• Білім және ғылым
  • 29 Сәуір, 2021

Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас

Ата-бабаларымыздан келе жатқан жалпыадамзат тарихында, осы күнге дейін өз жалғасын тауып жатқан адам баласының ең басты міндеттері – өзінің ісін, кәсібін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық азамат тәрбиелеуді алға қояды. Ұлы Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген сөзі бүгінгі  күні ұрпақтың әлемдік ғылым мен прогресс заңдылықтарына сәйкес бәсекеге қабілетті болып қалыптасу үдерісінде де өзекті болып отыр. Әрбір азамат тұлға болып өзінің ортасында әрі өзінің тәрбие алған мектебінде шыңдалады. Ертең бойына сіңірген кәсібін меңгеріп, өз елінің тізгінін ұстар азамат болуы болашақ тәрбиеленуші шәкірттен басталады.

«Адамның адамшылығы жақсы ұс­таздан» демекші, тарихта ақыл-пара­саты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан.

Ал біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторанттары  ғылым жолындағы бағыт-бағдар берген ұлағатты ұстазымыз деп – Әлмұхамбетов Берікжан Айтқұлұлын ерекше құрметпен айта аламыз.

Кез келген шәкірт өзінің ұстазының рухани және материалдық мәдениетімен, оның практикалық әрекеттері және психологиялық бітімімен сабақтасып жатады. Ұстазының тәжірибесін тал бойы­на дарытатын озық өнегелі дәстүрсіз, ұстаз бен шәкірттің сабақтастығынсыз  ұстаздық ету деген мәңгілік процесті елес­тету мүмкін емес. Өкше басар ұрпаққа ұлағатты ғұмыры, қажырлы еңбегінің жемісін  мұра ретінде қалдыру – ұстаздың ұрпақ алдындағы ұлы миссиясы. Сол мұра неғұрлым бай болса, алуан арналы болса, ұстаз бен шәкірттің байланысы берік болса, ұстаз мұрасының мән-мағынасы  артып, ұрпақ тәрбиесіне қызмет жасайды.

Өнерге жаны құштар, өз ісінің білгірі, терең ойлы бала жүрегін ұға алатын, өз кезегінде бала тәрбиесінде өнердің мағынасын жете түсініп, шығармашылықпен ұштастырып, білім беру сапасын ғылыми негізде дамытатын педагогты дайындауға бағытталған ұстазымыздың еңбектері құнды.

Ұлттың иммунитеті өнер арқылы көрінеді, өнер арқылы сақталады және халқымыздың өзін-өзі бағалау индексінің көрсеткіші өнердің деңгейі арқылы әлемге танылады. Берікжан Айтқұлұлы көркем өнерді тұғыр ете отырып, оны насихаттаушы, сақтаушы шәкірттер дайындау арқылы ұлттың рухани жұлдызын биіктетіп отыр. Ұстазымыздың ұлағатты еңбек жолы, өмір атты теңізде  ғылымға бет алған   шәкірттеріне жол көрсетер фарватер.

Өзінің қажырлы әрі айшықты еңбе­гімен  дараланған  Берікжан Айтқұлұлы  осы күнге дейін талай жас ғалымдарды тәрбиелеп қана қоймай, өзінің білімімен, кәсіби шеберлігімен бөлісіп,  жастарға дұрыс жол сілтеп, ақыл-кеңесін аямаған ұстаздардың бірі деп білеміз.

Бүгінгі таңда, «шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас» демекші, бойымызға сіңірген бар білімімізді ұстаздық жолымызда жалғастырудамыз. Расында, ұстаз ақысына құрмет – шәкіртке сын деп бекер айтпаған. Ұстазымыз Берікжан Айтқұлұлының шәкірттері ретінде абыройлы іс атқаруға, білмегенді үйренуге,  кез келген міндетті жоғары деңгейде орындап шығуды алға қоюға тырысамыз.

Қара шаңырағымыз Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің жас ғалымдары ретінде  ұлағатты ұстазымыздың Берікжан ­Айт­құлұлы­ның биыл 70 жас мерейтойына орай, жас ғалымдардың атынан алғы­сымызды білдіре отырып, сізге ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, деніңізге саулық тілейміз.

Ол ғибратты ғұмырының қымбат  шақта­рын болашақ жас буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келген ұлағатты ғалым. Өз ісіне жан-тәнімен берілген, шәкірттерінің жүректеріне нұр құя білген өнегелі ұстазымызға бас иеміз.

Қ.Бекболатова,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Өнер, мәдениет және спорт институты «Дизайн» кафедрасының оқытушысы, PhD докторы,

Р.Берікбол,

магистр, аға оқытушы

3561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы