• Тарих
  • 06 Мамыр, 2021

ҚОРДАЙ ДАЛАСЫ АЛЫП ЕСКЕРТКІШКЕ СҰРАНЫП ТҰР немесе Халық суретшісінің көз жасын көрген күн

Қали СӘРСЕНБАЙ         
«Ana tili»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығы қарсаңында біртуар тұлғаларымызды жастарға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» дей келіп, өткен тарихымызға жаңа көзқарас тұрғысынан қарап, өз тарихымызды өзіміз жазу жөнінде ой-пікірін ашық айтқан еді. Сондай-ақ «жалпы тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар ­айналысуы керек» деп тарихшыларымызға, зиялы қауымға айрықша маңызы зор міндет жүктеді. Сол тарихты толымды ету, танытудың бір жолы ел еңсесін биіктетін тұлғаларға орнатылған тұғырлы ескерткіштер.

Қазақ хандығы тарихында аса трагедиялық хал кешкен сондай тұлғаның бірі Кенесарының соңғы демі Қордай даласында, қырғызбен шекаралас өңірде үзілді. Абылай ханның туған немересі, патшалы Ресейдің зұлымдық саясатпен жасалған қорлығының құрбаны болған ханымыздың атын қалай ардақтасақ та жарасады. Төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ пен қырғызды азаптан арылтып, құлдықтан құтқару жолында жанын құрбан еткен ер Кенекемнің кемел тұлғасын өз тұғырына қондыру уақыттың өз талабы деуге болады. Патшалы Ресейдің айлакер саясатына арбалған қырғыз билігі де кезінде қателескенін ұлы тарих өз парағына жазып кетті. Дей тұрғанмен де, бүгінде қырғыз тарихшыларының өзі де бұл жағдайға терең топшылау, ­сараптама жасап, тарихтан тағылым алу еншісі бөлінбеген екі туысқан халықтың кемел келешегіне қызмет етудің жарқын жолы деген тоқтамға келіп отыр. Мәселен, әлеуметтік желідегі парақшасында қырғыз тарихшысы һәм жазушысы Замирбек ­Осоров өткенге терең үңіле отырып, туысқан екі елдің келешегі үшін ­Кенесары ханға ескерткіш орнатуды жөн санапты. Әрине, қырғыз елінде Кенесарының атын есте қалдыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру осы ел билігінің өз құзырындағы шаруа. Нұр-Сұлтанда Кенесарыға орнатылған ескерткіш бар. Орындалуы жағынан, елге әсерлілігі тұрғысынан талапқа сай деуге болады.

Ал енді ұлы ханның әр тұсында табаны­ның ізі қалған, азаттық үшін арыстандай арпалысқан ақырғы күндері өткен, тіпті алтын табаққа сыймайтын алтын басы шабылған өңірде оның өр рухын мәңгілік есте қалдыруды неге ойламаймыз? Осы жер үшін қасық қанын төккен қас батырға бұл аймақта лайықты жер жетеді, тіпті әр тұсы сұранып тұр.

Айтпағым: Қордай асуынан аса бергенде бір жағынан Наурызбай, бір жағынан Ағыбай алқалаған топтың тау бейнесі алдымыздан алып ансамбль – арқа (мәселен, Мамай қорғанындай) болып жарқ ете қалса, тарихи тұлғаның алтын тұғырына қонғаны сол емес пе!?

Р.S.

Халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов­тың ­шеберханасында тек түнде ғана жұмыс істейтіні бір заманда аңыз боп тарап еді. Сөйтсе, жұрт көзінен жасырын ­«Кенесары» атты портретін жазып жатыпты ғой, жарықтық. Тәуелсіздік таңы атқанда бұл кісімен Есентайдың жағасында отырып, сұхбаттасудың сәті түскен. Кейіннен ол әңгімеміз «Егеменде» «Тәуелсіздік деген тәтті сөз» атты тақырыппен жарияланды. Бұл тұста орыстың бейнелеу өнері бұрынғыдан да өршеленіп, бурадайын буырқанып жатқан. Орыстың сұрапыл суретшісі Илья Глазуновтың тарихтың бәрін орыстан бастап, бет қаратпай жатқан кезі. Бітімі бөлекше жаратылған сан қырлы талант иесі, ғажайып шежіреші-тарихшы еді ғой Әубәкір ақсақал. Сол жолы Глазуновтың қалпағын қайырып, орнына қойып еді қазына қария. Бұдан әлденеше жыл бұрын басталып, аяқталмай қалған ­Кенесары жөніндегі портрет, жалпы тарихқа кеткен есеміз жөніндегі Әбағаңның сол жолғы әңгімесі көз жасымен қоса шығып, тұла ­бойымды шымырлатқан-ды.
Есентай сол күні есіліп емес, егіліп аққаны анық еді.

 

4421 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы