• Руханият
  • 06 Мамыр, 2021

ІПТӘР

Оразаның алғаш­қы күнін өткеріп, ауыз ашып отырып, баяғы бала кү­ні­міздегі ауызашарлар еске түсті...

Ол кезде ойын ба­ласымыз. Біздің де бір әжетке жа­ра­ғанымызды қа­ласа керек, әкеміз құмандарға жылы су толтырып қоюы­мызды тапсырды. Тапсырма табан астында орындалды. Сосын көп кесеге ішетін су да құйып қойдық.

Артынша кісілер де келе бастады. Біздің көзімізге кіл кемпір-шал келіп жатқандай көрінгені рас. Қазір ойлап қарасам, солардың дені 50-60, әрі кетсе 70-тердегі адамдар екен, тіпті 40-45 шамасындағы «шалдар» да бар-ау. Көбінің басында тақия, аяғында мәсі, біразының иегінде сақал бар, кейбірі мұрт қойған, әйел­дердің бәрі ұзын көйлек киіп, ­бастарына орамал тартқан, баланың көзіне тым үлкен көрінері анық-ты.

Сәлден соң ерлер бір бөлек отырып, әйелдер басқа дастарқанда бас қосып, ауыз ашты. Бүгінгідей аста-төк дастарқан қайда, «салат» деген сөздің мағы­насын «қияр мен помидор» деп қана түсінетін кез. Ішке шамалы ел қондырып алған соң, қонақтар бір­тіндеп тұрып, әлгінде біз дайын­даған құ­мандарды алып, дәрет алуға кетті. Қайтып кеп намаз оқыды. Содан соң ет тартылды.

Біздің жақ­тың «шалдары» асылған етті шұқынып сәл жеген болады да, лезде турауға кі­ріседі. Ой, небір ет турағыштар мен қамыр турағыштар шығады дейсің! Қол қимылына көз ілеспейді-ау, шір­кіндердің! Баппен турап болған соң үлкен керсенмен ыстық сорпа алдырып, ұсақтап туралған ет пен қамырды соған салып, араластырады. «Турама» дейсіз бе, ­«нарын» дейсіз бе, өзіңіз білесіз – дап-дайын! Етті ірілей де қолмен жейміз ғой, бірақ тураманы да сорпасын сорғалатып, саусағын ­жалап отырып қолмен жегенді тәуір көретіндер болады.

Еттен соң – шай. Шаймен бірге біздің күндізден бергі күтіп жүрген қызығымыз ­басталады. Үйдегі магнитофон есіктің алдына шығарылып, «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық» немесе «Алпамыс батыр» жырының пластинкасы қойылады. Жұрт сілтідей ­тынып, жыр тыңдайды. Пәленбайыншы рет тыңдап отырса да, тап осы жолы Төлеген тірі қалатындай, Жәдігер жәбір көрмейтіндей ынтығып тыңдайды-ей! Апаларымыз көз жасын бір-бір сығып алады...

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

1097 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы