• Қоғам
  • 06 Мамыр, 2021

Қазақстанның бітімгершілік миссиясы

Бүгінгі таңда ел мен елдің татуласуы, өзара береке-бірлікте болуы әлемнің басты назарында. Бұл тұрғыда Қазақстанның айтарлықтай рөлі зор. 
Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы болашақтың беріктігі жолындағы істеліп жатқан жұмыстардың бір парасы. Ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманының бірі – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану екені белгілі. Осы орайда Қазақстанның бітімгершілік миссиясы кең ауқымда өзінің міндетін атқарып келеді. 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстан әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет болып қалыптасты. Оған тікелей әсер еткен еліміздің БҰҰ қатарына кіруі. Қазақстан осы жылдары халықаралық деңгейдегі дау-жанжалдардың, шиеленістердің, қарулы қайшылықтарды шешуде, тараптарды татуластырып, ағайындарға араша болып әлемдік қауымдастықта өз орнын айшықтап алды. Сондай-ақ Семей полигонын жауып ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі Қазақстан бастамалары жаппай халықаралық қозғалысқа ұласты. Нәтижесінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Болашақта бұл ұйым этносаралық, конфессияаралық татулықтың қазақстандық тәжірибесін таратуға өз септігін тигізеді деп сенеміз. Сонымен қатар бітіспес жауға айналған көршілер, соғыс жағдайында тұрған мемлекеттер тоқтамға келіп, Тұңғыш ­Президент Н.Ә.Назарбаевтың араласуынан кейін татуласып жатқанына біз куә болдық. Қазақстан әлемдегі туындаған  көптеген дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің өзіндік тәсілдерін ұсынып та келеді.Ол ­бастамалар «Тарих толқынында», «Бейбітшілік кіндігі», «Сындарлы он жыл», «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» еңбектерінде, «Жаһандық әлем және ядролық қауіпсіздік» мақаласында, ядролық қарусыздану бойынша Вашингтон, Сеул, Гаага саммиттерінде сөйлеген сөздерінде көрініс тауып отырды. Сонымен қатар Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит аясында «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жария етілді.  Осы бағыттағы еліміздің бітімгершілік миссияларының алатын орны ерекше. 

Бұрын-соңды халықаралық ұйымның бітімгершілік миссия атқаратын әскеріне жасақ қосу ісіне кез келген мемлекет қатыстырылмаған. Ал халықаралық саяси-әлеуметтік міндеттемелерін жауапкершілікпен орындайтын, небір күрмеуі қиын мәселелерге араласып, бітімгерлік, бейбітсүйгіштік қырынан көрінген біздің елімізге осындай міндеттің жүктелуі үлкен абырой. Оны беделді халықаралық ұйымның сенім артуымен қатар, мойындауы және санасуы деп ұғынуымыз ­керек. ­Дегенмен, бітімгершілік күштер туралы мәселеде еліміздің сарбаздары қақтығыс өрті өршіп тұрған аймақтарға бармайтынын айтуымыз керек. Ондай өңірлерге БҰҰ-ның «Бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесінде» әбден ысылған әскер жіберіледі.  Еліміздің бітімгершілік саладағы белсенді ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесі және ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланды.  Нәтижесінде 2017-2018 жылдары Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызмет етті. 

Жалпы еліміз бітімгершілік бағытта ауқымды жұмыс атқарып, Қазақстан әскері бітімгерлік миссияларына белсенді түрде қатысып келеді. Ұлы даланың ұландары бүгінде БҰҰ-ның бітімгер әскері құрамында әлемнің бірқатар бөлігінде міндетін абыроймен атқарып жүр. Мәселен, 2003 жылдан бес жылдай уақыт Иракта қақтығыстарда «ҚАЗБАТ» атағының дүркіреген кезі болса, 2014 жылдан бастап еліміздің 11 офицері Батыс Сахарада және Кот-д’Ивуар Республикасында БҰҰ миссияларына атсалысқаны, Тәжік-Ауған шекарасын күзетуге қазақстандық сарбаздардың қатысқаны белгілі. Африка мен Кариб бассейнінің бірқатар елдерінде бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына жәрдемдесу Қазақстанның БҰҰ-мен өзара байланысының жаңа ­сатысы болды. Бітімгерлікпен айналысу мақсатында 2018 жылы 120 жауынгер UNIFIL-дің құрамында (Ливан үкіметіне елдегі билікті қалпына келтіруге көмектесу және осы елден Израиль әскерлерінің шығарылуы үшін құрылған) Ливандағы тыныштықты сақтау міндетіне кірісті. Жалпы бұл миссияда 42 елден келген 10 мыңнан астам сарбаз борышын өтейді. Аталған операцияға қатысу Қазақстан Қарулы Күштерін де ширатып, бітімгершілік пен гуманитарлық көмек көрсетуде тәжірибе жинақтауға, әскери бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін тексеруге зор мүмкіндік екені анық.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның 128 әскери қызметкері бітімгершілік миссияларымен айналысады. Яғни осы салаға үлес қосқан мемлекеттер арасында 66-орында тұр. БҰҰ бітімгершілік миссиясына ең көп үлес қосушы ел – Эфиопияға (6650 сарбаз) қарағанда әлдеқайда аз. Дегенмен, Қазақстан – Орталық Азиядағы бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет. Мәселен, Қырғызстан небәрі 12 адам ғана жіберген. БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына атсалысу жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бейбітшілік орнатуға және оны сақтап қалуға мүмкіндік береді. Осылайша, саралай келе,Қазақстанның бітімгершілік миссиясы – мемлекеттің сыртқы саясатының ажырамас бөлігі ретінде қалыптасып, Қазақстан бітімгершілері тәжірибелі жасақ болды деп айтуға негіз бар.

Жомарт Құдайбергенұлы,

саяси ғылым докторы, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі

3203 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы