• Тұлға
  • 06 Мамыр, 2021

Шықпайды неге есімнен, осынау қайың мүсіні? (эссе)

Илья ЖАҚАНОВ

САЗ БЕН СӨЗ СӘУЛЕТКЕРІ

Қайсыбір жылы қалмақтың аса көрнекті ақыны Давид Кугультинов Бішкекте өткен Шыңғыс Айтматовтың жетпіс жылдығында сахна төрінде тұрып, «Шыңғыс прозасы музыкалы прозаға айналды» деп тебірене сөйлегені еске түсіп отыр. Осы бір салтанатты сөз еріксіз елең еткізіп, тұла бойымызды иітіп жіберген. Ал енді Шыңғыстың өзінің де «Прозадан музыка чығат. Кандай укумуш, а? ­Гениально!» дегені және бар. Бұл сөз сол мерейлі тойда Шыңғыс прозасына жазылған Илья Жақановтың әндеріне байланысты айтылғаны анық еді. Міне, содан бері, тіпті одан әріден деп айтсақ та болады Жақанов жаһанды таңғалдырумен келеді. 
Бір заманда «Аққулар қонған айдын көлді» жазған Ілекеңнің өзі де қазір сол шалқып жатқан айдынға, байтаққа айналды. Әлгінде Шыңғыс пен Давидтің аңғарғанындай, жазуының өзі де жатқан бір саз. Сөзде саз болады дегенді Ілекеңді оқығандар растайтын болар. Сондықтан оның ұшы-қиырына көз жетпейтін байтақ әлеміне ену биік өре, деңгейді, пайым-парасатты қажетсінеді. Эссе, новелла, элегия дегендеріңізді Ильядай құйрық-жалы төгілген жүйріктей жұтындырып жазатындар сирек. Әсіресе өнердің өзін өнерге арқау етудің қаншалықты азап екенін жаның жаннатта болғыр Әбіш, Ақселеу мен Әшірбек Ілекеңнің осы бір бөтен бітімін әлденеше рет тебірене жазып еді. Әлгі жанрларды қомсынсаңыз роман, повестердің небір нәзира үлгілерін де осы кісіден табасыз. Ал, енді Қазақ радиосының мұрағатынан арагідік берілетін радионовелла, эсселерді жайбарақат тыңдау мүмкін емес. Халқымыздың рухани алтын бастауларын былай қойғанда, сонау Моцарт, Шопен, Бах, Бетховен, Чайковскийдің өзін сол заманда жүргендей дәйекті толғаныспен жазатынын айтсаңызшы. 
Дәл бүгін 85 жасқа толып отырған Жақанов­­тың сазы мен сөзіне тағы бір мәрте зер салып, тамсанғыңыз келсе, мына бір дүниесі сол ойымызға нақты жауабын берері сөзсіз. Ол бұл туындысында кезінде ел ішін елең еткізген «Ақ қайың» ән романсы туралы ғажайып сыр шертеді. Эссе кейіпкерлері алып Мұқағали мен Әділбек ақын. Уағында осы әнді қатты ұнатқан Мұқаң – Мұқағали осы аттас поэма да жазғаны бәлкім есіңізде болар. Сондай-ақ алуан тағдыр кешкен Әділбек ақынның осы әнге өлердей ғашық болып, осы аттас өлең жазғанын да есіңізге бір алып көріңіз. Ғажайып өмір жатыр бұл эсседе. 
«Ана тілінің» тұрақты авторы, саз бен сөз сәулеткерін мерейлі жасымен құттықтай отырып, аталған туындысын оқырман назарына ұсынамыз.

 

АҚ ҚАЙЫҢ

(Бірінші түрі)

Адам жанын терең толғанысқа салатын романсты жиі-жиі тыңдау дағдыға айналды. Бізге ерекше бір құдірет боп көрінетін композиторлар Мұқан Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», (Бұл өлеңнің авторы неміс ақыны – Левенштейн. Одан аударған орыс ақыны Виктор Крылов. Бұл, әрине, біз білетін басняшыл Крылов емес. Осы құпияны зерттеп тапқан тамаша ғалым Зәки Ахметов. – И.Ж.) «Тос, мені, тос!», «Кестелі орамал», Қапан Мусинның «Шолпаным», Мәкәлім Қойшыбаевтың «Құйқылжыр көңіл құсы шартарапқа», Сыдық Мұқамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Есімде», Әбілахат Еспаевтың «Мен сәлем жазамын» деп аталатын романстары радиодан берілгенде қилы-қилы ойға салып, тіл жетпес тұңғиық сезімге бөлейтін-ді. Әсіресе «Есімде» романсы:

Алматының бозғылт тұман түнінде.

Көп тұрып ек жасыл терек түбінде.

Сүйемін деп асылып ең мойныма,

Қайда, қайда сол минуттар бүгінде, – деп, жүрек қылын мамырлата шерткенде таби­ғаттың естен кетпес тұманды түнінде жасыл терекке сүйеніп тұрып, қапелімде көз жазып қалған сүйіктісін сарыла еске түсірген махаббат мұңлығы дәйім көз алдымнан кет­пей­тін еді. Сондай сәттерде сурет салатыным бар. Қалай әсерленсем де бейнелеген суретім жапы­рағы сарғая сиреген қайың боп шығады. Ал бір күндері сол ақ қайың әуез боп тербейін деді...

***

...Данияр есімді екінші ұлым Алматының театр институтында оқитын-ды. Сол студент кезінің өзінде ол КСРО халық артисі Нұрмұхан Жантөрин, Бүкілодақтық кино жұлдыздарының бірі Леонид Ермольник, Әнуар Боранбаев сияқты белгілі артистермен араласып, «Раритет», «Дархан», «Кто ты, всадник?» деп аталатын фильмдерде басты рөлдерде ойнаған жайы бар. Осы Данияр бір күні үйде жайбарақат әңгімелесіп отырып, былай деді: «Папа, бір жолы ұстаздарымыз бізді драмтеатрда болатын бір спектакльдің репетициясына апарды. Ол спектакльде Жантөрин ойнайын деп жүр екен. Біз ол кісіге тәңірдей табынамыз. Репетицияда әзірлігін көрдік. Біз түгіл, актерлардың өздері таңғалысады. Дауысы сұңқардай саңқылдағанда ондай керемет дикцияны ешкімнен естімеппін. Есім кетті. Сом тұлғалы бітімі қандай. Керемет! О-ой, қызыққаным менің... мен «Дархан» фильмінде осы тамаша адамның немересі боп ойнадым ғой... сол репетицияда бір үзіліс сәті болды. Біреулер коридорға шығып, ­шылым тартты, біреулер әзіл-қалжың айтысып, өзді-өзі гуілдесіп тұрды. Бір кезде іштен ән естілді. Маған таныс ән секілді. Елең ете түстім. Сөйткенше болған жоқ, өзім жақсы көріп, інілік сезіммен «ағатайлап», ерекше сыйлайтын актер ағам Әнуар Боранбаев маған жымың етіп: «Әні, тыңда... сенің папаңның «Ақ қайыңы»» деді. Жүгіріп барып залға кірдім. Сахнада бір актриса… үстінде шұбатылған ұзын қара көйлек, өзі сондай сымбатты, өзімен-өзі бір тұңғиық қиялға берілген. Санамен сарғайып «Ақ қайыңды» сызылтты. Қасындағы актерлар оған үнсіз тынып, қарады да тұрды. Осы бір көрініс көз алдымнан кетпейді, папа, осы әнді қай жылы жаздың?» деп сұрады.

Біраз ойланып отырып, ол ән жайлы ­хикаяны жайлап айта бастадым:

– 1957 жылдың алтын күзі. Студентпіз. Ұлан жаз бойы кешегі қыркүйек айының ортасына дейін сол кездегі Ақмола облысы Қима ауданының Қима совхозында (Есіл өзенінің жағасы) теңіздей толқыған көк шалғында шөп шаптық. Сабылып жүріп ол істі де тындырдық. Іле бітік өскен егін орағына кірістік те кеттік.

Е, толассыз зымыраған шіркін уақыт... содан бері неше рет жаз шығып, неше рет қыс түсті. Сол кездерде тың дала төсіндегі дүбірлеген өмір тынысын қалай елестетуге болады? Жиырма бес мың гектар егіні бар «Қима» совхозының алтын астығы тау-тау боп үйіліп жатыр. Қырман басы тынымсыз тірлік. Қауырт қарбалас. Жан-жақтан ағылып кеп, бидай төгетін машиналарда кідіріс жоқ, тоқтау жоқ. Біз бір-бірімізбен әзілдесіп, жайраң қағып отырып кешкі асты ішеміз. Арқаның көз жетпейтін жазық даласын қып-қызыл нұрға малып, Күн бата береді. Сәлден соң толықсып Ай туады. Ай нұрына балқыған байсалды дала сүттей ұйып, қырманның бір тұсынан:

Едем мы друзья,

В дальние края.

Станем новоселами

И ты, я! – деген әнді лыпылдаған баян сазына қосылып, ресейлік жастар бастап кеп қалса, оған әп-сәтте елең еткен Украина, Белоруссия, Татарстаннан келген жігіттер:

Ой, ты, зима морозная,

Ноченька ясна звездная.

Скоро ли я увижу

Свою любимую в степном краю?

 

Вьется дорогая длинная,

Здравствуй, земля целинная,

Здравствуй, простор широкий, – деп іліп ала жөнеледі.

Бұл әндерге еліге қалған біздің қыз-жігіттер де қызыл қырманның бір шетінде тұрып:

Астық деген тау қасында,

Қырман қызып, әнге басқан.

Ақ бидайдың ортасында,

Қыз өнері жаннан асқан!

Ер деп білген бір көрген жан,

Сүйген сәулем Шолпан, Шолпан! – деп сызылтады.

Е, қырман басында біз шырқайтын мұндай әндерде есеп жоқ. Ол өз-өзінен жалғаса береді:

...Ақ бидай, алтын астық дәннің аты,

Ақ бидай бүгін шырқар әннің аты!..

 

...Таң біліне тракторге,

Бір қарындас отырды.

Жылан бауыр, сүйегі ауыр,

Алып «Нати» жосылды.

 

...Еду, еду қашықтан,

Мен водовоз асыққан.

Мөлдір су бар, достар-ей,

Кому надо поскорей!

 

...Айлы дала, салқын самал тамаша,

Екі ғашық келе жатыр оңаша...

 

...Ей, құшағыма сені алып,

Би билейін қуанып.

Қырманға кел, қалқатай,

Білегіңді сыбанып.

Біздің сүйікті әндеріміз осылайша қырдан қырға асып, түнгі даланы бесік жырындай тербейді де жатады. Аласапыран тірліктегі шаршауымызды ән сездірмейді... Ән! Романтикалық шалқудың құштар сезімді қуатын әннен алушы едік... Әннен! Айт, айтпа, өмірдің осындай сәулелі, шуақты, базарлы шағын таң алдында көрген тәтті түстей әр кез тебірене еске аламыз.

...Тау-тау боп үйілген қырманнан тиелген астықты Арқаның жазық даласында шаңдата шұбырған машина керуенімен «Жақсы» элеваторына жеткізіп беріп жүрдік.

 Ал бір күндері жұмыс та бітті. Тиесілі ақшамызды алдық. Алматыға көңілді оралдық. Ауылшарушылық жұмысына қатысқанымыз үшін филфак деканаты жатақхана берді. Сөйтіп, курстастарыммен бірге жатақханада тұра бастадым.

Осы бір кездерде радиодан «Салтанат» әнім жиі берілді. Осы әннің буымен радиоға, консерваторияға, Композиторлар одағына жиі-жиі барып, әндерімді композиторлар мен әншілерге көрсетем.

Енді бірде сурет салатын әдетім елеңдетіп, көркемсурет галереясында бір суретшінің көрмесін көрдім. Суретшінің фамилиясы – Храпковский. Өзіме таныс есім. «Бұл кісі қайдан жүр, мұнда?» деп ойлана қалдым. «Карагачи исполины» деген картинасына ұз-а-ақ қарадым. Қоңыр күз... әбден қартайған қара ағаш. Кешегі желкілдеген желегі жоқ. Бар көркінен жұрдай боп айырылған. Бір қаусаған қария секілді...

 Сол күннен бастап галереяға да жиі келіп жүрдім. Сондай күндердің бірінде тағы бір көрмені тамашалап тұрғанда ақ қайың бейнеленген алтын күзге сұқтанғаным сондай, оған да ұз-а-а-қ қарадым. Менімен қатар тұрған ұзын бойлы ақсары кісі маған жалт бұрылып: «Ты мой мальчик, откуда... какими судьбами» дегені.

 Мен сасқалақтап, не дерімді білмей, қымсынып тұрып қалып едім, ол кісі: «Я здесь... в городе» деді.

Таныдым. Шолақтаудағы (Жамбыл облысы қазіргі Қаратау қаласы) Сталин атындағы мектептің оныншы класында оқып жүрген кезімде мені суретке баулыған Михайл ­Борисович Храпковский есімді ленинградтық суретші. Әңгімелесе келе білгенім, Храпковский (бұл кісі 1952-53 жылдары саяси көзқарасы үшін Ленинградтан Қазақстанға жер аударылыпты. Жамбыл облысының ­Сарысу, Талас аудандарында мектептерде сурет сабағынан дәріс беріп жүрген. Одан Алматыға қоныс аударыпты. Кезінде «Крокодил» журналына суреттері жиі-жиі шыққан белгілі суретші. Бұл кісіні менімен оныншы класта бірге оқыған бүгінгі көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері Мырзатай ­Жолдасбеков те біледі. Біз екеуміз мектепте қабырға газетін шығаратын едік. Мырзатай мақаласын, өлеңін жазып, мен суретін салатын едім. Ол суретімді осы Храпковскийге көрсетіп алатынмын. – И.Ж.) Алматыға келіпті, осы көркемсурет галереясында суретпен айналысатын жастарға үйірме ашып, дәріс беріп жүр екен. Осы жүздесуден кейін мен бұл үйірменің бір мүшесі ретінде Храпковскийден дәріс ала бас­тадым. Осы галереяда алғаш рет көрген әлгі бір ақ қайың бейнеленген картина есімнен шықпай, толғандыра берді. Храпковский мені бірден майлы бояумен табиғат көрінісін салуға машықтырды. Ол кездерде қазіргідей холост табу қиын, ол бар болса да алатын ақшамыз жоқ. Біз суретімізді шағын размерлі картонға лайықтап салдық. Менің айналдыра беретінім – ақ қайың бейнесі. Ол бір шексіз толғаныс. Күз түсті... күз... алтын жапырағы сирей бастаған қайың... міне, оған ойлана қарай беру күндердің күнінде жүрегімде ұйып жүрген бір әуездің лебін анық сездірді. Бұл құбылысты бірге оқитын досым Өмірзақ Айтбаевқа аян еттім. Оны сырлы сезімді әнші қыз Батыршаева Әуеске де ыңылдап айтып бердім. Екеуі әндеткенде бірге оқитын Ізтай Есқалиев, Қайрат Қасымов бірі домбырамен, бірі мандолинмен қосыла кетеді. Жаңа ән құрбы-құрдастарды қызықтыра еліктірді. Мен осы бір кездерде ептеп Өмірзақтың мандолинін үйреніп алып едім. Көкейдегі әнім мандолинге жып-жинақы боп қона кетті. Мандолинді сыздықтата шерткен ­сайын әннің көркі, келбеті, құрылысы ап-анық көрінді. Диапазоны да дауысқа жайлы боп шықты. Композиторлардың сөзімен айтқанда, «куплеттік ән формасы» толық сақталыпты. Өмірзақ әнді домбыра, мандолинмен жиі-жиі тартып, сергек сезімді студенттерді қызықтырып жүрді.

Әдеттегіше жатақханада әндетіп отырған бір кеште Өмірзақ: «Бұл әндегі лирикалық толғаныс романсқа қарай тарта береді. Дәстүрлі әннің үлгісімен шыққан «Салтанатыңның» болмысына мүлде қарама-қарсы ән. Ал, бұл әнді не деп атадың?» деді.

Бұл сауалға кілт ойлана қалып, көз алдыма әлгі бір ақ қайың бейнеленген картина елес беріп, одан жазда Арқада жұмыс істеп жүргенде жасыл далада көрген қайыңдар да таңғалдырғандай боп, сәл бөгеліп отырып: «Ақ қайың» деп атадым» дедім.

Өмірзақ бұл сөзімді қоштағандай үнсіз ғана бас изеді.

«Салтанат» секілді бұл ән де осылайша сөзсіз шықты. Әнді айтқан сайын оның не дейтіні, иә, мән-мазмұны, ішкі сыры ап-анық айқындалды. Өмірзақтың сезгеніндей, романстық, элегиялық толғаныс екен. Енді оған лайықты сөз керек. «Сөз жазатын ақын кім болуға тиіс?» деп біраз ойланумен жүрдік. Сол кездерде журналистика бөлімінде оқитын Нұртай Айдаров дейтін жігіт жаңа әнімізді тыңдап, оған құлай берілді (Ол өзі ­Жамбыл облысы Талас ауданынан еді). Нұртай ақын еді, «Қадыр Мырзалиев досым ғой» деп мақтанатын-ды. «Лениншіл жас» газетінде бірді-екілі өлеңі де жарияланған-ды. Осы Нұртайға қалай көніп қалғанымды білмеймін, ол екі-үш күнде:

Нұрына айдың тосып бір жүзін,

Ақ қайың сыртта қалғиды баяу.

Тек қана менің ілінбей көзім,

Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу.

Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу,

Ақ қайың сыртта қалғиды баяу.

Жатырмын ояу, бейнеңе қарап,

Япыр-ай, сәулем, ай ма едің нұрлы.

Мөлтілдеп жерге көз жасым тамад,

Сағыныш па екен, әлде бір сырлы.

Жатырмын жалғыз, жатырмын ояу,

Ақ қайың сыртта қалғиды баяу, – деп сөзін тез жаза қойды.

Мен өлеңді Өмірзақ пен Әуеске оқып беріп едім, олар пәлен деп ешнәрсе айтпады, «Осы сөзбен айта берейік» деді. Студенттер «Ақ қайыңды» сабақтан бос демалыс сәтінде, жатақхананың қоңырқай бөлмесінде, ойын-сауық кештерінде осы сөзбен мүлгіп отырып айтуды дағдыға айналдырды.

Ән біраз айтыла-айтыла әбден көңілге қонды-ау дегенде композитор Әбілахат Еспаевқа көрсетіп, нотаға түсірттім. Көп сөзге жоқ Еспаев өзінің байсалды қалпымен: «Орыстың қалалық романстары секілді ме, қалай?» деп жымиды да қойды.

***

Көп ұзамай «Ақ қайың» ЖенПИ-­дің студенті Сәжида Ахметованың орындауында радиоға қабылданды. Сәжида ол күндерде композиторлардың лирикалық әндерін радиоға жиі жаздыратын-ды. Үні сырлы… элегиялық әндерді мөлдірете айтатын-ды.

«Ақ қайың» да жастар арасына тез тарады. Жасы үлкен болса да біздің филфакта оқитын Тұрсынхан Әбдірахманова «Ақ қайыңды» өзінің кең тынысты жарқын да сұлу үнімен халық әні секілді етіп, жеріне жеткізе нәзік жүректің сыршыл сезімімен өбектеді. Тұрсынхан апай лирик ақын еді, оған өзінше сөз жазып та айтып жүрді. «Ақ қайыңды» елдегі әншілер де айта бастады.

Ал бір күндері Өмірзақ Айтбаев жетекшілік ететін біздің жұпыны ғана хорымыздың орындауында «Ақ қайың» Мәскеу радиосынан берілді. Мұны ұйымдастырған Қазақ ­радиосы музыка редакциясының сол кездегі аға редакторы, кешегі бір күндері Қазақ КСР-ы Мәдениет министрі болған абзал аға ­Жексембек Еркімбеков еді. Осы бір қуанышты сәт қалай ұмытылады?! «Ақ қайың» осылайша өріс жая бастады.

***

Арада біраз уақыт өтті.

«Қазақстан пионері» газетінде істеп жүрген кезім, 1959 жыл.

Бір күні мені «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдеби қызметкері Сағи Жиенбаев шақырып алып, жібектей сызылып сөйлейтін әдеті, ағынан жарылған ақкөңіл ақынның кінәратсыз сезімімен мөлдірете суреттеп, «Ақ қайыңға» деген ынта-ықыласын жайып салды. Журналға жариялайтынын айтты. Мен келістім. Бірақ Сағи сөзін жақтыра қоймады. «Мұңды. Ептеп жеңілдету керек. Шуақты лиризм жетіспей жатыр» деп отырып алды. Мен күмілжіп, қобалжыдым. Сағи маған күлімсірей үйіріліп: «Осы әнді шығарғанда көз алдыңда қандай көрініс тұрды?» деді. «Алтын күз... ақ қайың. Дәйім қиял құшағында жүретін аңсаулы жас жігіт. Күз келген сайын өзіне таныс ақ қайыңның саясында бір бақытты сәттерін еске алып, қапелімде көз жазып қалған сүйіктісін аңсап, сарғая сағынады» дедім. Сағи ұзақ ойланды. Бір кезде «Жоқ, сөзін бәрібір өңдеу керек» деді. Амалсыз көндім. Сағи өңдеді. Журналдың соңғы ішкі бетіне ақ қайыңның түбінде ойға батқан жас қыздың суреті салынып, әннің нотасы берілді. Сағи ән сөзінің бірінші жолын:

– Алтын ай көкте күлімдейді әні,

Ақ қайың сыртта қалғиды баяу, – деп өзгертіпті.

Кейін кейбір әншілер осы сөзбен орындап жүрді. Бәрібір бұл өлең көкейіме қонбады.Жеңілдетіп алдым. Екі өлеңнің ортасында ойым сан-саққа жүгірді.

***

Жылдар жылжыды. Бір жолы Жамбылдың облыстық газетінде істейтін Нұртай Айдаровқа телефон соғып, ән сөзіне деген өз түйткілімді айттым. Сағидың жөндегенін біледі екен. Ол менің уәжімді бірден жақтырмай, тоңмойын тасыр адамның мінезін танытып: «Жас кезімде солай деп жазған шығармын, бүгінде мені ақын деп ойламай-ақ қой» деді. Осы сөзден кейін байланысымыз үзілді.

***

1963 жыл. Қыркүйек айының тамылжы­ған бір шуақты күні радиода мынадай бір оқыс кездесу болды: қазақтың ­«Левитаны» – атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев қасында Мұқағали бар (Мұқағали ертеректе осы Байжанбаевтың шәкірті ретінде 1957 жылы радиода диктор болып істеген-ді. – И.Ж.), концерттік студияның алдында: «О, Илья!» деп мені айналып-толғанып: «Әй, Мұқағали, бері кел, бері... іздеген Ильяң, міне» деді.

Мұқағали үстінде ақсұр костюмі, абсиған мол денесімен қауқалақтап кеп, мені емірене құшақтай алды да: «Радиодан сенің «­Аппассио­ната», «Айлы соната» деген екі новеллаңды тыңдадым. Оны мына Ән-ағаң қалай балбыратты дейсің. Ал менің де сол «Аппассионатаны» поэма етіп жазғаным есіңде болар. Екеумізді құдіретті Бетховен осылайша ­табыстырды. Енді сенің «Ақ қайың», «Жалғыз қайық» дейтін әндерің бізді тереңірек таныс­тыратын шығар. Сенің осы әндеріңе ешбір әнді теңгермеймін. Бәлкім, бұл асылық сөз де болар, бірақ шындығы сол. Жүрегімді ләззатты сезіммен тербейді де жүреді. Бір тылсым табиғаттың ішіне енем. Дүн-дүниені ұйытады осы екі ән. Е, ұмытып барады екем, Әбілахат Еспаевтың «Әлі есімде» әні де осылай тебірентеді. Өз өмірімдегі ұмыт болды-ау дейтін қай-қайдағы бір сырларды қозғайды, екі әніңмен кәдімгідей адамша тілдесіп, өзгеше бір хал кешем. Сондай сәтте өзіңді ойлаймын. Көптен бері өзіңмен жүздесу көкейімде жүрген бір түйткіл еді, міне, кездестік... түс болды, Ән-ағаң үшеуіміз ресторанға барайық. Бір-екі сағат отырып әңгімелесейік» деді. Біз жаяу аяңдап «Динамо» стадионының қасындағы «Есік» ресторанына келіп, тамақ іштік. Мұқағали ә дегеннен «Ақ қайың» әнінің жай-жапсарын сұрады.

Түскі астан кейін Байжанбаев жұмысқа кетті де, Мұқағали екеуміз рестораннан шықтық. Мұқағали ойланып тұрып: «Ақ қайың»... «Жалғыз қайық»... осы екі ән... қалай тыңдасақ екен?» деп, жан-жағына алаңдап, дегбірі қашты.

Мен көңіл-дітін түсіндім де: «Мұқа, біздің үйге барайық, осы жерден онша алыс емес» дедім.

Мұқағали қуана күлімсіреп, бас изеді.

Үйіміз Мечникова мен Шевченко көшелерінің қиылысында еді. Ә дегенше үйге де келдік. Мұқағали инабатты, жұмсақ мінезді, кішіпейіл жан екен, келіншегім Тиышты көрген сәтте сондай бір жылы мейіріммен маңдайынан иіскеп, кереуетте томпиып, ұйықтап жатқан тұңғыш сәбиіміз Бауыржанға жымиып, төгіле қарады. Үлкен басымен елпектеп: «Алматының ескі үйлері ғой. Пеш жағады екенсіңдер. Япыр-ай, балконның түбіндегі мына бір қайың... алтын жапырағының судырлауын» деп ағынан жарыла шүйіркелесті. Тиыш та Мұқағалидай елге аты шығып, аңызға айналған ақынның ойда-жоқта құрқылтайдың ұясындай үйімізге келе қалғанына сасқалақтап, таңғала қуанды. Лып-лып етіп дастарқан жайып, (мен Тиышқа бөлменің бұрышында тұрған тумбочкадағы коньяк-шампанды көзіммен меңзедім) шай мәзірін реттеп жатқанда Мұқағали: «Келін шырағым, осы шөлмекті қоймай-ақ қой» деді.

Дастарқан басында әрқилы әңгіме қозғалды. «Ақ қайыңды» ыңылдап әндеттім. Сөз арасында мен жазушы Нәсіреддин Сералиевтің осы ән лейтмотив болған «Ақ қайың» повесін айттым. Қызылорда қаласында тұратын мүгедек ақын Зейнолла Шүкіров осы повесті сүйсіне оқып, қатты тебіреніп, телефон арқылы: «Ақ қайың» әні өмірден үміт үздірмейтін ән екен» деп еді, оны да айттым. Ғұмыр бойы қарға адым жер жүруі мұң болып, шер күйігін тартқан сол Шүкіровтың осы ән үшін менімен танысам деп, поезбен Алматыға келгенінде оны ақын Әнуарбек Дүйсенбиев екеуміздің қарсы алғанымызды да айтып өттім. Мұқағали осы сырдың бәрін балконмен таласа өскен жалғыз қайыңға жалт-жалт қарап отырып ыждағатпен тыңдады. Сосын ол: «Нәсіреддиннің ол повесін оқығам жоқ. Ол өзі жаны нәзік лирик жазушы ғой. Кейбір әңгімелерін оқығаным да бар. Мені осы бір күндері «Ақ қайың», «Жалғыз қайық» әні толқытып жүргенде ол повесті оқымағаным да дұрыс шығар. Біреудің сүрлеуіне, басқа бір шығарманың әсеріне, әуеніне түскім келмейді. Өз ойым, өз түйсігіммен жүргенім жақсы. Енді, Илья, осы екі әнді ақырын ғана» деді.

«Аккорд» деген жап-жаңа пианиномыз бар еді, клавиштарын жайлап басып, «Ақ қайыңды» жарты дауыспен айта бастадым. Бір шумағын ғана. Іле «Жалғыз қайықты» әндеттім. Мұқағали ойға шомған күйі: «Музыкамен де сурет салуға бола ма, құдай-ау?!» деді.

«Мұқа, живопись – үнсіз поэзия, деген сөз де бар ғой» деп едім.

Мұқағали: «Иә... иә» деп бас изеді.

Ой тұна қалған екі көзі ымырттай үйіріліп, екі әннің жазылу хикаясын тағы да қайта-қайта сұрады. Бәрін қаз-қалпында айтып бердім.

***

Біздің үйдегі осы әңгімеден кейін он шақты күн өтті ме, өтпеді ме, Мұқағали бір жолы радиоға келді. Әртүрлі әншілердің орындауында «Ақ қайыңды» тыңдады. Сол күні түс мезгілінде мені Сейфуллин мен Құрманғазы көшесінің қиылысындағы үйіне (Бұл үй – жазушылардың үйі. – И.Ж.) ертіп келіп, оңаша отырып, «Ақ қайың әні» деп аталатын жаңа поэмасын оқыды.

Мұқағали поэманың аяқ жағында жүзі алаулап, толқын шайқаған қайықтай теңселе қозғалып, жүрегін ып-ыстық қан күйдіріп бара жатты ма, кірпіктері қоңыр көзін жаба беріп:

...Жоғалып махаббатым, барша тілек,

Отырдым ақ қайыңға арқа тіреп.

...Ақ қайың, арман қайың, амалым не,

Аяңда талай-талай бал татып ек.

Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың,

Ақ қайың, арман қайың, тарлан қайың!

...Артына композитор қарай берді,

Асылы сенде бұғып қалғандайын.

Ақ қайың, арман қайың, ару қайың,

Саяңда сауық дайын, дамыл дайын.

Бағдаттың жүрегінде ән болып қал,

Ақ қайың, бала-қайың, Бану – қайың!

Махаббат, о, махаббат салауатты!

Сені адам өміріне бағалапты.

«Ақ қайың» деп күбірлеп Бағдат, міне,

Мың қайталап бір үнді бара жатты.

Сабыр, сабыр, ей, Бағдат, қысылма құр,

Әнің даяр қарындаш ұшында тұр.

Мына күзде көз салшы жан-жағыңа,

Әр теректен мың жүрек ұшып жатыр.

Әніңді жаз, әнсіз жоқ дауылда күш,

Жел ызыңдап әкетсін Бануға алыс.

«Ақ қайыңды» эфирден ұстап алсын,

Ауылда радиоқабылдағыш... – деп аһылаған, уһілеген үні жалын боп шарпыды.

Поэма кейіпкері Бағдаттың бейнесінде өзімді көріп, іштей түйіле бергенімде Банудың бейнесіндегі сол қыз сол уылжыған қалпы емес, радиодан әнімді тыңдаған сайын баянсыз өмірі қажыта жүдеткен мүсәпір жанның өкінішті кейпінде елестеді.

Поэма бір деммен буып, бәр-бәрін жаңғырта еске салып, осы суретті алға тартты:

Түс мезгілі, жұбайлар отырысты,

Тату-тәтті, «махаббат» оты күшті.

Әзір ғана әсерлі қос жұбайға,

Жайсыз жағдай тап болды өкінішті.

Отырысты, әр неден сыр ақтарды,

Бір-біріне жаудыртып сұрақтарды.

Асан күліп, орнынан тұрды дағы,

Радио құлағын бұрап қалды.

Ендігі сыр кешкіге аман қалды,

Жұбайлардың мылжыңы тамамдалды.

«Музыкасы: Мамыров Бағдаттікі,

«Ақ қайың» деп бір жаңа ән хабарланды.

«Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың,

Сырыңды айт, құр бекерге алданбайын.

Айналып неге саған келе берем,

Аяңда бір асылым қалғандайын...

...Бөлме ішінде баяулап қалқыды да,

Ән тынды, сөнген шамдай шалқыды да.

Банудың жанарынан жас парлады,

Қолқа, жүрек тығылып алқымына.

 

Жылауға да хақың бар, жыла, Бану,

Жараңды жаза алса егер жылағаның.

Махаббат тәттісіне тойдың дағы,

Адастың, ащысына шыдамадың.

Мен сені жұбатпаймын, жыла, Бану!

 

Сен адал махаббатты күйеледің,

Сен даяр махаббатқа ие ме едің?

Аурумен арпалысып жатқанында,

Бағдаттың басын неге сүйемедің?

 

Шын сүйген шыр айналып кетпес еді,

Керек етсе, ажалмен шектеседі.

Асықпа әлі, «Ақ қайың» қайда жүрсең,

Арыңның алдына кеп беттеседі.

Мұқағали демін ішке тартып, аққұба жүзі алаулаған күйі орнынан тұрып, терезе алдына барды. Бар дүниені әп-сәтте ұмытты. Күн түспейтін мына күңгірт бөлмеде жалғыз өзі ғана тұрғандай үн шы­ғар­мады. Тұнжыратқан үнсіздік. Менде де үн жоқ. Алып еменнің діңгегіндей сірескен күйі:

Ей, күнәдан пәк жас жандар,

Махаббатпен ойнағанды тастаңдар!

Қапелімде қателікке баспаңдар,

Ал, оқыңдар, ол туралы дастан бар, – деді күрсіне күбірлеп.

Тұла бойында шабыт қызуы басыла қоймаған Мұқағали орнына кеп отырды. Әлденені есіне түсірді ме, ащы мысқылмен мырс етіп: «Міне... Жеті-сегіз бетке басылған поэма... «неге умаждалған бүйтіп?» деп сұрашы» деді, басын қайта-қайта шайқап: «Лениншіл жас» газетіне апардым. Бір қызметкері... Тағы біреулері қызыға оқыды. «Басамыз» деп алып қалды. Біраз уақыт өтті. Хабар-ошарсыз дағдардым. Газетті күнде оқимын. Поэманың басылатын түрі жоқ. Ақыры редакцияға бардым. Әлгі әдеби қызметкер міңгірлеп: «Мына, «Илья Жақановқа!» деген арнауыңызды алып тастасаңыз» деді. Жағдайды түсіне қойдым да бұрқ ете түсетін ашуымды зорға тежеп: «Немене, бұл поэма жариялану үшін Илья Жақанов Социалистік Еңбек Ері болу керек пе, әкел бері!» деп, аузыма басқа сөз түспей, әлгінің қолынан мына қағазды жұлып алдым. Умаждалған күйі қалтама салып, тартып отырдым. Дәйіс десе»...

Сөйтіп, «Ақ қайың әні» поэмасы ұзақ жылдар бойы баспа бетінде жарық көре алмай Мұқағалидың папкісінде булыққан күйі жата берді.

***

Мұқағалидың жас кезінде өз өмірінің және менің өмірімнің кейбір эпизодтары арқау болған «Ақ қайың әні» поэмасы кейін өзінің жинақтарында әлгі бір арнау сөзімен жарық көрді. Поэма Мұқағали екеуміздің достығымызға дәнекер болды.

***

1992 жылы маусым айында қасымда белгілі әншілер – Қажыбек Бекбосынов, Майра Ілиясова бар, Мұқағалидың ауылы Нарынқолдағы Қарасазға бардым. Ақынның туған-туыстары, көзкөргендерімен қауышып, көп жайға қанықтым. Сол бір естен кетпес жақсы күндерде Қарасу өзенінің жағасында Мұқағалидың өлеңі толқытып, «Бозқараған» әнін жаздым. Осылайша, экспромтпен шыққан ән сол сәтінде халықтың жүрегіне жетті. Ән ақынның ауылында, Нарынқолда өткен кездесулерде Қажыбек Бекбосыновтың орындауында керемет шырқалды. Біз қайтқанша Нарынқолдағы әнші жастар тез үйреніп ала қойып, бізді осы әнмен шығарып салды...

***

 О бастан өз жүрегімнің дітіне дәл түспеген «Ақ қайыңның» сөзін жібектей есілген лирик ақын Сағи Жиенбаев бар жанын салып, қанша өңдесе де өз көңілімнен шыға қойған жоқ. Жылдар бойы соны ойлаумен сарылып жүрдім. Ал, бір күні... Ол – 1984 жылдың желтоқсан айы. Енді бір ай өткен соң Алматының «АХБК» сарайында менің авторлық кешім өтуге тиіс. Біз соған дайындалып жаттық. Әндер іріктеле берді. Соның ішінде «Ақ қайың» Бибігүл Төлегенованың үлесіне тиді. Мен ұзақ жыл толғантып жүрген «Ақ қайыңның» сөзін өз көңіл дітіммен қайта жаңғыртып, жүрегімнің пернесін енді ғана дәл басқандай боп:

Есіңде бар ма, осынау қайың,

Сарғайып күзде тұрады дәйім.

Дариға, сол бір арманды күндер,

Елес пе еді, білмедім, айым,

 

Қайың да жалғыз, жалғызбын мен де,

Жұлдыздай алыс ұзадың сен де.

Саған да ыстық осынау қайың,

Ұмытқан жоқсың, білемін, айым.

 

Сүйіскен жандар жат бола берсе,

Осыдан артық болар ма, уайым.

Қайың да жалғыз, жалғызбын мен де,

Ғашық боп неге, өтеді пенде? – деп келетін осы екі шумақты қағаз бетіне түсірдім.

1984 жылдың қаңтар айының он тоғы­зыншы жұлдызында «АХБК» сарайында өткен сол концертте КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова рояль сүйемелімен «Ақ қайыңды» аңсаулы жүректің ешуақытта суынбайтын лебімен аялап, сырлы сезіммен мөлдіретті.

***

Әр әнің тағдыры әрқилы... 1993 жылы қаңтар, ақпан айларында қытайдың Шыңжан өлкесінде болып, ондағы қазақтардың ән-күйін зерттедім. Қат-қабат жұмыстың арасында сол елге белгілі ақын Рахметолла Әпшенің үйінде қонақта болып, ұзақ жыл бойы ­Гоминдан түрмесінде азап шеккен бұл бір ғазиз жанның әңгімелерін тыңдап, өз ­аузынан атақты Әсет әншінің белгісіз «Ардағын» жазып алдым. Әңгімеміз үйлескен бір қисынды сәтте Рахметолланың үйіндегі жеңгей «Ақ қайың» әнін орындауымды өтінді. Мен әнді домбырамен айтып бердім. Бұл ілтипатқа риза болған ақжарқын, байсалды жеңгей орнынан тұрып келді де: «Өзінен бұрын біздің елге әндері жеткен қайнымның маңдайынан бір иіскеп қояйыншы» деп өпкені де өмірімдегі бір ұмытылмайтын тебіреністі сәт. Кейін білдім, «Ақ қайың» әнін сонау 1959-60 жылдары Алматыда оқып жүрген шыңжаңдық студенттер, ішінде бүгінгі көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов бар, осы жастар алып барыпты, сол жаққа.

Сол жылы маусым айында профессор Тұрсынбек Кәкішевтің басқаруындағы (Әл-Фараби атындағы ұлттық университет) фольклорлық экспедиция құрамында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақтарды зерттегенімізде қай жерде болсақ та «Ақ қайың» әні алдымыздан шығып отырды.

«Ақ қайың» әнінің күндердің күнінде осылай өріс жаятыны қаперіме келді ме менің? Ол менен ұзаңқырап кетіпті...

(Жалғасы бар)

 

1804 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы