• Қоғам
  • 06 Мамыр, 2021

Ел дамуының бір көрсеткіші

Жақында АО BIM мамандардың кәсіби деңгейін жоғарылату, оқыту, кеңес беру орталығы мамандарының онлайн дәрісіне қатысудың сәті түсті. Аталған орталық дәрістерін, Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің IT орталығымен бірлесіп өткізіп келеді. Оқыту республика көлемін қамтиды және тегін. Бұл жолғы тақырып: «Коммуналдық-тұрмыстық қалдықтарды жүйелі пайдалану». Жоба жетекшісі Әділ Несіпбаевтың айтуынша, тұрмыстық қалдықтар мәселесімен айналысатын мамандар бүгінде Қазақстан оқу орындарында оқытылмайды. Содан да мамандар жоқ. Кеңес дәуірінде (1991-1993 жылдарға дейін) политехникалық оқу орындарында, техникумдарда, Харьковтегі (Украина) университетте дайындалатын.

Осы қоқыс десе, сонау тоқсаныншы жылдары Алматының батыс жағындағы тау-төбе болып үйіліп жататын қалдықтар есімізге түседі. Оларды жыл да өртейтін. Өкпені қапқан түтіні өз алдына, әлгі өртең вулкан шұңқырына ұқсап айлар бойы қоздап жататын. Жаңбырға өшпейтін, өйткені бықсып жанатын астында зат көп. Қызыл шоқтанған шұңқырларға талай адам, мал түсіп кетіп, опат болғаны бар.

Дамыған елдерде қоқысты өртемейді. Қайта өңдейтін зауыттарға жібереді. Дәрісте көрсетілген мәліметтерге үңілгенімізде, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ­Германияда 99,6 %, Австрияда 99,3% , Бельгияда 98,7%, Фрацияда 69%, Италияда 52%, Испанияда 45%, Хорватияда 6%, Болгарияда 5%, Босния мен Герцоговинада 1%, ­жалпы Еуроодақта 60%, Ресейде 5-7%. Көріп отырғанымыздай Еуропалық өлшеммен кедей саналатын Босния мен Герцоговинада, Болгарияда көрсеткіштері айтарлықтай төмен. Яғни қоқысты қайта өңдеудің өзі – ел дамуының бір көрсеткіші.

Қазақстанда әзірге мұндай көрсеткішті айту мүмкін емес. Себебі Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, облыс орталықтарында күн сайын қанша қоқыс шығарылатыны әлі толық есептелмепті. Оны есептеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеу қажет. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ондай жалғыз бағдарлама жасалған. Алматыдағы Құрылыс колледжінің ­директоры Жантілеу Әзілханов 2005-2006 жылдары 60 студентті жұмылдырып, сол жылдары қаладан күніне 2000 тоннадай қоқыс шығарылатынын, түрлерін анықтаған. ­Сосын мамандар сол мәліметтерге сүйеніп, арнайы бағдарлама түзіп, монополияға қарсы мекемелерге ұсынып, тарифтерді бекіттірген. Әлі күнге сол «Алматы қаласының аумағынан қатты және тұрмыстық қалдықтарды шығару» бағдарламасы пайдаланылады екен. Ал 15-16 жылдан бері Алматы қаншама өзгерді. Халық саны көбейді. Жаңа аудандар пайда болды. Қоқыстың химиялық құрамы да өзгерді. Контейнерлер сұйық қоқыстардың кесірінен шіруі, иісіне шыбын, құрт-құмырсқа, егеуқұйрық қаптауы, жұқпалы аурулар таралу қаупі жоқ емес.

Бір қарағанда қоқысты тиеп апарып полигонға төгуде немесе зауытқа жеткізуде тұрған бәлендей оқу-тоқу жоқ секілді. Шетелдерде оның барлығы арнайы бағдарламамен қамтылады. Мысалға, сасып, шіри бастаған контейнердегі қоқыстан жолға сұйықтық ағып, иісі тұрғындардың мазасын кетіруі мүмкін. Сондықтан қоқыс тиеген көлік қаладағы қай жолдармен жүретін бағытына дейін белгіленеді. Неғұрлым төте жолмен, тез шығарылуы көзделеді. Сасып шіріген қоқыс зауыттың жұмысына да кедергі келтіреді.

Алматыда қоқыс шығарумен «Тәртіп» атты мекеме шұғылданады. Жекеменшік мекемелер де жұмыс істеуде. Сондықтан қаланың айналасында қоқыс полигондары көбейіп кеткен. Олардың қайсысы Экология министрлігінен рұқсат алғаны, алмағаны беймәлім.

Алматыда Кеңес Одағы кезінде салынған зауыт 2003 жылы қайта жаңғыртылған. Тариф саясаты дұрыс үйлестірілмегеннен ол жабылып, 2006-2007 жылдары жаңа ­зауыт салынған. Бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматыда бір-бірден, елімізде небәрі екі зауыт бар. Шетелде мұндай қайта өңдейтін мамандандырылған зауыттар қомақты пайда табады. Тыңайтқыштан бастап көп өнім шығарады. Елімізде ондай дәрежеге жету үшін ақпараттық технологияны пайдалану қажет. Тұрғын үйден шығарылған қоқыс, қайта өңделіп, мүлде басқа зат болып шыққанша арнайы мекемелердің назарында болуы тиіс.

Қоқыс тасымалдаумен айналысатын мекемелердің бас ауруы аталатын бір жайды да айтпай кетуге болмас. Мысалға, Елордада маңызды бір халықаралық жиын өтетін кезде, әкімнің нұсқауымен сол мекемелер қаланы тазалайды. Енді оларға ақша төлеуге келгенде әкімдердің өздері қиналады. Себебі бюджетте қаржы қарастырылмаған. Шарасыз басқа көзден төленеді. Ақиқатында ол заңсыз төлем болып шығады. Демек, заңдастыру қажет. Мамандардың айтуынша, әсіресе осы індет кезінде Қазақстан қалаларында да қоқыс көбейген. Адамдар үйлерінде көбірек отырған сайын бау-бақшадан бас­тап, шағын құрылыс жұмыстарымен көбірек айналысатын болған. Содан қалдық көлемі ұлғайған.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ   

 

1887 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы