• Тарих
  • 22 Сәуір, 2021

ДЕРЕГІ МОЛ ҚҰНДЫ ДҮНИЕ

К.Ақышевтің әйгілі еңбегі  Қытайдың 112 томдық «Еуразия тарихы мен мәдениеті кітапханасы» 
сериясы бойынша жарық көрді 

Сақ-усунь дәуірі – Қазақстанның ежелгі заман тарихының аса маңызды кезеңі саналады. Алайда аталған дәуірге қатысты тарихи жазбаларда Ахеменидтер және Қытай деректерінде үзік-үзік жазба мәліметтер ғана сақталғандықтан оған сүйеніп сақ және усунь қоғамының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси болмысын анықтау мүмкіндігі мүлде жоқ еді. 
Осы мақсатта 1954-1961 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты «Іле археологиялық экспедициясы» жұмысын жүргізді. К.Ақышев, Г.Кушаевтың әлемдік тарих ғылымында сенсациялық жаңалықтарға толы зерттеу еңбегі – «Іле өзені аңғарындағы сақтар мен усундардың ежелгі мәдениеті» осы археологиялық экспедицияда жинақтаған материалдар негізінде жазылып, 1963 жылы баспадан жарық көрді. 

Еңбектің аты айтып тұрғандай, аталған зерттеу тарихи деректерде сақ және усунь деп атаған ежелгі мемлекеттің Іле өзені алқабындағы материалдық мәдениеті тарихын зерттеуге арналды. Кешенді зерттеу нәтижесінде б.з.д. VII ғасырдан б.з. ІV ғасыр аралығына тура келетін хронологиялық көрсеткіші кезеңінде Жетісу жерін қоныстанған көне тайпалардың тарихы мен мәдениеті сақ, усунь және түрік тайпаларымен тығыз байланысты екенін анықтап берді. Сондай-ақ жетісулық сақ тайпаларының сәулет ескерткіштерінің Қара теңіз аймағы, Еділ бойы, Алтай, Моңғолия және Орталық Азиядағы скиф-сақ-сармат тайпаларымен арасындағы тарихи орнын анықтады. Еңбек сақтардың және сақ мәдениетінің шығу тегіне қатысты тың жетістіктері сақтардың шығу тегі, олардың мәдениетінің генезисі туралы көп заманнан бері шешілмеген түйткілді сұрақтарға жауап берді. ... Профессор К.Ақышевтың жарты ғасыр алдында жарық көрген айтулы шығармасы, міне, осындай толып жатқан жаңалықтарға толы еңбек саналады. Ғалым еңбегінің осындай ғылыми жаңалықтары айтулы еңбекті сол кездің өзінде дүниежүзі тарихшыларына танымал еткен болатын. Ең бастысы, айтулы зерттеу өзінің сол ғылыми құндылығын күні бүгін сақтап, жоғары бағаланып келеді.

Соңғы кезде қытай тарихшылары ­Еуразия даласының тарихы мен мәдениетін зерттеуге жіті назар аудара бастады. Бұл бір жағынан сол елдің болашақта Еуразия елдеріне өз ықпалын көздеуді мақсат етуден туған қажеттілік екені түсінікті. Солай дегенмен мұндай қадамға түрткі болған басқа да себептер жеткілікті еді.

 Еуразияның шығысында орналасқан Қытай өзінің неше мың жылдықтарға созылған тарихында Ұлы даламен тығыз байланыста болып отырды. Қытайдың саяси тарихы жөнінен алып қарайтын болсақ Қытай жеріндегі патшалық биліктің тең жартысынан астамын Ұлы даланың көшпенді халықтары, нақтылап айтқанда түркі-моңғол тілді тайпалары құрып отырды. Қытайда патшалық құрғандар қатарында ғұн, сяньби, түркі, қидан, шүршіт, моңғол, манжур қатарлылар бар. Олар Қытай жерінде ондаған әйгілі патшалықты құрып, ілгері-кейінді 10 ғасыр бойы Қытай елін билеп отырды. Қытай елінің мемлекеттілік тарихының жалпы келбетін Ұлы дала көшпенділерінсіз елестету қиын. Ал осынау мың жылдықтарға созылған ұзақ тарихи кезеңде қалыптасқан мәдени, рухани барыс-келіс пен ауыс-түйістер мәселесі өз алдына үлкен бір тақырып.

Қытай жазу мәдениеті ерте дамыған ел ретінде тарихи деректер қоры өте бай мемлекет. Олар ел аумағында құрылған патшалықтардың әулеттік тарихын егжей-тегжейлі жазып қалдырып отырды, сонымен бірге әрбір патшалықтың дәуірінде Ұлы далада билік құрған байырғы этностардың тарихы мен мәдениеті туралы да аса мол жазбалар жазып қалдырды. Солай дегенмен, қазіргі кездегі қытай ғалымдарының тарихи деректерді игеру деңгейінде, олардың өз ата-бабалары жазып кеткен тарихи шығармаларының кейбір мазмұндарын Ұлы дала тарихы мен мәдениетінің сол кездегі нақты болмысын меңгермей дұрыс бағамдау өте қиынға түсуде. Сол себепті қытайлық тарихшылар үшін Еуразия тарихын зерттеудің қажеттілігі ең бірінші Қытай деректері кешеніндегі Қытайдың көне замандағы төл тарихына қатысты мәселелерін шешуден туындап отыр. Ал Ұлы даладағы байырғы халықтар тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер мазмұнын зерттеу үшін бұл қажеттілік тіпті де көкейкесті болып саналады.

Сөйтіп, Қытай тарихшыларының ­Еуразия даласының тарихы мен мәдениетін зерттеу қажеттілігі тарихи жазбаларды зерттеуден туындап отыр. Ал, енді археологиялық зерттеулер үшін тұтас Еуразия тарихын зерттеу одан да маңызды. Мұндай жағдай қытай археолог­тарына тұтас Еуразия даласының көне мәдениетін тану міндетін жүктеді.

Көпшілікке белгілі қазіргі ҚХР аумағы көне дәуірдегі Қытай елі аумағынан әлдеқайда өзгеше. Көне дәуірдегі Қытай жерінің шекарасы этникалық қытайлар қоныстанған жер өңдеуге қолайлы егіншілік аудандармен ғана шектеліп тұрды. Бүгінгі таңда Қытай аумағы кеңейіп, көне дәуірдегі көшпенді халықтардың ата-мекенінің елеулі бөлігін алып жатыр. Қазіргі ҚХР Солтүстік шығысындағы провинциялары, Ішкі моңғол және Шынжаң автономиялы ауданының тұтас аумағы, Сондай-ақ Ганьсу, Цинхай провинцияларының шет аймақтары өткен дәуірлерде ұлы даланың бір пұшпағы ретінде саналып, оның мәдениеті тұтас дала мәдениетімен бірегейлікті сақтап келді. Соңғы кезде аталған аймақтарда жасалған археологиялық жұмыстар кезінде Қытай мәдениетінен мүлде басқа археологиялық олжалар табылды. Бұл артефактілер Орталық Азия, Орта Азия мен Қазақстан аумағынан табылған археологиялық олжалармен бір топтағы мәдени мұра саналады. ­Мысалы, соңғы уақытта қытай археологтары Шынжаңның жайылымды аймақтарында археологиялық жұмыстармен тұрақты айналысып отыр. Осы жұмыстар кезінде олар Іленің жоғары ағысындағы сақтар мен усундардың мәдени жұрттарында қазба жұмыстарын жүргізді. Ол аймақтан табылған дүниелер Іленің Қазақстан аумағындағы бөлігіндегі сақтар мен усундардың көне өркениетімен бір типке жатады. Еліміздің археологтары бұл типтегі өркениетке өткен ғасырдың 50 жылдары археологиялық зерттеу жүргізіп, оқ бойы озық жетістіктерді қолға келтірген болатын. Солардың ең әйгілісі К.Ақышев бастаған ғалымдардың әйгілі зерттеулері болатын. Мұндай ғылыми жетістік әлем тарихшылары үшін ғылыми маңызы зор табыс болып саналады. Сол себепті, К.Ақышев, Г.Кушаев зерттеуімен жете танысу қытайлық археологтардың көп жылдық арманы болып келді.

Қытайды қызықтырған Кемел Ақышев аса көрнекті ғалым, археолог, Қазақстан археология ғылымының іргетасын қалаушылардың бірі. Кемел Ақышев есімі Қазақстан тәуелсіздігінің нышанына айналған алғашқы «Алтын адамның» табылуымен тікелей байланысты аталып отырады. Ғалымның еңбектері Ұлы дала өркениеті мен Қазақстан археологиясына қатысты аса ауқымды мәселелерді зерттеуге арналған. Ол өзінің саналы ғұмырында Қазақстан тарихының қола дәуірінен этнографиялық кезеңіне дейінгі аралыққа жататын құнды ескерткіштерді ашып, оған кешенді зерттеу жүргізді. Сөйтіп, Отан тарихының қола дәуірінен бастап этнографиялық дәуірге дейінгі аралықтағы ақтаңдақ беттерін анықтап берді.

Батыс пен Шығыс елдерінің тарих­шыларының Орта Азия мен Қазақстан тарихының ежелгі заман тарихын зерттеуге арналған ғылыми зерттеу еңбектерінде К.Ақышев аты ерекше аталады әрі оның зерттеулері айрықша бағаланады. Ол бұрынғы Кеңес Одағы мен бүгінгі Егемен республикалардан шыққан тарихшы ғалымдар арасында ғылыми еңбектеріне жиі сілтеме жасалатын санаулы тарихшылардың бірі.

К.Ақышев еңбектері АҚШ, Венгрия, Қытай, Пәкістан, Франция, Италия, Жапония елдерінде шығатын шетелдік басылымдарда жарық көріп келеді. ­Шетелде жарық көрген сол еңбектерінің ішінде «Іле өзені аңғарындағы сақтар мен усундардың ежелгі мәдениеті» атты бірегей зерттеуі де бар. Аталған еңбектің қытай тіліндегі нұсқасы 2013 жылы ресми түрде жарық көрді.

Қытай археологтары «Іле өзені аңғарындағы сақтар мен усундардың ежелгі мәдениеті» атты еңбекті өте жоғары бағалайды. Орта Азия археологиясын зерттеуші және Шынжаңда көп жыл бойы сақ, усун және ғұн қорғандары мен обаларын зерттеу мақсатында экспедициялық жұмыстармен айналысып жүрген археолог Ван Цзяньсинь еңбектің қытайша басылымына арналған алғысөзінде былай деп жазды:

 «Іле өзені аңғарындағы сақтар мен усундардың ежелгі мәдениеті» атты бұл еңбек Кеңес Одағы дәуіріндегі аса ықпалды археологиялық зерттеу еңбегі саналады. Кітапқа Іле өзенінің төменгі бойындағы аса мол археологиялық материалдар топтастырылған, сонымен бірге археологиялық олжалардың қайсы халықтың мұрасы екені, олардың жыл көрсеткіші, сондай-ақ археологиялық мұралар көрсеткен ежелгі дәуірдегі халықтардың шаруашылық формасы, әлеуметтік саяси жағдайы қатарлы мәселелерге терең зерттеулер жасаған. Аталған зерттеу жетістігі қазіргі ҚХР аумағында, нақтап айтқанда Іленің жоғары бойында сақталған осыған ұқсас дәуірге жататын археологиялық мәдени мұраларды зерттеуде айтарлықтай көмектесе алады. Бұл еңбек баспадан жарық көргелі 50 жылдан астам уақыт болды. Осыншама уақыттан бері еңбектің қытайшаға аударылып, баспадан жарық көрмеуі Қытай археологтары үшін өте өкінішті жағдай еді. Біз бүгін доктор Суй Вэйдің қажырлы еңбегінің арқасында өзіміз көп жыл бойы оқуға іңкәр болған еңбектің қытайша аударма нұсқасына оқу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бұл біз үшін айтқанда аса үлкен қуаныш саналады».

Көріп отырғаныңыздай К.Ақышев еңбегін әлемнің басқа елдері ғалымдары сияқты Қытай ғалымдары да әркез жоғары бағалап келеді. Біз жоғарыда айтылған бағаны бір ғана Ван Цзяньсиньнің бағасы емес, оның басқа да әріптестерінің ортақ бағасы деп түсінеміз. Сөйтіп, еңбектің қытай тілінде баспадан шығуы бүкіл қытай археолог ғалымдарының ортақ қуанышы болды дей аламыз.

К.Ақышевтың айтулы еңбегі ҚХР-дың 2011-2015 жылдарға арналған 12-бесжылдық мемлекеттік жоспарын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған «Еуразия тарихы мен мәдениеті кітапханасы» атты кітаптар сериясы аясында Ганьсу провинциясы Ланьчжоу қаласында Ланьчжоу Университеті баспасынан 2013 жылы жарық көрді. Аталған серия бойынша 102 түрлі кітап (жалпы жиыны 112 том) жарық көрген. Серияға енгізілген 102 кітаптың қатарында қытай авторларының Еуразия тарихына қатысты зерттеулері, шетел ғалымдарының ­Еуразия тарихына қатысты ең құнды зерттеу еңбектері және бір бөлім арнаулы танымдық білім беруге арналған кітаптар, танымал еңбектер бар. «Еуразия тарихы мен мәдениеті кітапханасы» атты кітаптар сериясын баспадан шығару ­идеясы қытай тарихшыларының жаңа ­тарихи кезеңде Еуразия тарихын ­зерттеуге деген сұраныстан пайда болған еді.

«Еуразия тарихы мен мәдениеті кітапханасы» сериясына енген 102 кітап қатарында Еуразия тарихына қатысты шетел ғалымдарының зерттеу еңбектеріне әлем елдерінің аса беделді ғалымдарының Еуразия тарихы мен мәдениеті ­туралы зерттеу еңбектері енгізілген. ­Ресей ­империясы мен Кеңес Одағы ғалымдары еңбегінен қазақ ғалымы К.Ақышев еңбегінен басқа И.Я.Златкиннің (История Джунгарского ханства (1635-1758). Издательство «Наука», Москва, 1964.), Г.Н. Потаниннің (Путешествия по Монголии. // М.: ОГИЗ. Гос. изд-во геогр. лит-ры. 1948.), В.В. Бартольдтың екі томдық еңбегі (Сочинения. Том 2. Часть 1. Москва: Издательство восточной ­литературы, 1963; Сочинения. Том 2. Часть 2. Москва: Издательство «Наука», 1964) және Т.Б.Барцеваның (Цветная металлообработка скифского времени. Лесостепное Днепровское левобережье. М.: Наука. 1981) зерттеу еңбектері бар.

Қытай елі қызыққан археолог К.Ақышевтің ғылыми еңбектері қазіргі қазақ ғалымдарының да қол жетпес құнды дүниесі. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында жарық көрген ғалымның еңбектері сол бойы баспа бетін көрген жоқ. Қазіргі кезде сирек кітаптар қатарындағы алғашқы нұсқасы кез келген оқырманға қолжетімді емес. Өзінің өзектілігін әлі де жоймаған осындай ғылыми мұралар бүгінгі буынның сұранысына сай қайтадан жарияласа отандық ғылым үшін игі шара болар еді.

К.А.Ақышев, Г.А.Кушаев. «Іле өзені аңғарындағы сақтар мен усундардың ежелгі мәдениеті» еңбегінің қытайша басылымы ҚХР. Ланчжоу қаласы, 2013 жыл.

 

Ж.Ошан,

Р.Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының

жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымының кандидаты

3119 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы