• Cұхбаттар
  • 06 Мамыр, 2021

Сауық ЖАҚАНОВА: ҚАЗАҚША ОҚЫМАҒАН АДАМ ҚАЗАҚ РАДИОСЫН ТЫҢДАМАЙДЫ

Сұхбатқа келісім алардан бұрын, телефонның ар жағынан шыққан дауысқа таңданғаным рас. Жетпістің белортасынан асса да әлі сыр бере қоймаған әсем үн кімді де болса елітіп әкетер еді. Миллиондарға үміт сыйлаған Левитан өмірдерегіне көз салғанда көкіректен сайрап шыққан қарапайым дауыстың өзі адам санасына қалайша әсер етерін аңғаруға ­болады. Бізде де халық үнінің қасиетін келешекке жеткізген «қазақтың ­Левитаны» Байжанбаевтың болғанына тәубе. Қазақ радиосына 100 жыл толған тұста киелі қара шаңырақта табан аудармай жарты ғасырға жуық қызмет еткен, сыңғырлаған үнімен халық руханиятына өлшеусіз үлес қосқан диктор, «эфирдің Ақбаяны» Сауық Жақановамен әңгімелескен едік.   

ӘНУАРДЫ АЛҒАШ  КӨРГЕНІМ ЕСІМДЕ

– Бұрынғы адамдар арманшыл еді. Сіз диктор болуды армандадыңыз ба?

– Жастық шақ қызық әрі арманға толы кезең ғой. Әр адам белгілі бір нәрсеге бейім болып жаратылады дейді. Ол генге де байланысты шығар. Біздің ел ән-жырға жақындау болды. Шешемнің шыққан тегі сондай бір өнер қонған ру болатын. Шешемнің өзі де ән ­салатын. Мен сол кісіге тартқан болуым керек. Мектепте жүргенде ән айтып, концерт жүргізіп, өнерге жақындау болып өстім. Рас, арманшыл болдым. Үлкен шешемнің қолында өстім. Соның қасында жатып алып қиялданатынмын. Әке-шешемнің тұңғышымын. Сондықтан мені үлкен шешей бөлек алып кеткен. «Апа, мен қолыммен де, аяғыммен де сізді құшақтап жатырмын» деп, аяғымды үстіне салып еркелейтін едім. Ол кісіге кітаптар, ертегілер оқып беретінмін. Ауылда жүріп қиялданып, өзімнен-өзім болашақты елестететінмін. Ол кезде ауылда ештеңе жоқ, соғыстан кейінгі жылдар. Әйтсе де, жағдайымыз жаман болмады. Әкем мен оның інісі қызметте болды. Өз кезеңінде ауылына лайықты ептеп малы бар, тұрмысы жақсы еді. Әкемнің туған қарындасы Қарағанды қаласында тұратын. Жолдасы сот жағында үлкен қызметте істеді. Жоғарғы соттың төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілген кісі. Жалғыз ағасының балаларымен бірге мені де Алматыға алып кетті. 1966 жылы жазда оқу бітірген соң уайымдап жүргенмін. Ол уақытта көп жұмыссыз жүруге болмайды. Сол кезде жездем Қазақ радиосы конкурс жариялап жатыр деп, сол конкурсқа қатысып радиоға өтіп кеттім. Осылайша Қазақ радиосында қалдым. 

Арман дегеннен шығады. ­Қа­рағанды облысында Сәкен ­Сейфуллин оқыған Нілді (Успен) кеніші бар, соны алғаш бала кезімде көргенде таңғалғанмын. Бұрынғы салынған екі қабатты ғимараттар. Үлкен шешемнің жанында жатып көргендерімді елестетем. Естіген, оқыған дүниелерімді ойыма алып, қиялданып ұйықтайтынмын. Сол уақытта Қарағандыдан артистер келіп, ойын қоятын. Ол кезде клуб жоқ. Мектептің бір бөлмесінде артис­тер ойын көрсетеді. Бәрі де талантты ­артистер. Солардан есімде қалғаны Әнуар ­Молдабеков. Жас кезі. Әнуарды бірінші рет сонда көрдім. Қарағанды театрына актер боп келген екен. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» қойды. Қозы болып ойнады. Өзімнің шешемнің немерелес жақын ағайын інісі Қасымхан Асанов та актер еді. Ол кісі ән шығаратын. Міне, осылардың әсері ме, олар кеткеннен кейін балаларды жинап алып әлгі спектакльдерді қайталаймыз. Біреуіміз Қозы, біреуіміз Баян болып ойнаймыз. Міне, осының бәрі арман ғой. Мүмкін, мені сол арман жетелеген шығар. Кейін Алматыға келгенде радиодан Зәмзәгүл Шәріпованы естідік. Бұрын радиода диктор болып істеген екен. Ол кісі спектакльдерде ойнайтын. Әнмен әрленген спектакльді радиодан береді. ­Соларды тыңдадым. Әйтсе де, диктор болам деп кім ойлаған. Диктор дегенді білмеймін де. Бірақ соған қызығатынмын, армандайтын едім. Мүмкін, қызығушылық мені осы жолға алып келген шығар.    

«ҚОЛЫҢНАН ҚАРЫНДАШ ТҮСПЕСІН» ДЕЙТІН

– Кез келген адамның өзіне үлгі тұтар ұстазы болады. Өткенге көз жібергенде ең әуелі кімдерді ойлайсыз және бүгінгі күні тәліміңізді алған, өзіңіз «шәкірттерім» деп айтатын жандар бар ма?

– Бізге «Сен сөйт, былай оқы» деп арнайы айтқан ешкім болған жоқ. Мен радиоға келген кездері театр факультетін бітіргендер жоқ. Театр факультетінде оқытады ғой. «Сахна тілі» деген ­кафедрасы бар. «Шеберлік» деген бар. Міне, осындай арнайы білім алғандар жоқ болды. ЖенПИ-ден келген Асыл ­Рахымжанова деген апай бар. Басқалары халық арасынан шыққандар. Қатира Әзімбаева апайы­мыз Абайдың әулеті Әзімбайдың тұқымы екен. Ол кісінің күйеуі опера театрының белгілі әншісі еді. Бәлкім, ол кездегі дикторлардың дауысы мен түріне қараған болар. Мина Сейітова болса мектепте жүргенде-ақ пионер дикторы ­болып, пионердің ­хабарларын оқыған екен. Ән салатын өнері бар, ­дауысы қою болатын. Міне, мен радиоға келген кезде сол кісілермен қатар Әнуарбек ­Байжанбаев та жүрді. Сол тұста соғыстан келген кезі. Ол кісінің таланты ғажап, таза халықтық еді. Халықтық дегенім, арнайы білім алмаған. Мәмбет Сержанов деген кісі болды. Шетел тілін бітірген, өте білімді адам. Жаңашыл ­деуге болады. Әнуарбек Байжанбаев және сондағы басқа дикторлар халықтық, халық арасынан шыққан, қазақтың тілін, сөйлеу ырғағын, ­дыбысын, барлығын білетін адамдар болса, ал Мәмбет ағай жаңашылдыққа жақын-тұғын. Кім білсін, өз бетімен оқыды ма, сөздің ішіндегі басты сөз қандай, оны қайтіп оқу керек, сөздерге, әріптерге екпін қай жерге, қандай әріпке түсу ­керек, осылардың бәрін білетін, яғни техника жағына жақындау еді. Бірақ Әнуарбек Байжанбаев пен Мәмбет Сержанов екеуін салыстырғанда (Мәмбеттің де дауысы өте жақсы) әдеби шығарманы оқытатын кезде журналист, ақын-жазушылар Байжанбаевты көбірек қалайтын. Себебі Мәмбет өте білімді болғанымен, техниканың аты техника. Халықтық ырғақ, халықтық жүйе Әнуарбек Байжанбаевта басым еді. Міне, осындай адамдардың арасына түсіп, бәрінен тағылым алдық. «Қолыңнан қарындаш түспесін» дейтін. Себебі қазақтың сөздерінің бәрі жүйе-жүйемен келеді. Жай сөз жоқ қой қазақта. Қазақтың сөзінің бәрі тұрақты сөз тіркестері. Ал оның мағынасын түсінбесең кез келген жерінен тоқтап тыныс алып, техника бойынша оқи алмайсың. Оның өзінің қазақылық жөні бар. Міне, осылардың бәрін жүре-жүре үйрендік қой. Ал, енді жалпы менің ұстазым деп, алдымен Әнуарбек ­Байжанбаевты айта аламын. Себебі бір дауыспен шығарманы оқып шықсаң тартымсыз болуы мүмкін. Тыңдаушы қалай тыңдайды, халық қалай қабылдайды, осыны ойлау керек. Бірыңғай боп кетсе тыңдамауы мүмкін. Сондықтан ретіне қарай ер дауыс, әйел дауысқа бөлінеді. Осындай кезде мені Әнуарбек Байжанбаевтың қасына  алатын.

Мен радиоға жастай келдім. Ең бірінші жас дауыс деді. Байжанбаевтың қасында жүріп дауыстың қойылуын, жүйе-жүйемен қалай оқитынын үйрендім. Бала кездегі оқыған кітаптарым, оның үстіне филологияны бітіргенім, ­Зейнолла Қабдоловтай ұстаздың шәкірті болғаным, бәрі де көмектесіп, әрі қарай алып кеттім. 

Ал, енді шәкірттеріме келер болсам, Дана Нұржігіт, тағы да басқа бірнеше диктор қыздардың айтқаны бар, «Сіз бізге сабақ бермесеңіз де, бірақ сіздің шәкіртіңізбіз деп ойлаймыз». Өйткені олардың бәрі даусымды тыңдап, содан кейін «былай екен ғой» деп ой қорытады екен. Бұндай шәкірттерім өте көп. Өнер академиясында сабақ бердім. Сол уақытта «Сіздің шәкіртіңізбіз» деген адамдар көп болды. Қазір радиода жұмыс істеп жүргендер де «Сіздің шәкіртіңізбіз» деп айтады. Гүлнұр Омарханқызы, Жазира Амантай, т.б. айта берсем шәкірттен кенде емеспін.

 

 «ЭФИРДІҢ АҚБАЯНЫ»

– Биыл Қазақ радиосының 100 жылдығы. Жарты ғасырға жуық радиода қызмет еткен жан ретінде радионың алғаш өзіңіз қадам басқандағы деңгейі мен бүгінгі биігіне көз жібергенде, не айтар едіңіз?

– Иә, биыл Қазақ радиосы жаһан дүние кеңістігіне үнін қосқалы 100 жыл болыпты. Осы радио менің өз босағамнан артық болмаса, кем емес. Қара шаңырағым болғанына ұлғайған шағымда кейінгіге көз салып, ой тоқтатсам, оның атқарған осы күнге дейінгі жұмысына мақтанамын. Соның бір шаруасына қолғабыс еткеніме көңілім өсіп марқаямын. Қазақ радиосында әр бөлімде әр жылдарда азды-көпті еңбек етіп, бүгінгі күнге аман-есен жеткен әріптес жолдастарым аз емес. Илья Жақанов, Асыл ­Рахымжанова, Сара ­Омарходжаева, Тілеуберді ­Доспаев, Әшірхан Телғозиев, т.б.  

Тәуелсіздікке дейінгі кезеңді Қазақ радиосының алтын дәуірі деп есептеймін. Себебі ол кезде орыстардан және басқалардан қалыспау керек деп тырысатын. Ешқандай тамыр-таныстық, пайдакүнемдік атымен жоқ. Әркім өз жұмысының нәтижесін көргісі келетін кезең еді. Бүкіл қазақ даласы, шопанға дейін радио тыңдайтын. Теледидар жоқ, артистер үнемі жүре бермейді, шашырап-шашырап жүреді. Ауыл-ауылдың арасы 30-40 шақырымдай. Сонда немен ақпарат алу керек? Әрине, радиомен. Күні-түні тыңдайтындары Қазақ радиосы. 

Ол уақытта бізге құшақ-құшақ хат келетін. Қазіргідей телефон жоқ. Газет те кешірек жетеді. Халық радио тыңдайды. Мәскеуден қалыспау керек, бір жағынан жалтақтық бар, екінші жағынан, олардың бізден үстем екенін сезеді. Бірақ айтылмайды. Сондықтан тек жақсы дүниелер шығаруға тырысатын. Шерхан ағаның кезінде біз – дикторлар -ов, -ев-тен арылып, адам тегін қазақша айтуды бастадық.

Бізде ән-күй, өнер, бәрі бар ғой. Қазақ халқы талантты халық. Соның бәрін көрсете алу, халыққа дер кезінде жеткізу жағынан Қазақ радиосы бірінші орында тұрды. Ол уақытта техника жағы қиын. Ал бүгінгі күні техника дамыған. Телефонмен сөйлесіп отырып, теледидарға да түсіріп жатады екен. Оны әлеуметтік желіге ­салып жіберетін көрінеді. Бұрын интервью алғанда сөздерді монтаждайтын, сөздің арасын қосып ­музыкамен көмкеретін. Қазір күлетін жерде күлесің, сөйлейтін  жерде сөйлейсің, өлең айтқың келсе өлең айтасың, мақал қосқың келсе мақал қоса саласың. Цензура жоқ. Еркіндік берілген сияқты. Бұрын ауыл да, қала да радионы тегіс тыңдайтын. Қазір көлікте жүргендер тыңдаса тыңдайды, басқаларын білмедім.

– Әнуарбек Байжанбаев Сізді «эфирдің Ақбаяны» деп атапты. Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» әдеби-сазды хабарлардың 80 пайызы Сіздің даусыңызбен жазылған екен... Бұл Сіздің Тәңір берген ­дауыс ерекшелігіңізден бе әлде еңбекқорлықпен келген дүние ме?

– Екеуі қатар жүруі керек қой. Аллаға шүкір, жолдасым жақсы адам болды. Он жыл ата-енеммен бірге тұрдым. Енем бала бағып үйде отырғанымен, атам үлкен қызметтерде істеген. Мен секілді өзінің де балалары бар. Сондықтан маған кедергі жасаған жоқ. Кенже келіні боп қолдарына келіп, он жыл бірге тұрдым. Кедергі келтірмейді деген себебім, радио күні-түні телефонмен мені шақырады да жатады. Алты сағат жұмыс істеуіміз керек. Мен таңертеңнен кешке дейін радиода жүремін. Үйдегілер телефон шырылдаса «Радио шақырып жатыр Сауық, сен ал» дейтін. Содан кетемін. Радиоға шығармаларын жазатын жазушылар «Сауық оқысын» дейді екен. Бұрын Әнуарбек Байжанбаев оқитын. Кім шақырса да мен радиодан табылатынмын.

– Жалпы радионың қасиеті неде?

– Радионың қасиеті – өзіңменен қатар әңгімелесіп отыратын сырласың сияқты. Бір қолыңмен шаруа істеп жатасың. Қазір адамдардың қолынан телефон түспейтін болды. Ол уақытта ­радионы қосып қоятын. Бір жағынан музыка ­айтылып, екінші жағынан адамдар басқа шаруасын істеп жатады. Барлығы да радио тыңдайтын. Радионың тағы бір қасиеті – бүкіл жаңалықтарды тез жеткізеді. ­Газет қолыңа кешірек түседі, кітаптар да қолыңа түсе бермейді, ақын-жазушылар не жазып жатыр, композиторлар қандай ән шығаруда, ауылшаруашылығында не жаңалық, қандай бастық не жақсылық жасады, осылардың барлығын радиодан тыңдайтынсың. «Жалғыз ағаш орман емес» дегендей, жалғыз өзің көп нәрсе істей алмайсың. Кітап, газет оқуға уақыт керек, ондай уақыт бола бермейді. Мектеп бітіргеннен кейін оқуға түссе – оқуға түседі, оқуға түспесе – жұмыс істейді. Бүкіл ел зейнетке дейін тегіс жұмыс істейтін. Қолдары тимейді. Сонда радио тыңдайтын. Бір-екі ай жұмыссыз жүріп қалсаң далада қалғандай сезінесің. Міне, сондай кезеңде радионың халық үшін атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Онымен қоймай, қазақтың қандай халық екенін бүкіл дүниежүзіне жеткізуші – ол Қазақ радио­сы ғой. Артис­тер шетелге шығып домбырамен күй тартса ауызын ашып, көзін жұмып: «Бұндай да өнер болады екен ғой?!» деп таңғалады. Бір домбыраның өзі қаншама музыкалық дыбыстары бар оркестрдің жұмысын атқарады. Бір ғана Құрманғазы ­Бетховеннен, ­Моцарттан артық болмаса, кемдігі жоқ. «Сарыарқа» күйінің өзі көз алдыңа кең даланы елестетеді. Сонда музыканы түсінетіндер таңғалып: «Осындай сары дала Сарыарқа бар екен ғой» деседі. Мидай далада атпен келе жатырсың, самал жел есіп тұрған уақытта күй тартылғанда саған сол самал жел елестей ме? Елестейді. Міне, осының бәрін жеткізу радионың қолында болды ғой. Ауылдағылардан Алматыға немесе басқа да үлкен қалаларға кім келіп театрға барып жүреді? Теледидар жоқ, концертке кім барады? Қазақтың тілін бірінші жеткізетін де – радио. Одан кейін халық әуендерін, Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның, басқа да сазгерлеріміздің әндері деген поэма ғой. Поэма. Сұмдық. Оның бәрінің уақиғасы бар. 15-20 минуттық бір әннің оқиғасымен сондай новеллалар жазылатын. Міне, соларды оқуға шеберлік керек. Өзің оқып отырғаныңды өзің түсінуің керек. Мысалы, сүйген қызын қалың мал берген адам алып кетейін деп жатыр. Соны сүйген жігіті алып қашады ғой. Сол жігіттің қашып келе жатқандағы селеулі даламенен бір қырдан асып екінші қырға келіп, одан бір бұлақтың жағасында отырып әңгімелесуі, бір-бірінің қолын жаңа ұстап, ғашық болып армандарына жеткенін бір-біріне сыр қып шертуі, соның барлығы әңгімемен шебер айтылады ғой. Міне, сонының бәрін әңгімемен шебер жеткізу диктордың құзырында болды.

ҚАЗАҚЫЛЫҚҚА  БЕТ БҰРСА...

– Қазіргі жастардың радиоға көзқарасын білесіз бе? Олардың радиоға қызығушылығын ояту үшін не істеу ­керек?

– Әркім өзінің заманына қарай. Біздің кезіміздегі қазақша оқығандар болмаса, қаланың орыс мектебіне барғандардың көбі қазір қазақша радио тыңдай бермейді. Ал орысша оқыдың ба, бітті, сен қазақ емессің. Сен қазақтың ­жанын, тәнін, рухын, сөзін, не айтқысы келгенін түсінбейсің, түсіндіре алмайсың. Ол түсінбейді, сондықтан тыңдамайды. Не істейміз? Күтеміз. Қазақ мектептері көбейіп жатыр. Қазақша оқитындар көбейіп келеді. Қазақ балабақшалары көбеюде. Қазіргі министріміз міндетті түрде балаларды бірінші күннен бастап мемлекеттік тілде қазақша оқыту керек дегенді айтқанын оқыдым. Сол дұрыс. Әліппені қайта-қайта өзгертіп жатыр ғой. Оның барлығының көмегі шамалы. Қазақтың балаларын қазақы жөнімізбен қазақша оқытсақ қана сол бала ертеңгі күні тыңдайды. Ол Қазақ радиосын да тыңдайды, теледидарын да көреді. Теледидарда да толып жатқан шоу, сатиралық ойындар адамның миын аулау деген сөз. Бұлардың барлығын қазақылыққа бұру ­керек. Оны жөндеуге уақыт керек. Халықтан сұрайтыным, Қазақ радиосын тыңдағыңыз келсе қазақша біліңіз. Балаларыңызды қазақша оқытыңыз. Балабақшадан бастап, қазақша тілі шыққан бала қазақы болады. Біздің кезімізде қазақша мектеп болмады. Бақшаға барады – орысша, аулаға шықса – орысша. Қазір де қазақ мектебінде қазақша оқиды да, үзіліске шыққан уақытта орысша сөйлейді екен. Сән дейміз ғой, міне, осылай орысша сөйлеу сәнге айналып кетті. Соның барлығын бірден өзгерту қиын. Бірақ түбінде өзгеретініне сенеміз. Тіліміз үстемдік алып, қазақша газет-журналдарымыз оқылатын болып, қазақша радиомыз, телевидениеміз батысқа еліктеуді азайтып, ептеп-ептеп қазақылыққа бет бұрса екен.

 

ОЛ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ   ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ» ЕМЕС. НЕГЕ?

– Мыңдаған тыңдарманның жүрегіне жол таптыңыз. Жетістікке жетудің, халық жадында қалудың сыры неде?

– Мінезге де байланысты ғой деймін. Кейбір адамдар бәрін біледі, бірақ айтып жеткізе алмайды, сөйлемейді. Кейбір адамдардың бәрі ішінде сайрап жатады. Кейбір адамдар кішкене қисынын келтіріп, тілге ерік беріп, соқыр көретіндей, саңырау еститіндей қылып сөйлей береді. Енді кейбір жақсы сөйлейтін адамдар болады. Жақсы сөйлейтін адамдарды халық тыңдайды, көңіл аударады, бірақ бір-екі көріп, содан кейін қарым-қабілетін байқайды. Біраздан кейін ол да халықтың махаббатынан айырылып қалады. Ал, енді өзіне тиесілі дүниені ғана атқарып, қарапайым жай жүретін адамдар бар. Ол адам көңіліңде қалуы мүмкін. Жүз пайыз мықты адамдар болмайды ғой. Бәрі де дауыстың мықтылығына байланысты емес. Мінез дедім ғой, сол мінез сенің дауыс ерекшелігіңнен де, өзіңнің адамға деген қарым-қатынасыңнан, көңіліңнен сезіледі. Аузыңды ашып, ептеп сөйлегеннен-ақ кімнің-кім екені білініп қалады. «Мен біреуге ұнайын, жақсы болып көрінейін, озып бара жатқанды шалып қалып, соның орнын алайын» дейтін пиғыл жүрегіңде болмауы керек. Оны маңайыңда жүрген адамдар да біліп қалады. Бір Құдірет бар ғой. Құдіреті күшті Аллаға сенбесең болмайды. Ол бір күн болмаса бір күн бәрін өз орнына қояды. Сондықтан ешқандай жасандылықсыз, қулық-сұмдықсыз, саудасыз өзің қалай жаратылдың, сол жаратылысыңмен ғана жүрсең болды. Өзіңнің кім екенің эфирде оқығаныңнан-ақ білінеді. Оны сезгендер сезеді, әрине. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов радио тыңдап отырып, радиодан сөйлеп жатқан кісілердің бәріне «Мына кісі мынандай, ана кісі анандай» деп мінездеме береді екен. Түрін көрген жоқ, эфирден сөйлеп жатқан адамдарға мінездеме береді. Екінің бірі бұлай мінездеме бере бермейді ғой. Бірақ сезетіндер бар.

– «Сауық апайда неге «Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайраткері» атағы әлі жоқ» ­деген сұрақ өнеріңізді сүйген халық көкейінде жүрген сияқты...

–  Мен жұмыстан ертерек шығып қалдым. Сол кездегі жағдай бойынша «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағын «Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі» атағын алғаннан кейін бес жыл өткенде беретін. Ең бірінші орден алдым, одан бес жылдан соң «Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі» атағы берілді. Содан соң «Халық артисі» атағын беру керек еді. ­Жалпы бізде аяқтан шалатындар көп қой. Енді алу керек болған уақытта жұмыстан шығып қалдым. Шығарып жіберді деуге болады. «Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі» атағын 1995 жылы алдым. Одан бес жыл өткенде 2001 жылы  жұмыстан кеттім. Сол кездер қиын кезең еді. Елдің бәрі маған мұңын шағып келеді. Көбі жұмыссыз қалған. Эфирге дикторлар емес, өзінің бағдарламасын алып келген адамдар шығатын болды. Біз сол кезде жұмыссыз қалдық. Елдің көбі жұмыстан қысқарып жатқанда, мен радионың белгілі адамы болған соң, барлығы маған келеді. Маған елдер «Студия жабылып қалды. Жұмыстан шығып кеттік. Жоғары жақ бұндай жағдай орын алғанын білмейді. Сондықтан сіз қол қойып бересіз бе? Бұл жерде ешкімді жамандамаған» деп қағаздарын алып келді. Мен соған ойламаған жерден қол қоя салдым. Өзім қол қою, арыз дегенді жақсы көрмеуші ем. Бойымдағы адам ­баласына сенгіштік қасиетім болса ­керек сол кезде қол қоюға себеп болған. ­Зейнетке аз-ақ уақыт қалған. Бір жарым жылдай үйде жүрдім. Арасында Өнер академиясында қосымша 2-3 сабағым болды. Содан маған «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілмей қалды. Қазір бірден осы атақ беріледі. Ал бұрын кезең-кезеңмен берілетін. Жұмыстан ерте шығарып жібергеннен соң «Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі» атағымен-ақ құжаттарымды жинап алып дербес зейнеткерлікке шығуыма болады екен. Жұмыстан шығарып жібергеннен кейін оның бәрі қалды. Ал сол кезде жұмыстан шығып қалмағанда дербес зейнеткерлікке де шығуым мүмкін еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Нұрлайым БАТЫР

6668 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы