• Тұлға
  • 06 Мамыр, 2021

БАЛАСАҒҰННЫҢ БАҒЫН АШҚАН

2020 жылы 18 қарашада Қазақстанның білімі мен ғылымына сүбелі үлес қосқан  ұстаз-ғалым Уахит Хамзаұлы Шәлекенов ағамыз 97 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Міне, содан бері жарты жылға жуық уақыт болыпты. 97-ге келсе де үнемі факультеттің, кафедраның қай ісіне болмасын жанын салып, ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын ағамыздың орны да әлі күнге дейін үңірейіп тұрғандай. 
Уахит ағаның өмір жолына үңілсек, оның азаматтық, қоғамдық, ғалымдық өмірі кімге болса да үлгі-өнеге. Ол екі ғасыр тоғысында білім мен ғылымды өркендетуде жемісті еңбек еткен ұстаз-ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Сұрапыл Отан соғысы кезінде де майданға жасы жетпесе де сұранып барып, Отан үшін от кешіп, болашақ ұрпақтың бейбітшілігі мен ынтымағы жолында жанын аямай, ерлікпен күресе білген. Оның осы бір ерлік пен өрлікті бойына дарытқан патриоттық қасиеті кім-кімге болса да үлгі-өнеге.

1950 жылдары ол КСРО Ғылымдар Академиясының Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтында ғылымның табалдырығын аттап, Ресейдің белгілі ғалымдары С.Толстов, Т.Жданколармен қоян-қолтық араласа жүріп, экспедицияларына қатысып, біліммен сусындап, мол тәжірибе жинақтады. 1953 жылы «Быт каракалпакского крестьянства ­Чимбайского района в прошлом и настоящем» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 1967 жылы «Казахи низовьев Амударьи (к истории взаимоотношений народов Каракалпакстана в XVIII-XX вв.)» докторлық диссертациясын қорғаған. 1972 жылы Т.Жданконың редакциялық жетекшілігімен жарық көрген «Этнографического атласа ­народов Советского Союза» жинағының «Хозяйство Қаракалпакии в ХІХ – нач. ХХ вв» бөлімінің ­басым бөлігін жазып, қарақалпақтардың тұрмысы, шаруашылығы, рухани мәдениеті жөнінде құнды деректер береді. Ағамыз қанша жасқа келсе де өзінің осы ұстаздары жөнінде жиі еске алып, әңгімелеп отыратын еді. Ол 1953-1970 жылдары Өзбекстан Ғылым Академиясының археология және этнология Қарақалпақ филиалының сектор меңгерушісі болып қызмет атқарды. Еңбегі еленіп, «Қарақалпақ АКСР ғылымына еңбегі сіңген» құрметті атағын алған.        

Ұстаз, ғалым болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі десек, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық, ғалымдық қасиетке барынша адалдық танытып, саналы ғұмырын осы салаға арнаған профессор У.Шәлекеновтың ұстаздық та, тарих ғылымдары саласында да еңбегі ұшан-теңіз.

1973 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне (ол кезде С.М.Киров атындағы) қызмет бабымен келген ол бірнеше жыл «Археология және этнология» кафедрасының меңгерушісі, «Тарих» факультетінің деканы қызметін де атқарды. Осы қызметтерде жүріп-ақ, факультеттің өркендеуіне сүбелі үлес қосты десек артық айтпаспыз. Мәселен, 1983-1984 жылдары кафедра жанынан екі оқу музейін – «Археология» және «этнология» музейін ашты. Бұл музейлер әлі күнге дейін өз маңызын жоғалта қойған жоқ. Онда студенттер дәріс тыңдаумен қатар, университетке, факультетімізге келетін қонақтардың өзі де ат ізін салмай кетпейтін орындардың бірі. Бұл музейлерде кафедраның ­археология, этнология саласындағы ғылыми ізденістерінің нәтижелері археологиялық артефактілер, этнографиялық бұйымдар, ­фотоқұ­жаттар қойылған. 1974 жылы Жамбыл облысы Шу ауданындағы ортағасырлық Ақтөбе (кейінірек Уахит Хамзаұлының дәлелдеуімен Баласағұн деп те аталды) қаласын Тарих факультеті студенттерінің археологиялық зерттеу тәжірибе базасына айналдырды. Мұндай археологиялық база сол кезеңдегі КСРО, қазіргі ТМД елдері ЖОО көп кездеспейді. Ағамыз осы базаға деген жанашырлығын өмірінің соңғы кезеңіне дейін көзінен таса қылған жоқ. Тозуға жақындаған базаға күрделі жөндеу жұмыстары қажет деп жоғары жаққа да бірнеше рет құлаққағыс етті. Сол базаны көзінің қарашығындай қорғап, оны халықаралық тәжірибе алаңына айналдырсам деген мақсаты мен арманы бар еді. Соның арқасында Корея ғалымдары бұл базаға, орта ғасырлық қалаға қызығушылығы оянып, оны қаржыландыру жөнінде мәселелер талқылаған да болатын.

Ұстаз-ғалым У.Шәлекеновтің тарих ғылымы саласында да еңбегі орасан зор. Оның тарих, археология және этнология саласында жазылған 500-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері, оның ішінде 30-дан астам монография, оқулықтары мен оқу құралдары және жинақ кітаптары оқытушы, ізденуші, студент жастардың қолынан түспейтін еңбектер. Оның ішінде: «Казахи низовьев ­Амударьи» (1966), «Түріктердің отырықшы өркениеті» (2003), «История и этнология Амударьи и Сырдарьи в XVIII – XX вв.» (2003), «Баласағұнның жұмбағы шешілді» (2004), «Орта ғасырдағы Ақтөбе (Баласағұн)» (Альбом), Анкара, (2006) /қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде/; «V – XIII ғғ. Баласағұн қаласы», (2006) «Қазақ өркениеті» (2009), «Ежелден түріктер отырықшы» (2017), «Орталық Азиядағы мемлекеттер» (2017), т.б. Жоғары мектептерге арналған «Әлем халықтарының этнографиясы» (1994, 2002), т.б. оқу құралдары мен оқулықтары бар.

У.Шәлекенов жоғарыда аталған еңбектерін археологиялық, этноло­гиялық, антро­пологиялық және жазба деректерге сүйене отырып, түркі өркениеті сонау ежелгі заманнан қалыптасқан өркениеттер қатарына жататынын дәлелдей отырып жазған. Ғалым-ұстаз түркі халықтарының тарихы, тұрмысы, саясаты, дәстүрлі мәдениеті және өзара қарым-қатынастары сияқты мәселелерді де назардан тыс қалдырмайды. Уахит Хамзаұлының соңғы кезеңдердегі Арийлер туралы арнайы, күрделі де көлемді еңбектер жазуы ұлттық ­тарих ғылымының күрделі де маңызды мәселесін көтеруде және шешуде өте құнды жаңалық болып табылады.

Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де халық арасында орынды айтылған. ­Уахит ағамыздан білім алған, тәрбиелеген шәкірттерінің бір тобы бүгінде ғылым докторы мен кандидаты атағын алып, археология мен этнология саласында жаңа жаңалықтар ашып, жетістіктерге жетіп, Қазақстанның жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында жемісті еңбек етіп жүрсе, ендігі бір тобы жоғары лауазымды қызметтерде елдің игілігі үшін қызмет етуде. Ағаның ең үлкен шәкіртінің бірі кафедрамыздың белді маман археологы, профессор М.Елеуов (ол кісінің өзі биыл 75-ке келіп отыр), профессорлар Г.Меңдіқұлова, Б.Қалшабаева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры Ш.Әмірбеков, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Б.Абенова, ҚР Парламенті сенатының депутаты М.Мұхамедов, ҚР Парламенті Мәжілісінің ­депутаты М.Ерманов, Ресейдегі елшіміз Е.Көшербаев, т.б. Олардың қай-қайсысы болмасын ағаның кеңдігін, адамгершілігін, жерге, руға бөлмей баласындай не інісіндей көргендігін ыстық ықыласпен еске алады.

Уахит ағамыз отбасында да ардақты асыл жар, қамқор Әке, мейірман Ата бола білген жан. Апамыз ­Мадис Құсанқызымен (филология ғылымының кандидаты, доцент) екеуі сонау Мәскеуде бас қосып, дүниеге екі азаматты әкеледі. Бүгінде екеуі де ғылым докторы: Болат Уахитұлы – медицина ғылымының докторы, Мұрат Уахитұлы – тарих ғылымының докторы. Өсіріп отырған ұл-қызың еңбегіңді ақтап, мерейіңді үстем етіп отырса ата-анаға содан артық бақыт жоқ сияқты. Міне, сол бақыттың да дәмін татып, ұрпағын мақтан еткен Уахит ағаның арманы да жоқ шығар. Бүгінде немерелерінің өзі әке жолын қуып, мысалы Санжар Болатұлы (медицина ғылымының кандидаты) әкесі Болат екеуі ел аузындағы белгілі маман-дәрігерлер, ғалымдар.

Ағамыз бен апамыздың отбасындағы қарым-қатынасының өзі кім-кімге болса да үлгі. Соңғы кезеңге дейін бірінің бірі жағдайын жасап, қамқор болды. Шынын айтқанда, аға мені қызындай көріп, ерекше қадірлейтін, тіпті апаңның тәттілерін жеп кетсей деп жиі шақырып та тұратын. Мен де өз үйімдей жиі барып тұрдым. Сол соңғы кезде жұмыс басты болып біраз соға алмай, қыркүйек айында аға аурыңқырап жүргенін естіп, үйіне барғанымда ағам менің келгеніме балаша қуанғаны әлі есімде. Сол барыста бірақ көңілім ­босап келді. Сонда бір сыр шерткендей, «Алла маған екі азамат берген екен, мен оларды жаман тәрбиелемеппін, екеуі де кезек-кезек келіп, қонып, бізді жаны қалмай күтіп жүр» деп ықыласпен, өзіне-өзі көңілі толып, перзенттеріне ерекше ризашылығын білдіріп отырды. Ағамыз да апамызда Бөкең мен Мұрат, Санжар және келіндерінің арқасында ерекше күтімде екенін сырттай көріп те біліп те жүрміз. Әсіресе Болат ағаның қамқорлығы ерекше, қартайғанда ата-анаға баладан көрген ықылас пен қамқорлықтың орны айрықша екендігі белгілі.

Қорыта келгенде, елім деп соққан жүрегінің қалауын орындаған, адал тірлігінің арқасында өзінің өрнекті мектебін қалыптастырған, елінің құрметіне бөленген, халықтың қалаулысына айналған, қоғамдық өмірдегі толымды тұлғалық бейнесін қалыптастырған Уахит Хамзаұлы Шәлекенов ағамыздың өмір жолы кім-кімге болса да үлгі-өнеге.

Уахит ағаның жарқын бейнесі, ұстаздық-ғалымдық үлгі-өнегесі әруақытта жүрегімізде, жадымызда.

Б.Қалшабаева,

тарих ғылымының докторы

 

1138 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы