• Cұхбаттар
  • 29 Сәуір, 2021

Әбдуәли БАЕШОВ: ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ КАНДИДАТТЫҚ ҚОРҒАТҚАН АДАММЫН

Әбдуәли БАЕШОВ, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: 

Ол – мыңнан аса ғылыми еңбегі жарық көрген ғалым, жиырмадан аса монография мен оқулықтардың авторы. Кеңес Одағының жүз елуден аса авторлық куәлігі мен Қазақстанның және шетел патенттерін алған ғалым. Кеңес Одағының Өнертабыс және жаңалықтар жөніндегі мемлекеттік комитетінің шешімімен екі ғылыми патентіне автор есімі берілген. Олар «Фосфор шламындағы фосфорды анықтаудың Бөкетов-Баешов әдісі» және «Ультрадисперсті мыс ұнтағын алудың Баешов-Жұрынов әдісі»  деп аталады. Академик Е.Бөкетов пен А.Баешовтің ғылыми жаңалығын өте жоғары бағалаған Америка ғалымдары 1990 жылдары аспанда жаңадан табылған жұлдызға «Бөкетов – Баешов жұлдызы» деп ат та қойған екен деседі. Бүгінгі сұхбатта ғалымның еңбектері, бүгінгі ғылым жағдайы сөз болады.

ӘКЕМНІҢ ТАБИҒАТЫ  ХИМИК ЕДІ

– Әр адамның отбасы ең алғашқы мектебі ғой. Отбасыңыз сізге қандай сабақ берді, бойға нені сіңірді, қандай сипат дарытты?

– Уақыт ұстатпайтын сағым сияқты екен ғой. Иә, тұтас дәуір тұрғысынан қарасақ, жетпіс бес жыл уақыт аз ғана. Ал өзімнің жүрегіме жиған естеліктеріме бойласам, бұл уақыттың жүгі салмақты көрінеді.

Менің балалық шағымның адамдары да, ауылы да, мектебі мен оқығандары, тіпті атқамінерлері де өзгешелеу еді. Бүгінгі ауыл мен бұрынғы ауылды салыстыра алмас­пын, алайда ұқсастығын айтайын. Туған топырақ өзгермейді екен. Иә, ғылыми пайым тұрғысынан көз жүгіртсек, адамзаттың игілігі үшін топырақты да өзгертуге болар, менің айтпағым, топыраққа сіңген естеліктер туралы әңгіме еді. Сонымен, қоңырқай тірлігін кешкен Жаңақорған стансасында менің де балалығым өтті. Әкем ұста еді. Баймағамбет атын жеңгелері Баеш деп еркелетіп, содан өмірбақи Баеш болып кетті. Әкемді «Баеш ұста» деп көпшілік құрметке бөлейтін. Ол кезде адам тұратын үйді салатын ұсталар аз-тын. Көптің бірі салса, ол там ұзаққа бармай құлап қалатын. Міне, әкем жаз бойы үй салатын. Үй салу да ғылым ғой. Демек, әкем арнайы оқымаса да, геометрия, тригонометрия, бұрыштар теориясын көңіл көзі арқылы жақсы білді деп ойлаймын. Жаз бойы там соққан әкем қыс келе ағаш ұстасына айналатын. Анам қарапайым шаруасына мықты еді, жарықтық. Бізді ұйқыдан диірменнің ән салған даусы оятатын. Күбі піседі, келі түйеді, жіп иіреді: әйтеуір тыным таппайтын.

Сізге бір қызық дерек айтайын. Үлкен екі ағамның да мамандығы химик. Жұбайым да, қызым да химик. Демек, химия ғылымының құпиясы сүйегімізге сіңген. Олай дейтінім, қол қоюдың орнына таңба белгілейтін, оқымаған әкемнің табиғаты химик еді. Кішкентай кезімізде бояуды, желімді, әкті, сабынды әкем өзі жасай беретін. Мұның бәрі химиялық процестер емес пе? Демек, ол химиялық процестерді түйсігімен сезетін. Яғни әкеміз оқымай жүріп химик болған, ал бізге химияның құпиясы сол кісіден жұққан болар. Бес ұл, екі қыздың оқуы, білімді болуы үшін әкем де, шешем де аянбады.

Ал бастапқы сұрағыңа жауап берер болсам, отбасым, туған жердің топырағы маған жақсылықты ұмытпау керегін үйретті. Ол жақсылықты елге қызмет етіп, білімімді ел игілігі үшін жұмсау арқылы өтейтінімізді де жастық шағымыздан біліп өстік, ұстанымымызға айналдырдық.

– Бала күніңізде ерекше табиғи құбылыстарға зейін қойған екенсіз. Бұл сол кезден-ақ ғылыми танымның бойда қалыптаса бастауы ма еді?

– Иә, бала күнімде неге деген сұрақты көп қойдым. Неге найзағай ойнайды, неге жасын түскенде айнала жарқырап кетеді деп көп ойланатынмын. Біздің бала күніміздің аспаны ашық болды ма, құйрықты жұлдызды тамашалап, тамсанып жүретінім есте. Екі жыл қатарынан сол құбылыс біздің ауылдың аспанынан анық байқалды-ау деймін.

Ауа райының күрт құбылуы да бала күнімнен ерекше қызықтырды. ­Ауылда жаңбыр жаумай кетсе, ел бірігіп, тасаттық беретін еді ғой. Міне, құрбан шалынып, тастаттық берілген соң міндетті түрде ­жауын жауатын. Бұл жағдайдың да құпиясын қатты білгім келетін.

Сөзімнің басында топырақ өзгермейді екен дедім ғой. Енді соған қарсы бір мысал айтайын. Топырақ өзгермегенімен, табиғи құбылыстар да, табиғатта тіршілік ететін жанды-жансыз да уақыттың өтуімен жаңа сипат алады екен. Бала күнімде жаз мезгілінде алыстан естілген әупілдектің дауысы құлағымда әлі күнге жаңғырады. Ал сол әупілдек қазір ауыл маңында жоқ. Әупілдекті айтасыз, біздің бала күніміздегі қаптаған айырқұйрық та, шегіртке де, тіпті түрі суық қарақұрт та байқалмайды. Біздің бала қиялымызды ұштаған, «ол кім, кім, бұл не?» деген сұрақтар туындатқан тіршіліктің тамыр бүлкілі қазір өзгерген. Демек, бүгінгі баланың да ғылыми танымын қалыптастыратын басқа дүниелер керек.

– Ол кездегі білім беру процесі және ұстаздар бала бойындағы сансыз сауалдарға қалай жауап беретін?

– Бастауыш мектепті Жаңақорғанда оқыдым. Бесінші сыныптан Кентаудағы мектеп-интернатқа ауыстым. Бұл, бүгінгі­мен салыстырып айтсам, «Дарын» мектебі секілді мекеме еді. Шымкент облысында екі-ақ осындай ерекше мектеп болатын. Біреуі – Шымкентте, екіншісі – Кентауда. Бұл мектеп-интернаттың ерекшелігі – төрт мезгіл тегін тамақ, тіпті үстімізге киетін киімге дейін беретін. Төрт маусымға арнал­ған киім, құнарлы тамақ, жатын орын бәрі бар, алаңсыз сабағыңды оқысаң болды.

Міне, осы мектепте ең үздік ұстаздар сабақ берді. Сабақтан тыс, қосымша үйірмелері де қызғылықты әрі танымдық еді. Біздің ауылда ол кезде қарпайым сіріңке жоқтың қасы, қыста көрші үйден шоқ сұрап жүретінбіз. Өз отымыз сөніп қалмас үшін ол шоқты күлге көміп қоятынбыз. Кентауға келгенде ең бірінші рет жарқыраған жарықты көріп, қатты тамсанған мен, мектепте де сол заманның жаңа технологияларын үйрететін үйірмелерге үйір болдым. Осылай фото және радиоүйірмеге жазылып алдым. Бала күнімнен домбыра тартатындықтан, домбыра үйірмесін де ұмыт қалдырмадым. Радио үйірмесінде 9-10 сыныпқа қарай бір және екі лампалы радиоқабылдағыштарды өзіміз ­жинап алатынбыз. Мұның бәрі ұстаздың біліктілігінен еді. Виктор Пташник деген ұстазымыз, ұлт жағына барыссақ, қанында белорус та, поляк та, орыс та, мажар да, әйтеуір сансыз ұлт бар. Өзі қазақшаға судай. Міне, осы ұстазымыз бізді үйірмеден бөлек, еңбекке де баулыды. Мектептің қарамағында үлкен жер бар еді, соған бау-бақша ектік. Кейін ол жерді алып қойғанда ағаш ұстасы бағытында үйірме ашты.

Ол заманның тағы бір тәртібі сегізінші сыныпты бітірген соң өндіріспен байланыс­ты күшейтеміз деп, мектеп оқушыларын сонда жіберетін болды. ­Аптасына бір, екі күн сонда барып, зауытқа қажетті мамандықтардың біреуін таңдап оқыдық. Маған электр дәнекерлеуші мамандығы ұнады. Бір металды екінші металға балқыта отырып жабыстырудың қыр-сырын меңгердім. Жұмысымыздың ақысы да төленетін. Мамандығымызға байланысты теориялық сабақтар да өтіп тұратын. Ол пәнді Шымкенттегі пед­институтта физика мамандығын аяқтап алған ұстазымыз Виктор Пташник берді. Электр тогын тасымалдауда қолданатын сымдардың, кабельдердің, жүздеген маркалардың атауын жаттап алдық.

Ұстаздарымыз біздің «ол кім, бұл не?» деген сауалдарымызға толыққанды жауап таба алатын.

 

ЕВНЕЙ АҒА ТӘЛІМІ

 

– Әңгіме ауаны жылжып ұстаздар жаққа ойысты ғой. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп шығарған үлкен тұлға – Евней Бөкетовтің шәкірті атандыңыз. Осы тұлға туралы, оның ұстаздық бағыт-бағдар сілтеген сәттері туралы әңгіме айтсақ...

– Евней Арыстанұлы бойы биік тұлға еді. Оның бойы ғана емес, кісілігі де, ғалымдығы да, адамдығы да биік азамат болатын. Ғалымдығын барша жұрт біледі ғой. Абай, Пушкин, Есенин, Лермонтов, Маяковскийлердің өлеңдерін тоқтамай оқып беретін қасиеті де бар еді. Химияның барлық саласын: аналитикалық химия, физикалық химия, органикалық химия, бәрін-бәрін мықты білетін. Жады да мықты болды. Кейде қадай да бір металдың қайнау температурасы қанша болады деп ойланып, кітап қарап кетсек, «мынадай градус болуы керек» деп бірден айтатын.

Оның тағы бір қыры нағыз шешен еді. Қазақ, орыс тілдерінде дәріс оқығанда баурап алып кететін. Ол ғылыми мақалаларды көркем шығарма секілді етіп жазатын. Яғни оның ғылыми шығармашылығын оқып отырып, сол саланың адам түсініп болмас дейтін құпиясын өте ұғынықты әрі көркем тілде түсіне қоятынбыз. Ол ғылымды ғана емес, өнерді де қатты қадірледі. Театр ­туралы пікірлері талай өнертанушыны тәнті ететін. Көркем аудармашылығы тіпті бөлек әңгіме.

Ұстазымыз бізді шәкіртім деп қана емес, туған перзентіндей көрді. Ғылыми жолда бағыт-бағдар сілтегенінен бөлек, отбасымыздың жағдайы қалай, жұбайымыз не істеп жүр, балаларымыздың жағдайы жақсы ма, тіпті олар балабақшаға орналас­ты ма: бәрін алаңдап сұрап, қолынан келген көмегін аямай беріп отыратын. Ғылым жолында Евней Бөкетов сынды ғалыммен кездескенім, оның шәкірті болғаным үлкен мәртебе деп білемін...

– Мыс және титан сіздің ғылыми салаңыздың негізгі өзегі. Мысты зерттеуді кім тапсырып еді, мақсаты не болатын?

– Мысты зерттеу, әрине, ұстазым ­Евней Бөкетовтің тікелей тапсырмасы. Ол кезде химия-металлургия институтының қызметкерімін. Институт директоры Евней Арыстанұлы.

Балқаш қаласындағы тау-кен комбинатынан алынған мыс 1965 жылдарға дейін дүниежүзіндегі ең таза мыс болып есептеліп келген. Тіпті Лондон биржасына қойылған екен. Алайда 1965 жылдардан соң Чилиде шығатын мыстың сапасы жоғарылай бастапты. Міне, Балқаштағы мыс сапасының төмендеу себебін анықтауды Қазақстан Ғылым академиясы біздің институтқа тапсырған екен. Ол тапсырма түспес бұрын, жарты жылдай мамандар мыс сапасының төмендеу себебін анықтап жатқан болатын. Мені сол жұмыс тобына қосты. Мен ол топқа қосылғанға дейін мыс сапасының төмендеу себептерінің бірі электролит құрамында мышьяк пен сурьма деген элементтер иондарының концентрациясының көбеюі деген қорытындыға келген екен.

Ендігіде зиянды элементтердің иондарынан электролитті тазалау мәселесіне келіп тірелдік. Дүниежүзінде мыс алып жатқан мекемелер мұндай мәселеге кезікпеген. Балқаш тау-кен комбинатында бұл мәселенің туындауы сол жердің рудасының ерекшелігіне байланысты екені анықталды.

Осылайша Евней Бөкетов пен зертхана меңгерушісі Марк Угорец ғылыми жетекшісі болған топ мүшелері титан гидроксидін қолдана отырып электролиттен мышьяк пен сурьма иондарын бөліп алуға болатынын зертханалық зерттеулер нәтижесінде дәлелдеді.

Жеке менің алдыма қойылған міндет: мыстың электролитін зиянды элементтер иондарынан тазалап алғаннан кейінгі процесс. Яғни ерітіндіге өткен титан иондарынан аршып, таза мыс алу. Ғылыми зерттеулер жүргізе отырып, оған да қол жеткіздік. Яғни титан гидроксидін қосып тазалаған мыстың сапасы барлық талаптарға сай келді. Ол үшін арнайы авторлық куәлік алдық.

Оған қоса, титан қоспасымен электро­литті тазалағанда титан иондарының аздаған мөлшері электролитке өтетінін байқағанбыз. Титан иондары тұнбаға түсіп, руда көлемінде мөлшері өте аз болғандықтан толық еріп кететін қымбат және сирек кездесетін кейбір элементтерді (алтын, күміс, селен, теллур) ванна түбіне шөктіріп, оларды жеке жинақтап бөліп алуға болатыны анықталды. Демек, титан тұздарын электролитке әдейі қосып, қымбат және сирек кездесетін элементтерді толығымен бөліп алуға болады деген тұжырым жасалды.

– Тағы бір әңгімеңізде Қазақстан мұнайының құрамына күкірт көп болғанын айтасыз. Оның сол өңірдегі адам өміріне, табиғи ортаға зияны қандай еді?

– Ол 1990 жылдардағы жағдай ғой. Сол жылдары Қазақстан мұнай өндіретін белді мемлекеттердің қатарында көріне бастады. Қазақстанда өндірілетін мұ­най­дың көпшілігінің сапасы өте төмен. Олардың құрамында күкірт қосылыстарының және парафиннің көп мөлшерде болатыны анықталды.

Ал мұндай мұнайды өңдеу кезінде мұнай өндірісі аумақтарында күкірт өте көп мөлшерде жинақталып отырды. ­Жадым алдамаса, сол жылдары тек Атырау аумағының өзінде он миллион тоннадай күкірт жинақталған. Ғалымдардың зерт­теуіне сенсек, Атырау аумағында өндірілетін мұнайдың 20%-ы күкірттің улы қосы­лыстарынан тұрады. Ал мұнайдан бөліп алған күкіртті ашық аспан астында ұзақ уақыт сақтау өте қауіпті. Бұл өңірдегі адамдардың денсаулығына, психологиялық көңіл күйіне де ауаның ластануы кері әсер ететіні айдан анық.

Демек жинақталып қалған күкіртті өңдеудің жаңа әрі тиімді әдістерін іздестіру керек болды. Жеке өзім күкірт элементін зерттеумен 1980 жылдардан бері айналысып келемін. Бұл салада жарым, ­химик Ажар Баешова, шәкіртім Ирина ­Фигураин, Мінаш Алтынбекова және т.б. ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Қаншама жыл бойы жасалған зерттеулердің нәтижесінде бірнеше ұсыныстар жасадық. Күкірт және оның қосылыстары өндірісте бұрыннан да пайдаланылып келеді. Сіріңке, қағаз, резина, т.б. салада күкіртті пайдаланады. Алайда ол бізде тау-тау болып қалған қалдық күкірттің 2-3% мөлшеріндей ғана. Қолымыздан келгені деп күкірттен қарындаш та жасап көрдік. Канада ғалымдары жолдар салуға қажет асфальт құрамына күкірт қосады екен, оны да зерделедік. Бұл тәсілді бізде де қолданып көрді, бірақ өндіріске енбеген екі себебі бар: бірінші, мұндай жолдардан ұдайы сасық иіс мүңкіп тұрады, екіншіден, ондай жолмен жүрген көліктердің асты тез шіри бастайды екен. Демек, Канада ғалымдары күкіртті асфальтқа жай қоса салмай, ғылыми шешімдер негізінде іске асырған болуы мүмкін. Олар бұл технологияның құпиясын ашпады, оны білу үшін патентін сатып алу керек. Сонымен, күллі Қазақстанның басты мәселесінің біріне айналған күкірт қалдықтарын залалсыздандыру және олардан пайдалы қосылыс алу бағытындағы жұмысымыздың бірі – тоқ өткізбейді деген күкірт қосылыстарын электрхимиялық тәсілмен алуға болатынын анықтадық.Өндірісте ең көп қолданылатын күкірт қосылыстарының бірі натрий сульфаты екен. Кейінгі кезде күкірт қалдықтарынан электрхимиялық жолмен кальций сульфатын алу бағытында да зерттеулер жасап жүрміз. Кезінде ­Ресей ғалымдары күкірт тоқ өткізбейді, сол себепті ол электрхимиялық қасиетке ие емес деп, ғылыми мақаламызды жаратпаса, қазір сол күкірттен электрхимиялық тәсілмен дүниежүзінің бүкіл тау-кен және басқа өндірістерінде натрий және кальцийсульфидтерін алудың әртүрлі тәсілдерін жасап, оның жаңалығын патенттермен қорғап отырмыз. 

– Сіз зерттеген тағы бір элементтің бірі – фосфор...

– Ол Шымкент Фосфор зауытындағы зерттеулер ғой. Оған да жіберген ұстазым Евней Арыстанұлы еді. Ол кездегі Шымкент және қазіргі Тараз қалаларындағы Фосфор зауыты дүниежүзіндегі ең үлкен өндірістердің бірі болып саналатын. Фосфор өндірісінде негізгі өніммен бірге фосфор шламы түзіледі. Бұл шламның құрамында элементті фосфор мөлшері көп болса техникалық фосфор алынады, ал, оның мөлшері 10%-дан аз ­болса, экологиялық зиянды қалдық болып есептеледі. Фосфор зауыты маңынан үлкен шұңқырлар қазып, оны су өткізбейтін материалдармен қаптап, фосфор шламын жинақтап қояды. Ол кез келген уақытта жанып кетуі мүмкін болғандықтан бетін сумен жабады. Фосфор шламы қалдығына су құйылмай, жанатын болса, Шымкент пен Тараз тұрғындары бір күн ішінде фосфор оксидіне тұншығып, қырылып қалар еді.

Жалпы фосфор элементі ауа құра­мындағы оттегімен әрекеттесіп жана жөнелетінінен бөлек, улы зат. Ал менің Шымкентке келу себебім, Фосфор зауыты жұмыс істегеннен бастап біраз жыл өткенде экологиялық мәселелер байқалған. Мал көп қырылыпты. Зерттесе олардың азу тісі өсіп кетіп, соның кесірінен шөп шайнай алмай аштан өлгені анықталады. ­Зауыт салынған соң, жеті-сегіз жыл өткенде адамдардың да азу тісі өсе бастаған. Бұл өңірдегі тіс дәрігерлері тісті емдеумен бірге азу тісті егеп, қысқартатын болған. Мұның себебі суда, шөпте, ауа құрамында фосфор мөлшерінің күрт асып кетуі деген ұйғарымға келеді ғалымдар. Әрине, бұл деректердің барлығы ол уақытта жария етілмеген. Ғалым болған соң, әрі осы салада зерттеулер жасап жүргендіктен, санаулы мамандарға ғана белгілі жайттар.

Енді фосфор шламын шұңқырға тастамай, өңдеп залалсыздандыру міндетін алға қойдық. Нәтижесінде 1975 жылы Евней Бөкетовтің тікелей ұйымдастыруымен Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетінде фосфор өндірісінің фосфор шламын залалсыздандыру бағы­тында ғылыми жұмыстар жүргізе бастадық. Ғылыми тілмен айтып, жалықтырып алмайын, түрлі зерттеулер нәтижесінде электрхимиялық жолмен өңдеу арқылы фосфор шламын толық залалсыздандыруға, өндіріс қалдығынан құрамында фосфат иондары бар тыңайтқыш дайын­дауға қажет фосфор қосылыстарын алуға болатынын анықтадық. Осы ғылыми жұмыстардың нәтижесінде «Фосфор шламын өңдеу әдістері» бағытында екі патент алдық. Ол ғылымда «Бөкетов-Баешов әдісі» деген атпен белгілі.

 

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...

 

– Әңгіме барысында ұстазыңызды жиі еске алдыңыз. Осы күні өзіңіз де ұстазсыз ғой. Үлкен ұстаздың өнегесін көрген шәкірт есебінде, шәкірт тәрбиелегенде нені басты назарға алдыңыз?

– Ұстаз өнегесін басты назарға алдым. Мен де ғылым жолында ғана емес, шәкірттерімнің жеке өмірінде де алаңсыз болғанын қалаймын. Себебі, отбасының жағдайы дұрыс адам ғана ғылыммен басыбүтін айналыса алады. Алайда қазір көп дүние өзгерді. Талай талантты шәкіртім ғылымды тастап кетті. Себебі кедергі көп. Оның бірлі-жарымын ғана атайын. Қазір докторантураға түсу үшін негізгі мамандықтан ғана емес, ағылшын тілінен де емтихан тапсырады. Тума талант қаншама шәкірт негізгі пәннен емес, ағылшыннан ақсағандықтан ғылымға жолай алмай қалды. Екінші, жас ғалымдардың айлығы шайлығына жетпейді. Оның отбасы бар, титтей бала-шағасы бар, біздің заманымыздағыдай пәтер де берлмейді, яғни пәтерақы төлеуі керек.

– Кеңес Одағы кезінде қазақстандық химия ғылымы мектебі мәртебелі мектеп еді. Қазір сол сабақтастық, сол мәртебе сақталған ба?

– Сақталуына негіз бар, жағдай кемшін. Қазақстанның химия мектебі мәртебелі ғалымдар есімімен ерекше еді. Сол дәстүрді сақтай алмай қалдық па деп алаңдаймын. Посткеңестік елдерде Ғылым академиясын таратқан Қазақстан ғана-ау! Қоғамдық ұйым қылып жібердік. Ғани Қасымов бір кездері «Қазір Ғылым академиясы аңшылардың, балықшылардың қоғамдық ұйыммымен бірдей, қоғамдық ұйым болып қалды» дегені бар еді. Бір мемлекетті құрту үшін оның Ғылым академиясын, ғылыми ортасын, ғылыми қарашаңырағын құрту жеткілікті дер едім. Францияда қоғамдық ғылым академиясы бар. Оның мәртебесі өте жоғары. Академиктің қабылдауына кіру үшін екі-үш ай күтесің. Оған қарағанда министріне жылдам кіресің. Ғылым академиясының сараптамасы жоқ болса, ешбір зауыт-фабриканы мақұлдамайды. Ал бізде ше? Ғалымдар елеусіз жанға айналды.

Қазір біздегі ғылымның жағдайы өте мүшкіл күйде. Екінші, тіпті Ломоносов, Мен­делеев Қазақстанға тіріліп келсе, ғылым­мен шұғылданбақ түгілі, грант беретін байқауға да түсе алмас еді. Грант алуың үшін шетелдік бәленбай басылымға мақалаң жариялануы керек. Әупірімдеп мақалаңды шығарсаң, байқауға ұсынатын құжатың үш тілде жазылуға тиіс. Біз, химиктер ағылшын тілінде қалай жазамыз? Жарайды, адам жалдап, ол кедергіден де өтерсің. Енді ағылшын тілінде идеямызды айтуымыз керек екен. Ғылымда ең құнды дүние – идея. Ал біз соны тегін жазып береміз. Отыз жыл зерттеу жасағаннан кейін келген идеяны мен оларға ұсына салмақ­пын. Масқара ғой. Осыдан кейін жаңалықтың бәрі қайда кетіп жатқанын өзіңіз бағамдап көріңіз.

– Ғалымдар болашақты көрегендіктен болжай алатын, ғылыми пайымына сүйеніп сөз сөйлейтін азаматтар қатарында ғой. Қа­зақ­стандағы ғалымдар қазақстандық болашақ туралы ғылыми пайымын айтып жүр ме?

– Ғалымдар айтуын айтады. Оның сөзіне кім құлақ асады? Жалпы қандай ғалымның қандай жаңалығын, кім біліп жатыр. Қазақстанның бір биолог ғалымы қарақұрттың уын зерттеген ғой. Сөйтсе ол у жоғарғы температурада усыз қосылысқа айналып кетеді екен. Әлгі ғалым зерттеуін толық дәлелдеу үшін өзін қарақұртқа шақтырады да, сол жерге сіріңкені жағып, күйдіреді де, толық айығады. Осы жаңалықты ауылдағы адамдар біле ме? Міне, болашақты қоя тұрыңыз, дәл бүгінге керек ғалымның осындай зерттеуін бүгіннің адамдары біле ме? Адамдар білу үшін ғалымның сөзі, идеясы, жаңалығы баспасөзде, телевидениеде, радиода, ­интернетте жиі айтылып тұрса...

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында бір мекеме атағынан ат үркетін мәртебелі ғалымдарға, Нобель сыйлығының ­лауреаттарына «болашақта қандай ­керемет жаңалықтар ашылады?» деген ­сауалнама жіберіпті. Олардың әрқайсысы ­жауап берген екен. Бірде біреуі адамзат болашақта атом бомбасын ойлап табатынын, ғарышты игеретінін, интернетті қосатынын болжап біле алмаған. Ғылым сәуегейлік емес. Ол нақты зерттеулер нәтижесіне сүйенеді. Бізде де сәуегейлерді емес, ғалымды тыңдаса ғой деймін...

– «Ана тілі» басылымы болғандықтан, тіл туралы сұрақ қоймай тұра алмаймыз. Неге екені, ғылыми ұғымдар, ғылымның бұтақ­танып кеткен салаларында қазақ тілінің мәртебесі төмендеп қалған сияқты...

– Олай демес едім. ҚазҰУ-да химия саласы бойынша шәкіртіме қазақ тілінде кандидаттық қорғатқан адамның бірімін. Сол кездегі төрағасы «Мен тірі болып тұрғанда қазақ тілінде диссертация қорғалмайды» деді. Бұл – тәуелсіздік алғаннан кейінгі, 1996, әлде 1998 жылдарда болған оқиға. Дереу деканға бардым. Михаил Қасымұлы Наурызбаев бұл сөзді естіп күреңітіп кетті. Бірден әлгі адамды шақыртты. «Қазақ тілі мемле­кеттік тіл екенін білесіз бе? Сіз мемлекетке қарсы шығып отырсыз» деді ашу­­ланып. Қалам ұсынып, «Қазақша ғы­лыми жұмыс қорғатқыңыз келмесе, жұмыстан шығыңыз» деп еді, ана кісінің түрі бұзылып кетті де, жаздым, жаңыл­дымға көшті. 43 шәкіртімнің отыздан астамы ғылыми жұмысын қазақ тілінде қорғады. Оқулықтарымның да дені қазақша. ­Қазақ­станда бірінші ашылған экология факуль­тетінің деканы болдым. Оның да оқу­лық­тарының қазақша жазылуының басы-қасында жүрдік. Ғылым тілі қазақ тіліне айналған, ол енді тоқтап қалмайтын процесс.

– Қазір ғылымның дамығаны сонша­лықты, әлдебіреулер саяси амбициясы жо­лында ғалымдарды пайдаланып кетпей ме деп қауіптенеміз. Мұндай қауіпке негіз бар ма?

– Әл-Фараби ғылыммен адал адамдар айналысуы керек екенін айтады. Осы сөзге алып-қосарым жоқ. Ғылым пайда­күнем­дікті көздемейді, адамзат игілігі үшін жаңалықтар ашуға ұмтылады. Ал ғалым ашқан жаңалық пайдакүнемдіктің, жеке амбицияның құралына айналса, оған ғалым емес, әзәзіл ойдың жетегіне ергендер кінәлі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

2607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы