• Қоғам
  • 22 Сәуір, 2021

Көшеге шықсаң, көңілің құлазиды

Бүгінде қазақылықтың қаймағы бұзылмаған шет ауылдарда ғана болмаса, қала және қала маңындағы елді мекендерде таза ана тілінде сөйлейтін қазақтар жоқтың қасы. Қазақ толы аудиторияда (тіпті кейде өзге ұлттың ­адамы болмаса да) жиналыс орыс тілінде өтеді, қоғамдық көлікте жасы бар, кәрісі бар бір- бірімен орысша сөйлесіп отырған қазақтарды көресің. 

Баласына, немересіне орыс тілінде шүлдірлеп отырған апа-әжелерді көргенде ана тіліміздің көсегесін көгертіп, ұрпағына ақ сүтімен ана тілінің қасиет-құдіретін дарытуға тиіс аналарымызға іштей ренжисің, себебі оларға сөз айтуға болмайды, олар ондай сынды көтере алмайды. Осындайда ана тілін білмейтіндерді емес, білгісі келмейтіндерді мәңгүрт деп атауға болады деген сөз ойыңа оралады. Соларды көріп, естіп өскен ата-апаларымыздың қазақы қалжыңын сағынасың. Олар ешкімнен қысылмай- ақ, шексіз бай да шұрайлы қазақ тілінде әдемі әзіл, сұлу сөздерін мақал-мәтелмен өрнектеп сөйлегенде жаныңа майдай жағады, көкірегіңе жылылық себеді.

Қазіргі кезде әлеуметтік желі деген тіпті керемет болды, оның оқырмандары орысша-қазақша араластырып, қазақшасының өзін сан бұрауға салып, сан құбылтып, өзі де өзге де түсінбейтін қойыртпақ жасап жатыр. Әрине, олар қалай жазам десе де еркі өзінде, сондықтан әй дер әже, қой дер қожасы жоқ жастар бір-біріне еліктеп, бірін-бірі үйретіп, белгі­сіз бағытқа шұбырып кетіп барады. Оларды тоқтататын, қайтаратын күш қайда бар? Мысалы, отырық қой, баратырық, не дид, айттым ғо, дедік қо, болад қой, олай бес қой (олай емес) солай жасау керексің, т.б. сөздерді теледидардан да естіп қалып жүрміз.

 Қала көшелерінде жүрсең Қазақстанда емес, шетелде жүргендей әсер аласың, мемлекеттік тілде жазылған жарнамалар, мекеме, дүкен, т.б. атауларын анда-санда бір көресің. Соған қарап қазақтардың орыс және басқа да шет тілдеріне деген құлшыныс- құмарлықтарының шексіздігіне таң қалмасқа шараң жоқ. Көршілес Өзбекстан елінде орысша сөйлеген адамға жауап бермейтін тамаша қасиет барын көрдім, сен түсін-түсінбе өзбекше ғана сөйлейтін ағайындарға қарап қызығасың. Сондай-ақ қырғыз туғандар да бар атауларды дерлік қырғыз тілінде жазады екен, басқа тілде жазылған атаулар жоқтың қасы. Рас, бүгінде біздегі атаулар екі тілде, алдымен мемлекеттік тілде, сосын орыс тілінде жазылып жүр. Бұл қуанарлық іс болғанымен артынша-ақ көңіліңді су сепкендей ­басатындары аз емес. Орысшасы қатесіз, мұнтаздай етіп жазылған атаулардың қазақшасын оқысаң қарның ашып қана қоймайды, қаның қайнайды. ­Мысалы, ­Добро пожаловать – Қөш келдініз; Автомойка – Көлік жуу – К сі түсіп қалып өлік жуу болып қалған, Көмір сатылады – өмір сатылады, Салмакпен киім, тағы басқа өріп жүрген қателерден сүрініп жығылуға болады. «Көрмейін десем көзім бар» демекші, жолда жүріп неше түрлі быдық-быдық сөздерді оқығанда жағаңды ұстайсың, басқа шетелде тұрып қазақша қате жазсаң кешірімді шығар, Қазақстанда тұрып қазақша қате жазған сұмдық қой. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», қаланың қақ ортасында келе жатып бір сұлулық салонының төбесіне іліп қойған жазуға көзім түсті, түсті де көзім шарасынан шықты, себебі күнде көріп ренжіп жүрген атаулар жайына қалды. ­Салон төбесінде «Мужская стрижка» деген сөзбен қатар «Ерлер қырқымдар» деп ең үлкен шрифтермен жазулы тұр. Мынаған шыдай алмай салон иесімен сөйлесіп көрейін деп кірсем, орысша сөйлейтін қазақ әйелі мен орыс әйелі жауап та бергісі келмей, «біз білмейміз, тапсырыспен жасаттық» деп ішке кіріп кетті. Ерлері ерлер-ақ болсын, қырқымдары несі, қырқым деп қой-ешкінің жүнін қырқуды айтпаушы ма еді? Бұл не? Мәңгүрттіктен де жаман болды ғой. Бір жерден «Металлжабынқыш» деген атау ұзақ уақыт тұрып еді, ауыстырды ма, әйтеуір жоқ болды. Қазақта жапқыш, жамылғы, жабу сияқты сөздер бар ғой, жабынқыш деген сөз барын осы күнге дейін естімедім.

Қаладағы мекемелерге, банктерге, аурухана- емханаларға, тағы басқа жерлерге қоңырау шалсаң, «сіз (мекеме атауын айтып) кош келдініз, кейде кош кел­диниз, анау керек болса бирди басыныз, мынау керек болса екини басыныс» деп қазақтың ұл-қыз­да­рының шүлдірлегенін естіп, қалалық жерде қазақша сөйлей алатын адам қалмаған ба деп қаласың. Тым болмаса таспаға жазып, автоматты түрде жауап беретіндей таза сөйлей алатын адамды жалдаса да, дұрыс жазғызып қойса болады ғой деп ойлайсың амал тау­сылғанда. Қай жерде болса да қалай түсінсең солай түсін деген немқұрайдылық, керенаулық, салғырттық басым.

Мұндай мысалдарды жіпке тізіп жаза берсек шегі болмайтын сияқты, бірақ осыған құлақ асатындар табылып, қателер түзелсе, қанеки?

Не айтсақ та Қадыр Мырзалиев ағамыздың :

Мейлі, сен көп тілді біл қой демес ем!

Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.

Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын

Туған ана тіліңде сөйлемесең! – деген өлеңінен асырып айта алмаспыз.

Жұмагүл БЕКПЕНҚЫЗЫ

 

1907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы