• Руханият
  • 29 Сәуір, 2021

АПАҚАЙ

(Жалғасы. Басы  №9, №11-12 сандарда)

 

«ОЛ ЕМЕС, МЕН ҒОЙ  ТАСТАП КЕТКЕН...»

Анам Апақай тұмауратып қалып, Сәбира мен Фарида Шәріпова көңілін сұрап үйге келді. Апам қатты қуанды. Сәбираның сахнадағы ойынын өте ұнататын. Міндетті түрде театрға барып көретін. Өз аяғымен келген сүйікті актрисасын біразға дейін құшағынан жібермей тұрды.

– Ой, мен сенің әр сомдаған рөліңді жібермеймін. Қатты беріліп кететінім ­сонша, ­театрдан үйге келгесін екі-үш күн ауырып қаламын. Нағыз талантсың ғой, аман бол. Бағың жана берсін, – деп қолынан қос қолдап ұстап тұрды да:

– Әй, сенің қолың ыстық қой, неғып күйеуің тастап кетіп жүр? – демесі бар ма. Біз қысылып төмен қарадық. Апамның ойында дәнеңе жоқ, жауабын тосып тұр. Анау-мынауға дес беретін Майқанова ма, қолын өзіне қарай тартып алды да:

– Апа-ау, ол емес, мен ғой тастап кеткен,.. – деді.

 

«КӨРЕРМЕН ЖЕК КӨРІП КЕТЕ МЕ

ДЕП ҚОРҚАМЫН...»

 

«Қан мен терде» Еламаннан басқа да тағдыры ауыр бір кейіпкер бар. Ол – Тәңірберген. Тәңірберген – жағымсыз тип. Ақбаланың Тәңір­бергеннен тапқан ұлының атын Құдайберген деп қояды. Осыны естіген кесір шал Сүйеудің ашынып отырып айтатын монологы бар. Сахнаға шығаратын рөлдерімді үйде қайталайтын әдетіме басып:. «...Құдайберген дейді, ә? Бұл күшігі – Құдайберген... Әкесі – Тәңірберген. Ал, ал, әнебіреулер Алдаберген... Жасағанберген... Әй-әй, о несі? О несі екен?.. Абыралы ауылының балаларын Құдай береді... Алла береді... Тәңір береді... Жасаған береді... Әй, сонда біздің балаларымызды кім берген екен? О несі, әй?» – деп айна алдында дауыстай сөйлеп тұр едім, қасымнан жанай өтіп бара жатқан анам кілт тоқтап, кері бұрылды да:

– Әй, балам өйтіп тым өктемсіп айтпағын. Сен өзі Жаратқанның жағасынан ұстап тұрғандай cөйлейсің ғой, тіпті. Ақырындап, жанамалап жеткізгін. Көрермен жек көріп қалуы мүмкін. Сөздерін сәл-пәл жеңілдетуге, үніңді баяулатуға болмай ма? – деді.

– Апа-ау, өйтуге болмайды. Мұның сөзін ­жазушы, драматург Әбдіжамил Нұрпейісов жазған. Бір сөзі жоғалмақ түгілі, орны ауысса, құримын. Онсыз да Нұрпейісовтың маған көңілі толмай жүр. Жас актер сексендегі шалдың бейнесін қалай жасайды деп. Ал үнім шықпай мыңқылдап тұрсам, бас режиссер Әзірбайжан Мәмбетов жүндей түтеді. Екі оттың ортасында жүрмін қазір. Жоспар бойынша Қапан Бадыров ойнау керек болатын. Ол ауырып жатыр. Маған ақырын сөйле дейсіз, егер Қапан ағам ойнағанда көретін едіңіз айқайдың көкесін, бар сахнаны ­басына көтеретін еді,.. – дедім.

Бәрібір апам Құдайға қатысты айтылған сөздерді айтқанымды ұнатпады.

– Қайдам балам, дегенмен байқа,.. – деді де бөлмесіне кіріп кетті.

Сол атақты драматург ағамыз қасында қоғам қайраткері, әдебиетші әрі өнер жанашыры Мырзатай Жолдасбеков пен кино мен сахнаның үлкен шебері Асанәлі Әшімов бар біздің үйге келді. Ол уақытта «Қан мен тер» спектаклі 4-5 мәрте қойылып, көрерменмен жүздесіп үлгерген болатын. Тіпті ыстық ықыласына да бөленген еді. Құрақ ұшып қарсы алдық.

Шәй-тамақтан кейін әңгіме «Қан мен тер» спектаклі төңірегінде өрбіді. Рөлдер мен оны сахналаған актерлерді саралай келе Сүйеу қартқа да жетті. Ол өзі өмір қажытқан, әділдік іздеп шаршаған шал. Сондай-ақ бір басына жетер қыңырлығы да бар. Сондай үлкен шеберлікті қажет ететін бейнені оның жарты жасына да жетпеген менің жасап шыққаныма көрермен де, драматург те, бас режиссер де дән риза. Соны сөз етті. Апам батылдығына басып, сөзді киіп кетті.

– Бәрі дұрыс қой, бірақ Сәбитжанның сөздері тым қатқыл, өткір әрі өктем естіледі. Жаратушының есімі естілген сайын денең ­шымырлайды. Көрермен жек көріп қала ма деп қорқамын, – деді көкейінде жүрген күдігін ортаға тастап...

 

«ФРАНЦИЯДАН

КЕЛГЕН» ШӘЙ...

 

Менің анам көрші-қолаңдармен үнемі жақсы қарым-қатынаста болды. Өнер саласында жүрген жастардың аналарымен байланысты үзген емес. Асанәлі Әшімовтың, композитор Мыңжасар Маңғытаевтың, бұрынғы Мәдениет министрінің орынбасары (кейін министр болды) Жексенбек Еркімбековтың, тағы да басқа өнер саласындағы жандардың аналарымен бас қосып, бірге жүретін. Кезектесіп бір-бірінің үйіне қыдыратын. Әйтеуір уақыттарын көңілді өткізуге тырысатын. Басынан өткерген қиындықтарды, соғыстың салған зардаптарын жадыларынан өшіруге, бойларынан шығаруға әрекет жасайтын. Аналарымыз көңілді болса, біз де көңілдіміз.

Апам бір күні мені оқшаулап, оңаша бөлмеге апарды да:

– Әй, Сәбитжан, өзің білесің өткенде біз, аналар, Асанәлінің үйінде бас қостық. Астан кейін бір керемет шәй берді. Иісі бұрқырап, ұртымызды толтырып бір ұрттағанда-ақ ­буынымызды ­босатты. Осынша ғұмырымда ондай ғажап шәй ішпедім. Бәріміз де риза болдық. Сені шақырғанда айтайын дегенім, сондай керемет шәй біздің үйде бар ма өзі? – деді. Көзі ежірейіп, кейпі өзгеріп кетіпті. «Жоқ» десем, «қайдан болсын тауып кел!» дегелі тұр.

– Бар, – дедім ойланбастан. Болғанда қандай, сіз ішкен шәйдан да кереметі бар үйде. Мен де гастрольдық сапармен жер-жаһанды аралап жүрген жоқпын ба? Американың, Англияның, Ин­дияның, тағы да басқа мемлекеттердің шәй­ларын кезінде ала келгенмін. Сізге қай елдікі керек? – дедім бетіне қарап.

– Франциянікі табыла ма?

– Әлбетте, о не дегеніңіз...

– Онда келіншегіңе айт, содан демдейтін болсын. Екі күннен кейін қонақтар келеді, қазір бәріне хабарлаймын, – деген анам қуаныштан қуат алып, бөлмесіне қарай жылдам басып бара жатты. Көңілінде ешқандай күдік, күмән жоқ.

Жағдайды келіншегім Сәулеге айттым.

– Ондай шәйді қайдан табамыз? – деді көзі алақандай болып.

– Үндеме, сырың ішіңде болсын. Бәрін өзім реттеймін, – деп, оны да сендіріп, бекемдеп қойдым.

 

СҮТІН ҚОЮЛАП, ТҮСІН ҚЫЗАРТЫП

СӘУЛЕ ҚҰЙЫП БЕРІП, МЕН ЫДЫСТАРЫН АУЫСТЫРЫП АЛМАЙ ЖЕТКІЗІП БЕРІП ТҰРДЫҚ

 

Айтқан күні күткен қонақтарымыз келді. Сәуле ертерек дастарқанды неше түрлі сусынға толтырып, жасап қойды. Шәйді әбден шөлдетіп алып соңынан беретін болып келістік.

Мен қонақтар сусын ішіп отырғанда ол кісілерге шәй туралы әңгіме айтып бердім. Алдымен тамақ берілді, тұзы татымды болды. Шәйға кезек келгенде қонақтарды 10-15 минутқа бой жазуға тұрғыздым.

– Таза ауада жүріп тамақты сіңіріп алыңыздар. Бірінің үстіне бірін ішке айдай берген асқазанға зиян. Сосын әлгі өздеріңіз жеген тәтті еттің құрамын сумен бұзуға болмайды. Дәмін, құнарын жоғалтады, – дедім.

Ас бөлмеге барып Сәулеге күнде ішіп жүрген үнді шәйінің бір қорабын түгелдей шәйнекке салғыздым. Қайнағасын бір-екі мәрте қайтарып құюды да есіне салдым.

Қонақтар келіп орындарына жайғасқан кезде буы бұрқырап шәй да келді. Ет жеп, қышқыл салаттардан тояттаған қонақтардың шәйді көргенде көздері жайнап шыға келді. Сүтін қоюлап, түсін қызартып Сәуле құйып беріп, мен ыдыстарын ауыстырып алмай жеткізіп беріп тұрмыз. Бірінен соң бірі кеселерін ұсынып жатыр. Гу-гу әңгіме тоқтады.Үйде тыныштық орнады. Тек сыңғырлаған ыдыс, ысылдаған дыбыс қана естіледі. Біршама уақыт өткенде, шөлдің беті қайтса керек, бір-бірімен тілге келе бастады.

– Ойпырым-ай, – деді Тәжіхан апа (Асанәлінің анасы) – біздің үйдегіден де асып түсті ғой мына шәй. Буынымыз босап, пейіліміз кеңейіп, тынысымыз ашылып сала берді ғой...

– Айтатыны жоқ, 5-6 айдан бері жауырыным жабысып, тер шықпай жүр еді, бәрі кетті...

– Мұндай қызыл күрең шәйді бұрын қашан ішкенім есімде жоқ. Сүті де қою, шәйі де ­шы­ғымды екен...

– Бәрі келіндеріңіздің еңбегі, құрметі ғой сіздерге деген, – деп, мен де Сәуленің абыройын асырып жатырмын...

Аналарымыз шәйді ұзақ ішті. Әбден қанды. Алғыстарын айтып, баталарын беріп тарқасты.Бәрі кеткесін Апам бізді шақырып алып ризашылығын білдірді...

 

ТОПАШ НАҒАШЫМ

 

 Топаш деген нағашым бар. Анаммен немере. Сол нағашым апасын, бізді сағынған болуы керек, астанаға баратын поезға отырып, Алматыға тартып отырады. Біздің үйдің мекенжайын, телефон нөмерін үйінде қалдырыпты. Келетінін айтып, бізге де хабар бермеген. «Алматыға барсам, тауып аламын, жиенімді бәрі таниды» деген сеніммен жүре беріпті. Жол-жөнекей поезда жолаушылардан:

– Сәбит Оразбаев деген артисті білесіңдер ме? – деп сұрайды. Өңкей өзі сияқты артынып-тартынған жолаушылар, ауыл адамдары бастарын шайқап отыра береді, ешкім «білемін» демейді. Поезд әр бекетке тоқтаған сайын бірі мініп, бірі түсіп жатыр. Бірақ ешқайсысы білмейді.

Астанаға жақындағанда жаңадан мінген жолаушылардан тағы сұрастырады. Бағына қарай, бір әйел білетін ­болып шығады.

– Кіміңіз еді? – дейді.

– Жиен інім...

– Мекенжайын білесіз бе?

– Жазып алғанмын, үйде қалып кетті...

– Онда былай, Сәбит Оразбаевты сырттай танимын, талантты, танымал актер. Бірақ мекенін білмеймін. Бір-екі рет Калинин мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы үйлердің біріне кіріп бара жатқанын байқағаным бар. Поездан түскесін сол маңайға барып, тұрғындарынан сұрастырыңыз, бәлкім тауып аларсыз,.. – дейді.

Нағашым солай жасайды. Енді басқа амалы да жоқ қой. Аталған көшелердің қиылысындағы биіктеу жерге отырып алып өткеннен де, кеткеннен де сұрастырады. «Білемін», «танимын» деген ешкім мұнда да бола қоймайды.

Апамның «таза ауа жұтамын» деп күніне бір-екі мәрте үйді төңіректеп, көшені бойлап жүретін әдеті бар. Сол әдетімен әлгі көшелердің қиылысына қарай беттеп келе жатады. О, ғажап! Өңі ме, түсі ме! Сырт киім­дерін шешіп, астына басып алып, басы жалтырап біреу отыр. Өткендерге қолын жайып бірдеңе дейді. Ақша сұрап отыр ма, жөн сұрап отыр ма, белгісіз. Алыстан сөзі анық естілмейді. Бірақ сырт келбеті таныс сияқты. Жақындап келіп қараса, өзінің інісі Топаш екен.

«Ой, Топаш, бауырым!» деп бас салып құшақтайды. Енді қайттім деп отырған наға­шымның көзі шырақтай жанып, апасына ол да құшағын жаяды...

Кешке үйге келсем, менің бар киімімді киіп алып, кердеңдей басып бөлмеде біреу жүр. «Бұл кім болды екен?» деп ішке ендім. Алдымда қасқайып нағашым Топаш тұр. Құшағымыз айқаса кетті... Үйде он шақты күндей болды. Театрға апардық, қаланың көрнекі жерлеріне қыдырттық. Киімдерін түгел жаңалап, елге қарай поезға мінгізіп жібердік...

 

ҮТІКТІҢ ӘУРЕСІ

 

Апам ақкөңіл, жаны жұмсақ, бауырмашыл болатын. Ол кезде жоғары оқу орындарында жатақхана жетіспейтін. Ал ауылдан оқуға келушілер көп еді. Ағайын-таныстарының үйін жағалайтын. Білім қуған ауылдың 3-4 қызы біздің екі бөлмелі үйімізде де тұрып жатты.

Кешке жақын үйдің іші думанға айналады. Бәріміздің басымыз қосылады ғой. Апам күнделікті ақыл-кеңесін, қалада жүргендегі қауіпсіздікті айтып, құлақтарына құйып отырады. Бұрын қала көрмеген қыздар ғой, бір «пәлеге» ұрынып қалмасын дейді. Үсті-бастарының таза болуын қадағалайды. Жалпы апам тазалықты жақсы көретін, өзін таза ұстайтын, өзгеден де тазалықты талап ететін кісі. Біреудің бойынан немесе киімінен бір мін көрсе, кім болса да ескертетін. Қыздар киіміне ұқыпты ғой. Күнде көйлек-көншегін үтіктейді де жатады. Соны көрші кемпір байқап жүреді екен. Апама келіп:

– Үйіңде біраз адам бар. Көбісі қыз бала. Күнде үтіктің (утюг) күңірсіген иісі шығады да тұрады. Қыздар дамыл бермейтін сияқты. Қаншама электр қуаты текке кетіп жатыр, айтып ескертпейсің бе? Тоқты үнемдеу керек, – дейді.

– Ағайынның қыздары ғой. Көңілдеріне ауыр алып қалуы мүмкін. Оның үстіне қыз балаға таза болып жүрген де жарасады, – дейді апам. Бірақ көрші кемпір күнде-күнде айта берген соң, бір күні маған келіп:

– Сен бірдеңе десеңші қыздарға, қарын­дастарың ғой, сөзіңді ауырламас, – деді. Қарасам, апам кәдімгідей қиналып тұр.

– Жарайды, апа, қартайғанда «үнемшіл» кемпір атанбағаныңыз жөн. Өзім реттеймін, – дедім.

Кешке қыздар келіп күнделікті үтіктеу ісіне кіріскен кезде бірінің қасына барып «Күнде-күнде ыстық темірді үйкей бергесін көйлектің матасы жұқарады, реңі де кете бастайды. Әдемілеп бір мәрте үтіктегесін 3-4 күнге дейін қыржым түсірмеуге тырысу керек. Үздіксіз қолданылғасын үтіктің сымы шыдас бермейді...» дедім.

Қарындастар түсінді. Қарбалас азайды. Үйдің ауасы да тазарды. Бірақ, көп ұзамай үтіктің сымы күйіп, үзіліп кетті. Ол уақытта тұрмыстық заттардың қосалқы бөлшегі тапшы болатын...

 

ДОСХАННЫҢ ЖҮРЕКЖАРДЫ ЛЕБІЗІ

 

Досхан телефон шалды. Естелікті үзбей оқып жүр екен. Өзі сергек, көп оқитын, үнемі ізденіп жүретін, ерекше талантты азамат қой.

– Сәбе аға, естелігіңізді жібермей оқып жатырмын. Керемет. Шебер жазылған. Біресе күлдіреді, біресе көзіңе жас әкеледі. Әйтеуір оқыған жанды бейжай қалдырмайды. Ең бастысы анамызды есімізге түсірді. Дүниеде ең асыл адам ана ғой, шіркін. Әсіресе, анаңыздың әрбір ісін, әрекетін қалай есіңізде сақтай білгенсіз. Әлде бұрыннан жазып жүрген күнделігіңіз бар ма еді? Сізге Алла қуат берсін, осылай естелігіңізді жалғастыра беріңіз, – деді. Досханның сөзі кәдімгідей бойыма қуат берді.

 

КЕЙБІР АДАМДАР АНАЛАРЫНА

АС БЕРІП ЖАТҚАН КӨРІНЕДІ

 

Өткенде Мырзатай Жолдасбеков телефондап, жылы лебізін білдірген. Елден хабарласқандар да бар. Тіпті кейбір адамдар аналарын есіне алып ас беріп жатқан көрінеді.

Мырзатай менің ертеден келе жатқан досым, інім, жанашыр кеңесшім. Мемлекет және қоғам қайраткері, пайымды да парасатты азамат. Анда-санда үйге келсе апам қуанып қалатын. Дереу ақ көйлегін киіп, ақ жаулығын басына тартып отыратын. Оның да өз себебі бар. Бірде үйге Мырзатай келгенде апам күнделікті қара қамзолымен отырған еді. Мырзекең:

– Апа-ау, мына отырысыңыз не, қараша үйдің әйелдеріне ұқсап, сізге ақ киім жарасады. Аппақ болып киініп төрде отырыңыз, – деген болатын. Содан бері ақ жаулығын үйде де басынан тастамайтын болды...

Мырзатай мен ойнаған спектакльдерді арнайы көріп, пікірін айтып жүреді. «Сырт көз – сыншы» деген ғой. Сахнадағы шеберлігімнің шыңдалуына айтарлықтай үлес қосты.

 

СӘБИРА АПАМНЫҢ

ОРЫСШАСЫ

 

Сәбира Майқанова ұзақ жыл Әуезов атын­дағы академиялық драмтеатрда партия ұйымының хатшысы болды. Ұйымдастыру ­қа­білеті күшті еді. Тәртіпті де мықтады. ­Ар­тистерді басқару оңай ма, бірақ Сәбира апам бізді ұстай білді. Орынбасары Ыдырыс Ноғайбаев, кейін Жұмабай болды. Өзге ұлттың өкілдері болғанына қарамай, жиналысты ­қа­зақша жүргізеді, орысшасын Ыдырыс айтады.

Апамыздың орысшасында мужской, женский род деген болмайтын. Орысша сөзінің аяғын, «иу» мен бітіретін. Жарықтық, сол орысшасы өзіне жарасып тұрушы еді. Көре алмайтын біреулер жоғарыдағы билікке «орысшасы өте нашар» десе керек. Ол сөз Димаш Қонаевқа жетіпті. Үлкен кісі: «Сәбираға тиіспеңдер, сол орысшасымен-ақ театр коммунистерін тырп еткізбей, тамаша басқарып отыр» депті.

 

«ОТ ИМЕНИ ПАРТОРГАНИЗАЦИЙ

ТЕАТРУ БЛАГОДАРНОСТЬ»

 

Бір жолы қара жолмен келе жатқан автобусымыз бұзылып, айдалада тұрдық та қалдық. ­Шопыр бала капотты ашып, әр жерін бір шұқылап, не істерін білмей тұрғанда қарсы алдымыздан шаң көрінді де, көп ұзамай көмір артқан жүк машинасы келе қалды. Қол көтердік, тоқтады.Шопыры орыс екен:

– В чем дела? – деді.

– Машина борохлит, помоги, – деп жатырмыз білген орысшамызды айтып.

 – Жалко, у меня нет время, – деп қозғала беріп еді, Сәбира апам:

– Ей, дорогой, подаждый! Ты меня знаешь? – деді.

Орыс:

– Нет, откуда меня вас знать? – деді.

Апамыз:

– Сделай машина, будешь знать! – деді.Апамыздың сиқыры бар ма, білмеймін. Орыс дуа­ланған адамдай аңырайып тұрды да, кабинадан түсіп, машинаны шұқылап қарай бастады.

Мен:

– Бұл орыс Жаппас руынан болып жүрмесін, сөзге келмей кірісті ғой, – дедім әзілдеп (апа­мыз­дың руы Жаппас болатын). Апам қағыс естіген болуы керек, маған:

– Әй, жаман сөз айтпа. Жописің не? – деп ұрса бастап еді, абырой болғанда машина «гүр» етіп оталды да, бәрін жуып-шайып кетті.

Мен:

– Молодец, – деп қарқылдап күлдім.

Апам:

– Сен ыржыңдамай анау жасырып ішіп жүрген арақтарыңның біреуін әкеліп мынаған бер! – дегені.

– Қайдағы арақ? – деп қиқаңдап едім:

– Немене, мені білмейді, қөрмейді дейсің бе! – деп бастырмалатып бара жатқан соң, шаң жұтқанда тамақ шайқаймыз деп киімдердің астынан тығып алып жүрген бір жартылықты әкеліп шопырға ұсындым.

Сәбира апам:

– От имени парторганизаций театру благодарность, – деді. Шопыр:

– Спасибо, бабка, – деп еді:

– Бабка дейді ей құдай атқан! Я народный артист, понимаешь! – деді апам даусын көтеріп.

– Тепер понимаю, понимаю, спасибо! – деп орыс шопыр қуанғаны сонша жартылықты ышқырына тығып жіберді де, қашқан адамдай машинасына тұра жүгірді...

(Тамаша актер Жұмабай Медетбаевтың айтқан әңгімесі еді бұл).

 

«ЕНДІ ЕКІ ЖЫЛ

БАҒЫП-ҚАҚҚАНЫҢДА...»

 

Анам қайтқанда Топаш нағашым алыстан дауыс көтеріп, жоқтап жылап келді. Көп қабатты үйді жуан даусымен басына көтерді.

– Ақырын, нағашы, ақырын, бұл үйде басқа адамдар да тұрады ғой. Олардың шешелері аман, елдің берекесін кетірмейік, – дедім. Ол менің сөзімді елеген де жоқ:

– Жалғыз апама жыламағанда, енді кімге ­жылайын. Туу Шымкенттен шерімді тарқатып жыламасам, неге келдім. Менсіз де жерлейтіндеріңді білемін, бірақ ­«бауырым-айлап» жыламағасын бәрі бекер. Бұл апамның ақтық сапары, енді апам жоқ, – деп тағы иегі кемсеңдеді, алғашқыдай емес, даусы қарлығып, баяулап қапты. Анамның бар жақсылығын айтып, мені құшақтап өксігін баса алмай біраз тұрды. Өзі әзілкеш болатын. Сол әдетіне басып:

– Ой, жиенім-ай, енді екі жыл бағып-қақпадың ба, сонда жүзге жететін еді ғой. Сонда саған да, маған да абырой болар еді, – деді құлағыма сыбырлап. Қазақ деген қызық халықпыз ғой. Үнемі әзіліміз жанымызда жүреді. Ойын-тойда да, қаралы өлімде де қасымыздан қалмайды. Бірақ соның өзі жарасып тұрады. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп қазақ осындайда айтса керек.

 

ТӘБӘРІКТІҢ ШАРАПАТЫ

 

Жасы тоқсаннан асқаннан кейін анам өлім жайлы көп айтып, көп ойлайтын болды. Шамалы басы ауырып, балтыры сыздаса болды бізді шақырып алып қоштаса бастайды. Алғашқыда үрейіміз қалмай қорқып жүрдік. «Апамыз олай-бұлай болса, қалай күн көреміз...» деген үрей көңілімізді билеп алатын. Кейін бойымыз үйренді. Апамның әзір өлмейтініне көзіміз жеткендей болды. Қайтсін, ұрпағын қию, жарық дүниені тастап кету кімге оңай дейсің, ол кісі де үрейленгесін бізді шақырады екен ғой. Бірақ «жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, анам өмірден өтті ғой. Ол туралы өткенде айтқанмын...

Бірде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекова үйге телефон соқты.

– Әй, Сәбитсің бе? – деді.

Мен:

– Иә, – дедім.

– Ой, Сәбитжан-ай, амансың ба, соңғы кезде денсаулығыңның сыр беріп жүргенінен хабарым бар. Қазір қалайсың? – деді.

– Шүкір, апа, жүріп жатырмын. Аздап ауыратыным бар. Оны елеп жатқан мен де жоқ, – дедім.

 – Сол көп елемегенің дұрыс. Жүре бер аман-есен. Сенің жас кезіңдегі тірлігіңнің бәрі есімде. Өзің де көз алдымда ержеттің ғой. Сахнадағы ойының, шырқаған әндерің, атақ алғаның, анаңмен бірге ішкен шәйім әлі есімде, – деді. Сәл демалып, даусын қырнап алды да сөзін қайта жалғады. 

– Біржан балама тігіп берген жейдең де есімде. Балам бір қуанып қалып еді. Баланың бір қуанғаны – бір бақыт емес пе, мұны қалай ұмытамын. Тағы бір есімде қалған жағдай, айлық алған кезде бала-шағаңды ертіп, қазіргі Желтоқсан көшесімен төмен түсіп, Жібек жолы көшесімен қиылысқан жердегі гастрономнан оларға сок сатып әперетінсің. Сонда мен саған қарап тұрып, «анасына, бала-шағасына қалай жақсы қарайды» деп әрі таңырқап, әрі риза болатынмын, – деді.

Солайы солай болатын, бірақ мен оны ұмытып кетіппін, апай айтқаннан кейін есіме түсті.

Біз гастрольге шыққан кезде ауыл-ауылды аралаймыз. Сондай кезде қай жерде жақсы мата кездессе, өзімізге лайықты түсін сатып алып, жанымдағы артистерге жейде тігіп беретін өнерім бар. Бір сапарда жүргенде Хабиба апамның Біржан деген баласына жейде тігіп берген едім. Соны ұмытпапты.

– Әй, Сәбит, – деді Елебекова апам сөзін қайта сабақтап. – Сенің есіңде бар ма, жоқ па, анаң Апақай дүниеден өткенде сыйласып, қатынасып жүрген біраз әйел оның көйлегін тәбәрік деп таласып-тармасып жыртып бөліп алғанбыз. Сәуле (кейде Светаны осылай да атаймыз ) келін өзгелерге көрсетпей маған үлкен бір бөлігін берген болатын. Көрдің бе, қазір менің жасым сенің анаңның қайтқан жасына (98) жақындап қалды. Бәлкім, сол тәбәріктің шарапаты тиген шығар, – деп күлді. Кім білсін, солай болса, солай шығар. Менің білгенім – ата-бабаларымыздың жолын, ұстанған дәстүрін, салтын, ғұрпын біз де сақтауымыз керек.

(Жалғасы бар)

 

1400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы