• Тарих
  • 29 Сәуір, 2021

БІР АУЫЛДЫ АШТЫҚТАН АЛЫП ҚАЛҒАН АКАДЕМИК

«Сарыарқаның әр тал бұтасының түбінде 
ат басындай алтын жатыр»

Қаныш СӘТБАЕВ

Басы сонау Жарықтың арғы жағындағы Сәкен тауынан бастау алатын Сарысу өзені шығыстан батысқа қарай, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шекарасын қақ жарып өтіп Үлкен Айбат, Кіші Айбат деп аталатын егіз таудың етегіне жеткенде бағытын өзгертіп, түстікке, Сырдарияға қарай кілт бұрылады. Сол екпінімен барып ұлы дарияға құяды. ­Сарысу – көктемгі қар, жаңбыр суымен толып, тасып ағатын өзен. Жаз шығысымен суы сарқылып, әр жерінде үзік-үзік қара сулар қалады. Өзеннің екі жағалауын жайлайтын жұртты арқалықтар Сарысу елі деп атайды.
Бір-бірінен қос тамшыдай аумайтын Айбат тауларының тобылғылы, жыңғылды қойнаулары неше алуан құнарлы шөпке бай, шүйгін жайы­лымдық. Еркек-шөп, ақселеу, бидайық, жабайы жоңышқаның қалыңдығы сонша, ішінде жайылып жүрген мал көрінбей кетеді. Әрегідік үлкен текелердің мүйіздері қылтиып көзге ­шалынады.
Төменгі Шу бойын қыстап, Сарыарқаны жайлайтын көшпелі елдің төрт түлік малы жаз айларында орасан семіреді. Уызға тойған қозы-лақ, құлын, бота ерте есейіп тау бөктерінде құтырынып ойнақ салады. Ашқарақ қошқарлар семіздікті көтере алмай мешел болып жатып қалады. Кейбірінің құйрық майы терісіне сыймай, пісіп кеткен қауындай жарылып жатады. Малы семіз, күйлі болған соң, бұл елдің қымыз-қымыраны, айран-сүті, еті де мол.

Cарысу елінің жазғы ермегі – келін түсіру, қыз ұзату, шілдехана, бала сүндеттеу сияқты толып жатқан тойлар. Қолы ұзындар аталарына арнап ұлан-асыр ас беріп жатады. Мың-мыңдап адам жиналатын ас пен тойда ел қиқулап бәйге шабады, көкпар тартады, ­палуан күрестіріп, қыз қуады. Анда-санда «Қатын күресті» де қызықтап қояды. Бұл күреске көбіне құдыққа түсіп кеткен тайыншаны әуп деп ­суырып алатын қайратты, сарықарын, орта жастағы әйелдер қатысады. Жас келіншектер мен қыздар ат басындай алтын берем десең дe күреске шықпайды. Ал кешке нағыз жастар думаны басталады. Қыр басына алау от жағылып, алтыбақан құрылады. Алтыбақан теуіп тұрып қыз-келіншек, бозбала болып ақындық сайысқа түседі. Қобызшы, домбырашы, сыбызғышылар даланы күйге бөлейді. Ақсүйек ойнайды. Лақтырылған ақсүйекті іздеген болып аулаққа кеткен ғашықтар табысып та жатады. Бұл ойынға үлкен адамдар қатыспайды, ол жаққа аяқ та баспайды. Жастардың ойынын бұзу үлкен күнә. Тек әнебір күлегеш келініне «күмәні» бар кетік кемпір ғана тобылғы тасасынан сығалайды. Бірақ күдікшіл кемпірдің өзі бұзып-жарып жастардың ортасына келе алмайды. Бейтаныс бозбаламен алтыбақан теуіп, ән салған келініне зығырданы қайнап, «қап бәлем, үйге барған соң шашыңды бір талдап жұлармын-ау» деп долданғаннан әріге бара алмай діңкесі құриды. Долданатын, күдіктенетін жөні бар, өйткені жастық шақта талай қызықгы өз басынан өткізген бұл кемпірің.

Кейбір ас пен тойларда шатақ та шығып жатады. Шатақтың шығуына басты себеп – қайтарымы жоқ, теңсіз махаббат! Әмеңгерлік жолымен кәрі шалға ұзатылатын балғын келіншек, сүймейтін адамына еріксіз атастырылған бойжеткен қыз осы тойда алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап жүріп өз теңін табады. Батыл жігіттер өз басын бәлеге байлап, сол түні-ақ ғашығын алып қашады. Мұның арты үлкен дау-жанжалға, шабысуға айналады. Қалыңдығы «қолды болған» жақ намыс отына өртеніп, жігіт жинап, айыпты елдің жылқысын барымталайды. Өліп қана көрмеген даукес шалдар шаңырағына «қобыз тартып» тіл безейді. Тентек жігіттер бірлі-жарым жүрген қойшы, жылқышыны сойылға жығып кетеді. Қыз алып қашқан жігіт қана айыпты емес, бүкіл ауыл құныкер, айыпты болып шығады. Бұл жақта да намысқой, өр мінезді өжет жігіттер көп. Олар да атқа мініп, қолына сойыл алып шапқыншыларға қарсы шығады. Осы қақтығыстарда талай қабырға, қолдар сынып, талай бастар жарылып жатады. Содан болар, қазақ: «Ең үлкен дау – жер мен жесір дауы» дейді. Осы кезде екі елдің арасына бітімгер, елшілер шығады. Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке бидің жолын қуған ұрпақтары ел тізгінін ұстаған «от ауызды, орақ тілді» шешендер сайысқа түседі. Бұл билердің бір-ақ ұстанымы бар. Ол — жауласқан екі елді бітімге келтіріп, татуластыру. Бір-біріне деген ашу-ыза өртін сөндіру. Билер үшін мұндайда өзі сұлу, «жас иіс» әмеңгерінен айрылған шал қиын. Ол мал алмаймын, әмеңгерімді қайтар деп жараған бурадай лөкілдеп, жер тепкілеп қиғылықты салады. Қайтармасаңдар, екі қолымды төбеме қойып, бәдәуи болып елден безіп кетемін деп қорқытады. Аталы сөзге тоқтаған қазақ қой, ақыры «көпке топырақ шаша алмай» мысы құрып, мәмілеге келеді. Дуалы ауыз билердің кесімі, айтқаны орындалады. Барлық дау-дамай мал арқылы шешіледі. Қыз алып қашқан жігіт кедей болса, бүкіл рулы ел болып билер кескен малды жинап береді, кайтарымсыз, қиналмай береді. Өйткені қуаныш та, қайғы да бұл елге ортақ. Намыс деген өркөкірек сезім бар.

«Біз жеңдік» деп мал алушылар кетеді, малынан айрылса да «біз жеңдік» деп бұлар қалады. Осы тайталас, төбелестің себепкері болған көңілі күпті келіннің де жүзі жарқын, бақытты. Өйткені ол езуі насыбай сасыған шалдан құтылып, сүйгеніне қосылды. Бізді малдан айырдың деп ешкім оның бетіне шіркеу келтірмейді, міндет қылмайды. Құрбылас жігіттер су жаңа жеңгесі сапырып берген сары қымызды сіміре ішіп: «Кейін мына жарылған бастың, сынған қабырғаның құнын төлейсің» деп көз қысып, әзілдеп жүре береді. Келесі ас пен тойда кездескен, анада ғана жауласқан екі елдің жігіттері араларында дым болмағандай емен-жарқын құшақтасып көрісіп, бірін-бірі қонаққа шақырысып жатады. Иісі қазақтың бабалардан келе жатқан дархан мінезі осы.

***

Биыл Айбат тауларын жайлаған бұл елде той-думан да қызық-қуаныш та жоқ. Ауыл үстін қайғының қара бұлты тұмшалап тұр. Балалардың шат күлкісі естілмегеніне не заман... Есесіне, күн сайын әр үйден жоқтаудың азалы үні естіледі. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» аштыққа ұшыраған жұрт бордай тозып, қоңыз теріп қаңғырып кетті.

Биылғы сұрапыл қыста қолдағы бар мал жұтқа ұшырады. Кейбір үйлерде тігерге тұяқ қалмаған. Ұлы абыз Ықы­лас­тың ұлы Түсіпбек бастаған тоғыз бай кәмпескеленіп, итжеккенге айдалды. Олардан тартып алған малды атқамінер шолақбелсенділер талан-таражға салып, бөліп әкетті. «Аспаннан киіз жауса, құлға ұлтарақ та тимейді» дегендей, кедей-кепшікке тышқақ лақ та бұйырмады. «Кәмпескеленген мал кедейлерге бөлініп берілсін» деген үкімет каулысы алдамшы бос сөз, сандырақ болып шықты. Осы байлардың ­малын бағып, отын-суын дайындап, күнін көріп жүрген жүздеген кедей байғұстар бала-шағасымен қоса аштан қырылды. Бұрын елге кұт-береке болған Сарысу өзенінің екі жағалауы көмусіз қалған адам мүрдесіне толды. Үш мың жылқы біткен атақты байдың он екі мың жылқысы бар Қаракесекке жүз қысырақ, елу түйе, екі жүз кой қалың мал беріп алған жас тоқалы жейтін бір түйір дән таппай аштан өлді. Алты қанат ақ орданың төрінде ішіне алтын-күміс, неше алуан асыл тас сықап салынған сары самауырды құшақтаған күйінде қатып қалыпты. «Арпа-бидай –ас екен, алтын-күміс – тас екен» деген сөз содан қалса керек.

Айбаттағы ауыл ауыр қайғы үстінде. Аштық әбжыланы сумаңдап ауылға енгелі бері әлсіз-әлжуаз шал-кемпірлердің дені бақилық болған. Жас балалар бірінен соң бірі кетіп жатыр. «Тепсе темір үзетін» жігіттер арасында да шығын бар. Бір түнде бүкіл отбасынан айрылған Күмісхан кемпір бет-аузын кан-жоса қылып тырнап, жынды болып мола кезіп кетті. Аштық меңдеген адамдардың көбісі екі есті, кісі танымас халде. Енді бірер апта өтсе, бұл ауылда есі дұрыс адам қалмасы белгілі.

Ауылдың жалғыз баскөтерері ­Бек­мағанбет әдетінше таңалакеуімде тұрып, құдықты айнала қонған ауылын аралап шықты. Тағы екі үйдің адамдары орындарынан тұра алмай қалыпты. Жеңгесі Жолбике тулақтан кесіп алған қатқан теріні суға қайнатып, жібітіп, үш жасар баласына сорғызып отыр. Шын атын ешкім білмейтін Құшынаш кемпір әлдеқайдан қазып алған жаужұмырды отқа қақтап пісіріп, жағы қарысып қалған неме­ресінің аузына тықпалайды. Баланың аузын ашуға шамасы жоқ.

Бекмағанбеттің кеудесі өксікке ­толып, демі тарылып ықылық атты. Аттан салып жылағысы келді, бірақ жылай алмады, даусы құмығып шықпады. Жігіттің байқағаны — еркектерге карағанда, әйелдер аштыққа төзімді болады екен. Атан жілікті жігіттер аштыққа шыдамай, жантәсілім етіп жатқанда, әйелдер қапшық түбіндегі жалғыз түйір құрты мен ірімшігін баласына жегізіп, өзі дым татпастан ілініп-салынып, тірі әруақтай қалт-құлт етіп жүре береді.

Сырттан келер көмек жоқ. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған заман. Көлігі барлар әлдеқашан жан сауғалап көшіп кеткен. Бұл ауыл жұртта жалғыз қалды. Ауылда бұт артар қотыр тай да жоқ. Сасай болып, орнынан тұра алмай қорада жатқан арық қошқардың сойылғанына да айдың жүзі болды. Содан бергі елдің қорегі...

Бекмағанбет аттың құйрық қылынан ескен тұзақтарын алып, қыр үстіндегі қорымға қарай бет алды. «Арқада күн жақсы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, өзен жағасында қаптап жайылып жатқан киіктер бұл күнде жоқ. Әр тобылғының түбінен табылатын Арқаның үлкендігі лақтай ор қояндары да жер ауып кетті. Ауылдың ендігі жалғыз талшығы – қорымнан тұзақпен ұстайтын тышқан еті. Бұрын бұл ескі қорымда сарышұнақ, егеуқұйрық, атжалман, көртышқандар Қойшығұл қойшының ышқырындағы биттей өріп жүретін еді. Аштық аждаһаның аранын ашқалы бері олар да зым-зия жоғалды. Бекмағанбет құрған тұзаққа шанда екі-үшеуі түседі. Соның өзі олжа, ауылға бір күн талғажау, қорек. О заманда-бұ заман, құйтақандай тышқанды сойып, ішек-қарнын аршыған адам бар ма? Бекмағанбет тұзаққа түсіп, буынып өліп қалған тышқанның қанын да жерге тигізбей сойып, ішек-қарнын аршып, тазалап, терісін үйітіп қазанға салып асады. Құшынаш кемпір қазып әкелген әртүрлі шөптің тамырын салады. Сөйтіп тірі қалған ауыл адамдары қазанды қоршай отырып, тышқан сорпасын қасықтап бөліп ішеді. Тісі бар балалар тышқанның сүйегіне дейін мүжіп, жеп қояды.

Соңғы тұзағын ін аузына құрып жатқан жігіт дарияның тасыған гүріліндей болып естілген жат дауыстан жаман шошынды. Жер сілкінгендей, аяқасты опырылып түскендей тізесі дірілдеп, дәрмені құрып құлап түсті. Шошытқан жаман дауыс гүр-гүр етіп жақындап келе жатқан сияқты. Бұл жайлап басын көтеріп еді, шаңды бұрқыратып, арқырап төніп келе жатқан қап-қара құбыжықты көрді. Ертегіде айтылатын жалғыз көзді дию ма, бірақ мынаның жарқыраған екі көзі бар. Сол кезде қара құбыжық бұдан таяқ тастам жерге келіп тоқтай қалды. Қауқылдасқан адам дауыстары естілгеңдей болды. Бірақ сөздері бұған түсініксіз, жат, құлағына түрпідей тиді. Шайтан, ібіліс, әңкір-мүңкір деп ойлады зәресі зәр түбіне кеткен жігіт. Мұқыш молланың: «шайтандар адам кейпіне кіріп, адамша сөйлейді» деген сөздері есіне түсті. «Жанымды алуға келген әзірейіл шығар», осыны ойлаған жігіт есінен танып қалды.

Кеңсірік жаратын қышқылтым ащы иістен жиіркеніп түшкіріп жіберіп, есін жиды. Көзін ашқанда, өзіне төніп тұрған бас жүні бұйра-бұйра шайтанды... Жо... жоқ адамды көрді. Иә, иә кәдімгі адам. Ол адамша сөйлеп тұр.

— Ей, ей жігітім, бізден сонша қорық­қаның не? Біз де өзің сияқты адамбыз. Ал сен шайтан-шайтан, әңкір-мүңкір деп күбірлейсің.

Бекмағанбет бұйра бастың сүйе­мел­­деуімен орнынан тұрды. Ыңғай бір түсті сап-сары, көздері тұздай көк он шақты адам қауқылдасып мұны қоршап алды. Ана жерде Өлке байдың үлкен пәуескесіне ұқсайтын абажадай арба тұр. Бәрі осы арбамен келген сияқты. Оу, оу, ол арба болса, оған жегілген аттары қайда? Жайлауда көрші отыратын Әбдіқадыр керуенбасының баласы Өміртай әкесіне еріп Қызылжар, Кереку, тіпті сонау Қазан қаласына дейін барып жүрген көзі ашық жігіт. Сол қалада кәресін құйып жүретін мәшинелер бар. Олар отыз адамды отырғызып алып тарта береді. Оны орыстар жүргізеді деп әңгіме айтатын. Е, е, мынау Өміртай айтқан мәшине екен ғой, мыналар орыс болды. Арасындағы жалғыз қазақ қазанбас, бұйрашаш жігіт.

Бұл кейін есімі бүкіл әлемге мәшһүр болған – Қаныш Сәтбаев еді. Томск технологиялық Тау-кен институтының геологиялық барлау факультетін бітірген жігіт бұрын қазақ баласы кәсіп етпеген – жер қыртысын зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жүрген. Жезқазған, Ұлытау, Қарсақбай аудандарында мыс, темір, Жездіде – марганец, Байқоңыр, Қияқты аудандарында көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау жасап жүрген тумысы бөлек жас ғалым Қарағандыға бет алып бара жатқан. Ойда-жоқта қорымнан тышқан аулап жүрген Бекмағанбетке кездесті. Ойраны шығып, шаңырағы ортасына түскен ауылды көрді. Аштан қырылып жатқан қандастарына жаны ашып, көзіне жас келді. Жолға алып шыққан ас-ауқаттарын ауыл адамдарына қылдай бөліп берді. Жезді кентінің бастығына хат жазып беріп, мәшинені кері қайтарды. Өзі жолдастарымен осы ауылда қалды.

Есік алдында тізесіне дәптерін қойып жазып отырған Қаныштың көзі шашылып жатқан сары тастарға түсті. Біреуін алып көрді де танғалды. Көмекшісін шақырып алып, оған да көрсетті. Ол да танданып, ішегін тартты. Бұлар таза алтын тастары екен. Бекмағанбеттен бұл тастардың қайдан келгенін сұрады.

Үлкен Айбаттың етегіндегі қасқыр, қоян, қарсақ, түлкі індерінің аузында әдемі сары тастар толып жататын. Аңдар ін қазғанда оларды сыртқа шығарып тастаған. Қойшығұл қойшы оларды жинап әкеліп ауыл қыздарына үлестіріп береді. Қыз балалар осы тастармен «шекемтас» деген қазақтың ескі ойынын ойнайды. Үлкендер де, ер балалар да ол тастарға пысқырып қарамайды. Қыстауға көшкенде сары тастар ескі жұртта шашылып қала береді. Қаныш бұл тастардың алтын екенін айтқанда, Бекмағанбеттің екі көзі атыздай болды. Атын естігені болмаса, бұрын шын алтынды көрмеген ауылдың ақсақалдары да бұл тастардың алтын екенін білмеген. Әйелдер үйін сыпырғанда қоқысқа қосып, шұқырға апарып тастай берген. Қайран қазақтың түйедей аңқаулығы-ай!

Бекмағанбет жолдастарымен бірге Қанышты осы тастар табылған індікеш, апандарға ертіп апарды. Жер бетінде жаткан алтынды бұл геологтар өмірі көрмеген екен. Жер астында жатқаны қанша екені белгісіз.

Арада бір апта өткенде Жездіге кеткен мәшине қайтып оралды. Кен бастығы Қаныштың өтініші бойынша ашыққан ауылға он шақты қап ұн, күріш, аздаған ет, қант-шай беріп жіберіпті. Ел тамағы тойып, еңсесін көтерді.

Бекмағанбеттің үлкен ұлы Бәйімбет әкесінің соңғы өсиет сөзде­рін былай деп еске алады:

Әкеміз дүние салар алдында бәрімізді шақырып алып былай деді:

— Тап сол жұт жылының жазында ауылымызға Қыдыр баба айдап Қаныш келіп қалмағанда, тұқым-тұяғымызбен аштан қырылатын едік. Шаңырағымыз ортасына түсіп, ошақтағы отымыз сөніп, әулетіміздің аты өшетін еді.

Қаныш ауылымызды жебеуші, құтқарушы періште болып келді.

Асыл азамат менімен түйдей құрдас екен. Өз ақшасына маңайдағы әлі де жағдайы бар тұр­ғылықты елден он шақты түйе сатып алып берді. Сол түйелерге қос-қолаңымызды артып, бала-шағамызды мінгізіп, киелі Қаратауға жеттік. Алтын кенін тауып бергенім үшін маған жыл сайын зейнетақы ретінде үкімет тарапынан отыз пұт астық бергізіп тұрды. Ақшалай сыйлығы тағы бар. Қарғыс атқыр соғыс басталғаннан кейін бұл көмек тоқтап қалды. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді». Ел басына орасан қайғы-қасірет әкелген аштық және «ер басына күн туған» зұлмат жылдарда біз Қаныш бергізген астықтың аркасында аман қалдық. Мүмкіндігінше көрші ауылдардың аштарына да көмек­тесіп тұрдық. Мұны сендер мәңгі ұмыт­пауларың керек. Сендерді дүниеге әкелген – мен, мені дүниеге әкелген – Қаныш!

Мектеп табалдырығын аттап көр­меген, сауатсыз Бекмағанбет Айбат оқиғасынан кейін өз бетінше кен көздерін іздеуге құлшынды.

Академик Қаныш Сәтбаев ұзақ жыл­дар бойы өзіне жолсерік, көмекші болған Бекмағанбет туралы былай депті: «Бекмағанбет, әттең, оқымаған. Егер тау-кен барлау технологиясын оқығанда, одан өткен ғажайып геолог болмас еді».

Бекмағанбет Қанышпен бірге жүріп Қарағанды кен көзін ашқан Байжан сияқты Қаратау қойнауындағы талай кен көздерін, бастау-бұлақтарын ашуға қатысты. Сол үшін оған «Құрметті геолог» атағы берілді. Қазақстанның тау-кен зерттеу коғамының мүшесі болды. Қазіргі кезде Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында Бекмағанбет Сұлтанғазиев атындағы көшелер бар. Оның еңбегі туралы деректер Жезқазған «Өлкетану» мұрағатында сақ­талған. Халық арасында «оқы­маған академик» атанды. Ол өзінің баяғыда мәшине гүрілінен шошып естен танғанын, алтынды тасқа балаған аңқаулығы мен сауатсыздығын ұмытқан жоқ. Балалары мен немерелеріне оқыңдар деп насихат айтты. Ұлы Бәйімбет ұзақ жылдар ұстаздық етіп, орта мектептерде директор болып қызмет аткарды.

Немерелері Сәуле мен Ардагер де жоғары білім алды. Сәуле Бекмағанбетова қазір Алматыдағы үлкен кітапхананың меңгерушісі. Балалы-шағалы, отбасының анасы.

– Қаныш атаның біздің әулетке жасаған жақсылығын немерелеріме жеткізіп айтып отырамын, – дейді Сәуле.

Ұлы геолог, ұлы азамат Қаныш Сәтбаев­тың адамдарға істеген жақсылығы мен тигізген шарапаты бір бұл емес, соның бір ғана кішкентай көрінісі.

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі, Жазушылар одағының мүшесі

 

3314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы