• Тұлға
  • 06 Мамыр, 2021

САРА СӨЗДІҢ САРДАРЫ

(Ұлттық Ғылым  академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Айдарды  жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, филология ғылымының 
докторы, профессор

Қазақ тіл білімінің аға буын өкілдері академиктер Ә.Қайдар, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздық, Ө.Айтбаевтармен қатар туған тілдің беделін арттырып, түркология төріне көтерілуіне Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Серғалиевтің (1938-2011) қосқан үлесі қомақты. 

Бастауын Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы­нан алатын қазақ тіл білімінің теориясын толықтырып, одан әрі дамытуда академик М.Серғалиевтің қалам тербеген, әсіресе қазақ тілінің синтаксисі, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті, шешендік өнер, көркем әдебиет тілі, лексикография сияқты қазақ тіл білімінің салаларына арналған ғалымның он шақты монографиясы, алты оқулығы, жиырма шақты оқу-әдістемелік құралдары мен 400-ден аса ғылыми еңбектері айтқанымызды айқындай түсері анық.

Жалпы Мырзатай Серғалиұлы туралы сөз қозғағанда, белгілі әдебиетші-ғалым Бауыржан Омаровтың «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қабдолов кафедрасы» атты эссесі еске түседі. «...Бірақ, бәрібір Қабдолов кафедра меңгерушісі ретінде жалпақ жұрттың жадында жатталды. Университет басшылары онымен үнемі санасатын еді. Кафедра меңгерушісі деген сөз біздің сөзіміздің ұстазымыздың болмыс-бітімін ғана айшықтауға арналғандай көрінетін. Үлкен-кіші оны құрметтеп, Зекең деп атады. Ұлы Мұхтар Әуезовке ел ықыласынан туған Мұхаң деген атау қандай жарасатын болса, оның ­талантты шәкірті Зейнолла Қабдоловтың болмысына да Зекең деген ат керемет үйлесе кететін... Професорлар мен доценттердің, оқытушылар мен ассистенттердің, докторанттар мен аспиранттардың, стажерлер мен ізденушілердің басын біріктіретін ғылыми-педагогикалық ұжым университеттегі руханият бесігі ретінде бағаланды. Өзге кафедралар бір төбе, қазақ әдебиеті кафедрасы бір төбе еді. Бұл меңгерушісін анда-санда ректордың өзі іздеп келетін санаулы кафедраның бірі болды» дегенін оқығанда, көз алдыма академик Мырзатай Серғалиевтің тау тұлғасы тұра қалғанын несіне жасырайын... «Көргенімді айтайын ба, әлде естігенімді айтайын ба» дегендей, менің айтайын дегенім, Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеттің Қазақ тіл білімі кафедрасын  басқарған М.Серғалиевті де білім мен ғылым өкілдері, әріптестері мен шәкірттері академик Зейнолла Қабдоловтай қадірлеп, академик деп ардақ­та­ғанына куә болған жандардың бірімін. Кафедраның ғылыми әлеуетін арттырып, білікті ғылыми-кадрлармен қамтамасыз етуде қыруар шаруа бітіргенін көзкөргендер, әріптестері мен шәкірттері айтудан жалыққан емес. Университет пен министрлік арасын жол қылып, филология ­саласынан докторлық диссертация қорғайтын Кеңес ашқанша тыным таппай жүрген кездерінде маған келіп, «Кәрімбек, сен де тілдің нанын жеп отырған азаматсың ғой, «көсемдеріңе» айтшы (ол кезде мен Білім министрлігінде Жоғары білім департаменті директоры болатынмын) докторлық диссертация кеңесін ашайық десем, Алматыда бір емес, бірнешеуі бар оның қажеттілігін көріп тұрған жоқпыз деп, шығарып салуларын қояр емес» деп көмек қолын ұсынуымды өтінген еді. Басшылыққа академиктің ұсынысының негізді екенін түсіндіріп, көрші ­облыстардан ғылым докторларын тарта отырып, астанадан кеңес құру – ел руханиятының  ұясына айналып отырған университетті білікті ғалымдармен қамтамасыз ету мәселесін шешудің тиімді жолдары екенін дәлелдеп, оң шешім қабылдатуға қолғабысым болғанын мақтану үшін емес, жоғары білім сапасын қамтамасыз ету бойынша бар күш-жігерін сарп етіп, мықты мамандар дайындау жолында үлкен стратегиялық мақсат-міндеттер үдесінен шыға білген Мырзекеңнің көшбасшылық қасиетін көрсетуді айта кеткім келді. Нәтижесінде, бұл күндері ол басқарған кафедрада көптеген ғылым докторлары мен кандидаттары шоғырланып, филолог мамандарын даярлауда еселі еңбектің үлгісін көрсетіп жатқанын айтқанымыз артық болмас. Кафедра меңгерушісі ретінде, үздік оқыған түлектерді факультетке алып қалып, магистратура мен докторантураға түсуіне ­себеп болғанын шәкірттері мақтаныш сезіммен айтуда. Академиктің шәкірті, өзі қызмет еткен филология факультетінің деканы Ардақ Бейсенбай бастаған бір шоғыр профессор-оқытушылар құрамы ғалымның ізін басып, тілші-мамандар дайындауда аянбай еңбек етуде.

Ғалымның тіл мәдениетіне ерекше мән беріп, әдемі сөйлеуге тырысу мәдениеттіліктің белгісі екенін, сондықтан сөздерді өз орнымен дұрыс, таза қолдану қажеттілігіне көңіл аудару керектігін үнемі айтудан жалықпағаны жалпақ жұрттың есінде. Айтып қана қоймай, өзі де шешендік өнердің шебері ретінде, адамға әсер етердей сөздің саздылығы мен мәнділігіне, жеткізер ойдың дәлдігі мен дәмділігіне екпін түсіріп тіл қатқанда, көпшілік таңдай қағып таңғалғанын талай көргенбіз. Иә, сара сөздің сұлтаны атанған академикті тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келетін...

Ғылым жолына түсуіне жол көрсетіп, үнемі қамқорлығын аямаған ұстазы академик Мәулен Балақаевты әр кез сағынышпен еске ала отырып, оның студенттер алдында лекция оқудың майталманы болғанын, қолына ешбір қағаз ұстамай, теориялық жайлары да, олардың көркем әдебиет пен мерзімді баспасөз беттерінен алынған мысалдарын да жатқа айтып, сәл жымиып, жұмсақ та тартымды дауысымен баурап алатын кереметтігін келістіріп айтқанын талай естідік. Мырзатай Серғалиұлы да ұстазы сияқты салмақты сөз саптауы, үйлесімді үн ырғағы, мәнді мәнерлілігі, шешіле, көсіле сөйлеуі – аяулы ұстазының кескін-келбетін көз алдымызға келтіре қоятын еді.

Академик М.Серғалиев тілші-ғалым болуымен бірге, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі ретінде, көптеген публицистикалық еңбектер жариялағанын, сондай-ақ әдебиетші-ғалым ретінде ақын-жазушылар шығармаларының тілін зерттеуді қолға алып, осы бағытта талай ғылыми зерттеулер жүргізгенін, бұл күндері бірнеше шәкірттері диссертация қорғап, бұл салада да жетістіктерге қол жеткізгенін айта кеткеніміз жөн. Ғалымның жетекшілігімен қорғалған 60-қа жуық диссертациялық еңбектің бір шоғыры ақын-жазушылар шығармаларының тіліне арналғаны айтқанымызды айқындай түсері анық.

Сөз мәйегінің сөлін алып, сырлы сөздің сұлтаны атанған ғалымның сөз саптауы айтқан әңгімесінен де, жазған еңбектерінен де менмұндалап тұратыны баршаға мәлім болатын. Сөз құдіретін түсінген екі адам болса – біреуі, біреуі болса –  бірегейі  академик Мырзатай Серғалиұлы екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналғаны қашан. Сөздің құдіреті, сөздің әсер-ықпалы, сөздің қуаты, сонымен бірге сөздің сұлулығы, сөздің мәдениеті, сөздің психологиясы дегендердің бәрі үлкен мәдениеттіліктің белгісі екенін біліп өткен ғалымның өн бойынан табатынымыз тағы рас.

Тіл мәдениетінің биік шыңы –  шешендік өнер екені белгілі. Шын мәніндегі шешендік өнерді екінің бірі Мырзекеңдей меңгере бермеуі мүмкін. Бірақ елдің келешек ұрпақтарының тағдырын қолына табыстаған мұғалім мамандығына машықтанғандар, ел алдында сөз алып елдікке, ұлттық мүддеге мінсіз қызмет қылуға үндейтін әкім-қаралар, ел ағалары, ұлт зиялылары ұлтты ұйытатын ойлы сөздерге, яғни шешендік өнерді үйренуге ұмтылса, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Тіл мәдениетіне ерекше екпін түсіріп баяндауы­мыздың мақсаты – академик М.Серғалиевтің қазақ тілі мәдениетінің теориясы мен практикасы туралы зерделеген зерттеулері бүгінгі күні де күн тәртібінен түспей тұрғанына, өзектілігіне көңіл аударту болса, екіншіден, елге айтар сөзді ойланып, салмақпен, қате жібермеуге тырысып, әр азаматтың мәдениет биігінен бой көрсетуіне үндеу болатын.

Айдардың форматына сәйкес, көпшілік біле бермейтін тіл тарландарының тасада қалған ­таланттарын да тілге тиек ететін дәстүрімізге сай, ғалымның ғылымнан өзге де ерекше қасиеттерін сөз етсек артық болмас. Жоғарыда айтылғандай, әдемі сөйлеу мен шешендік өнерді жақсы меңгерген Мырзекең өте көңілді, аузынан әзілі түспейтін тұлға екенін талайлардан естігенбіз. Керек десеңіз, университеттің көрші факультеттерінен арнайы келіп, академиктің әзіл-қалжыңдарын тыңдап, тынығып кететіндер де болған деседі көзкөргендер. Академиктің сүйікті шәкірттерінің бірі: «Студент кезімізде дәрістің үстінде курстасымыз қалғып кеткен болатын, оны байқап қойған Мырзатай ағай: «Осы жұрт мұздай партаны қалай жастық қылып алады, бұл да бір өнер ғой» деп әзілдегенін әлі ұмытпағанын айтып, әлгі курстасының ұялғаннан келесі дәрістерде белсенді қатыса бастағанын  баяндағаны есіме түсіп отыр. Ғалымның тағы бір шеберлігі – астарлап сөйлеп, ақыл айтатындығы. Ол ұрыспай-ақ, астарлап сөйлеп отырғанда, кінәлі адам қызарып, өзінің кінәсін мойындап отыратынын әріптестері әр кез айтып жүреді. Сондай-ақ ғалымның орыс, қазақ тілдерінде еркін сөйлеп, тіпті орыс филологиясының оқытушылары келіп, өз ғылыми мақалаларын редакциялатып алатынын талай көргенін әріптестері мақтаныш сезіммен айтады. Жасының ұлғайғанына қарамастан, жаңа технологияларға жаны құмар еді, конференцияларға дайындалатын мақалаларын өзі компьютерге басып, слайдтарын IT мамандарынан кем әзірлемейтінін кафедра мүшелері өздерінің шәкірттеріне үлгі етіп ұсынатын.

Академик М.Серғалиев ғылыми жұмыстармен шұғылдана жүріп, еліміздің әлеуметтік-саяси, қоғамдық жұмыстарына да белсене атсалысқанын аңғаруға болады. Солардың арасынан қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, туған тілді тұғырына қондыруда, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруда атқарған өлшеусіз қызметі бағаланып, Президенттікке кандидаттарды мемлекеттік тілді игеру дәрежесін анықтау үшін құрылған Лингвистикалық комиссияның екі дүркін мүшесі болып тағайындалуының (1995-2005)  өзі –  ғалымның абырой, беделінен сыр ұқтырса керек.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшелері болып қатар қызмет атқарғанда, мәжіліс отырыстарында термин бірізділігіне байланыс­ты біраз ойлармен бөліскеніне куә болып едік. Мемлекеттік терминкомның бекіткеніне қарамастан, әртүрлі айтылып, жазылып жүрген мәселелерді сөз етіп, мұндай мәселелер көп жағдайда білім беру мен ғылым саласында байқалатындығы бәрімізді ойланту керектігін қадап айтып, орындалуға тиісті норманы басшылыққа алып, қалай болса солай, себепсіз, негізсіз қолдана бермей, қорыта айтқанда, бұл бағытта бірізділіктің сақталмауы білім ошақтарында тәлім алып жатқан жастарымызға кері әсер ететіндігін бір қойын кітапшасына жазып алған мысалдармен дәйектегенін көргенде, теоретик-ғалымның өз идеяларын іс жүзінде де іске асыру тетіктерін ұсынғаны әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Термин сөздердің ­жасалуында болсын, қолдануында болсын тіл мәдениеті туралы да мәселелер қоса қозғалатынын қаперде ұстап, үнемі ұмытпауға үндейтінін басқаларға үлгі етуден жалыққан емеспін.

Тіл мәдениеті дегеніміздің басты көрсеткіші – тіл тазалығы дейтін болсақ, әлемге танымал Платон Мелиоранскийдің өзі «Түркі тілдерінің ішінде ең байы қазақ тілі екенін бүкіл зерттеуші мойындаған» деген пікірін алға тарта отырып, қазақ тілінде сөйлегенде, сөз байлығын барынша пайдаланып, тіл мәдениетін арттыруға тырысуымыз керек. Сырлы сөздің сұлтаны академик М.Серғалиев ұсынған  сөз құдіретін, сөз сұлулығын, сөз мәдениетін қалыптастырудағы қаперде ұстар ұстанымдарын жастарға жеткізу – әрқайсымыздың борышымыз екенін ұмытпайық.

910 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы