесу мен ақпарат алмасу рухани күшіне иелік етуі ауыз аппаратының қалыптасуы, яғни акустикалық-артикуляциялық дыбыстардың жүйесін қалыпқа түсірді. Сонымен, адамның ең әуелі дыбыстық тілі емес, образбен ойлайтын графикалық бейнелі тілі, яғни сурет тілі шыққан. Әлбетте, тілдің даму барысында физикалық табиғи құбылыстарға, мәселен, желдің уілі мен қамыстың сыбдыры, судың сылдыры мен нажағайдың жарқылы, күннің күркірі мен жаңбырдың сіркірі, аң-құстың түрлі дыбыстарына орай еліктеудің әсер-ықпалы болғанын жоққа шығармаймыз.

Демек, фотографияның әкесі – бейнелеу өнері, яки графика. ­Атасы – Жаратушының праобразы Адамның жанары – КӨЗ. «Сондай-ақ  идеограммасы – Өз Өзі – Жанары ежелгі Египет және Таяу Шығыстың алфавитінде табуланбаған төрүктің Ай+іН (Айн) – Айдың + Мәні мағы­насында қолданылған! Яғни Мәні дегеніміз  – ноқат пен шеңбер, демек, Анта – Анда, әлбетте, екі жарты айды құрайтын екі Кресті айқындайды. Көз сөзінің түп-төркіні – еКі+ӨЗ – Екі Мән, Екі Өмір – Екі Жанар! Демек, Жанар+Жанар немесе + – еКі+ӨЗ = КӨЗ, яғни Көз Оның Өзі! Өз сөзі ежелгі төрүк тілінде Мәні, Өзі, Өмір мағынасын білдіреді (ДТС., 394-бет). Жанардың нақты мәні ;  – Шеңбер ішіндегі Крест иероглифтік мағынасында Од+Ан – Шеңбер+Крест, немесе Одан, кейінрек Отан! Иә! Бізді қоршағанның баршасы – сонда жаратылды. От (Жарық) және Аспан– Анта – Анда, біз де жаратылғанбыз. Біздің Отанымыз сонда! Бәлкім, біздің, ертелі-кеш бәрінің де сонда оралары хақ...» (Досанов Т.С. Тайна руники: Графический дизайн в эзотерической рунной концепции бога Тенгри, сокрытой в знаках рунического письма, в родовых тамгах и в символах геометрического генеза. – Алматы, 2009. – 127 стр.).

Сайып келгенде, таңбатану ілімі идеясы бойынша ежелгі про­то­төрүк бабаларымыздың даналық жа­сам­паздығы – өмірдің мәні мен философиясын ғылыми жүйеге бағын­ған графикалық чипке салып, шифрлап, құлыптап қойған. Бәз біреулер төрүк­тектілерге ұрынып, мәселен, қазақ ұлты­ның тарихи болмыс-бітімін шынайы танымағанымен қоймай, эгоистік астамшылықпен адамзат өркениетіне қосқан үлесі жоқтай сипаттап, «дайын асқа тік қасық» өзгенің игілігін тұтынуға бейім масылдыққа балайтындар таңбаға таңылған құпия доктринасын қайдан білсін?! Ақиқаты сол – таңбатану ілімін ойлап тапқандар заманауи цифр­лы технологияның идеялық авторы. Яғни өмірдің мәні шеңбер ішіндегі нүктеден жаралып, уақыты келгенде иероглифтік мағынасында Анта – , сол нүктеге оралуы шарт екен! Демек, заманауи цифрлы технологияның күллі дүниетанымды тарының қауызына сыйғызғандай бір квадраттан [монитордан] шығару принципі жапондардың компьютерді ойлап тауып, Америка коммерциялық жолмен бүтін адамзаттың тұтынуына сатылымға қоюының түпкі астарында ежелгі төрүк руника жазуының ғылыми жүйесі мен тұжырымы сақ­талған. Бұдан шығатын қорытынды, таңбатану ілімі бүгінгі сандық техно­логияның идеялық бастауы – күллі дүниені бір терезеге үңілткен, құдды өмірді өнер тілімен табиғи бейнелеген телевизор, компьютер желісі жүйе­сінің табан тірер мызғымайтын негізі.

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

Әлі есімде, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында бір топ белсенді жастар қатарында Алматыда тұңғыш рет бейресми «Жерұйық» ұлттық этнографиялық бірлестігін құрған едік. Бұл кеңестік-тоталитарлық жүйенің қиюы қашып, темір тізгінінің сетіней бастаған шағы-тұғын. Сол кездегі «Жерұйықтың» атын шығарған «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Ұлыстың Ұлы Күні» идеясы елдің рухын бір сілкінтті. Осындай ізгі ойлы ортада Дәурен Сатыбалдиев «Ұлыстың Ұлы Күнін» көршілерімен бірге аулада қарсы алуға шақырды. Күн календары бойын­ша күн мен түн теңескен ғажайып мерекеге Мұхтар Шаханов пен моңғол космонавты Жугдәрдәмидин Гуррагчаның қатысқаны есімде. Табиғат айрықша жылуы мен шуағын шашқан сол бір шақтағы бал-бұл жайнаған замандастарының бейнесін ­суретке тартып қалуды көздеген жас жігіттің фотоаппарат ұстасы маған ұнап қалған. Қазақ Елінің ақпарат кеңістігінде фотоөнерімен танымал Асылхан Әбдірайым інімізбен алғаш жүздесуім осылай басталған.

ТЕГІНЕ ТАРТҚАН  ТЕГІ ОЗАР

Асекеңнің ататегі – сүйегі Торғай топырағынан, Алаштың әйгілі азаматы Міржақып Дулатұлының тәрбиесінен тарайды. Ұлы атасы Байсалбай мыңғырған мал біткен бай, қолы ашық, елдегі жетім-жесірге қарасып, қамқорлық жасаған ­жомарт жан болған. Өткен ғасырдың басындағы Алаштың атқамінер азаматтарының идеялық ұстаным көзқарасына тілектестік білдіріп, материалдық жағынан шама-шарқынша қолдау жасап, көмек қолын созады. Алаш көсемдерінің тәлім-тәрбиесі сіңген Торғай топырағы берісі Ыбырай Алтынсарыдан Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлы тұлғаларға ұласқан, қазақты рухани оятуға ағартушылық ұранын ту қылып көтерген, қасиет қонған мекен. Аумалы-төкпелі сол бір тарихи заманда қызыл империя бар күшін салып, Торғайдағы Алашорда өкіметін құлатып, жаппай жақсы мен жайсаңды қудалау аяусыз жүрді. Асекеңнің анасы Шәрбан Әбдімәулен Сүттібайқызының көзкөргендерден естіген дерегінше, өткен ғасырдың 20-шы жылдары арғы атасы ­Байсалбай мал-мүлкімен Сарыарқаның Тор­ғайынан Қаратауды асып, киелі Түркістан өлкесіне қоныс аударған. Сол тұста Түркістан шаһарынан өтетін Транссібір теміржолының вокзал құрылысы қызған шағында ­Байсалбай атасы 200 жылқысын демеушілік көмек ретінде сыйға тартқан екен. Қай дәуірде де құнын жоймайтын жылқы түлігі еліміздегі нарық бағасы бойынша орташа есеппен 3000 мың доллардан кем емес. ­Демек, 200 жылқының бүгінгі таңдағы коммерциялық бағасы 600000 мың доллар екен. Алайда кеңестік қызыл саясаттың 20-шы жылдардың аяғында жүргізген байларды тәркілеу науқанының қармағына іліккен ­Байсалбай атасының мал-мүлкі түгелімен тартып алынады.

Асекеңнің өз әкесі Әбдірайым Жүсіпұлы Түркістан қаласының әкімшілік құжат бөлімінің (қазіргіше Тұрғындарға қызмет көрсету орталығы, ЦОН) ұзақ жылдар басшысы қызметін атқарған. Өкініштісі, әкесі 45 жасында қан қысымы көтеріліп, қызмет бабында аяқ астынан қайтпас сапарға аттанады. Анасы алты баласымен аңырап жесірлікпен тағдырдың ауыр сынына шыдауға бекінсе де, күйеуінің мезгілсіз қазасы арқасына аяздай батты.

Бала болса да көз алдында қазақтың игі жақсы 17 ханы ­Ахмет Ясауи кесенесі іргесіне мәңгі ­байыз тапқан қасиетті топырақта асыр ­салып ойнап, ескі шығыс моншасынан шықпай, шомылуға құштар еді. Әсіресе кесене ішіндегі құдықтан ішкен суы зәм-зәм татитындай мейірі қанып, күн ұзағына сол маңайды төңіректеп, үнемі жүріп алатын. Көкейіндегі ізгі арманы еміс-еміс ұлтына әйтеуір бір қайырымды іс тындыруға тартып тұратыны сана түкпірінде бұлдыр сағымдай көлбең-көлбең етеді. Ахмет Ясауи кесенесіне қарсы беттегі әкесінің мекемесі орналасқан екі ортаны жол қылып, әрі-бері сан мәрте кезетін-ді.

Асекеңнің нағашы жұрты – анасы – Шәрбән Әбдімәулен Сүттібайқызы қазақтың қабырғалы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбектің ет жақын әпкесі. Нағашы әжесі Кенже, Темағаңның әкесінің туған қарындасы. Міне, Асекеңнің ататегі – Торғайдан, туған жері – киелі Түркістан қаласынан. Ол 1960 жылы 15 маусымда дүние есігін ашқан. Шақалақтың есімін Жүсіп атасы жасы сексеннің сеңгіріне шыққан, айналасына өте сыйлы, жан серік досының құрметіне Асылхан деп қойған...

Бозбала Асылхан Түркістандағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, 1977 жылы Ташкенттегі Гидромелиорация техникумына түседі. Аталған оқу орнын қызыл дипломмен тамамдап, әскери борышын Алманияда өтеді. Ол алған бетінен қайтпай, су шаруашылығының кәсіби мамандығын игеруді көздеп 1982 жылы Мәскеудің гидромелиорация институтының студенті атанады. Бұл мамандықты таңдауға бала кездегі айналшықтап шықпайтын Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі құдықтан ішкен судың таңдайдан кетпей шөліркетіп, аңқасы кеуіп тұратын сезімнің әсері болар. Оған оңтүстіктің аптабы тұншықтырғандай тіршілік атаулы көлеңке сағалап, кеберсіген өлкені суландырсам деген аңсары ойына орала беретін. Әйтеуір тіршіліктің өзегі – су маманы болу ұйықтаса түсіне енетін арманы болды. Екінші курста жүргенде анасының денсаулығына байланысты Алматыға қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ауысуға тура келді.

1984 жылы академиялық демалыс алып, «Қазақфильм» киностудиясы деректі фильмдер (ТПО-2) бөлімінде оператордың ассистенті қызметін атқарады. Бір жылдан соң, Мәскеудегі ВГИК-ке киностудия атынан арнайы жолдамамен қабылдау емтихансыз ұсыныс жасалады. Алайда анасы баласының ұзап кетуіне қарсы болып, ҚазҰУ-дағы оқуын жалғастырып, 1988 жылы кәсіби инженер-гидролог мамандығын иеленеді. Университетте жас маман ретінде ғылыми жұмыстармен және бекітілген кандидаттық диссертация тақырыбы бойынша айналысады. 1990 жылдан апталық экологиялық «Атамекен» газетіне, одан соң «Қазақстан әйелдері» журналы, «Заң газеті», «Жеті жарғы» баспасы, «Парасат» журналы, ал 1999-2016 жылдары «Жас Алаш» газетінде фототілші болып қызмет етті. 2008 жылы осы газетте «Қазақ фотожурналистикасының жағдайы нешік?» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, жалпы дауыспен қоғам­дық ұйым құруды қолға алады. 2010 жылы «Фотоөнер» қоғамдық бір­лестігі ресми тіркеуден өтіп іске кіріседі.

ИЕСІ БАРДЫҢ, КИЕСІ БАР

Бір қызығы, су шаруашылығының жоғары білікті маманы инженер-­гидролог Асылханның бұл салада қызмет етуіне қызығы мен шыжығы қат-қабат сурет өнері өзіне тартып кетті. Қазандай қайнаған өмірдің бел ортасында жүріп, сан қилы жаңалықты фотосурет тілімен баспасөз бетінде бейнелеуден жалықпау – темірдей тәртіпке үйретіп, табандылыққа тәрбиелейді. Зады, өнер қонайын десе, кім-кімнің де бағын ашары шүбәсіз. Бір мүшелге толған шағында көрші баланың фотоаппаратына қызығып, күні-түні есі кетіп, қызыл фонардың жарығымен арнайы суға езілген дәрі-дәрмектен қағаз бетіне фотобейненің қалай шығуын көзбен көру – таным-түйсігіңді селт еткізген бір ғанибет! Баласының аңсары әбден ауғанын ана жүрегі сезіп, меселін қайтармай, дүкеннен «Зенит» фотоаппаратын сатып алып береді. Машақаты шаш-етектен, ұқыптылық пен нәзіктікті талап ететін, кірпияз өнер жолы қым-қуыт сәтсіздік пен өзекті өртейтін өкінішке толы. Солай бола тұра, «үмітсіз шайтан» демекші, намысқа тырысу жетістікке жетелейді. Жіберген кемшіліктен тәжірибе жинақталып, сурет өнерінің қыр-сырын ұршықша иіріп, кәсіби машықтануға, шеберлігін ұштауға серпіліс туғызатын сабақ болары аян. Асекең фотографияның арнайы оқуын оқымаса да, өз бетімен саналы ғұмырын арнап, «өнерді үйрен де жирен» дегендей дәрежеге жетті. Сондай-ақ Асылхан Әбдірайымның шығармашылық өнерімен қатар екінші тынысы ашылып, қайрат­керлік, ұйымдастырушылық, ұстаз­дық қырлары танылды. Бұл жолдағы оның тындырған алып жұмыстары нар түйеге жүк боларлық қомақты дүние болғандықтан шағын мақалада әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, талдау мүмкін емес. Сондықтан фотошебердің бірсыпыра шығармашылық қолтаңбасын көктей атап өтіп, арасында бірлі-жарым еңбектеріне тоқталуды жөн санадық.

1. «Тәуелсіздік тағылымы – 20» және «Тәуелсіздік тағылымы – 25» екі фотокөрме Алматы, Шымкент, Астана қалаларында сәтті ұйымдастырылып, биік деңгейде өтті.

2. Қазақстанның әр аймағын қамтыған (атап айтқанда, Хан Тәңірі, Ұлытау, Қозыбасы, Түркістан, Ақсу-Жабағылы, Алтай, Маңғыстау) 7 фотоэкспедиция ұйымдастырылып, оған танымал 15 фотошебер маман мен ­шет елдерден қонақтар шақырылды.

3. Жоғары оқу орындарына арналған «Фотожурналистика» оқу құралының 2 басылымы жарық көрді.

4. Қазақ фотожурналис­тикасы­ның даму тарихына үлес қосқан фототілшілердің шығармашылығы хронологиялық тәртіп бойынша жинақталып, 4 фотоальбом (энциклопедия) баспадан жарыққа шықты.

5. Photooner.kz ресми сайтын ашу.

6. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, АПК колледждерінде дәріс оқып, ұстаздық ету.

7. Қытай, Моңғолия, Түркия, Өзбек­стан, Қырғызстан фотоше­берлерімен арада қарым-қатынас орнатылуы.

Бұл айтуға оңай болғанмен, шығармашылық тұлғаның жанын жеген терең толғаныстан туған, қыруар күш-жігер жұмсаған, инемен құдық қазғандай ізденіс пен зияткерлік өре деңгейін танытатын әмбебап еңбек.

Нақ осы арада есте тұтатын маңыз­ды мәселе, Еуразияны жайлаған ата-бабаларымыздың қолының табы қалған «Таңбалы тастар» – Далалық галерея көрмесі. «Таңбалы тастағы» бейнелеу өнері – сол дәуірдің иллюстрациялық ақпараты.

Жә, баспасөз тарихын зерттеу­шілер 1895-1910 жылдар аралығында Орынборда орыс тілінде жарық көрген саяси-әдеби-қоғамдық «Торғай газетінің» иллюстрациялық қосымшасы шығып тұрғанын біле бермейді. 1988 жылы Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы кітапхананың «Арнайы қорынан» «Тургайская газетаның» 1903 жылғы №25, 26, 28, 31, 32, 44 сандарында көшпелі қазақ тұрмысын бейнелейтін ғажайып фотосуреттерді тамашалағаным әлі көз алдымда тұр. Айтса сенгісіз, аталған газеттің көпшілікке беймәлім билік басындағы генерал-губернатор деңгейіндегі жоғары лауазымды ақсүйек азын-аулақ топқа ғана арналған құпия иллюстрациялық қосымшасын қолмен ұстап, көзбен көрудің бақытына ие болған едім. Әлбетте, көшірмесін алудың ол кезде еш мүмкіндігін таппадым. Ресей идеологиясы патшалық дәуірдегі қазақ даласының ­тыныс-тіршілігін, бітім-болмысын, этномәдени өміріне қатысты тарихи фотосуретпен сипаттағанда ұдайы аштықтан ыңыршағы айналған кедей-кепшікті, көшпелі тұрмыстың сүреңсіз тұстарын бейнелейтін кадрларды ғана насихаттауға мүдделі. Ал әлгі отарлаушы жоғарғы билік өкілдеріне арналған иллюстрациялық газеттегі қазақтың бай этномәдениеті, сұлтандардың көркем киім үлгілері, қол өнері, шаш қойысы, нұрлы жүздері, киіз үйлері, түйе өркешімен бірдей биік дөңгелекті арбаларының фотоларын көргенде бойымды ерекше мақтаныш сезімі кернеп кеткен еді. Бұл тарихи суреттерді дүйім жұртқа қолжетімді ұсынуға ­Ресей цензурасы тарапынан, ­шамасы, рұқсат жоқ сияқты. Дәл мұндай иллюстрациялық мерзімді басылым қазақта бүгінге дейін болған емес. Ал бұл ақпарат тарату стилі шетелдік прессада, соның ішінде біз білетін Франция, Түркия мерзімді баспасөзінде сақталған.

Қазақ фотожурналистикасы арда­герлерінің шығармашылық шеберлігі мен сіңірген еңбегін рет-ретіне қарай топтастырған Асылхан Әбдірайым жарыққа шығарған 4 фотоальбом «аманатқа қиянат жоқ» дейтін ата дәстүрге беріктігінің нақты куәсі. Асыл­ханға дейін де небір майталман фотошеберлер өтті. Қолына қаламы мен камерасын қатар ұстаған Алаштың арда азаматтары Шәңгерей Бөкеев, Ахмет Байтұрсынұлы ізін салған, 1930 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік киноматография институтына (ВГИК) қабылданып, Роман ­Карменмен бірге оқыған қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинооператор Ескендір ­Тынышбаев, Рысқали Дүйсенғалиев, Бекмұхамбет Тілекметов, Нұрғожа Жұбанов, Жүнісбек Пайызов, Қайрат Мұстафин, Сиез Бәсібеков, Қасымбек Нұрбекұлы, Дендербай Егізов, Сайлау Пернебаев, тағысын тағы жалғасып кете беретін буын-буын ұрпақтың талантты өкілдері қазақ фотоөнерінде өзіне лайықты орнын алды. Бірақ олар қазақтың фотоөнер мектебінің тарихы мен дамуы, болашағы туралы ғылыми жүйелі мақала жазуға, зерттеу жасауға, арнайы альбом бастыруға еш мүмкіндігі болмады. Сол кәсіби тұлғалардың бірсыпырасының көзі тірісінде еңбектерін энциклопедиялық басылым етіп жарыққа шығаруға Асылхан идея тастады. Сол жауапкершілікті абыроймен жүзеге асырып, хро­нологиялық тәртіп бойынша жүйе­ленген отандық фотография ісіне талдау жасалып, баға берілген цикл фотоальбомдар тізбегі жарық көрді.

«Ел мақтаған жігітті қыз жақ­таған» демекші, Асылхан інісіне ­деген ризашылық көңілін «Жыр аққуы» Марфуға Айтхожина қолтаңбасы арқылы білдіріпті. Ол «Аңсау» поэтикалық жинағына «25/IV-2004. Аяулы, азамат, адал бауырым – Асылға!

Сендей адам жүрген жандар,

қасында,

Шалдықпай-ақ жетеді ғой ғасырға!..

Тұлғалардың бәрін жүрсің түсіріп,

Жанарыңнан жалынды

ұшқын ұшырып»

деп қолын қойып ұсыныпты.

Қаламдас достары «Гераға, Білгір» деп құрметпен атаған жазушы, аудармашы, сыншы, қазақтың үлкен жүректі жанашыры болған неміс ұлтының өкілі Герольд Бельгер «Расказы об отце» аталатын кітабына «Әрі асыл, әрі хан бауырыма. 27.07.09» деп қолын қойыпты. Асылханның кәсіби шеберлігі мен эстетикалық танымын, азаматтық тұлғасын, ұстаздық өнегесін әр қырынан ашып көрсететін деректер мен дәйектер жетерлік. Әрқашан толғаныс үстінде жүретін мерейтой иесіне шығармашылық табыс тілеп, өнер айдынында самғай бер дегіміз келеді!

 Замандастары «Алаштың» Асылханы деуінің астарында «Жас Алаш» газетіне ат беріп, кіндігін кескен Әле­кең, Ахаң, Жақаңдардың рухын еске түсіріп тұрғандай әсер қалдырады...

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
Шет тілдер және іскерлік карьерасы 
университетінің доценті

1778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы