• Руханият
  • 06 Мамыр, 2021

Мұқағали музейі – Алматыда

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

Биыл қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. 
«Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің» деп тебірене жырлап, ұрпағына сырлы сазын қалдырып кеткен ұлт ақынына арналған «Алаш жырының ақиығы – мұзбалақ Мұқағали» атты жылжымалы көрме Қарасаздан Алматыға жетті.

Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев,М.Мақатаевтың әдеби-мемориалдық мұражайының жетекшісі Ерлік Мұхамеджанұлы және т.б. сөз сөйлеп, мұражай жұмысына сәттілік тіледі.

Мұзбалақ ақынның қолының табы қалған қай дүниесі болсын жүрегіңе тым жақын. Шахмат тақтасы, домбырасы, балық аулайтын қармағы, сағаты, сия сауыты, жазу машинкасы, портфелі, өзі киген костюм-шалбары, қойдың терісінен тігілген ішігі, 1974 жылдан бастап жазылған қойын дәптері, қолжазбалары, Ғабит Мүсірепов сыйға тартқан алтын қаламы, Әбділда Тәжібаев сыйлаған насыбай шақшасы, «Жұлдыз» журналында жұмыс істеген кездегі куәлігі, жұмыс үстелінде тұрған Абайдың мүсіні секілді алпысқа жуық жәдігер Алматы музейінен орын алған. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері Қарасаз ауылында жұмыс істеп келе жатқан Мақатаев әдеби-мемориалды музейінде 734 экспонат бар.

Көшпелі көрменің ашылу рәсімінде қоғам қайраткері, ақын, драматург Нұрлан Оразалин «Қарасаз –Мұқағалидың туған бесігін тербетсе, Алматы оның жырының бесігін тербеткен қала. Біз Мұқаңның батасын алған, тілегін жүрегімізге тұмар қылып өскен ұрпақтың біріміз» деп, сөзін әрі қарай жалғады.

–       Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған халқым елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім,  – деп өзінің өлмейтін жырларын жазған, бүкіл ғажайып сәттері ­Алматыда өтті. Біз оны көрдік. Біреу білер, біреу білмес, Мұқағалиды танудың жолын ашқан, ең алғаш көлемді мақала жазған Әбіш Кекілбаев болатын.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан әдебиетсіз ешқашан ұлт та, халық та болмайтынын тілге тиек етті. «Іргемізде індет індеп тұрған, қиын-қыстау уақытта таудың түкпіріндегі Мұқағали мұражайының ­Алматы музейіне келіп жатқанына қуаныштымын. Осы 30 жылдықтың бедерінде Алматының төріне келген көшпелі мұражайды мен бірінші рет көріп отырмын. Мақатаевтың ел-жұрты, өскен ортасы, араласқан тұстас­тары, өзінен кейінгі шәкірттері, бәрі кезең-кезеңімен ашылады. Өзі қаншалықты қиын тағдыр кешсе де, өмірін, тағдырын өлеңге арнаған, өмірін өлең үшін құрбан еткен тұлғалар әлем әдебиеті тарихында некен-саяқ. Қазақтың маңдайына бұйырған бағы, тағ­ды­ры бар Мұқағали Мақатаевтың мерейтойы құтты бол­сын! Әдебиет дейтін ұғым бар, әдебиет дейтін кеңістік бар. Соның қос қанатын көтеретін Мақатаев сияқты тұлғалар».

Ақынның әулетінен ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүл Мақатаевтар Мұқағалидың тоқсан жылдығы аясында атқарылып жатқан істерге тоқталды. Нарынқолда ескерткіші орнатылатынын, Елордада гимназияға есімі берілетінін, «Қазығұрт» баспасынан он томдық шығармалар жинағы шығатынын, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басшысы хабарласып, «ақынның өлеңдерін жеті тілге аударып, бірлесіп жұмыс істеуге» ұсыныс жасағанын жеткізді. «Жер-жерде ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар өте көп. Біз де шама-шарқымызша қатысып келе жатырмыз. Ол кісінің рухани байлығын әспеттеп, ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Халқы сүйікті ақынына ­деген махаббатын еселеп қайтарып жатыр. Халық бар да, ұрпағы бар да артында қалдырған мол мұрасы ғасырдан-ғасырға жете берері анық» дейді Жұлдыз бен Бақытгүл.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төраға­сының орынбасары Бақыт Беделхан: «Қаншама жыл өтті. 45 жылдан кейін музейі Мұқағалидың өзі болмаса да, көзі болып Алматыға бірінші рет келді. Бұл қаланың мәдениетін көтеретін игілікті істің бірі. Ұлттығымыздың туын желбірету,ұлы тұлғаларға бүкіл халықтың ықыласын аудару – үлкен іс-шара. Мұқағали ағамыз ақын ғана емес, драматург, жазушы, зерттеуші. Қасиет, кие қонған ірі тұлға. Сондықтан ұлы тұлғаның ұлағаты ұрпағына мәңгі жалғаса берсін. Жылжымалы мұражай әлі талай қазақ даласын шарлап, елдің игілігіне жұмыс істейді деп ойлаймын».

Көшпелі көрме 20 мамырға дейін Алматы музейіне келушілерге ұсынылады.

1286 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы