• Руханият
  • 06 Мамыр, 2021

Сенаторлар «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен кездесті

ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бір тобы «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен кездесті. Сенатор Нұртөре Жүсіп, Ләззат Сүлеймен, Динар Нөкетаева, Сұлтанбек Мәкежанов серіктестікке қарасты басылымдардың бас редакторларымен өткен кездесуде баспасөздің бүгінгі мәселелерімен таныс­ты. Сенат қабырғасында қабылданған заңдар мен Парламенттік тыңдаулар туралы журналистерге айтып берді. Ұлттық құндылықтар мәселесінің де басты назарда екенін жеткізді. 

Сенатор Нұртөре Жүсіп: «Сенат қабырғасында ұлттық құнды­лықтарды ұлықтайтын Парламенттік тыңдау өтті. Қазақ қоғамының негізгі ұйытқысы ұлттық тәрбие, қазақы қалыбымызды сақтау, жаһандану жағдайында тіліміздің қолданыс аясын кеңіту, дініміз, мәдениетіміз, әдебиетіміз секілді өзекті мәсе­лелердің барлығы талқыланады. Со­ның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген мәселеге де ерекше көңіл бөлінді. Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасау жөнінде нұсқау берілді.

Қазір дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың ұясы болып тұр. Қазақ тілі, ділі, мәдениеті, әдебиеті, тарихы, бүгіні мен ертеңіне қатысты мәселенің барлығына республикалық, аудандық газеттерге дейін шырылдап, жанашырлықпен мәселе көтереді. Соның ішінде бірнеше басылымды бауырына басып отырған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы рөлі зор. Қоғамда күн тәртібінен түспей келе жатқан негізгі мәселенің барлығы өздеріңізге де белгілі. Айтылып та, жазылып та, көтеріліп те келеді. Парламенттік жұмыс тобы қазақтілді басылымдарда не жазылып, қандай өткір мәселе көтеріліп жүргенін, оның ішінде шешілмей тұрған мәселе қайсысы – осының бәріне мониторинг жасалып, Үкіметтің құрылымдық бөлімдеріне бөліп-бөліп,  қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп отыруы керегін де айтқанбыз.

Өкінішке қарай, «еститін мемлекет қағидасы» дегенімізбен, дәстүрлі БАҚ-тың жазғанына назар аударылмай тұр. Пандемия жағдайында дәрігерлер, мұғалімдер алдыңғы шепте. Оларға әлеуметтік жағынан қаншама көмек көрсетіліп, қаржылай қолдау берілді.  Әлеуметтік пакет мәселелері қозғалып жатыр. Ал журналистер ше? Басын қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүріп, ақпарат таратып, індет ошағында жұмыс істеді. Мысалы, былтыр пандемияның ал­ғашқы толқынында қаншама мықты журналист, қаламгер азаматтардан айрылып қалдық. Олар­дың қатары сиреп жатқан тұста «руханияттың жоқшысы кім болады?» деген сұрақ ойландырады» деген пікірін білдірді.

Кездесуге қатысқан Сенат депутаттары ұлттық баспасөзде көтеріліп жатқан мәселенің барлығына бірдей мүмкіндігінше назар аударылатынына сендірді. Ұлттық тәрбие, жер мәселесі, ұлттық бірегейлік пен жаһандану жағдайында тіл, діл тазалығын сақтап қалу, әсіресе балалар басылымының жай-күйі, жалпы баспасөзге жазылу, басылымдарды тарату ісінде кездесіп отыратын кедергілер туралы газет-журналдардың бас редакторлары мен сенаторлар дөңгелек үстел сипатындағы отырыста жан-жақты талқылады.

Ұлттық құндылықтарды сіңірудегі ұлттық баспасөздің қарашаңырағына айналып отырған ұжымға алғыс айт­қан сенаторлар тобы алдағы уақытта да осындай келелі мәселелерді бірлесе талқылауды ұсынды.

Алмагүл Ұлтанбекова

 

1433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы