• Руханият
  • 06 Мамыр, 2021

АРМИЯ – АЙБЫНЫМЫЗ

Бақытбек СМАҒҰЛ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты


 

Тәуелсіз қазақ елінің ата-бабадан қалған ұлы мұрасы, ұлан-ғайыр даласы шексіз. Осы далада шың да бар, құм да бар, көкжиекпен ұштасқан теңіз де бар, мұның барлығын да қорғауымыз керек. 
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы 1992 жылы 7 мамырда төл әскерімізді құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Қазақстанның әскерінің жаңа кезеңі басталып, жаңаша дәуірі қалыптасты. Бір жағы 14 мың шақырым, екінші жағы 7,5 мың шақырым теңізі бар, басқасы бар, осының бәрін сақтау қажет болды. Сондықтан  Елбасының басшылығымен Қарулы күштер туралы әскери ­доктрина қабылданды. Жалпыға бірдей осы әскери міндеттік қызмет туралы, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері, олардың мәселесі, оларды қорғау туралы бағдарламалық құжаттар мен заңдар қажет болды.
Енді біз жаңаша қалыптасып, ­заманауи, қазіргі кезеңге байланысты әрекет жасадық. Мемлекет басшысы 1998 жылы 1 маусымда Әуе қорғаныс күштері туралы Жарлыққа қол қойды. Құрлық әскерлері құрылымын өзгертті. Оңтүстік пен батыс бағыттары күшейтілді. 

Кезіндегі училищелер институт, акаде­мияға өзгерді. Ұзақ жыл сонда қызмет істеген әскерилерге жоғары шен берілді.

Тәуелсіздікті баянды ету жолында небір ауыр кезеңдерден өттік.

Қорғаныс министрлігінде арнайы құрылған бөлімше болды. Оған әскери-ғарыштық бағдарламалар жүктелді. Психологиялық және ақпараттық-техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бөлімшелер құрылды. Ұжымдық және ұлттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында ұлтаралық ком­мерциялық күштер өмірге келді. Қазіргі таңда Иранда, Батыс Сахарада біздің әскери қызметкерлер үлкен жауапкершілікпен қызмет етіп жатыр. Олар өздерінің басын қауіпке тігіп қызмет етуде. 2020 жылы Бейрут, Ливандағы жарылыстан жәбірленгендерге көмек көрсету ниетінде Қазақстаннан 32 әскери қызметші медициналық топ құрып, жұмыс істеді. Басқа да мемлекеттерде біздің әскерилер оқу-жаттығуларға қатысып, өздерін шыңдап отырады. 2020 жылы 6 мамырда «Ардагерлер туралы» Заң қабылдады. Бұл өте құптарлық. Дегенмен де, заңға қатысты ортаға салар көкейкесті мәселе жетерлік.

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымы «Қазақстан ардагерлері» қауымдас­тығымен бірге басқосу өткізді. Сол отырыста өзге ведомстволық ұжымдармен, құзыретті органдармен бірге бәріміздің көкейімізде жүрген Қазақстан Қарулы күштерінің жанында Ардагерлер комитетін құру мәселесін талқыладық. Бұл комитеттің ел үшін атқарар маңызы зор. Ардагерлер өмір көрген азаматтар. Олардың тәжірибесі қоғамға өте қажет. Қазіргі таңда 6000-нан астам адам әскерден бой тасалап жүр. Мұның себебі не десек, патриоттық, әскери тәрбиенің осалдығынан. Ардагерлерді осы іске тартсақ көп жағдайдан ұтарымыз анық. Қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, республикада 539 Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері бар екен. Сонымен қатар жеңісті жақындатқан, оған үлес қосқан, тылда қызмет еткендердің қатары 100-ге жуық. Бұның сыртында 16000-нан астам Ауған соғысының ардагері бар. ­Чернобыль апатын жоюға қатысқан ­5000-нан астам адам тіршілік етуде. Енді оған бітімгершіліктерді қосыңыз. Болашақта ардагерлердің саны өсе береді. Ал бұл ардагерлерге қатысты мәселенің ұлғаюына әкеп соқтырады. Комитет қажет деп отырғанымыздың себебі осы.

Ардагерлердің мәселесімен айналысатын бірегей уәкілетті органның болғаны дұрыс. Бұл құрылым ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуде көп іс тындыра алар еді. Тағы бір айтайын дегенім, қазір Қарулы күштердің қару-жарақтары да жаңаша тұрғыда болу керек. Жасыратын несі бар, біз сырттан ескі-құсқыны аламыз. Олай істеу дұрыс емес. Біз қоғаммен, заманмен бірге дамуға тиістіміз. «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде он оқтың тоғызы бізден шығарылды» дейтін болсақ, қажетті өнімдер қазір де бар. Біз жеке өз қаруымызды шығаруға тиістіміз. Іргелес ел еш байлығы жоқ, олар да шығарып жатыр. Ол қорғаныстың бір саласы. Біз соны заңдастырып, өзіміздің елімізде шығаруға құқылымыз. Қазақстан Қарулы күштері жаңа қару-жарақпен жасақталып, сонымен қамтамасыз етілуге тиіс. 

Тәуелсіз елдің тыныштығын қорғау – бұл әрбір азаматтың абзал борышы. Қазір білектің күші де қажет шығар, алайда ер азаматтың ақылы мен қайраты, күш-жігері мен зердесі бірдей мықты болғаны жөн. Бұл отансүйгіш азаматтарға ертеден қойылып келе жатқан талап. Осыған сай болу – ер жігіттің міндеті.

7 мамыр – еліміз үшін айтулы мереке. Әр елдің азаматы үшін Отанды қорғап, сақтаудан артық ұлы мұрат жоқ. Мереке құтты болсын! Әрқашанда аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын!

 

1488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы