• Руханият
  • 29 Сәуір, 2021

ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДЕУІ БАЯНДЫ БАСТАМАЛАР НӘТИЖЕСІ

Бүгінде Түркістан қаласы көркейіп, абаттана түскен. Облыс орталығында қарқынды құрылыс жалғасып жатыр. Туризмді дамытуға септігін тигізер бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Киелі қалаға келушілер қатары күн санап арта түсті. Бұл бағыттағы игі істің барлығы да Түркістан қаласын әлемнің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасы шеңберінде атқарылып жатқаны анық.  
 

ТҰЖЫРЫМДАМА АЯСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ТІРЛІК КӨП

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістанды облыстың әкімшілік-іскерлік, еліміздің туризм мен қажылықтың әлемдік орталықтары деңгейіндегі рухани, мәдени және туристік орталығы ретінде қалыптастыру басты мақсаттарының бірі болған тұжырымдама аясында ауқымды істер атқарылып жатыр. Сондай-ақ тұжырымдама жобасында экономиканы дамытудың басым бағыттары, яғни туристер мен зиярат етушілерге қызмет көрсетуді жақсартуды көздейтін рекреациялық және туристік инфрақұрылымды құру, қонақүй-туристік кешендер салу, олардың құрамында мейрамханалар, ойын-сауық, демалыс және келушілерге қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін басқа объектілерді орналастыру көзделеді. Облыс орталығындағы ауқымды жұмыстар аудандарға үлгі болып, экономикалық-әлеуметтік дамуына септігін тигізді. Бұл орайда Жолдауда айқындалған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек екені айтылды. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың ­басты нәтижесі болмақ. Осы орайда өңірде мемлекеттік бағдарламар шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтиже беріп келеді. Мысалы, облыста биыл нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 17 млрд 570,1 млн теңге қаралып, 73 996 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың ­айтуынша, 43 714 адам бос және жаңа жұмыс орындарына, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 1 140, шағын несие ­беруге – 704, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 3 650, мемлекеттік грантқа – 3 200, әлеуметтік жұмыс орындарына – 3 050, жастар практикасына – 5 390, қоғамдық жұмыстарға – 12 947, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 198, мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орнына 3 адам жолданатын болады. «2021 жылдың 1 сәуіріне дейін 23 972 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып үлгерді. Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бекітілген ­кестеге сәйкес оқу 26 сәуірде басталып, 5 ағымда жүргізіледі. Жалпы «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылардың орта есеппен 66,4%-ы әлеуметтік және әлжуаз топқа жататын азаматтар оқытылады» дейді Нұржан Нұрашов. Облыстағы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтің айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы ­бойынша оқыту курсы бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушыларға топтарда практикалық оқыту, бизнес-жобаны таныстыруға дайындық жүргізіледі. Биыл елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты курс өткен жылдағыдай онлайн-форматта өтеді. Оқуға жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, қоныс аударғандар және қандастар қатыса алады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, кәсібін ауылшаруашылығы саласында ашқысы келетіндер аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауылшаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емесін атап көрсетті. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бар екені де айтылды. «Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс» деді Президент Жолдауда.

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН   МІНДЕТТЕР

Жеміс-жидек, көкөнісі көп өңірде балық шаруа­шы­лығын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыс жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Облыс аумағында орналасқан 134 өзен-көл тауарлы балық өсіруге жарамды. Оның ішінде 88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген. Қосымша 46 су айдыны қайта конкурсқа қойылып, биылдың екінші жартыжылдығына дейін толығымен бекітілетін болады. Бүгінде өңірде балық шаруашылығымен қуаттылығы жылына 8 мың тоннадан асатын 133 кәсіпорын айналысады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізеді. Өңірдің тауар өндірушілері өткен жылы Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстанға 2801,7 тонна балық экспорттап, жоспарды артығымен орындады. Бұл бағыттағы жұмыстардан нақты мысал келтірсек, Созақ ауданында өткен жылы «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданның «Таскенсаз», «Таушаға» және «Бабата» су қоймаларына 500 мың дана балық шабақтарын жіберген болатын. «Созақ балық өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолдан балық өсірумен айналысады. Шабақтар Сарыағаш ауданындағы «Алтын балық – 2020» ЖШС-ынан жеткізілген. Аудандағы «Бабата» су қоймасына 200 мың дана «ақ мур» және 200 мың дана «дөңмаңдай» жалпы 400 мың жіберілді. Өңірде балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артты. Жалпы бүгінде аудан аумағында 2 шаруашылық балық өсіру ісін қолға алған. Ал Түлкібас ауданында осы кәсіппен 4 шаруа қожалығы айналысады. Бүгінде олардың қатары толығып отыр. Атап айтсақ, «Дос» шаруа қожалығы биылдың өзінде 1 гектар жерге жасанды көл жасап, оған 14 мың дана шабақ жіберді.

Облыста негізгі саланың бірі – ауылшаруашылығында биыл егіс көлемін 843,4 мың гектарға жеткізу межеленген. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 5,3 мың гектарға артып, 125,5 мың гектарға жетті. Майлы дақылдар 9,2 мың гектарға артып, 92,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 2,9 мың гектарға артып, 215,6 мың гектарға орналастырылады. Жуырда Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысын баяндаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев биылғы өнім үшін егілген 177,6 мың гектар күздік бидайдың жағдайы жақсы, үстеп қоректендіру жұмыстары басталғанын мәлім етті. Қолдағы 21,4 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларының 92%-ы дайын. Агроқұрылымдар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37 мың тонна жанармай бөлінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы тарапынан несиелендіруге 4,5 млрд теңге қаржы бөлініп, оның 3 млрд теңгесіне өтінім түсіп, мақұлданған. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығын қолдауға 7,4 млрд теңге бағытталып отыр. Былтыр «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бағытында 2 мыңдай жоба жүзеге асырылып, 262 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Нәтижесінде қосымша 18,4 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Осы бағыттың тиімділігіне орай, биыл 6 мың гектарға 2760 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталған. Қазіргі таңда 1622 жоба бойынша 3,4 мың гектарға бірінші өнім егілді. «Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтарға тамшылатып суару технологиясын ендіру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жобасы қолға алынды. Нәтижесінде 286 жоба жүзеге асырылып, әр отбасы 1 млн теңгеден табыс тапты. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасымен жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мемлекеттік гранты есебінен 105 жоба қаржыландырылды. Биыл 300 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Облыста жылыжайлар көлемін 1 400 гектарға ұлғайту көзделіп отыр» деді Өмірзақ Шөкеев. Сонымен қатар облыста қарқынды бау шаруашылығы кеңінен дамып, көлемі 3 мың гектардан асқан. Бір мың гектардан асатын алқапқа қосымша отырғызылмақ. Су үнемдеу технологиялары 24,1 мың гектарға ендіріліп, 10,2 мың гектарға ендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда, «Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру» жобасы аясында 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технология­сын ендіру көзделіп отыр. Қазіргі таңда азық - түлік белдеуінде 1,6 мың гектарға 33 жаңбырлатып суару машиналары орнатылып екі өнім алынды. Тәжірибе технологияның тиімділігін көрсетті. Дақыл түріне қарай ағын су 2-3 есеге үнемделіп, өнімділік 2-3 есе артқан.

Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы еліміздегі ең қолайлы өңір болып табылады. Облыста 71 мыңға жуық шаруашылық бар. Былтыр ауылшаруашылығы салаларын дамыту бойынша 8 облыстық, республикалық семинар-кеңестер өткізіліп, агроөнеркәсіп субъектілерін озық технологияларды енгізуге ынталандыру, ақпараттандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. «Ауылшаруашылығын көтеру үшін жаңа технологияны енгізу керек. Әсіресе, үлкен шаруашылықтарда. Нөлдік технологияға өту қажет. Жаңбырлатып суаруды Түркістан төңірегінде көрсетіп жатырмыз. Біздің жерге өте қолайлы әдіс. Суды үш есе үнемдейді, өнімді 4 есе көп береді» деді облыс әкімі. Бүгінде өңір диқандары алғашқы өнімдерін экспортқа шығара бастады. Бір ғана мысал. Жетісай ауданындағы Әл-Фараби елді мекенінің диқандары ақпан айының басында еккен қырыққабаттың алғашқы өнімін облыс бойынша алғаш болып экспорттады. «Әл-Фараби» шаруа қожалығы қыста 10 гектар жерге қырыққабаттың 50-55 күнде ерте пісетін «Зарисма» сортын еккен. Жалпы 10 гектарға егілген өнім көлемі 40 центнерді құрап отыр. Бұл шаруаның шығындарын толық ақталғанын білдіреді. Артылған 40 тонна қырыққабат Белоруссия мемлекетіне жөнелтілмек. Жетісай ауданында биыл 1 080 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егілген. Былтыр аудан диқандары 36 мың тонна қырыққабат өнімін өндірген. Негізінен егін шаруашылығымен айналысатын аудан халқы 78 500 гектар аумаққа егін егеді. Бүгінгі таңға дейін аудан бойынша 1 300 гектарға – көкөніс, 10 мың гектар аумаққа бақша дақылдары егілген.

 

СУ ТАПШЫЛЫҒЫ –  ДИҚАННЫҢ ҒАНА МӘСЕЛЕСІ ЕМЕС

Өңір диқандары үшін ағын судың, ылғалдың молдығы маңызды. Яғни су қоймаларын салу, арық-атызды тазалап шығынды азайту күн тәртібінен түспеген мәселе. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауында көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылған болатын. «Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды» делінген Жолдауда. Осы арада Түркістан облысында ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандарының құрылысы жүріп жатқанын айта кетелік. Сыйымдылығы 18 млн текше метр су қоймасына 1 млн текше метр су жиналады. Бұл көлемді алдағы уақытта 10 млн текше метрге дейін жеткізу жоспарланды. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 27 метрге дейін көтеріліп, жоғарғы бефі 40 %, ал кіші дамбы толықтай тұрғызылып, жоғары бьефі 60 % бетонмен қапталған. Су әкелетін каналдың 9,8 шақырымы толықтай бетонмен қапталып, 14,5 шақырымы қазылды. Жоба толық іске асқан жағдайда Түркістан өңіріне қосымша жылына 34 млн текше метр ағын су жеткізілетін болады. Жетікөл көлдер жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары да жүргізіледі. Түркістан магистралдық каналын толтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық канал салынып жатыр. Нәтижесінде, жылына ағын су пайдалану көлемі 195,4 млн текше метрге артып, жыл сайын қосымша 14,7 млрд теңгенің өнімін өндіру мүмкіндігі пайда болады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық су арналары цифрлы жүйеге көшеді. Сондай-ақ Келес ауданының Қошқарата ауылдық округі шаруаларының ағын су тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Төрт шақырымнан асатын канал күрделі жөндеуден өтті. Су арнасы 300 гектар көлемдегі егінді жерді сумен қамтамасыз етеді. Күрделі жөндеу жүргенге дейін соның 70 гектары ғана ағын сумен қамтылған болатын. Жалпы Келес ауданында өткен жылы 92 шақырым болатын каналдар мен қашыртқылар механикалық және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Биыл 50-ден астам су жүйелері, ұзындығы 200 шақырымнан асатын су нысандарының сметалық құжаттары әзірленіп, механикалық тазалауға дайын тұр. Оның 90 шақырымы бірінші кезекте механикалық тазалаудан өткізілетін болады. Ұзындығы 25 шақырымнан астатын Саңырау және Игілік каналдарын күрделі жөндеу жасау үшін сараптаудан өтіп, биыл жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатын Түркістанды көгалдандыру үшін ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру керек. Осы мақсатта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бақылауымен жан-жақты зерттеліп, зерделенген кешенді жоба бойынша ауқымды істер атқарылып келеді. Ең алдымен, қаланың бірнеше бағытынан келетін кіші каналдар күрделі жөндеуден өткізіліп, қалаға су тартылды. Түркістан аумағында жүздеген су арналары пайда болды. Рухани-мәдени орталық пен әкімшілік-іскерлік орталықта және іргелес жатқан аумақтағы көшелерде салынатын жолдардың бойына 100 шақырым арықшалар орнатылды. Бұл – Түркістанның экологиясын оңалтып, климатын жақсарту үшін жасалған оң қадамдар. Түркістан қаласы Бас жоспарының жобасына сәйкес, қала айналасынан 8 мыңға жуық гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспары жыл соңына дейін толық жүзеге асады. Яғни жазы ыстық Түркістанның жасыл желекке орануына септігі тиеді. Суландыру жұмыстарын жүргізу арқылы қала ішіндегі және айналма жол бойында отырғызылған ағаш көшеттері мен жасыл желекті суаруға толық мүмкіндік жасалады. Және осы арықшалардан келген су кесене аумағында орналасқан Тұңғыш Президент саябағындағы жасанды көлге келіп құятын болады. Түркістан қаласын сумен қамтамасыз етуде жер беті суларымен қатар, жерасты суларының да маңызы зор. Жарамсыз болып қалған 150 тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру арқылы жылына қосымша 190 млн текше метр ағын су тапшылығын шешуге қол жеткізілмек. Жолдауда міндеттелген және жүзеге асырылып жатқан игі істің тағы бірі – экологиялық ахуалды жақсарту. Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл» атты Жолдауында: «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатыны, бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізетіні» айтылды. Осы орайда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Түркістан облысында 30 млн ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, жуырда Бәйдібек ауданында 30 мың ағаш отырғызылды. Ауданның еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен ауыл жастары қолына күрек алып, Шаян ауылына кіреберіс жолдың екі шетін арнайы шарбақпен қоршап, 2000 түп тал екті. Ал Түркістан әуежайының аумағында 140 мың жасыл желек, 200 мың қара өрік отырғызылды. Осындай игі іс аудандарда жалғасын табады.

ЖАЙЫЛЫМДЫ ТИІМДІ  ПАЙДАЛАНУ МАҢЫЗДЫ

Президенттің тапсырмасы бойынша өңірде ауыл тұрғындарының ортақ жайылым мәселесін шешу бағытында қолға алынған жұмыстар да өз нәтижесін беріп келеді. Мемлекет басшысы Жолдауда жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отырғанын, елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кеткенін айтқан болатын. «Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес», деді Президент Жолдауында. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылым мәселесіне қатысты сын ескертпелер айтып, нақты тапсырмалар берген болатын. Қазіргі таңда, облыста бірінші кезекте, елді мекендер маңындағы жеке шаруашылықтардың меншігіндегі жайы­лым жерлерді ха­лықтың ортақ пайдалануына қайтарып беру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Жалпы Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар. Жауапты мекеме басшылары жайылым тапшылығының орын алу себебін мал басының көбеюімен де байланыстырады. Мысалы, 2000 жылдары өңірде 2439,6 мың мал болған болса, 2021 жылдың 1 қаңтарында 6 144,0 мыңға жетіп, мал басы соңғы 20 жылда 3 есеге артқан. Елді мекендердегі тұрғындардың үлесінде 4445,0 мың (72%), жеке шаруашылықтарда 1699,0 мың бас (28%) мал бар. Жер инспекциясы басқармасының дерегінше, облыс бойынша жайылымдық жердің жалпы аумағы 8865,8 мың гектар болса, соның ішінде жарамдысы 6787,2 мың гектар (76,6%). Аталған жайылымдық жердің 612,2 мың гектары (9%) елді мекендер тұрғындарының ортақ пайдалануында, 5 561,3 мың гектар (82%) кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерде, 613,7 мың гектар (9%) пайдалануға жарамды бос тұрған жерлер. Өткен жылы кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің жайылымдық жерлеріне жүргізілген түгендеу кезінде 77,8 мың гектар (2,4%) жайылым жердің пайдаланылмай жатқандығы анықталған. Осы жерлерді қайтару барысында 41,9 мың гектарды жер пайдаланушылар өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарып, 8,6 мың гектар жерді қайта игеруге кіріскен. Қалған 27,3 мың гектар жер бойынша аудан, қала әкімдіктері тарапынан мемлекет меншігіне қайтару шаралары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритмі бекітіліп, ортақ жайылымға алу жұмыстарын жүргізу мақсатында әр аудан, қала әкімдіктерімен әр елді мекендердің карта – сызбалары жасалған. Қайтарылатын жер көлемі туралы мәліметтер жинақталған. Жайы­лым мәселесі ең өзекті 152 елді мекен анықталған. Бірінші жартыжылдықта 66,4 мың гектар, екінші жартыжылдықта 63,2 мың гектар жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, жалпы 129,6 мың гектарды ортақ жайылым ретінде рәсімдеу жоспарланған. Осы жоспарды орындау барысында биылдың І тоқсанында 13,1 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылып, Арыс қаласының арнайы жер қорынан 0,3 мың гектар жер телімі ортақ жайы­лым ретінде пайдалануға берілген. Жайылым жерлер елді мекендер шегіне енгізу жолымен ауыл округтері әкімдерінің тікелей жауапкершілігіне алынады. Облыс әкімі жылдың басында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүйесін негізгі тетік ретінде қарастыру керектігін айтты. Сондай-ақ Өмірзақ Естайұлы бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жыл соңына дейін толық орындауды тапсырған болатын. Аудандарда осы тапсырма бойынша бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Мысалы, Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбай жатқан тұлғаларды анықтау мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 765,98 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланбай жатқандығы белгілі болып, мемлекетке қайтарылды.

Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, бүгінде 2361,187 гектар жерге қатысты сотқа жолданған 276 талап арыздың 133-і қаралды. Талап арыздардың 88-і ауылшаруашылығы жерлеріне қатысты болса, оның ішінде 18759,8 гектар жайылым бар.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

 

1537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы