• Ақпарат
  • 12 Мамыр, 2021

Тұрақтылық пен өркендеуге бастаған қадам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары еліміздің уақыт талабына сай дамуына, осы мақсаттағы ауқымды шараларды жүзеге асыруға оң ықпалын тигізіп келеді. Сондай-ақ ел дамуының негізгі бағдары ретінде белгіленген бұл құжатта көрсетілген міндеттердің орындалуы жаңа қазақстандық арманға қол жеткізудің төте жолы ретінде бағаланған болатын. Жуырда Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының орындалу барысы қаралған болатын.

Сол отырыста Ұлт жоспарының 100 қадамының ішінде 72 қадам іске асырылғаны, яғни «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағыты бойынша – 15 қадамның 13-і, «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша – барлық 19 қадам, «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты ­бойынша – 50 қадамның 27-сі, «Біртектілік және бірлік» бағыты ­бойынша – 6 қадамның 3-еуі, «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағыты бойынша – барлық 10 қадам орындалғаны айтылды. Биыл «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Индустрияландыру және экономикалық өсу» бағыттары бойынша 9 қадамды орындау жоспарлануда. Ашық Үкімет енгізуді қарастыратын 94-қадам да жүзеге асырылуда. Бұл қадам бойынша ашық үкіметті қалыптастыру мақсатында қабылданған шаралар кез келген заңға қайшы келмейтін жолмен ақпараттарды еркін алу және тарату жөніндегі әр азаматтың конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. «Ашық үкіметтің» мақсаты – халыққа ашық есеп беретін мемлекет құру. Мұндай портал арқылы тұрғындар мемлекеттік бюджетті бақылай алады, олардың қайда, қандай мақсатта жұмсалып жатқанына белсенді араласа алады. Соның себебінен азаматтар мемлекеттік басқару саласында өз құқықтары мен мүмкіндіктерін біле алады. Сонымен қатар бұл ақпараттар жемқорлықпен күресуге де пайдасын тигізері анық.  Ұлт жоспарын жүзеге асыру Президент назарынан тыс қалған емес. Мысалы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Біз өз жұмысымызда ­Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттігін басты назарда ұстауымыз керек.  Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деп атап көрсетті. Ал «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Тұңғыш ­Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық. Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз ­керек. Бұл бағытта Ұлт жос­парын және Бес институттық ­реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет» деді ­Президент.

Ашықтық пен жариялылық – басты ұстаным

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына ­жедел ­назар аудару бағытында Түркістан ­облысы әкімдігімен көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсетілетін қызмет сапасының артуы нәтижесінде өткен жылы тұрғындардан түскен арыз-шағым алдыңғы жылмен салыстырғанда 26%-ға азайған. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жыл барысында өзім және орынбасарларым, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері, облыс тұрғындарының өтініштері бойынша 3940 азаматы жеке қабылдап, елдің қажетті экономикалық-әлеуметтік мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырдық» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жыл қорытындысы бойынша халық алдында есеп беру кездесуінде. Мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың өтініштерін бір жерден шешу мақсатында, барлық аудан, қала орталықтарында «Фронт-офис» кеңселері ашылған. Басқармалар үйінің ғимаратында облыстық «Ашық әкімдік» кеңсесі өз жұмысын бастап, кеңседе 21 басқарманың және тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін 16 басқарманың ­жауапты қызметкерлері жұмыс істейді. Осындай іргелі жұмыстардың нәтижесінде, тұрғындардың өтініш-шағымы 26%-ға азайды. ­Сондай-ақ ­облыс әкімі карантин шараларын ­ескере отырып, облыс тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша онлайн қабылдаулар өткізіп келеді. Жуырда қашықтан өткен қабылдауда облыс тұрғындары тұрғын үй, жер, әлеуметтік және инфроқұрылым, шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселесін көтерді. Түркістандықтардың өтініштерін тыңдаған Өмірзақ Естайұлы көтерілген мәселелер қолданыстағы заң аясында қаралып, көмек көрсетілетінін түсіндірді. Мысалы, Түркістан қаласының тұрғыны анасының қатерлі ісік ­ауруына шалдығып, төсек тартуына байланысты жаялық және азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде өтінішін жеткізді. Аталған азаматшаға атаулы әлеуметтік көмек толық төленген. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама, қайырымдылық қор  тарапынан азық-түлік себеттері берілген. Арнайы комиссиясының қорытындысы негізінде оңалтудың жеке бағдарламасы бекітілмегеніне байланысты, міндетті гигиеналық құралмен қамтамасыз ету қаралмаған. Облыс басшысы азаматшаның өтінішін орындауды Түркістан қаласының әкіміне жүктеді. Ал Отырар ауданының тұрғыны ауылшаруашылығы мақсатындағы 200 гектар жеріне шаруашылық нысандарын салуға көмек сұрады. Облыс әкімі өтініш иесіне ауыл шаруашылығы ­саласын дамытуға айналым, қаржы бағыттары бойынша жеңілдетілген ­несиелер ұсынып, жол сілтеуді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшылығына тапсырды. Жайылымдық жерлерге қатысты мәселенің өзектілігін ескертті. Кей өтініштердің заңды негізі болмағандықтан, ондай азаматтарға демеушілердің көмегімен қолдау көрсетуді жүктеді. Облыс әкімінің қабылдауында болған Сарыағаш ауданының азаматшасы сот үкімімен баспанасыз қалғанын жеткізді. Өмірзақ Естайұлы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келетін мәселесін айтқан қарияға демеушілер тарапынан қолдау көрсетуді аудан әкіміне тапсырды. «Заң солай, тәртіп солай. Аудан әкімдері қараңыздар, жолдарын іздеңіздер. Мүмкін демеушілер арқылы көмек беру керек. Қабылдауға жазылған азаматтардың мәселесі барынша заң аясында шешілгені дұрыс. Бір адамның өтінішінің артында бүкіл ­отбасы мен оның жақындары тұрады. Мұны жақсы түсінуіміз керек» деді Өмірзақ Естайұлы. Әкім қабылдауында болғандар ескі мектепті мәдениет үйіне айналдыру, ауыл ішіндегі жолда жасанды жол кедергілерін орнату, ауылды абаттандыру секілді өтініштерін жеткізді. Бұл орайда Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың ұсыныс-шағымдарын жеке бақылауына алып, жауапты тұлғаларға әр азаматтың мәселесін жіті талдап, заң аясында шешуді міндеттеді. Сондай-ақ облыс тұрғындары өз өтініш-шағымдарын әкімнің жеке ­блогына да жолдауда және оған толыққанды жауап алуда. Өмірзақ Шөкеевтің жеке блогы – облыс әкімі аппаратының ашықтығының тағы бір дәлелі. Өңірдің  әрбір азаматы ой-пікірлерін білдіріп, жаңа ақпараттармен бөлісе алатын, сонымен қатар әкімдік жұмысындағы кемшіліктерді нақты көрсететін тиімді құрал болып отыр. 
Азаматтардың өтініштерін тыңдап, ашық диалог орнату бағытындағы қабылдаулар барлық аудан, қалаларда жүргізілуде. Мысалы, «109 – Бірыңғай байланыс орталығы» арқылы жеке қабылдау өткізген Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповқа тұрғындар ­тарапынан жер, архитектура ­саласы ­бойынша сауалдар жиі қойылды. Жер алу, жер кезегіне тұру мен кезек реттілігін білу, болашақ жобаны келісу мәселелері бойынша аталған бөлімдермен байланыс орнату қажеттілігі айтылды. Ал жұмыссыз азаматтардың мәселесі «Халықты жұмыспен қамту орталығы» арқылы жеке қаралып, назарға алынады. Рашид Абатұлы әлеуметтік көмек сұрай қабылдауға жазылған 29 азаматқа демеушілер тарапынан Рамазан айында азық-түлік пакеттері жөнелтілгенін де айтып өтті. Өткен жылы Nur Otan партиясының Қазығұрт ауданындағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 853 адам жүгінген. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Қарау нәтижелері бойынша 539 өтініш оңтайлы шешіліп, 316 өтінішке заң аясында кеңестер берілген. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 89 қабылдау жүргізіліп, 222-ден астам тұрғынның мәселелері қаралыпты. Өтініш білдіргендердің ­басым бөлігі көпбалалы және толық емес ­отбасылар – 400, жұмыссыздар – 343, ерекше қажеттіліктері бар адамдар – 100 және зейнеткерлер – 10. Ал Келес ауданы партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне алдыңғы жылы жалпы 540 азамат өтініш білдірсе, 249 (46,1%) азаматтың өтініші оң шешімін тауып, 291 (53,9%) тұрғынға түсініктеме берілген. Былтыр партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтінішпен жүгінген азаматтар саны екі есеге жуық көбейіп, 949 азамат жүгінсе, 662 (69%) азаматтың өтініші оң шешімін тауып, 287 (31%) азаматқа мәселенің шешу жолдары түсіндірілген.
Халыққа ашық есеп беретін мемлекет құруды мақсат ететін «Ашық үкімет» арқылы тұрғындар мемлекеттік бюджетті бақылап, олардың қайда, қандай мақсатта жұмсалып жатқанына белсенді араласа алады. Осы орайда облыс әкімдігінің сайтында 2021 жылдың 1 сәуіріне мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа түсімдердің көлемі 68,1 млрд теңгені ­немесе жоспарға – 108% болғаны жөнінде мәлімет бар. Республикалық бюджет 44,3 млрд теңгені (бұл түсімдердің жалпы көлемінің – 65,1%) немесе жоспарға – 100,1% болған. Ал жергілікті бюджетке 23,8 млрд теңге түсіп, жоспар 126,7% орындалған. Облыс орталығы Түркістан қаласының  2021 жылға арналған бюджеті 115,6 млрд теңге, оның ішінде өзіндік кірістер 18,7 млрд теңге, даму трансферті 63,2 млрд теңге, ағымдағы трансферт 15,6 млрд теңге, субвенция 21,2 млрд теңге, мемлекеттік ішкі қарыздар 12,1 млрд теңге. Қала бюджетінің 2021 жылы 9,7 млрд теңгесі немесе 9,2 % әлеуметтік салаға бағытталған. 

Ашық диалог – тұрақтылық кепілі

Билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог орнауына «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да септігін тигізуде. «Ашығын айтуымыз ­керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр. Ашық диалог бұл мемлекеттік органдар мен  қоғам арасындағы тиімді кері байланысты орнатуға арналған алаң» делінген Президент Жолдауында. Ашық диалог азаматтарға мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына сұрау сауалдарды жолдауға, мемлекеттік органдардың қызметін жария талқы­лауға қатысуға, мемлекеттік органдар өткізетін сауалнамаларға, әлеуметтік сауал­намаларға, электрондық және мобильдік үкіметтің сауалнамаларына қатысуға және ұялы байланыс сапасы туралы пікірлерді жолдауға мүмкіндік береді. 
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатудың тиімді жолдары жүзеге асырылып жатқанын өңірдегі бір ғана аудан көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша мысал келтірсек. Сайрам ауданында  «Ауыл – ел тірегі» жобасы жүзеге асырылды. Мұндағы ­басты мақсат – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына және облыс әкімінің аудан аумағындағы өзекті мәселелерді анықтап, жедел шешу тапсырмасына орай халықпен тікелей байланысты сабақтау. Жоба аясында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары мен дербес бөлім басшылары әрбір ауылға 10 күн бөліп, қоғамдық қабылдаулар мен кездесулер өткізді. Сол кездесулердің бірінде аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлы ауыл округ әкімдеріне түйткілді мәселені дер кезінде шешу үшін ауыл аралап, оқиға орнына барып, мән-жайды сол халықпен бірлесе анықтау қажеттігін айтты. Мәселенің кем дегенде 50 пайызы халықтың алдына барумен шешілетінін еске салды. Осындай игі бастамалар аясында Сайрам ауданында әкімдік тұрғындардың арыз-шағымын күтіп отырмайды. Керісінше, халық қызметшілері әр ауылды аралап, тұрғындардан қандай мәселе барын сұрайды. Игі бастамалардың тағы бірі – аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәселелер ортаға салынып, талқыланатын, шешімін тауып немесе заң шеңберінде тиісті орындарға жолдауды көздейтін «Парасат» пікірталас клубының құрылуы. «Егер шындықты шыжғырып бетке айтатын болсаңыз, «Парасат» пікірталас алаңы сіздікі! Шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз» деген болатын Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков пікірталас клубының мүшелерінің алғашқы отырысында. Сол ұстаным өзгерген жоқ. Пікірталас клубының әрбір отырысында жауапты мекеме басшылары тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап береді. Мысалы, клубтың кезекті отырысында тұрғындар жаңа тұрғын үйлерге газ кіргізу құнының қымбаттығын, жаңадан салынған кәсіпкерлік нысандарға «көгілдір отын» кіргізудің қиындығын, құжаттарды заңдастыру ұзақ мерзімді алатынын айтып шағымданды. Бұл орайда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ­Сайрам аудандық филиалының ­басшысы Д.Паяев аудан көлемінде газ қысымының төмен болуына байланысты, іске қосылмаған кәсіпкерлік нысандарды газға қосу мүмкін болмай отырғанын, бірінші кезекте тұрғындарды газбен қамтуға басымдық берілетінін айтты. Ал ­аудан тұрғыны Б.Алтаев мәдениет үйінің алдынан екі қабатты сауда нысанын тұрғызу мүлдем санаға сыймайтын дүние екенін айтады.  «Мәдениет үйі мен сауда үйінің арасы екі-ақ метр болады. Мәдениет үйінің тұрғанына 100 жыл болды, оның алдынан 2 қабатты кәсіпкерлік нысанның салынуына қолданыстағы заң аясында жол бермеуіміз керек» дейді Б.Алтаев. Клуб отырысында өңірдегі өзекті мәселенің бірі жайылым жайы да көтерілді. Халқы 5000-ға жуық Қасымбек Датқа ауылында жайылым елді мекен маңындағы бұлақ айналасында ғана бар. Ол жердегі екі үлкен мал қораның иесі жылда көктемде халық пайдаланатын жайылымға өз малын жайып жібереді екен. Тұрғындар мал қораның салынуы қаншалықты заңды және бұлақтан қанша метр арақашықтықта болу керектігін білгісі келеді. Ауданда 2015 жылдан бері 220 гектар жер жекеге өтіп, сол бойы бақылаусыз қалған. Тұрғындар жер телімі кезегінде жылдар бойы тұрып, ала алмай жүр. Заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша бөлім тарапынан жұмыс жүргізілуде ме? Ауданда 19 мыңға  жуық адам жер телімі кезегінде тұр екен. Бұл электронды есепке түскен адамдар тізімі ғана. Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша сөз алған аудандық жер қатынастары бөлімі бөлімінің басшысы Н.Абылғазиев 70 гектар жер азаматтардың тұрғын үй салу мақсатында мемлекет мұқтаждығына қайтарып алуға ауыл әкіміне ұсыныс берілгенін айтты. «Ауданда 170 гектар жерді мемлекетке қайтарып, жер орналастыру жобасын дайындап жатырмыз. Бірінші кезекте Көлкент ауылдық округінде тұрғын үй салуға жер учаскелерін беруді бастайтын боламыз. Екінші кезекте Манкент ауылында 15 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, инфрақұрылым жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады» деді Н.Абылғазиев.  «Парасат» пікірталас клубы отырысында көтерілген осы сынды көптеген мәселелер бойынша нақты жауаптар беріліп, атқарылуы тиіс шаруалар да тұрғындарға хабарлануда. Мысалы, тозығы жеткен  электр бағаналары мен трансформаторлар толық зерделеніп, тиісті мекемелерге ұсыныстар жолданған. Елді мекендердегі табиғи газ жүйелерін  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Сайрам аудандық филиалының  теңгеріміне алу үшін аудандық тұрғын үй коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан 8 нысанның құжаттары хат арқылы жолданған. Аудан бойынша пайдаланылмай жатқан және 1400 гектар жер анықталған. Бұл орайда ауыл округі әкімшіліктері тарапынан мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп, құжаттар рәсімделуде. Сондай-ақ ауыл округі әкімшіліктері тарапынан бас ­жоспарларына сәйкес, бос жер телімдері іздестірілуде. «Аудан аумағындағы проб­лемаларды ашық айтып, шешу жолдарын қарастыру біздің міндетіміз. Халықтан да, БАҚ өкілінен де, облыстық, республикалық деңгейдегі басшылықтан да ештеңені жасырып отырғанымыз жоқ. Сол мәселелерді күн тәртібіне қойып, орындалу барысын саралап, осы бағытта халықпен бірге жұмыс жүргізуді жалғастырамыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 217 мыңнан астам халқы бар ауданда өзекті мәселелердің бірқатары шешімін табуда. «Парасат» пікірталас клубының негізгі мақсаты – проблемалық мәселелерді ашық айтып, оның шешу жолдарын қарастыру. Қоғам болып атсалысу. Өткен жолғы клуб отырысында айтылған мәселелер бойынша барлық сұраққа тиісті сала басшылары жауап берді. Сол жауапқа қанағаттанбағаны туралы, бүгінгі отырыста ешкім шағымданған жоқ. Біздің басты мақсатымыз да халық өкілдерімен ашық диалог құру, ортақ мәселелер бойынша пікір таластыру мәдениетін қалыптастыру, қордаланған мәселелерді түрлі призмалар мен көзқарастардың көп түрлілігі принциптері сүзгісінен өткізу арқылы тиісті шешімдер қабылдау болып табылады» дейді аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков. Әкім – халықтың қызметшісі, яғни тұрғындардың кез келген мәселе бойынша алдымен әкімдікке жүгінуі заңдылық. Бұл орайда жергілікті билік мәселені шешудің оңай жолын қаламай, тұрғындардың тиісті мекеме басшысына тікелей сұрақ қойып, жауап ­алуына мүмкіндік жасап келеді. «Парасат» пікірталас клубы алаңы арқылы.  Сондай-ақ пікірталас алаңында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу,  әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау, жастар арасындағы суицид пен ертежүктілік мәселелері де талқыға салынған. 
Ұлт жоспарындағы ақпараттарды еркін алу және тарату жөніндегі әр азаматтың конституциялық құқығын іске асыру көзделген 94-қадамның нәтижелілігін халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысы арқылы да бағалауға болады. Бұл орайда көптеген қызметтер көрсетілетін электрондық порталдың маңызы зор. Мемлекеттік қызметті электронды үкімет арқылы алудың басты артықшылығы – уақытты қысқартуға және олардың сапасын арттыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қаупін барынша жоюға едәуір мүмкіндік береді. Ал оны қолдану ғаламтор желісі жұмысына тікелей байланысты екені мәлім.  Деректерге жүгінсек, Түркістан облысындағы 264 ауылдың 74-ті жоғары жылдамдықты ғаламтор желісіне қосылмаған. Осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 3 кезеңнен тұратын жоба қолға алынып отыр. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының мәліметінше, өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 8 негізгі бағыттан тұратын жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан қаласында «Smart city» бастамаларын іске асыру бойынша «Ақылды қалалар» эталондық стандартына сәйкес облыс әкімдігі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, қаланы басқару, қауіпсіздік, көлік, ТКШ және құрылыс салаларын цифрландыру жұмыстарын жолға қойып отыр. Жалпы өңірде Ұлт жоспарындағы 94-қадам аясында атқарылған, халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтуға, ақпараттық теңсіздікті жоюға, азаматтық қоғамның дамуына және ел Президенті айтқандай билік пен халық арасында сындарлы диалог орнатуға бастайтын игі істер жалғасын табуда.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

1301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы