• Руханият
  • 12 Мамыр, 2021

МОМЫШҰЛЫ МҮСІНІ

Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағына келген кез келген адам қасқайып тұрған еңселі ескерткішке көз салмай өтпейді. Ол – даңқты командир Бауыржан Момышұлының мүсіні. 2010 жылы қазақтың қаһарман ұлының туғанына жүз жыл толу қарсаңында ескерткіштің негізі қаланды. Биіктігі 6 метрді құрайтын монумент батырдың бейнесін айбарлы көрсетеді. Командир мүсіні толық қоладан құйылып, ал тұғыры граниттен қашалған. Монумент авторлары – қазақстандық мүсіншілер Нұрлан Далбай мен Расул Сатыбалдиев.  

Бауыржан Момышұлының атақ-даңқы соғыс жылдарында әскери басылымдарда жарық көрген Александр Кривицкийдің «Момышұлының көк дәптері» атты көлемді мақаласы мен Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» деректі повесінен соң әлемге тарап кетті. Александр Бектің шығармасы кейіннен көптеген елдің тіліне аударылып, жеке кітап болып басылды. Бауыржан Момышұлы 1941 жылы совет-герман соғысы басталған жазда Қазақстан мен Қырғызстаннан әскер қатарына шақырылғандардан жаңадан жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясында батальон командирі болып тағайындалған. Сол жылы күзде дивизия Мәскеу түбінде майданға кіреді. Көзі тірісінде-ақ батырдың даңқы қазақ даласын шарлап, кеңес құрамындағы бүкіл халық оның ерлігін жыр қып айтады. Әрбір әскер үшін ол ерліктің нышанына айналады.  
Соғыстан кейін гвардия полковнигі шенінде әскер қатарынан запасқа шыққан соң, Бауыржан Момышұлы жазушылықпен айналысқан. Оның қаламынан туған «Офицер күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Ұшқан ұя», т.б. туындылары қазақ әдебиетінің құнды қазыналарының қатарына кірген. 
Сол кездегі Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов монументтің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, бұл ескерткіштің тек қана Бауыржан Момышұлына емес, Екінші дүниежүзілік соғыстың барлық қатысушыларына арнап салынғанын айтады. «28 панфиловшылар саябағы – қала тұрғындарының сүйікті орны, бейбітшілік пен келісімнің белгісі. Дәл осы жерде жас ұрпақ бойында патриоттық рухты тәрбиелеу мақсатында панфиловшы батырға ескерткіш орнатылды» дейді ол.   
Еңселі ескерткіш Бауыржан Момышұлының даңқын асқақтатып, саябаққа келушілерге тарихтан сыр шерте отырып, патриоттық пен ерліктің өшпес рухын әйгілейді. 

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

1381 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы