• Әдебиет
  • 10 Наурыз, 2011

Кептер жеткізген кептер. біле-білгенге адамзат тарихының айтулы оқиғалары еді

d0bad0b5d0bfd182d0b5d180ТАЯУ ШЫҒЫСТА НЕ КӨП –  ҚАҚПА КӨП Кемінде үш дін пайда болған Иеру­салим қаласы жота басына салын­ған. Дөңнің беті құнарлы то­пы­рақ болғанмен, асты жартас. Тарбағатай тауын­дағыдай қара, Алатаудағыдай көк жартас емес, Үстірттегі сияқты жалқын түсті. Түсі ғана емес, тасының өңдеуге оңай көнетіні де бірдей. Жел үңгіген, адам қашаған, аң тырмалаған үңгірлері баршылық. Жартасты бүйірінен ойып жасаған көне мешіт анда да, мұнда да көзге таныс. Ежелгі қала орналасқан төбенің етегіндегі зираттар, үстіндегі қорған, құлаштап лақ­тырған арқан зорға ілігетін сол қорғанның ішіндегі үйлер жалқын түспен қарсы алады. Бүгінгі заманда жолаушыны. Баяғы заманда жортуылшыны. Жортуылшы демекші, байырғы Ие­ру­салимді түріктің кемеңгер сұлтаны Сү­леймен төрт жағынан бірдей қоршатқаны мәлім.Осы қалада ұйықтап жатып түс көріпті деседі. Төрт арыстан төрт жағынан анталапты. Ояна сала түсін жорытыпты. Уәзірлері мардымды ештеңе айта алмағанда бас құрылысшысы «анталаған арыстандардан сақтану үшін қаланы дереу қоршату керек» депті. Сүлеймен сұлтан «онда бес жылда қорған соғып шығасың» деп тапсырып, қазынадан қаржы бөлгізіпті. Бес жылда қаланған текше тастар шеті сетінеместен бес ғасырға шыдас беріп, маңғаз қалпын сақтап тұр. Тас – мәңгілік, ал билік мәңгі­лік емес. Мұнда неше билеуші өзгерді, сан ұлттар мен ұлыстар сапырылысты, оның есебінен жаңылысасың, бірақ сайыпқыран Сүлеймен соққызған қорған сол қалпы. Әр бағытқа бір-бір қақпа қалдырған екен. Әлгі қақпадан бірден қалаға кіре алмайсың. Қақпадан соң кесе-көлденең қабырғаға тап болып, солға бұрыласың. Сосын қалаға шығуға болады. Кірушіні солға бұрылуға мәжбүр етудің сыры бар. Адам қаруды, ай­талық, қылышты оң қолымен ұстайды ғой. Мұнда оң қол жақ бітеу тас қабырға, еркін қимылдай алмайды. Ал бұрылыстан кейінгі тасадан күтіп тұратын жасауылдың оң қол жағы – кеңістік. Қалай қаһарланып шапса да мүмкіндігі бар. Осындай Шығыстың шыңырау сырларын бүккен Иерусалим қақпасының алдында не көп – көгершін көп. Сансыз туристің аяғының астынан несібе іздеп, мөлиіп жүргендері. Көне қалаға кірер-кірместе кептерлерді көргенде ойымызға дұға емес, ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңі оралды: Көп өкпем қалды ішімде көпке жетпей, Құс екеш құс та қоймас өкпелетпей. Көгершін, Көк аршын ғой сенің ныспың, Жүрсіңдер мұнда неғып көкке кетпей? Біздің ақын бұл өлеңді иір-иір Иерусалимде емес, көшелері таспадай түзу Алматыда 28 гвардиялық-панфиловшылар пар­кіндегі кептерлерге қаратып шығарған. Онда да жем сұрап шүпірлеген көгершін көп. Мұнда да солай. Таяу Шығыс – қазақ даласы сияқты өлең мен жыр шығатын жер. Бәйіт айтқан бәдеуилердің ежелгі қыстауы. Содан да шығар, ойымызға және бір жыр оралсын. Бұл жолы – Мұқағали. Көзің қайда көшеден мені іздеген, Сөзің қайда жанымыз егіз деген. Терезеңнің алдына келіп тұрмын Көгершіндей қысты күн жем іздеген. Иерусалимнің ежелгі тұрғындары құсты бейбітшілік, тыныштық белгісі деп білген. Бұл наным грек елінен жетсе керек. Афины қаласының гербінде тұмсығына лавр бұтағын тістеген көгершін бейнеленген. Афины демекші, гректер Олимпиадада кім жеңгенін көгершін білетін. Жерорта теңізін жағалай қоныстанған халықтар бір-бірімен ықылым ғасырлар бойы араласқан. Бірін-бірі жаулаған. Бір-біріне бағынған. Иерусалимнен жүз шақырымдай жерде теңіз жағасында көне Кейсары қаласының қирандысын көр­генбіз. Римнің Иорд патшасының ордасы. Ойран болған орданың бірнеше бөлмесі, дәліздері сақталған. Ауласындағы әуіттері мен саябақтағы жолдарына дейін сол қалпы. Болмаса мына Иерусалимнің көп жері – грек шіркеуінің меншігі. Нанбайсыз ба? Израиль мемлекеті жерді пайдаланғаны үшін грек шіркеуіне пайын төлеп тұрады. Жыл сайынғы бюджетте қарастырылған. Ұлыстар араласқан соң мәдениеттері мен дәстүрлері бірінен-біріне жұғысар-ау. Оның ішінде кептерге деген көзқарас пен құрмет те. Қалай дегенмен жер шарының әр шал­ғайында бұл құстың адамзатқа өлшеусіз қызмет еткені талассыз. Әсіресе, хабаршы ретінде. Азия халықтарының ортақ мұрасы саналатын «Гилгемаш» дастаны қышқа жазылғаны мәлім. Сондағы он бірінші қыштағы сөздерге қарағанда, кеме Ницар тауында қайырлап қалады. Біздің аңыздарда Нұқ пайғамбар кемесі тоқтаған тұс – Қазығұрт тауы. Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған? – деп келетін өлең жолы бар. Ал бұл жақта – Ницар тауы. Армяндар бол­са Нұқ пайғамбар кемесі Араратта тоқта­ған деседі. Ол таластың нүктесі қойылмаса керек. Сонымен – «Гилгемаш» дастаны. Екі күн өтеді, кеме қозғалмайды. Төрт күн өтеді, Ницар тауы оны босатпайды. Алты күн өтеді, кеме әлі қайырлап жатыр. Сосын: Жетінші күн дөп келді, Босатпай тұр бір құз деп, Бұл хабарды жеткіз деп. Көкке ұшырдым кептерді. Кептер арқылы сәлем жолдау осылай басталса керек. Сәлем сөзі былай тұрсын, кәдімгідей сәлемдеме жеткізген тұстары бар. Мысырдың бір перғауыны өз досына әуе арқылы 1800 түйір шие жіберген. 600 кө­гершіннің тұмсығына бір сабақтағы үш шиеден тістеткен. Қазір поштамен досыңызға он келі жеміс салсаңыз, әжептәуір ақша төлейсіз. Әрі жеміс жолда бұзылып кетуі мүмкін. Мынау тегін әрі тез. Перғауындар мен Нұқ пайғамбар дәуір­лерінен беріге жылжысақ, бұл құс Мысырда ресми байланыс құралы болған. Алғаш мемлекеттік кептер қатынасын Нұреддин сұлтан 1167 жылы орнатып, әр бағыттағы жол­дарды жағалай кептерлерге арналған мұ­наралар тұрғызуды бұйырған. Сұлтанға әуе поштасын ұстау арзанға түспеген. Бір кептер 1000 динар тұрыпты. Онда он қой сатып алатын ақша. Қымбат та болса қажет байланыстың арқасында Нұреддиннен кейінгі билеушілер де тақта нық отырған. Мына соңғы билеуші Хосни Мүбәрактың тақтан түсуі – кептердің орнын «Твиттер» басқан заманның ықпалы. Ал 1249 жылы Мысырға «крест жорығын» жасаушылар келіп қалғанда, бұл хабарды сұлтанға кептер жеткізген. Сол «кресші­лермен» шайқас ортасында Бейбарыс жү­реді. 1260 жылы Бейбарыс Мысыр тағына отырғанда әр өзенге көпір салумен бірге «кептер» мұнараларын бұрынғыдан нығайтқан. Жеке мұнараларды мекендеп, арнайы жемді асықпай шоқыған кептерді Таяу Шығыстың аспанынан емес, жалқын түсті тас төселген жерінен көреміз деп күтпеп едік. «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шолар» деген осы. Біздің ұғымда кептер – бейбітшілік құсы. Ал Таяу Шығысыңыз – жиі-жиі соғыс жүретін жер. Соғыс дінге бөлінуден шығады. Аяз Бетбаевтың тоқсаныншы жылдар басында айтатын толғауы: Ассалаумағаликум, мұсылмандар-ай, Бейбіт күн ақ кептерін ұшырғандар-ай, – деп басталушы еді. Иерусалимде ислам, иудда, христиан діндерінің арасындағы бейбітшілік белгісі болып аспанда самғауы тиіс құстар Ақсұңқарұлы сынды ақындар­дың ызасын келтіріп, аяқ астында шоқақтап жүргенін қарашы. ҚЫТАЙДА НЕ КӨП – ӨНЕР КӨП Аждаһаның алуан бейнесін жасау, батпырауық ұшыру, бұлтсыз жаңбыр жауғызу, шаян жеу... санасаң таусылмайды. Сол өнердің бірі – көлеңкелер театры. Ақ жаймаға немесе қабырғаға түскен қуыршақтар көлеңкесінен ересен әсер аласыз. Мұны хансу тілінде «Лаоцян пиин» деп атайды. Екі мың жылдан астам уақыт бұрын Шэньси аймағында пайда болыпты. Хуашань тауының бөктерінде. Шань – хансу тілінде «тау» деген сөз. Демек, Хуаның бөктерінде. Әр қуыршақ есектің иленген терісінен жасалады. Екі-үш жерінен ұзын таяқшаға бекітіледі. Одан әрі ұзын таяқшаны қолға ұстаған өнерпаз қуыршақтың денесін қозғап қимылдатады, аузын ашқызып ән салғызады. Рас, әнді шымылдықтың тасасында өзі айтып береді. Қару көтергізіп соғыстырады. Жалпы, соғыс – «Лаоцян пииннің» негізгі тақырыбы болыпты. Сонда бейбітшілік ше? Бар екен. Таптық. Уездік Хуаинь қала­сындағы қойылымдардың бірінен. Әрі тура көгершінге қатысты болып шықты. Мұндағы «Ляоцян пиинде» қыз бен жігіт бір-біріне ғашық болады. Бірақ қыздың әке-шешесі бұлардың жолығуына тыйым салған. Біздің Баян сұлудың әкесі Қарабайға ұқсайтын қаражүрек ата-ана Шың-Машында неге болмасын?! Болған әрі Қарабай сынды бай болған. Қызын қаратабан кедейге бергісі келмеген. Маңына жолатпау үшін біздің жырдағы Қарекеңдей «әй-шу» көше жөнелмеген. Оған... қытай – отырықшы халық. Бірақ бей­күнә, жоқ, бәлкім, бейкүнә емес, бейшара қызын үйден шығартпайды. Сонда екі ғашық қайтеді? Арғы заманда қазір мына Мүбәракты тақтан тайдырғандай «Twitter», I-Pot, SMS-тің елесі жоқ. Қайтпек керек? Бәрібір қатыгез әке, қайырымсыз шешенің салған тыйымы­на қарамастан қыз бен жігіт жолығысып тұрып­ты. Қалай? Жылдың бір түнінде жер бетінің бар кептері жиналып, қыздың терезесінен жігіт­тің есігіне дейін тұтаса қанат қағып, аспалы көпір жасайды. Сол көпір арқылы екі ғашық жүздесіп, мауықтарын басады. Керемет аңыз «Лаоцян пииндегі» қойылым арқылы жиырма бірінші ғасырға жетті. Ғашықтардың аты кім, сүйектері қайда қалды, ұрпақтары бар ма, оның бәрі ұмыт болған. Айтпақшы, аңызбен бірге жиырма бі­рін­ші ғасырға көгершін жетті. Ғашықтар арасын­дағы сезімге көпір жалғаған көгершін­дер Қытайда қуыршақ театрының кейіпкері болса, қазақ даласында біздің құрдас ақын Қасымхан Бегмановтың бір шумағына арқау болыпты: Қаруды білген ұсталар соққан затынан, Аруды білген ақ кептер берген хатынан. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сөйлейді Келмеске кеткен заманалардың атынан. Бұл елдің императорлары да кептермен хат алысқан. Түрлі құсты құрбандыққа шалғанда ол тізімге кептер кірмеген. Император сарайының маңдайшасында арыстан, аждаһа және тотықұс бедерлері тұрады. Арыс­тан – күштің, аждаһа – биліктің, тотықұс – дәулеттің нышаны. Сосын тырна. Оны Император кітапханасының маңдайшасына бедерлеген. Тырна бұл елде ұзақ жасау белгісі десек, кітап сөзінің ұзақ жасайтындығына талас жоқ. Тотықұс пен тырнаның бедерін солай билеушілер сарайынан жолықтырсақ, кептер суретін храмның маңдайшасынан көрдік. Әлгі храмның төбесінде шуақтап бір топ тірі кептер және отырды. Сонымен кептердің шабарман ретіндегі қызметін билеушілер бағаласа, бейбітшілік құсы ретіндегі бейнесін тас құдай – Тұнжырға табынатындар мойындаған. Ал қара халық... ...Қытайдың бұқарасында көгершінге қатысты қызықтар, тіпті шыжықтар деу керек шығар, жеткілікті. Бұл елде сал үстінде өмір сүретін әулеттер болған. Бізде сексенінші жылдары бір журналист «Сал үстіндегі маусым» деп Сырдариядан бірнеше хабар берген. Мұндағылар маусым не, бүкіл ғұмырын сал үстінде өткізген. Себебі үй салып, егін егуге тоқымдай жері жоқ. Сөйтіп, ешкімнің меншігі емес, өзен үстінде өмір сүреді. Салды бамбуктен жасайды. Өйткені суда бамбук шірімейді. Ұстап көрдік. Өсіп тұрған көк сабағы тұрмақ, қоңырайып қурағанын сындыра алмайсың. Сындырған не, иілмейді. Оның қасында біз­дің даланың шілігі айналайын екен. Оның балғынын жапырып жүре бересің, биігінің өзін иіп садақ жасайсың. Ал мынау балта мен қылыштың арасынан шыққан арнайы қарумен отамасаң, онсыз жол бермейді. Топтанып өседі. Қазақтың жұмбақ айтысында «Жалғанда балық үлкен, қамыс жуан» деген жолдар бар. Сондағы «балығы» – кит, «қамысы» – бамбук. Сондай мықты бамбук салдың үстінде өмір сүрген отбасылар көбінесе судағы балық пен шаянды жеп, балықтың ішек-қарнымен көгершіндерді жемдеген. Сосын, әлгі ...шыжығы. Кептердің соры – өзінің ашкөздігі, тойғанын білмейтіндігі. Қазіргі Қытай – көгершіндей ашкөз емес, тойынған ел. Азық-түлік жеткілікті. Торғай мен көгершінді жеу азайған. Содан ел аспанында кептер көбейді. Бейжің әуежайына ұшып-қонатын ұшақтарға қатер төндірді. Шамасы, 2008 жылы болар-ау, бір ұшақ алты кептермен соқтығысқан. Әупірімдеп әуежайға қайта қонған. Жолаушылар аман. Кептерлер опат. Өзімен кетсін. Осыдан бастап әуежайлар маңында кептерлер өсіруге, жемдеуге және ұшыруға тыйым салған заң шықты. Қытайда екі заңның бірі тыйым түрінде болса, таңғалудың қажеті жоқ. Онсыз бір жарым миллиард халықты тізгіндей алмайсың. Мына заңда айып салған не, түрмеге жабу қарастырылған. Заңнан басқа қарекеттерге келсек, әуежайлардың аспанына кептер кіре алмастай торлар керілді. Үкінің, сұңқардың, әлмисақтан бері кептер әулетіне шеңгелін батырған басқа да алғи мен қырғи құстардың дауысы күшейткіш арқылы беріле бастады. Шаханов жазған «Барселона аэропортындағы сұңқарлар» атты өлең есіңізде ме? Мазаң-желтең ойменен, Жүргендеймін кейде мен, Барселона аэропортында. Иә, ол кезде қазаққа «әуежай» дегізбей­тін. Орыспен ортақ – «аэропорт». Туысқан түріктерде бұрыннан: «хәуе лиманы». Біз бірнеше күн Бейжің әуежайының түбіндегі орталықта білім жетілдірдік. Сонда байқағанымыз, мұнда бір емес, екі ұшу алаңы бар. Оның әрбірінен минут сайын ұшақ көкке аттанып жатады. Сағатына – 120 рейс. Тәулігіне бес мыңға жуықтай ма, қалай? Қытай – өте үлкен ел, жолаушы жетеді. Бес мың ұшақтың бірде-бірін кептерге соқтыр­май аттандырып, қарсы алу шарасы толық жүзеге асқанын, сөйтіп, өз көзімізбен көрдік. Хош, сал үстіндегілерге жем болудан құ­тылған, бірақ әуежайдан үркітілген кептерлер енді қайда барады? Олардың қайда барарын бір Алла не бір Будда емес, ...қолында пульті бар ғалым білуі мүмкін. Өйткені ел ғалымдары әлемде алғашқы болып кептердің миына микроэлектрод қойған. Сол арқылы кептердің ұшуын алыстан басқару мүмкін болды. Бұл тәжірибені Шаньдунь провинциясын­дағы Ғылым мен технология университетінің ға­лымдары жасаған. Кептердің миының әр тұсына орнатылған иненің жасуынан да кіш­кене электрод арқылы бұйрық беріледі. Еркінен айырылған кептер бұйрық бойынша жоғары-төмен ұшады, оң мен солға бұрылады. Ғылыми жобаның жетекшісі Су Хуэшэн деген марғасқа «бұйырса, кептерді бағындырдық, ендігі кезек – тышқандікі» депті. Күндердің күнінде бұл кезектің пендеге келуінен әлде Алла, әлде Будда сақтасын деңіз. ДАНИЯДА НЕ КӨП – ҚАМАЛ КӨП Алақандай мемлекеттің ішінде жүр­генде айналадағы қамалдың түрі мен атынан жаңыласың. Бір қамалдың биік мұнарасынан екінші қамалдың мұнара­сын көруіңіз бек мүмкін. Әр король өз тұсында қамал салдыруды дәстүрге еңгізген. Қолынан келіп, қаржысы мен уақыты жетсе – бір емес, бірнешеуін. Соның бірі жағалауда тұр. Балтық те­ңізінен бері шыққан бұғаздың шведтер жақ шетіндегі түйетайлы жағалауын биіктетіп бекініс жасаған. Жал-жал бекіністің әр жеріне зеңбірек орнатқан. Оқпандары теңізге қарап тізілген шойын қарулар әлі қаһарлы көрінеді. Сосын қасқайтып қамал тұрғызған. Биік, асқақ. Сан рет өртенген, қиратылған. Бірақ қайта жөнделген және нығайтылып тұрғызылған. Әйтеуір біздің Отырар сияқты төбеге айналып қалмай, жиырма бірінші ғасырға бағзы қалпында жеткен. Қазір іші мұражай. Атшаптырым залдары Король ағзамның өзіне, әйеліне арналған. Түрік, қытай мен араб сарайларынан кәни­зактар әкелетін бөлмелерді көргенбіз. Еуропада ежелден бір еркекке – бір әйел! Бұлар­дан басқа қонақ қабылдайтын, ас ішетін, кітап оқитын, балалары ойнайтын дегендей үлкенді-кішілі бөлмелер толып жатыр. Төрт жаққа түгел бекініс ретінде салынған қамал­дың ішіндегі төрт бұрышты алаңқайға қабырғалардан күн түсіп жарытпасын ша­маладық. Бір жақ беті шіркеу. Төбеде екі мұ­нара. Бірі – қарауыл, екіншісі... көгершіндер мұнарасы. Бұл дат халқы ұзақ жыл шведтермен шайқасып келіпті. Әлгі жүз жыл қазақ пен қалмақ соғысқаны сияқты. Біздің Қабанбай бабалар кең далада Қубас сынды белді атқа мініп соғысса, бұлар кеме, қайыққа отырған. Өйткені екі араны төрт-бес шақырымдық бұғаз бөліп жатыр. Швеция – ежелден әлді мем­лекет. Сан ғасыр аймақтағы держава болған. Талай рет орыстың өзіне соқтыққан. Олар­дың, шамасы, Бұқар жырауы болмаса керек: Өкпеңменен қабынба, Өтіңменен жарылма. Орыспенен соғысып, Басыңа моншақ көтерген Жұртыңа жаулық сағынба, – деп короліне тоқтам айтатын. Ресейге азу ақситқан шведтер маңайдағы момын дат, норвег, фин халықтарын аясын ба?! Жауынгерлері армансыз жаттыққан шақта, королінің іші пысқан немесе арманы асқақтаған кезінде дүр көтеріліп жорыққа аттанады. Кемемен, қайықпен. Тура сол кезде қаракөк бұғаздағы қаптаған қайықты көрген мына қамалдың қарауылы өз мұнарасынан әлгі екінші мұнараға жүгіреді. Екеуінің арасы жиырма қадамдай ғана. Бара мұнараның басындағы қақпаны ашып қалады. Сол кезде көк аспанға сансыз көп кептер дүр-дүр етіп ұша жөнеледі. Енді әр кептердің өз бағыты бар. Анығында, өскен қамалы бар. Мұнараның қақпағы ашылысымен әр кептер сол мекеніне тура тартады. Хабаршы көгершін келгені «шведтер шабуылға шықты» деген сөзді білдіреді. Көгершіндердің өз мекенін қай жерден болсын тауып баратыны – ғылымдағы ше­шілмеген жұмбақтың бірі. Сан рет тәжірибе жасалған. Көгершінді қапас жәшікке салып, жүз рет айналдырған. Сосын алыс жаққа жеткізіп және жүз рет айналдырады. Жәшікті ашқанда көгершін басқа жаққа бұрылмай, өз мекеніне тура тартады. Бастапқыда мұны құстар Жердің магнитті өрісін сезіп, сол арқылы бағытты табады деп түсіндірді. Ар­қасына мыс жапсырып, мойнына магнит ілінген көгершін де өз мекенін жаңылмай тапқан соң, бұл болжам негізсіз болып қалды. Рас, жиырма бірінші ғасырда көгершіннің бағдардан адасып, басқа жаққа кеткен кезі бар. Ағылшынның Билли деген көгершіні Франциядан иесіне хабар алып ұшып шығады. Неге екені белгісіз, Ла-Манш бұғазын кесіп небәрі 600 шақырым ұшуы керек кептер Атлант мұхитын көктеп 5600 шақырымға ұшып кеткен. Он сағатта жетер Лондонға емес, екі апта ұшып Нью-Йорк қаласына барыпты. Елінің саясатшылары «қырғи» аталатын АҚШ-та оған нағыз қырғи тап беріпті. Кептердің адасуын «жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген қазақ мақалымен емес, сан түрлі әуе толқындарының еселеп артуымен түсіндірген ғалымдар. Осы заманда аз-кем адасып кеткендері болмаса, көгершіннің өз ұясын тауып келетіні ықылым заманнан бері белгілі. Орыстың Игорь князін салықты көп салғаны үшін басыбайлы адамдары ағашқа керіп байлайтын әйгілі жыр есте шығар. Олжас әр сөзін талдайтын. Сонда кек алу үшін басыбайлы адамдардың мекенін Игорьдің әйелі қалай өртеген? Ол алдымен әр үйден алым ретінде бір-бір кептер жинатады. Сосын олардың аяғына тұтанған білте байлап жібереді. Өз мекенін адаспай табатын көгершіндердің қуаныш емес, қасірет әкелгені карикатуристің тілімен «айтпаса да түсінікті». Жаттыққан көгершіндер бір сағатта 70 шақырымға ұшады. Сонда он сағатта 600-700 шақырымға, яғни Данияңыздың о шетінен бұ шетіне ұшып өтеді. Сөйтіп, көк сауытты, ақ найзалы орта ғасырларда Дат корольдігін швед шапқыншылығынан сан рет сақтап қалыпты. Бір ғажабы, ел астанасы Копенгаген мен әлгі қамалдардың ешбірінен жем шоқыған кептер көрмедік. Сол сияқты Данияны сақтап қалған көгершіннің мүсіні көрінбеді. Ал ондай құрмет іргелес, жоқ, жері іргелес емес-ау, суы шектес басқа елде бар. АНГЛИЯДА НЕ КӨП – ЕСКЕРТКІШ КӨП Лондонның әр тұсында небір ескерткіш тұр. Аттысы да, жаяуы да жеткілікті. Королі де, герцогі де баршылық. Лор­ды да, адмиралы да тегіс мүсінге айналып кеткендей. Тіпті бір жерінде орта ғасырларда жарты Лондонды жалмаған өрт құрбандарына арналған ескерткішті көргенбіз. Ұшына қарауға бөркің, жоқ, ұмытпасақ, ол жолы ақ киіз қалпақпен жүрдік пе өзі, әйтеуір бас киі­мің түскендей асқақ екен. «Неге мұншалық­ты биік» деп сұрағанбыз. «Бұл ескерткіштің биіктігі – сол жолғы өрттің жалынымен бірдей» деген жауап алдық. Ағылшындар нені болсын дәл есептейді. Сосын ұмытпайды. 1931-32 жылдар аштығы құрбандарының дәл санын айта алмай, дені дұрыс ескерткішін қоя алмай жүрген біздердей емес. Ағылшынның қаһарлы қолбасшы, алым­ды адамдары былай қалып, бір тұста көгершінге орнатылған ескерткіш бар. Әлгі адмиралдар мен герцогтердікінен еш кемдігі жоқ қола ескерткіш. Орнатылу сыры мынадай: Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында теңіздегі ағылшын сүңгуір кемесін аңдап қалған неміс ұшағы дәл бомба тастайды. Жүзу қабілетін жоғалтқан сүңгуір кеме шым етіп теңіз түбіне батады. Іштегінің бәрі құрдымға кетеді. Қазақ «кемедегінің жаны бір» дейтін. Бұл жолы кемеде адамдардан басқа екі кептер болыпты. Олар да жанды. Қазақ мақалы бәріне ортақ екен. Осы екі кептердің аяқтарына кеме шөгіп қалған жердің координатын көрсеткен қағаз байлайды. Сосын арнайы темір қорапқа салып, торпедо аппаратымен су бетіне атады. Су бетіне шыққанда қорап ашылады. Сол екі кептердің бірі, иә, тарихшылардың жазуынша, ұябасары базаға аман жетіпті. Екіншісі дауыл мен толқын арасында өлсе керек. Қазақ «еркек тоқты – құрбандық» дейтін. Бұл жолы ...кептердің еркегі. Аман жеткен кө­гершіннің аяғындағы жазу арқылы су түбіндегі теңізшілерге көмек жетеді. Сөйтіп, бәрін құтқарып қалады. Ал көгершінге ескерткіш қойылады. Көгершіннің ескерткіші Бельгияда, Фран­цияда бар. Парижді пруссиялық әскер қоршауға алған 1870-1871 жылдары поштаны көгершіндер тасыған. Оның алдында Француз революциясы кезінде Бельгияның газеттері нөмірге жаңалық әкелетін кептер поштасын күтіп отыратын. Франция мен Бельгиядан бері жылжысақ, Дондағы Ростов қаласында фашистер басып алған қаладан Кеңес әскерінің штабы тұрған Батайс­кіге көгершіндер арқылы хабар жолдады деген күдікпен атып тасталған оқушының ескерткіші бар. Қолына көгершін ұстап тұрған баланың аты-жөні – Витя Черевичкин. Бұл ескерткішті фашистердің жауыздығын әшкерелеген Нрюнберг сотын­дағы фотоға қарап жасаған. Сотта Витяның фотосы фашистер жауыздығының бір айғағы ретінде қарастырылыпты. Көгершіндер жалпы бірінші дүниежүзі­лік соғысқа да, екінші дүниежүзілік соғысқа да қатыстырылды. Жапония түнде ұшатын кептерлер отрядын жасақтады. Ағылшындар соғыс үшін 200 мың пошта көгершінін өсірді. Оларды немістер басып алған аймақтарға парашютпен тастап отырған. Ондағы Қарсыла­су қозғалысының мүшелері мен жергілікті тұрғындар басқыншылар туралы мәліметтерді көгершіннің аяғына байлайды. Сосын шабарман Ұлыбританияға қайта ұшады. Бұл ел соғыс кезінде маңызды құжаттар­ды кептерлер арқылы тасыды. Оның бірі – Мэри деген көгершін қанаты уатылып, үш бірдей оқ тигеніне қарамастан хабарды керек жеріне жеткізген. Бұл үшін медаль алыпты. Жалпы, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтастарға көмектескен иті бар, құсы бар талай жәндік осы Дикин медалін алса, оның 32-сі – кептерлер. Осы медальдің бір иегері Джо деген кептер 20 минутта 35 шақырымға ұшып, бір қаланы бомбалаудан сақтап қал­ған. Джоның жылдамдығы, біздің есептеуімізше, кептерлер арасындағы рекордқа жатуы ғажап емес. Соғыстан кейін көгершіндер поштасы тек Швейцария армиясында қалды. Ал Бри­танияның өзінде әлі күнге кептерлерді қан­ның анализін апару үшін ұстайды. Лон­донның көлік кептелісін бір көрсеңіз, анализді кептермен жіберудің қаншалық қажеттігін байқайсыз. Британ барлау қызметінде болған кө­гер­шіндердің фотолары 2010 жылы арнайы аукционға шығарылды. Оның ішінде медальді Мери мен Джоның фотолары жүр. Оның алдында бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көгершіндердің суреттері аукцион­да сатылған. ХХ ғасыр басында қаһарман көгершіндерді ешкім фотоға тартпаған, фотоңыз, құс тұрмақ, адамға қат кез. Кеп­терлердің суретшілер салған әрбір суреті мың фунт стерлингтен өтіпті деседі. Одан келесі соғыстың кептерлері қалыса қоймас. Қайта бұлардың қатері мен қиындығы бірінші алапаттан анағұрлым артық болды емес пе! Сөйтіп, көгершін адамзаттың екі соғы­сында біраз шығынға ұшыраса да, Еуропаның бейбіт дәуіріне жетіп еді. ИТАЛИЯДА НЕ КӨП – ҚАЙЫҚ КӨП Венецияға қарай бет алған бүкіл автомобиль жүйткіп келіп жалғыз ғи­маратқа тұмсық тірейді. Ол – жер ас­тында әлденеше, жер бетінде әлденеше қа­баттан тұратын алып автотұрақ. Одан әрі жол жоқ. Тек сумен жүресіз. Бүйірінде нөмірі бар үлкен кемелер – автобустар. Одан гөрі адамды аз алатын, бірақ жүрдек жүзетін катерлер – маршрутты такси есебінде. Ал жүйткіген екі-үш адамдығы – такси сияқты. Жалғыз ескекші алып шығатын гондолды ат арбаға теңей салайық. Қайық болсын, кеме болсын, гондол болсын – бәрі турист атаулыны орталық аралға, ондағы орталық алаңға жеткізеді. Алаңның аты – Сан Марко. Ортасында ұзын сығана. Оның басы қос қанатты періште. Құс пен періштеден басқа пыраққа, құмайға, енді барысқа қанат тағатын біздің ел еске түсті. Венецияның бас алаңында баяғыда саудагерлер өріп жүрсе, ендігісі – қатары одан да қалың туристер. Әр топтың өз сырығы, оның ұшында өз жалауы бар. Онсыз мына нөпірде адасып қалу оңай. Венецияға келу­шілерді баяғыда қарақшылар қинаса, енді көгершіндер шүйлігеді. Әбден жем жеп дәндеген құстар басыңа, иығыңа, қолыңа шүпірлеп қона береді. Біз көрген, бастапқы жылдары қызық үшін жем берген Венаның, Лондонның, Париждің, Брюссельдің, Кельн­нің, Будапештің және басқа еуропалық қала­лардың кептерлерінен мына Венецияныкі сұмпайы екен. Бұл қалада адамның сұмпайысын, дәлірек айтсақ, теңіздің қарақшысын ықылым заманнан бері абақтыға қамайтын. Ол абақты Сан Марко алаңының бір шетінде. Енді мұра­жай. Ішінде кісеннің, құлыптың, ажырғының, айбалтаның небір түрі бар. Шаршы тас төселген еденнің әр тұсында әйнек астынан адамның басы шыға келгенде сұмдық шошисың. Жай емес, тістері ақсиған, көздері ақшиған, мұрындары сәңкірейген, құлақтары шұнтиған бастар. Бірі тақыр, бірі тықыр, үшіншісі жалбыр шаш теңіз қарақшыларына тән бастар. Әрине, Алла жаратқан адамдыкі емес, мұражайды безендірген суретшілер жасаған балауыз бастар шығар. Бірақ мына алакөлеңке залдағы әсері сұмдық. Әр жерде шыңғырып жатқан турист әйелдер. Арғы замандарда қарақшылардың қапы­сын тапқан Венеция енді қарақшылық кезегін алған кептерлерге жаза таппас па деп едік. Бар екен. Заманның зауалы. Бірақ кептердің Венециядағы аз-кем күнәсіне қарағанда мың, миллион есе ауыр, қатыгез зауал болып шықты. Біз мана бір пошта кептері адасып, Лондонның орнына он есе қашық Нью-Йорктен бір-ақ шыққанын айттық. Зерттеушілер оны қаптап кеткен телевизия мен телефон байланысынан көрген. Құстардың бағдардан адасуы қатердің басы екен. Осы Италияда 2011 жылдың 7 қаңтарында мың-мыңдаған көгершін қырылып қалды. Бірінің салбыраған қанаты ағашқа, енді бірінікі өздеріне қатер әкелген антенналарға ілініп жан тапсырса, көпшілігі алаңдар мен аяқ жолдарда, күнделікті жем шоқитын сүйікті жерлерінде өліп жатты. Уланды ма, жұқпалы ауруға шалдықты ма – белгісіз. Оларды қомағайлықтан өлді деушілер болды. Бұлар өзі қазақтың «жұтқан – жұтамайды» деген мақалына сай құс болғанымен, мыңдаған көгершін бір сәтте мешкейліктен өле қоймас. Оның алдында тура 2011-дің Жаңа жыл таңында АҚШ-тың Арканзас штатында үш мыңнан астам кептер қырылып қалған. Айтпақшы, ұмытып кетіппіз, осы елдің Миссисипи өзені жағасында кезбе кептерге орнатылған ескерткіш бар. Біз өзен бойындағы Де Мойн қаласында жабайы көк ала үйрекке жасалған құрметті көргенбіз. Таң ата қонақ үйге барқылдаған үйректерді айдап кіреді. Лифтімен жоғары шығарып, қонақүй қызметін бастайды. Үйректің суреті бүкіл қаланы жаулаған. Ал кептердің «кезбе» аталатын түрі осы шүрегей көрген құрметке жетпей жоқ болып кетіпті. 1810 жылы Алекс Уильсон деген құс зерттеуші тура 380 шақырымға созылған кезбе кептер керуенін бақылайды. Нағыз құс жолы, әлгі Қытайдың «Лаоцян пииндегі» құс көпірі осындай болған шығар. Көптігінен аспанда осынша тізбек болып ұшқан кезбе кеп­тер кейін жер бетінен жоғалып кеткен. 1947 жылы 11 мамырда Миссисипи өзені жа­ға­сына кезбе кептерге арналған ескерткіш ашылды. Мәңгіге кеткен «кезбесінің» соңынан жиыр­ма бірінші ғасырда кептердің басқа түрле­рі жаппай қырыла бастады. Ар­канзастағы оқиғадан кейін Лузианада мың шақты кептер бір түнде жан тапсырған. Одан әрі Канаданың Сан-Огюстен-де-Демор қаласынан осындай хабар жетті. Қанатты құсқа Кұрама Штаттар мен Канаданың айырмасы жоқ. Ертеректе жас ақын, әлбетте, кейін белгілі болатын Темірхан Медетбектің: Шекараны білмейді Шекарадағы торғайлар, – деген өлеңі цензураға түскен. Ақын айтқандай, құстың шекараны мойындамайтыны рас. Демек, екі елдегі көгершіндерге келген, екі еліңіз не, жер бетіндегі кептерлерге келген зауал – біреу. Бірақ оның сырын әлі ешбір маман анықтай алмай отыр. Өкінішті... Қорқынышты... Қайнар ОЛЖАЙ Иерусалим-БейжІҢ- Копенгаген-Лондон-Венеция

26152 рет

көрсетілді

79

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы