• Қоғам
  • 22 Сәуір, 2021

МӘМС-тің мүмкіндігі мол

2020 жылы балаларға арнап еліміз бойынша 58 мың оңалту шарасы жүргізілген. Қазақстанда 94 мыңға жуық мүгедек бала бар. Оның 19 мыңына церебралды сал ауруы немесе ДЦП диагнозы қойылған. 2020 жылдан бастап реабилитация мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енгізілді. Мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санатқа жататын балалар медициналық көмекті тегін пайдалана алады. 

Жаңа реформаның нәтижесінде ­ма­ман­дандырылған медициналық көмек көрсетуге құлшыныс білдіріп отырған медицина ұйымдарының саны да артты. Олардың қатарында «Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы» реабилитация орталығы да бар. Онда сал ауруымен ауыратын балаларды үшінші кезеңдік реабилитациядан өткізеді. «Мүгедек балалардың ата-аналары қауым­дастығы» 1991 жылы желтоқсан айында өз балаларына көмек қолын созуға құлшынған ата-аналардың бастамасымен құрылған. Отыз жылға жық уақыттан бері олар мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 745 отбасына қолдау көрсетіпті. 2004 жылы реабилитация орталығы болып қайта құрылған қауымдастық бүгінде сал ауруына шалдыққан балаларды кешенді оңалтумен айналысады..
«Біздің орталық мамандары ерекше балаларды физикалық жағынан оңалтып қана қоймай, психологиялық-педагогикалық көмек те көрсетеді. Невролог, педиатр, реабилитолог психотерапевт, емдік шынықтыру маманы, массажист, ортопед, психолог, эрготерапевт, дефектолог, логопед, әлеуметтік қызметкерден тұратын мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Біз бәріміз мүгедек балалар мен олардың ата-аналарына жан-жақты қолдау көрсетуге тырысамыз» дейді орталықтың бас дәрігері Айсұлу Қожанова.
Сондай-ақ орталықта эрготерапия бөлімшесі, Монтессори кабинеті, сенсорлық бөлмелер бар. Кинезиотерапия және механотерапия кабинеттері саусақтың ұсақ моторикасын дамытуға арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған. Ең бастысы – мұнда әрдайым ерекше балаларды дұрыс дамытуға қолұшын созуға дайын тұратын қайырымды жандар жұмыс істейді.
«Ата-ана баласын алып келген кезде біз 3 түрлі нәрсеге мән береміз. Ең алдымен қимыл-қозғалысы әлі қалыпқа түспеген балаға көңіл бөлеміз. Мамандар бірден оны жан-жақты дамытуға кіріседі. Екінші – баланың отбасы. Өйткені кемтар бала сол отбасында өмір сүреді, сондықтан олар да біздің команданың бір мүшесіне айналуы тиіс. Мамандар балаға үйде де қолайлы атмосфера қалыптастыруға көмектеседі. Үшінші – қоршаған орта. Баланың өміріне мұның да тигізетін әсері мол» дейді орталық қызметкерлері.
МӘМС енгізілгелі бері орталықта 200-ден астам бала оңалтылды.
Орталыққа қолдан келгенше көмек­тесетін қайырымды жандар да аз емес. Соның арқасында олар мүгедек балаларға жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік алып отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі бері орталықтың мүмкіндігі еселене түскен. МӘМС енгізілген 2020 жылдан бастап АРДИ емхананың жолдамасымен келген мүгедек балаларға оңалту қызметін көрсету туралы бастама көтерді. Соңғы бір жылдан астам уақыт ішінде орталықта 200-ден астам бала оңалтудан өтті.
Мекемеде білім беру ор­талығы да жұмыс істейді. Онда Қазақ­станның түкпір-түкпірінен келген мамандар шетелдік тәлімгерлердің тренингтеріне қатысып, ерекше балалармен жұмыстың қыр-сырын үйренеді.

1496 рет

көрсетілді

18

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы