• Әдебиет
  • 10 Наурыз, 2011

Пендешiлiк

d188d0b0d0bbТаяққа мінген Тасқожа әл-дәрмені құрып, екінші қабатқа зорға көтерілді. Кемтар аяқ алға басқан қадамды кері тартып, діңкәлатып-ақ келеді. Қазақтың небір марқасқаларын қарға адым жерге мұң етіп, тұсаулап тастаған кәріліктің Тасқожаны да иектеп алғаны қашан. Жазушының әжім іздері шиырлаған жанары жасаурады. Шіркін, бұдан қырық жыл бұрын қандай еді. Жазушы көкірегі қарс айырыла күрсініп алғанын өзі де байқамай қалды. Қызығы мол жастық дәурен қас-қағым сәтте асау аттай желіп өте шықты. Бейне бір көрген түс сияқты. Көзін ашқанда күні кеше ғана қоп-қою қара шашы желбіреп, үлкен мінбелерде жалынды сөз сөйлеп, жауларына қырғидай тиген Тасқожаның орнында бойы еңкіш тартып, жауырыны қушиған жаман шал пайда бола қалған тәрізді.

Мына жарық дүниенің қызы­ғын өмірі ортаймайтындай көретін жазушы оның көз алдаған алдамшы құбылыс екендігін, өзі сияқты тіршіліктің тек тәттісінен ғана үрлеп ішіп, талтаңдаған талайлардың талқаны таусылған күні сол тірнектеп жинаған байлығынан бархадар таппай, «ей, опасыз қу дүние» деумен қыр асып кеткен думанды шағына тамсана қараумен тұңғиыққа аттанып кететіндігін ойлағанда мұрнына сыз топырақтың иісі келгендей денесіне діріл жүгірді. Былайша қараса, бес күндік жалғанға айтар өкпесі мен артар аманаты жоқ тәрізді, өлмелі кемпірдің баласы болғанымен бағы жанып, наны көтерілді ме, аты ел аузына ерте ілікті. Тасқожа еді, отызға жетпей жатып, Тәке, Тасқожа Әлмырзаев атанды. Саусағын бүгіп санап отырса, жетпістің желкесіне шыққанынша қалыңдығы «Абай жолына» пара-пар оншақты роман, жиырмаға тарта повесть, әңгіме жазыпты. Кіл құйрығын бұлғаңдатқан түлкі саясаттың сойылын соғып, соның жырын жырлаған дүниелер. Жас партком мен азулы райком хатшысының арасындағы бітіспес арпалыс. Әрі қарай бәрі де үндінің фильмдеріндегідей сәтті аяқталады. Әй, ит тіршілік-ай, сөйтіп, көз майын тауысып жазған кітаптардың қазір көк тиындық құны болмай қалды. За­ман басқа, уақыт өзге, жаман «Уазикпен» тау-тасты аралап, елдің қамын ой­лап жүретін парткомның ерлігі кімге керек. Тынымсыз тықылдаған таяқ еңселі есіктің алдына келіп тыным тапты. Киік­тің лағындай хатшы қыз сылти басқан Тасқожаны қолтығынан демеп, жұмсақ креслоға отырғызды. Бой­жет­кеннің жұпар иісі аңқыған қола­ң­шашы мұның бетін жанай өткенде Тас­қожаның денесіндегі асау сезімдер атой салып барып, әзер дегенде басылған. – Бастық сізді «сәл күте тұрсын» деді. Тасқожа атшаптырым бөлмедегі жиһаздарға жағалай көз тастап, таңыр­қап біраз отырды. Ақыры жазушының тіміс­кілеген сұғанақ жанары шолақ юбканың астындағы аппақ, жұп-жұмыр балтырға келіп тірелген. Ойына Райгүл түскен. Алғаш танысқан кезде Тасқожаның өліп-өшіп қарайтын тойымсыз ашқарақ жанары жап-жас Райгүлдің құлын мүсінін де дәл осылайша аймалап еді. – Ағай, сізге өлеңдерімді әкеліп едім. Бейтаныс бойжеткен жылы жыми­ғанда бетінің ұшында сәл ғана шұңқыр пайда болып, қып-қызыл еріннің ар жа­ғынан маржандай аппақ тістердің тіз­бегі көрінген. Таңғажайып сұлулықтың сиқыры Тасқожаны сабырдан айырып, дегбірін қашырып жіберген еді. Жазушы талдырмаш қызды қолтығынан демеп, жанындағы жұмсақ креслоға отырғызды. Өлеңдерін оқып көрді. Ақын болмаса да, Аллаға шүкір, поэзиядан хабары бар, ой таниды. Балаң өлеңдер. Тасқожа Абай мен Мұқағалидың өзі жатқа білетін өлеңдерінен үзінді оқып, поэзияның қандай болуы керектігі жөнінде ақыл айтқансыды. Онысы өзін ділмар әрі білімдар етіп көрсетіп, енді сәл болмаса ұшқалы тұрған бақыт құсына қол созудың далбаса амалы еді. Оқыс ой ойламаған жерден жүзеге асып, жемтігін іздеп аласұрған сазан балық қармақты қапты. Тасқожа өлең салынған папканы Райгүлге қайтара ұсынып жатып, оның сүйріктей саусақтарын аялай қысқан. Бойжеткен «аға, мұныңыз қалай» деп шаян шағып алғандай шапшып, қолын тартып алған жоқ. Нәзік саусақтар жүрегі атқақтай соққан Тасқожаның ала­қанында қалып қойған... «Ойнас оттан ыстық» деген сөз рас екен. Райгүлдің өрттей лапылдаған құ­шағы жазушыны ақыл-естен айырған. Әдепкіде әйелі байғұсқа әрнәрсені желеу­летіп, Райгүлге түн жамылып, ұрланып барып тұратын Тасқожа ақыры бес баласы бар отбасын тастап, жиырмаға әлі жете қоймаған Райгүлге үйленіп тынған. Апыр-ай, мына тіршілікте өзгермейтін нәрсе жоқ екен. Кешегі құлын мүсіні асау сезімге қарадай от тастайтын Рай­гүл де екі бала тапқаннан кейін бөк­сесі жайылған жуан қара келіншекке айналған. Әншейінде «ажал келсе алар, ау, өлім шіркін тірі пендеге хақ емес пе» деп Жаратқанның әмірін бас шұлғып мойындап отыратын Тасқожаға Райгүлге үйленгелі бері тіршілік те тәтті бола бастаған. Қазір жазушыға өлімнен суық нәрсе жоқ. Басы қисайса, атақ, мансап бәрі де жайына қалар-ау, қай адам жиған-тергенін көріне арқалап әкетіп еді, ең қиыны, әлі қызығына тояттап үлгермеген Райгүлді қалайша көзі қиып қалдырып кетеді. Тасқожа өзі тастүнек тас қабір­дің түбінде тұншығып жатқанда жат түгілі жақынына қимайтын келіншегінің өзгенің құшағында бұлықсыған сәтін көргісі келмейді. Қалың ойдың шыңы­рауына шым-шым батып бара жатқан Тасқожаны хатшы қыздың: – Сізді бастық күтіп отыр, – деген нәзік үні селт еткізген. Тізесі ұйып қалыпты, таяғына сүйеніп зорға тұрды. Бір кездері Алматының бір шетінен Райгүл тұратын Татарка ауылына жаяу-жалпылап барғанда сыр бермейтін аяғы сырқырап қоя берген. Табаннан сыз болып өтіп, кейін бірте-бірте денеге дерт болып жабысып, көкірегі сау пендесін «ау, бұл шіркін қай жерден келіп қалып еді» деп аң-таң қалдыратын кәрілік дегеніміз, бәлкім, осы шығар. Тасқожаға қыстың көзі қырауда қу көнін сүйреткізіп, көліктен көлікке ауыс­тыртып мінгізіп, шаһардың шетінде­гі компания кеңсесіне жетелеп әкеліп отырған да айтарын айтып, жазарын жазып сарқылса да атақ, мансабын пұлдап, несібе айыруды аңсап тұратын қу қарақан басының қамын күйттеуден туындаған ой еді. Тасқожаныкі сама­йы­ның ақтығы мен сақалын саудаласа, ақшасын судай шашқан компания басшылары соңғы жылдары әртүрлі басылым беттерінде жарық көрген мақа­лаларын жеке кітап етіп шығаруға қол ұштарын беріп, көмектесе ме деген дәме еді ғой баяғы. Тасқожа табалдырықтан имене ат­таған. Самаладай жарқырап, сәулесі көз қарықтырған қымбат люстра, қаздай ті­зілген телефон ә дегеннен жазушының мысын басып тастады. – Отырыңыз, аға! Орнынан жеңіл көтерілген жігіт ағасы Тасқожамен қос қолдай амандасып, жұпар иісі танауды қытықтаған тырна сирақ қызға кофе алдыртты. Тасқожа буы бұрқыраған кофеден иба сақтап бір ұрттап, компания бастығына мойын бұрды: – Қарағым, мені білетін шығарсың, Тасқожа Әлмырзаев дейтін ағаң боламын. – Пәлі, сіз де айтады екенсіз, қа­зақ­тың сіздей жазушысын танымай не қара басты дейсіз. Қайта сіз мені танымай отырған сияқтысыз. Тасқожа өзіне күлімсірей қараған жігіттің жүзіне қанша тесіле үңілгенімен, жыға тани алмай, амалы құрыды. «Апыр-ау, бұл баланы қайдан көрдім». Ақыры: – Қарағым, қартайып қалдық ғой, – деді. – Аға, мен Айдармын ғой, есіңізде бар ма, ініңіздің баласы Саянмен бірге оқып, үйіңізге талай келген жоқ па едік. Айдар Есболғанов. Тынысы тарылған Тасқожа тамұқ­тың отына құлап бара жатты. Талай жыл бойына осы бір пендешілігі күн­дердің күндерінде Қособаның түбін торуыл­даған Бекежандай сопаң етіп бір жерден шыға келеді-ау деп іштей секемденіп жүруші еді, ақыры Құдай жолықтырды. Бұл дүниенің қиянаты о дүниеге кетпейді деген рас екен. Таскерең болғыр құлағы өмірбақи ізінен қуып, өкшелеп қалмай келген ар сотының өзіне әлдеқашан кесіп қойған ауыр үкімін естіп, су қараңғы болғыр көзі соны көріп тынды. Ә, Жаратқан, табалайын дедің бе. Құлағы шыңылдаған Тасқожа мас адамдай орнынан тәлтіректей көтеріліп, есікке қарай беттеген. Айдардың: – Тасқожа аға, қайда барасыз? – деген даусын да естімеді. Әлгінде ғана таяғын тықылдатып жүріп, осында зорға жетіп еді, есін бір жиғанында жападан-жалғыз көше бойлап келе жатқанын аңғарды. Қыр соңынан қалмай қойған пендешілігі ақыры сумаңдаған сұр жыландай жолын кесті. Тасқожаның денесіне діріл жүгірді. Күннің суықтығынан емес, маңдайынан қара тер сорғалап, іштей өртеген ар-ұяттың салмағынан қара жерге кірер саңылау таппай қиналды. Сол қарғыс атқыр күнді қанша есіне алмауға тырысқанымен, бұдан жиырма бес жыл бұрынғы оқиға ырыққа көнбей, қайта-қайта ойына орала берген. Тасқожаның атағы жер жарып, дүрілдеп тұрған кез еді. Дүние шіркін бір күнде астан-кестен болып кеткен. Қазақстанды ұзақ жылдар бойына басқарған Димекең қызметінен алынып, орнына тұмау тигендей танауы суланып жүретін Колбин деген біреу келген. Мамыражай заман табан астынан төңкеріліп түсті. Ашу-ызаға мініп, алаңға лек-легімен ағылған жастар. Қудалау көтеріліс басылғаннан кейін басталған. Күнде жиналыс. Басшылардың айтатыны – сол бір айып. «Қазақтың бұзақы жастары мен нашақорлары бүтіндей бір ұлтты өзге халықтың алдында жерге қаратты». Сондай аласапыран күннің бірінде інісінің баласы Саянның жолдасы осы Айдар, жанында бір жігіті бар, апақ-са­пақ мезгілде жау қуғандай жетіп келген: – Аға, барар жер, басар тауымыз қалмағаннан кейін өзіңізді паналап келіп отырмыз. Өзіңіз құтқармасаңыз, басқа жол қалмады. Олардың өрт сөн­діргендей түнеріңкі жүздерінің өзі соңдарында аттандап келе жатқан қуғын бар екендігін аңғартып тұрғандай еді. Тасқожа оларды төргі бөлмеге кіргізіп, есігін кілттеп жапқанда пәтердің бағанадан бері тілін тістеп тұрған қоңырауы безілдеп қоя берген. Ілгекті ағытқаны сол еді, ішке бес-алты адам сау ете қалған. – Тасқожа Әлмырзаевтың пәтері ме, – деді ішіндегі шені үлкендеуі қып-қызыл куәлігін мұның көз алдына тақап көрсетіп. – Біз бұзақы Айдар Есболғановты іздеп келдік. Білеміз, ол осында. Шындықты жасыр­маңыз. Ал енді ақиқатты ішке бүгіп қал­­саңыз, партиялық мәселеңізді қа­рауға ұсыныс жасаймыз, онда бүкіл атақ, абыройыңыздан айырыласыз. Парт­билетті алғаннан кейін халіңіздің қалай болатынын өзіңіз де білетін шығарсыз. – Ау, жігіттер, ағайынның баласы­ның жолдасы екендігі рас, бірақ көр­меге­німе көп болды, – деп сипақта­тып келе жатыр еді, әлгі тақымдап қуырып бара жат­қан табақ бет шикіл сары: – Құқық қорғау органына көмек­тескіңіз келмесе, онда өзіңіз біліңіз. Ау­дандық партия комитетіне ұлтшыл, халықтар достығына жаны қас адам деп ұсыныс жасағаннан басқа амалымыз қалмай отыр. Ол айтарымды айттым, ендігі байлам өзіңізде дегендей сыңай тынытып, есіктің тұтқасына қол созғанда, қалтасындағы қып-қызыл партия билеті жүрегін қоса суырып алып бара жатқандай жан дауысы шыға ышқынған: – Тоқтаңдар. Сосын қалтасындағы кілтті беріп, төргі бөлмені ымдап көрсетті. Қарулы топтың да күткені сол еді, қасқырдан қорыққан көжектей бір бұрышта бүрісіп отырған екі жігітті тарпа бас салып, тырп еткізбеді. Қолы кісендеулі, мұрнынан қаны дірдектеген Айдар Тасқожаның жанынан өте бере: – Аға, басқа басқа, өзіңіз тәрізді ұлт жазушысынан сатқындық шығады деп ойламап едім. Сатқын екенсіз. Отыз жетінші жылдары да қазақтың бетке шығар азаматтарына ту сыртынан оқ атып, опасыздық жасаған сіз сияқтылар екен ғой. Жан-жақтан қарша бораған тепкінің астында қалған Айдардың жанұшыра айқайлаған даусы соңғы рет естіліп қалды: – Тасқожа аға, сатқын екенсіз. Ертең ар-ұятыңыздың алдында қалай жауап бересіз, қалай ақталасыз, қалай жер басып жүресіз. Осыдан жиырма бес жыл бұрынғы жан шошытарлық сол дауыс бүгінде дәл құлағының түбінен ызыңдап естіліп тұрғандай. Тасқожа тұңғыш рет өз-өзінен қарадай жиіркенді. Жанарынан жас парлады. Қайран Жұб-ағаң, қайран Жұбан аға! Сіздің ақтық деміңіз үзілгенше ажал шіркінге әл бермеген асқақ қалпыңызды қайталай алмадық. Күні ертең өмір мен өлімнің табалдырығының тұсында тұрған сә­тімізде, Тәңірім-ау, мына тұтамға толмайтын тіршілікте не бі­тіріп, не тындырдық, соңымызда қан­дай адамдық ізіміз қалды деп айтамыз. Әлде сырт жұртқа жалы күдірейген арыстан кейпінде көрінгенімізбен, қас-қағым сәттің сынын көтере алмай, морт сынып, кейінгі ұрпаққа опасыздық жасадық дейміз бе. Сонда кім болғанымыз? Жазушы тіл ұшына келіп тұрған «сатқынмын» деген сөзді тәуекелі жетіп айта алмады. Әлгінде ғана көтеріңкі көңіл күй­мен келген Тасқожа лезде бір уыс болып шөгіп, ұзын көшенің бойымен шойнаңдай басып кетіп бара жатты…

Елеусіз МҰРАТОВ

4017 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы