• Руханият
  • 12 Мамыр, 2021

Кассадан билет алатын

Жақында Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрымен бірлесіп, Серке Қожамқұловтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрменің ашылуы болды. Шараға Серке Қожамқұловтың қызы Мариям Қожамқұлова қатысты. Көрмеге әйгілі күлдіргі әртістің әр жылдарғы сахналық бейнелерінің фотолары, сахналық киімдері өзге де тұтынған заттары қойылыпты.

 

Халық Серке атап кеткен Серәлінің көзін көрген, бірге жұмыс істеген әріптестері естеліктерін айтты. «Социалистік Еңбек Ері атағы берілгенде біздің театр Семей қаласында гастрольде жүр едік» деп еске алды актриса Рахилям Машурова. Театр ұжымы және көрермендер қатты қуаныпты. Себебі Қазақстандағы сахна өнеріне, актерге аталған үлкен атақ бірінші рет берілген. Режисер Әубәкір Рахимовтың айтуынша, ол кісі халықтың ішінен шыққан талант болғасын да аса қарапайым болған. Бірде театрдан билет алуға кезекте тұрғанын көріпті. Іштен неге алмайсыз деген сауалына, «Мен халықтан үлкен емеспін» деп жауап беріпті. Әрине үлгі аларлық әрекет. Қожамқұлов өмірінің соңына дейін театрдан қол үзбепті. Өзі ойнамаса да күн сайын әртістердің репитициясын тамашалап, пікірін, ақыл-кеңесін айтады екен. «Бірде сахна маңында жүрген мені байқамады. Күбірлеп ұзақ отырды. Сөйтсем сахнамен қоштасып жүріпті» деп еске алды Әубәкір Рахимов.
Қазақстанның халық әртісі, КСРО-ның Еңбек Ері Серке Қожамқұловтың (1896-1979) туғанына 125 жыл толса, қайтыс болғанына қырық жылдан асыпты. Театр мамандарының айтуынша, қазақта шүкір таланттар көп, бірақ сахнаға шыққаннан жұртты қырантопан күлкіге қарқ қылатын Қожамқұловтың орнын басқан әртіс әзірге  жоқ екен.

Дағжан Тұлба

1382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы