• Руханият
  • 06 Мамыр, 2021

КӨБЕЙМЕЙ КӨҢІЛ КӨНШІМЕС...

Нұрперзент Домбай
 «Ana tili»

Қандай ұлт, қандай халық болмасын оның ең басты байлығы, бары мен нары – мекен етіп жатқан жері. Біз қазақ – бақыттымыз. Қайсар да намысшыл бабаларымыздың ат үстінен түспей, дұшпанына есе жібермегенінің арқасында, өзіміз жиі айтатындай, ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын кең жерге  ие болып отырмыз. Егер дүниежүзінде тәуелсіздігіне ие екі жүздей мемлекет бар десек, солардың ішінде жерінің көлемі жағынан тоғызыншы орында екенбіз. Ауыз толтырып айтатын-ақ көрсеткіш.
Жеріміз – кең, шеті, шегі жоқтай көсіліп жатыр. Әрине, бұл жақсылық. ­Алайда бұған керісінше, санымыз аз. Осы қалпымызбен де өмір сүре беруге болар еді. Кең жерде қысылып-қымтырылмай, еркін тіршілік еткенге не жетеді. Бірақ бұлай болмайды екен. Баршылық, артықшылық өзіңе жақсы болғанымен, өзгелердің көзқұрты көрінеді. Қызғанады. Көре алмайды. Реті келсе бар айла-тәсілін қолданып, жеріңнің бір пұшпағын өзіне қаратып, иемденгісі келеді. Бұл текке ­айтылып отырған жоқ. 

АЗШЫЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ҰРЫНДЫҚ?

 

Солтүстік жақтағы көршімізді кәдімгідей іш тартып, жақын дос ­санайтынбыз. Қанша ­дегенмен жетпіс жыл бойы ортақ үйіміздей болып кеткен бір одақта өмір сүрдік. Сырымыз да, ­жырымыз да бір болып кеткен. Егер алда-жалда шығысымыздағы көршінің көңілі бұзылып, әп жыландай атылып жатса (беті аулақ!) алдымен қолұшын созар теріскей жақтағылар болар деп жүретінбіз. Мұнымыз бекер болып шықты. Байырғы «досымыздың» ниеті бұзық екен. Төбемізден мұздай суды лақ еткізгендей: «Біз жерді сендерге сыйға бергенбіз» дегендері қызық болды-ау. Шіркін, даладай дарқан көңіліміз-ай. Абайдың «өзіңе сенін» ескермей, естен шығара беретініміз-ай.

Сонымен, сөздің түйіні не? Сақтық! Тағы да сақтық! Сосынғы басты мақсат – көбею! Қазақтың санын арттыру.

Қазақстан әлемдегі халық ең аз орналасқан ел. Бір шаршы шақырым жерде тұратындар орта есеппен сегіз адамнан ғана. Олай болса, елдегі халық өсімінің өте зор геосаяси да мәні бар.

Белгілі ғалым Мекемтас ­Мырзахметов бір мақаласында мынандай деректерді келтіреді. 1897 жылғы халық санағында Ресей қоластындағы қазақтардың санын 3 млн 786 мың деп көрсетсе, 1911 жылғы санақта 4 млн 692 мың қазақ болады. 15 жылда қазақ 905 мың адамға көбейген. Ал 1916 жылы 6 млн болған қазақ өсіп, өркендеудің орнына 1940 жылы 1 млн 900 мыңға дейін құлдырап, үш еседен аса азайған. Осы кезде көршілес отырған қырғыз, түрікпен, тәжік бес есеге, өзбектер он екі есеге дейін көбейіп, үнемі өсіп отырған.

Қазақтың да әлгінде атап өткен тәжік, өзбек, қырғыз секілді көбеюіне мүмкіндік бар еді, алайда халқымыз бастан кешкен сұрапыл жылдар өсірмек түгілі, өшіруге тақап әкелді. Сол 1926 жылы қандастарымыз өзбектен он-он бес пайыздай көп болған. Айтулы демограф, марқұм Мақаш Тәтімов: «Егер аштық болмағанда біздің санымыз қазір 32-35 миллион­нан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді...» дегенінде айна-қатесіз шындық бар. Аштық, қуғын-сүргін, соғыс, одан кейінгі тың игеру... қазақтың жер бетінен құрып кете жаздауына әкеліп соқты. Дегенмен де, бізді қолдап-қорғайтын Құдайымыз бар екен. Сүрінсек те, тұрып кетіп қайта есімізді жидық. Бұл демографиялық өсімге де әсер етті. 1959 жылғы одақ көлеміндегі халық санағында қазақ 20 пайызға көбейді. Сөйтіп, 1926 жылғы санымызға араға қырық жыл салып әрең жеттік.

Сан ғасыр аңсаған Тәуелсіздікке ие болғанымыз халық санының өсуіне де ықпал еткендей. Бұлай дейтініміз, 1989 жылы өткен халық санағында өз жерінде 39,7 пайыз ғана болған қазақ, егемендіктің алғашқы жиырма жылында 6534,6 мың адамнан 3562,1 мың адамға артып, 10096,8 мың болды. Елдегі үлес салмағы 63,1 пайызды құрады.

Көңілге қуаныш ұялатқан осы жағдаймен қатар, қаяу түсірген жайт та орын алды. Соңғы санақ 2009 жылы өткені белгілі. Ондағы халық саны – 16010,0 мың адам. Бұл 1991 жылға қарағанда (16464,5 мың) 454,5 мың адамға кем. Мұның себебі бар. 2009 жылғы санаққа дейін елімізден сыртқа, яғни байырғы тарихи отандарына кем дегенде 4,5 миллиондай адам қоныс аударды. Ал алыс-жақын шетелден көшіп келген қандасымыз 900 мыңдай.

Бүгінгі статистика елдегі халық саны үстіміздегі жылдың басында 18631,4 мың болғанын айтады. Осының 12765 мыңы қазақ ұлтының өкілі, яғни республикадағы халықтың 68,5 пайызы. Осыған да шүкіршілік дейміз. Әйтеуір өсім бар. Биылғы өтетін санақта  19000,0 мыңнан асып жығылармыз деген үміт бар. Бұған сәйкес қазақтың да үлес салмағы 80 болмаса да 75 пайызға жуықтар.

Бәрі дұрыс қой. Оң нәтиже қуантады. ­Дегенмен де, ұлан-ғайыр аумағы бар мемлекетке хал­қымыздың осы саны дәтке қуат болатындай ма? Әрине, жоқ. Бізге зор қарқынмен өсу керек, көбею керек. Енді осы мәселеге арнайы тоқталайық.

 

АНАНЫ ҚОЛДАУ – БАЛАНЫ ҚОЛДАУ

Қайтсек көбейе аламыз? Еліміздегі халық санын көбейтудің негізгі екі  жолы бар екені белгілі. Оның бірі – табиғи өсім болса, екіншісі  – сырттағы қандастарды елге тарту.

Өсіміміз қалай дейтін болсақ, баяу, ­алайда сәл де болса ілгерілеушілік бар. 2019 жылы 403064 бала өмірге келсе, 2020 жылы 425,6 мың сәби дүние есігін ашқан. Яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,6 мың балаға басымырақ.

Сөз жоқ, бұл тоқмейілситіндей жетістік емес.Бізде өткен ғасыр­дың жетпісінші-сексенінші жылда­рын­дағыдай жеті-он, одан да көп бала өсіріп отырған отбасылар өте сирек. Тіпті ауылдық жерлердің өзінде көп балалы аналарды жиі кездестіре алмайсыз. Саусақпен сандарлық қана. Есесіне ауылға қарағанда қалада дүниеге келгендер саны тәп-тәуір. Мәселен, 2020 жылы қалалық жерде туған сәбилер. 248,7 мың болса, ауылда кіндігі кесілген бөбектер 176,9 мың. Пайызға шаққанда 58,4 және 41,6%.

Баланың дүниеге келуі неге аз, отбасылар неге көбіне екі-үш баламен шектеліп отыр? Мұның ­басты кілтипаны ретінде бала санын көбейтуде аналарды ынталандыру, көтермелеу жайының көңіл көн­шіте бермейтіндігі. Басқасына тоқталмай-ақ, балаға берілетін жәрдемақыны алайықшы. Ол сәби бір жасқа толғанша беріледі де, одан соң тоқтатылады. Неге осыны үш жасқа дейін жалғастырмасқа. Анасы онсыз да үйде отыр. Кішкентайын немен асырайды сонда? Қазір кешегі уақыттағыдай 1,5-2 жастағы баланы бағып-күтетін бөбекжай деген де жоқ. Балабақша баланы үш жастан бастап қабылдайды. Демек, бұл ойлантатын жайт.

Бала санын шектеуге әкелетін ендігі себеп – әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Әсіресе аналарды баспана мәселесі толғандырады.

Осы жерде кейбір елдердегі оң тәжі­рибені неге өз елімізде пайдаланбасқа деген ой ­туады. ­Мысалы, Ресей «Ана капиталы» дегеннің көлемін жыл сайын өсіріп отырады. Сондай-ақ бала санының көбеюіне қарай берілетін жеңілдіктер бар. Жер участогына көмектесу, кәсіпкерлік саласында көмек беру... Жапония елі де «Бала капиталын» өсіріп отыруды назардан тыс қалдырмайды.

Біздің елде де қозғалыс байқалады. Үстіміздегі жылдың наурызында Мәжіліс депутаты ­Ерлан Смайлов үкіметке ана капиталын енгізу жөнінде ұсыныс білдірді: «Әрбір туған бала үшін қазақстандықтарға 4,2 миллион теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түріндегі ана капиталын енгізу орынды. Осы қаражатты мақсатты пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын, балаға білім беру, анасының жинақтарын жақсартуға болады» дейді.

Жақсы-ақ ұсыныс. Орындалып жатса, қанеки. Алайда үкімет әр балаға тиесілі жәрдемақыны біресе 21 мың, енді бірде 11 мың теңге етіп өзгертіп отырғанда, 4,2 млн теңгемен жарылқау қолынан келе қояр ма екен... Қайдам...

Бір елдер бар. Бала шыр етіп туа салысымен арнайы депозит ашылып, оған мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде қаржы құйылып тұрады. Бала 18 жасқа толғанда ата-анасы ол қаржыны желкілдеп өсіп тұрған ұл-қызының қажетіне жарата алады. Қолдайтын-ақ игі іс.

Қазақ әйелінің бала санын көбейте алатынына еш күмән келтірмейміз. «Ана тілі» газетінің биылғы нөмірлерінің бірінде Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұратын Азамат Хадимжанның отбасы туралы жазылды. Отағасы отыз алтыда болса, жұбайы Айым Сүйеуқұлова отызда. Олар жас та болса өмірге тоғыз бала әкеліп, сырт жұрт сүйсінетіндей өсіріп отыр. Бұдан басқа, газеттерде жазылып жүргеніндей Қамаш Сейітжанова атты апамыздың жиырма баланың анасы екендігінен хабардармыз. Әлі есімізде. Тоқсаныншы жылдары Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты «Жеңіс» аталатын шағын ауылда он және одан да көп баланы өмірге әкелген 84 көп балалы ана болған.

Өмірден алынған бұл деректерді жайдан-жай келтіріп отырған жоқпыз. Мемлекеттен қолдау, көмек, нақты шаралар болса, мұны нағыз елдік іс деп танитын болса алтын құрсақ аналарымыз отбасындағы бала санын көбейтуге үлкен үлес қоса алары анық. Халқымыздың қатарын молайту мәселесі өзекті болып тұрған қазіргі кезеңде әр шаңырақтан баланың көптеп өрбуі өте маңызды.

 

«ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА ҚҰТ»

Елдегі халық санын көбейтудің тиімді бір жолы – шет елдердегі қандастарымызды атажұртқа оралту. Бұл көп елде бар тәжірибе. Мәселен, Израиль осылай ету арқылы бар болғаны 800 мың халқын 9 миллионға жеткізіп алды. Ресейдің қазіргі басшысы да сырттағы орыстар мен орыстілділерді елге шақырудан кенже қалып жатқан жоқ.

Жалпы сырттағы қазақ қанша? Әртүрлі пікір бар. Тоқайласып келгенде 6-7 миллионның төңірегінде. Аз деп айта алмайсыз. Өз еліміздегі қазақтардың елу пайызын құрайды.

Алыстағы ағайынды елге тартуда ештеңе істеліп жатқан жоқ деп ауызды құр шөппен сүртсек мұнымыз артықтау. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері туған елге бір миллионнан астам қандасымыз оралды. Мұның өзі үлкен еңбектің жемісі.

Елдің кешегі басшысы Н.Назарбаев та, бүгінгі Президентіміз Қ.Тоқаев та елге елдің қосылғанына мүдделі. Елбасы Тәуелсіздік алған 1991 жылғы 16 желтоқсаннан кейін екі апта өткен соң «Шалқар» радиосы арқылы алыста жүрген бауырларымызға «Атамекенге келем деуші ағайынға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарынан жарылқасын» деп жар салғанын ешкім де ұмыта қоймаған шығар. Қасым-Жомарт Кемелұлы болса «Дүниежүзіндегі қандастардың басын біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» дейді.

Көші-қон үдерісінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілеп берген «Көшіп келу туралы», «Халықтың көші-қоны» туралы, кейінірек «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері ­бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Қазақстанның Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі, Көші-қон комитеті, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» секілді мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар құрылып, көші-қон саясатын жүргізуге атсалысты және атсалысып та жатыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көштің қарқыны жақсы еді. Кейін саябырлап қалды. Сірә, бұған үкіметтің әнебір жылдары көші-қонға мораторий жариялағаны, квотаның қысқарғаны, азаматтық алудың әуре-сарсаңға салуы әсер еткен болса керек. Дегенмен, қазір де бұл істің ­бойына қан жүгіргені байқала қоймайды. Бұл туралы ­таяуда Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Парламент отырысында сөйлеген сөзінде ашына баяндады. Оның айтуына қарағанда, 1993-2021 жылдар аралығында бөлінген квота кестесіне қарағанда адам саны жүз есеге дейін төмендеп кеткен. 1993 жылы 60 мыңдай, 2009 жылы 100 мыңдай адам қабылданса, биыл бар болғаны 1426 адамға ғана квота бөлінген. Квотаға ұсыныс беру әр облыс әкіміне жүктелгені белгілі. Бұл іс барлық ­облыста дерлік шатқаяқтап тұр. Мәселен, Атырау, ­Батыс Қазақстан облыстары 2017-2021 жылдар ішінде бірде-бір адам ұсынбаған. «Азаматтық алу қиын. Ресей, Израиль, тағы басқа мемлекеттерде азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіп, бір күнде шешеді. Бізде 48 құжат жинау керек» дейді депутат. Әріптесінің қынжылысы Мәжілістің тағы бір депутаты Сауытбек Абдрахмановтың сөзінде де байқалады: «Қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілген. Осы жеті облысқа этностық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны – 1426. Өсім жоққа жуық. Қандастарға арналған квотаның мұншама азайып кетуін ештеңемен түсіндіру мүмкін емес. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін шетелдерден көшіп келетін». Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар атынан ҚР Премьер-Министрі А.Маминге қандастар көшіне қатысты сауал жолданғаны белгілі. Үкімет басшысының қайтарған жауабында 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайтып оралуына жәрдемдесу жоспарланғаны айтылады. Бұл да жақсы, әрине. Алайда мынаны да ескерген жөн. Баспасөз беттерінде Қазақстанға 1,5 миллион этникалық қазақ тұрақты тұруға қоныс аударғысы келетіндігі туралы жазылып жүр. Қытай еліндегі 800 мың қандасымыз құжаттарын түгендеп, Қазақстанға көшуге тастүйін дайын отырған көрінеді. Сонда дейміз ғой, жылына көшіріп алатынымыз 12-15 мың адам ғана болса, 1 миллион қазақты көшіру үшін қанша жыл күтеміз? Осы жерде біздің түн ұйқымызды төрт бөліп тұрған не нәрсе? Ол – елге жеткісі келіп тұрған қазағымыздан айырылып қалмаймыз ба деген алаңдаушылық. Себебі ұлты қазақ болғанымен өзі ауасын жұтып, суын ішіп отырған елдің тәртібінен алыс кете алмайтыны анық. Тілі де, ділі де  солай қарай бейімделе береді. Ақырында ұлттық белгілерінен жұрдай ­болып қалуы мүмкін. Бұдан кейін, сөз жоқ, ­тарихи отаны саналатын елге деген сүйіспеншілігі де суып, қазақтығын да ұмыта ­бастайды. Бізді толғандыратыны, жанымызды жай таптырмайтыны осы.

Сонымен, сырттағы ағайынды елге оралтуда не нәрсеге көңіл бөлгеніміз жөн? Бұл жөнінде осы мәселе өздеріне жақсы қанық төмендегі екі азаматтың пікіріне құлақ түріп көрелік. «Қандастарымызды көбейтудің бір жолы – өркениетті елдердің этностық көшті жүргізудегі озық тәжірибелерін тиімді пайдалану. Көптеген мемлекеттер репатрианттарды көшіріп алуда олардың бұрыннан өмір сүріп жатқан тұрғылықты жерінен бастайды. Атажұртқа визаның қай түрімен қоныс аударады, барған соң тұрақты тұруға, тіркелуге, азаматтық алуға қандай құжаттар керек болады – оның бәрі сол жерде дайындалады. Шекарадан өткенде кім күтіп алады, қай өңірге орналасады, баспана мәселесі қалай шешіледі, не жұмыс істейді – бәрі де ескеріледі. Этностық көшті ұйымдастыруда біз де осындай өркениетті жолға түсуіміз керек» дейді жазушы Сұлтанәлі Балғабаев. Кезінде өзі де Отаным деп елге алып-ұшып жеткен бауырларымыздың бірі, белгілі ғалым Дүкен Мәсімханұлы өз ойын былайша білдіреді: «Қандастарымызды елге әкелеміз десек, олардың өмір сүруіне қажетті тіршіліктің ең қарапайым шарт-жағдайын жасап беруіміз қажет. Ол қандай шарт-жағдай? Бірінші, құжаттандыруды (ықтиярхат, азаматтық) жеңілдету керек. Екінші, қандастар арасындағы қарапайым егінші, малшыларды еліміздің солтүстік өңірлеріне әкеліп, егістік және жайылым жермен тегін қамтамасыз ету керек. Үшінші, зиялы қауым өкілдеріне, өнер, мәдениет қайраткерлеріне қала-қалашықтардан жартылай несиемен болса да баспана беру керек. Төртіншіден, зейнет жасындағы қандастардың еңбек өтіліне қарай лайықты зейнетақы тағайындау керек. Бесіншіден, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана кісі басына жеткілікті мөлшерде бір реттік жәрдемақы беру керек».

Тиісті орындар тарапынан бұл құнды пікірлер ескеріліп жатса нұр үстіне нұр. Бұларға қоса айтарымыз, әсіресе шеттегі қазақ жастарының Қазақстандағы оқу орындарында білім алуына баса көңіл бөлінгені жөн. Үлкендерге қарағанда олардың сіңісіп кетуі жеңілірек.

Іс бір жүйеге түсетін болса шеттегі бауырларымызды елге қайтарудың жолдары көп. Ол үшін мақсатты, пәрменді бағыт болуы тиіс. Ел Президенті Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, бұған «кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпарат беру үшін ғана емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауы тиіс». Мемлекет басшысының тағы бір ерекше тоқталғаны, қан­дастар көшін қолдай отырып, оларды еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарына орналастыру. Мұны да түсіністікпен қабылдап, іске асырғанымыз жөн. «Ол жақтағылар көбіне орыс тілділер, үйренісе алмас» деп тон пішудің қажеті жоқ. Бөгде жер емес, өз жерің, өз топырағың ғой. Алаңдауға негіз жоқ. Алғашқы уақытта көңіл алай-дүлей күй кешер, алайда бара-бара қалыптасып кетуге әбден болады.

Сөзіміздің соңында елдің аузында жүрген маңызды бір мәселеге айрықша тоқталғымыз келеді. Ол – көші-қон мәселесімен тікелей айналысатын дербес мемлекеттік құрылым құру жөнінде. Мұндай құрылым бізде бұрын болған. Көші-қон және демография агенттігі деген. Осы агенттікті қайта тірілтпесек болмайды. Бұл күнде кешегі агенттік жұмысы Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктері, ҚХА, «Отандастар қоры» сияқты мекемелерге, қоғамдық ұйымдарға бөлініп берілген. Көрмейсіз бе – шашыраңқы. Осылардың басын біріктіретін, бағыт-бағдар беріп, істі талаптағыдай жүргізетін бір ие, мекеме қажет. Ол жаңағы айтып отырған Көші-қон және демография агенттігі болар еді.

Мемлекет деген аты болғаннан кейін оның айналысатын шаруасы шашетектен екені бәрімізге белгілі. Алайда біз көтеріп отырған мәселенің еліміз, ұлтымыз тағдырында алар орны ерекше. Оның шет жағасын біршама айтып та өттік. Халқымыздың саны көп болса ұлт мерейін тасытар әлдеқайда мол жарқын жетістіктерге жетеріміз кәміл. Айта-айта әбден жауыр болған ана тіліміздің жайы дұрыс жағына шығары анық. Нағыз ұлттық мемлекетке айналып, қазақтың дегені болар. Бәрінен бұрын қауіпсіздігіміз, жеріміздің жай-күйі бүгінгідей алаңдатпас.

...Көбей, қазақ! Көбеймесек көңі­ліміз көншімес...

956 рет

көрсетілді

32

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы