• Руханият
  • 12 Мамыр, 2021

Даналық дидары

Ел тарихының сындарлы кезеңінде өмір сүріп, «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткеріп, ұлт азаттығы жолында батырлық болмысымен, қаҺарман-қайсар келбеттерімен жұрт аузына ерте ілінген, әрі әулие-көріпкел, би-сұлтандар қатарының да қалың болғанын аңғарар едік. Бұл қатардың бел ортасынан – Жылқайдарұлы Жолбарыстың (1671-1761) батыр әрі би, әулие әрі көріпкел болғанын тарихи ­деректер, шежіре шерткен сырлар мен ел аузынан жеткен әңгімелер жиынтығынан, бірқатар аңыз, әпсана, рауаят, хикаяттар желісінен де айқын аңғаруға болады. Мұның тысында, БАҚ жүйесі, «Жалайырлар» ататек шежіресі, Әбілғазының «Түрік шежіресі», Қ.Жалайридің «Шежірелер жинағы», Ш.Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз-қазақ Һәм шежіресі», Д.Толқымбекұлының «Жалайыр он екі ата шежіре», О.Исмайловтың «Әлем тарихындағы Жалайырлар», «Данагой», т. б. тарихи-танымдық Һәм өмірбаяндық еңбектерден де Жылқайдарұлы Жолбарыстың көп қырлы қасиеттері (батыр әрі би, әулие әрі көріпкел) кең көлемде көрініс береді. Бәріне ортақ баян мен мазмұн желісінен – Жылқайдарұлы Жолбарыстың алыс-жақын жұртқа – «Шұбар-Ата» аталып, әкесі – Жылқайдар, бабасы – Байтоқ, үлкен бабасы – Сүйіндік, ұлы бабасы – Сомбақ, түп атасы – Күшік екені кеңінен көрсетіледі.

Орайлы тұста, «Жалайырлар» атты ататек шежіресінің – 3-кітабынан «Күшік» (Қосай) сынды бабалар өмірінің өсіп-өрбіген ұрпақтар жалғастығына, кеше мен бүгіннің сабақтастығына кеңінен көз жеткізуге әбден болады (Талдықорған: «Алтал» ЖШС, 2005. - 505 бет). Аталған кітаптың басым бөлігін алған – «Күшік» (Қосай) ататек шежіресі қазақ тарихының бастау кезеңдерінен қазіргі даму үрдістері аралығын, яки ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығын кең көлемде қамтығаны танылады. Әрі ататек шежіресінің бағыт-бағдары, жүйе-желісі белгілі бір арна, қалыпты қағидаттар аясында жүзеге асқаны, көпке жеткені де анық-қанық байқалады.
Анығында, кітап мазмұнымен танысқан тұста Жылқайдарұлы Жолбарыстың өмірбаян беттері, әсіресе өмірге келу сәті, бастапқыда – «Әй, бала!» атанып, сосын он жыл төңірегінде асатаяқты мүсәпірдің Жылқайдар үйін бетке алып, балаға азан шақырып, үш рет атап, есімін – Жолбарыс қоюы назар аудартады. Бертіңгі кезеңде замандастары мен ұрпақтары өңі шұбар, әрі бетінде секпілдері болғандықтан, тіпті екі ­жауырыны мен төсінің ­ортасында қызыл күрең мөр – меңі бары да ескеріліп, оны «әулиелік нышаны» ретінде танығандықтан, «Шұбар-Ата» аталып та кетеді.
Тегінде, Ж.Жылқайдарұлының жасынан зерек, батыл да өжет болып өсуі ерте танылады. Әкесі Жылқайдар өз кезеңінде дәулетті, бақуатты болғаны көрінеді. Алыс-жақынға байлығынан бөлек, отбасындағы ұстанымы да елдің жадында сақталады. Алғашқы балаларына енші беріп, бөлек шығарғаннан кейінгі кезеңдегі көріністер Жолбарысқа едәуір әсер етеді. Тиісті тұста: «Маған неге енші бермедіңіз?» деген көңілдегі күпті ойларын да жасырып қала алмайды. Әкесі сонда: «Саған деген шұбар айғырды үйірімен барымташылар алып кеткен. Шұбар айғыр мал басы еді, енді сол жылқыларды іздеп тауып ал!» деген жауап сөздерін анық-қанық айтады. Әке сөзі мен жауабы Жолбарысқа әсер етеді. Жан-жүрегінде мазасыздық орын алады. Көңіл толқындарында ар-намыс отының ұшқындары пайда болады. Барымташылар мен шұбар айғырдың жайы да көңілін алаң етеді. Әр қилы ойлар желісі жанын мазалап, көңіліне тыншу бермейді. «Тәуекел!» деп бойды тіктеп, белді бекем буады. Араға бірер күн салып, әкесінен бата алған Жолбарыс жолға шығады. Бай ауылына да кедергісіз жетеді. Жолбарыс барымталанған жылқылары жөніндегі негізгі ойларын әңгіме арасында-ақ бүкпесіз баяндайды. Бай өз кезегінде Жолбарыстың батыл да табанды, өжет екенін аңғарады. Жаратылысы мен батырлық болмысына ден қояды. Сөз жүйесі мен ой тереңдігіне де мән береді. Өз кезегінде бай өткен-кеткенді еске түсіреді. Артық-кем тұстарын таразыға тартады. Бір мезет көңілді кеңге салады. Жақын-жуықты жинап, ағаттықтың жай-жапсарын жан-жақты бағамдайды. Жолбарысты қонақ етеді. Тай сойып, құрметін де көрсетеді. Жылқыларын өсімдерімен толтырып, кері қайтарады. Бұдан кейінгі кезеңдерде Жолбарыстың айналасынан адам, алдынан мал үзілмеген көрінеді. Оның үстіне бойындағы бірқатар қасиеттері көрінген еді. Ел ішінде сөз бастап, түйінді тұста мән-маңызы жоғары, салмақты шешім қабылдап, бәтуәлі бітім айтады. Дуалы сөзі көпке жетіп, батылдығы мен әулиелік, көріпкелдік қасиеті де алыс-жақынға жетеді.Бастарындағы ауыртпалықтарын айтып, бойларын ауру меңдеген, кедергі-қайшылықтарға ұшыраған, зират басына түнеген мәжбүрлі жандар алдына үздіксіз келіп жатады. Осы тұста әлжуаз топ, мәжбүрлі жандар бүгілген белін жазып, пайдалы дәрумендерге қол жеткізіп, жан жылуына бөленіп, дертінен құлан таза айығатын болған. 
Бұдан басқа, Жолбарыс көбінде ел жағдайын барлап-болжап, көшіп-қону мәселесімен де айналысқаны байқалады. Ауа райын болжап, құмалақ салып, ел ертеңіне, оның тыныс-тіршілігіне де назар аударады. Тиісті тұста өзі байқаған, анық-қанық жайттар жөнінде жұртқа дер кезінде жеткізіп отырады. Бұл тұстардан Жолбарыстың әулиелігі мен көріпкелдігі танылады.
Өз кезеңінде Жолбарыс ел басқарған, қол бастаған, сөз ұстаған Төле бимен және Балпық пен Ескелді билермен де кездесіп, ел-жер жайы, дәстүр мен тарих төңірегінде кеңес құрады. Балпық пен Ескелді билермен араласып, ақиқат пен әділдік, батырлық пен бірлік, ұлт пен ұрпақ, отан мен отбасы, тәлім-тәрбие төңірегінде әңгіме-дүкен құрып, сыр-сұхбат өткізгені де ел аузындағы аңыз желісінде, бітім шешімі мен шешендік сөздерде сақталғаны бүгінгі күні де айтылады. Бұл ретте, әрине, Жолбарыстың Балпық бимен бірнеше кездесуін еске алуға әбден болады. Әр кездесу өзінше мәнді, әрі өмір белестері мен өрнектерінен хабардар етіп отырады. Балпық бидің балаға қатысты көзқарасы мен құштарлығын, ақ тілеуі мен сағынышын да аңғартады. Осы тұстағы Жолбарыстың батасы төмендегіше естіледі:
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Көзіңнің қырын салып өт.
Қыдыр дарып, бақ қонып,
Қолдап жібер құдірет.
Ақ көңілден айтылған,
Тілекті, Алла, қабыл ет!
Жан-жүректен, шын көңіл-ниеттен айтылған мәнді ойлар желісінен бата-тілектің ақиқат жайттарға негізделген кіршіксіз тазалығы, әділдік пен әділеттілікті арқау еткен шынайылық сырлары терең танылады. Әрі билер тобында болып, ел ішіндегі дау-дамайлардың оңды қырын, бітімді шешімін айтады. Билік пен ділмар сөзін, нақыл-өсиет, тәлімдік тәжірибесін де жүйелі жеткізеді. «Шұбар-Ата» – Жолбарыстың өмірбаян беттерінің бірқатар белестері мен өрнекті өрістерінің көпке мәлім қырларының бір сарасы осы.
Ал фольклоршы-қаламгер Ораз Исмаиловтың «Данагөй» атты еңбегінде батыр әрі би, әулие әрі көріпкел Жылқайдарұлы Жолбарыстың (1671-1761) ХVІІ ғасырдың соңғы ширегі мен ХVІІІ ғасыр ішінде өмір сүрген кезеңі, өмірбаян беттері, қоғамдық жағдай мен әлеуметтік ахуал көріністері, елге қызметі әр алуан аңыз желісі, әпсана, хикаяттар негізінде байыпты баяндалады.
 Келесі кезекте Жетісу жеріндегі мәшһүр тарихи тұлғалардың қатарында «Шұбар-Ата» аталған – Жылқайдарұлы Жолбарыстың көп қырлы белгі-ерекшеліктері шежірелік жүйемен (ататек) жан-жақты ­байытылады. Әсіресе жаратылысынан ерекшелігі бар, он жастан асқанша лайықты ат қойылмай, «Әй, бала!» атанған – Жолбарыс жасынан балуандық пен батырлық қасиеттері танылған екен. Алысқан-белдескенді тізе бүктірген, жауласқан-жұлысқанды қаһармандық болмыспен, әрекет-қимылдарымен жеңіп отырған. Тіпті еншісін барымташыларға барып, батырлық болмысын танытып, қайтарып алған сәттері көп жайды аңғартса керек. 
Жолбарыстың «Енші алуы», «Түйені шөгеруі», «Шыбық қию» деген рауаяттары мен «Жас шағындағы бір ерлігі», «Машықты соғыс тәсілі», «Үш қызыл аттылар» сынды аңыз желісі де елдік пен ерлік мәнін, адамдық борыш пен әділетті іс сипаттарын кең түрде көрсетеді. Батырлық болмыс, елдік-ерлік сипаттары, дәстүрге адалдық мұраттары, ұлттық құндылықтар қайнарларынан да Жолбарыстың адамдық әлемі, әділеттілікті жақтайтын бірегей қасиеттері, табандылығы мен төзімділігі танылады. Ал «Адал ойлы, аңқау ана», «Райымбек әулиемен кездесуі», «Кезінде айтылған келісті сөз», «Болашақ биді болжауы», «Дос көңілмен» сынды ел әңгімелерінен де Жолбарыстың даналық дидары танылып, елдік һәм ерлік істері, отандық һәм отбасылық құндылық қырлары, әулиелік һәм көріпкелдік қасиеттері кеңінен көрініс береді. Әрі қысқа-нұсқа сөз мәйектері көрген-білген өмір тәжірибесін, терең мазмұнды ойлар желісін, берік ұстаным-қағидаттарын танытуымен де мәнді.
Жолбарыстан жеткен даналық дәйектері, халықтық қағидаттың үлгі-нұсқалары да ел аузында сақталып, кейін­гі кезеңдерге жеткен. Оқып көрелік:
Ісіңді құдай төре менен 
датқаға түсірмесін
Көзіңді құдай көнелеу затқа түсірмесін.
Төреден билік оң болмас,
Көнеден пішіп тон болмас.
Осыны білмеген ел мен ердің,
Сірә да, оңынан жолы болмас!
Немесе:
Айналайын, келінім,
Ұстағаның алтын болсын,
Ақ жүзің әр кез жарқын болсын.
Келген жеріңе көрік бол,
Абыройыңа берік бол!
Отағасың Құлжамен,
Қайындарың Ескелі мен Балпыққа,
Ақыл сұрай қалса, серік бол,
Алла бағыңды әуеден жаудырып,
Жерден өндірсін.
Мәслихаттарыңды қау етпей,
Айтқандарыңды дау етпей,
Ақ періште өзі келіп көндірсін! –деген жолдардан қоғамдық құбылыс­тардан өзге, дүние дидары, дәстүр мәні мен нәрі, өмір тағылымы, уақыт бедері мен рухы, тәлім-тәрбие арналары кең орын алады.
Жолбарыс жөніндегі ел аузынан айтылатын аңыз-әңгімелердің бір алуаны – Қараменде әулиеге телінген бірқатар нұсқалары да бар. Атап айтқанда, «Қараменде әулиенің ­батасы», «Әулиелігін ­мойындатуы», «Түйені шөгеруі» сынды әңгімелерден Жолбарыстың батыр да би, әулие де көріпкел сынды сирек қасиеттері кеңінен көрініп, білген-түйген тәжірибелері, тәлімдік мәні, бастысы даналық дидары бар қырынан жарқырап, айқындала түседі. 
Сондай-ақ «Екі бидің егіз ұл сыйлаулары», «Мен де бердім бір бала», «Тәуіпшілдігінен де бір ­хикая», «Жолбарыстың шыбығы», «Жолбарыстың бата беруі», «Ұлға дарыған ұлы қасиет», «Жалақорлықтың жазасы», «Құн даулай барғанда», т.б. ел аузынан айтылған әр алуан нұсқалар табиғаты мен мазмұнынан да Жолбарыс батыр Һәм би, әулие Һәм көріпкел төңірегіндегі аңыз-әңгімелердің ақиқат жайттары мен шындық шырағы, даналық дидарының тәлімдік Һәм тағылымдық қырлары кең орын алады.
Жолбарыс жөніндегі арнау өлеңдер мен естеліктер жүйесінен, толғау-толғамдардан (Б.Жолбарысұлы, М.Саяқбайұлы, Н.Төреқұлов, К.Тоқаев, Қ.Бұғыбаева, З.Елғондина, Қ.Қараман, С.Қазтаев, Н.Қалиұлы, Ш.Нүсіпов, Т.Сүгірбеков, Н. Телібаев, т.б.) да адамдық борыш, батырлық болмыс, елдік пен ерлік қасиеттер, адалдық пен әділеттілік жолы, дәстүр мен дүниетаным мәні, ұлт пен ұрпақ қамы, әулиелік Һәм көріпкелдік сынды сипаттар кеңінен көрініп, даналық дидары бар қырынан жарқырай көрінеді.
Жинақтап айтқанда, ­Жылқай­дарұлы Жолбарыстың ­(1671-1761) өмір сүрген кезеңі мен ел әңгімелері, замандастары арқылы ұрпақтан-ұрпаққа желісі үзілмей жеткен аңыз-әпсана, рауаят, дерек-материалдар жүйесінен өз кезеңінің біртуар данагөйі, батыр әрі би, әулие һәм көріпкел қасиеттері кеңінен көрінеді. Бұдан, сөз жоқ ататарихтың ауызша үлгі-үрдістері, шежірелік деректер мәні, елтану ісіндегі – тарихнама орны да көрініс береді. Тегінде: «Өзіңнің шыққан тегіңді біл, бұл туыстарды жақындастыра түседі» деген Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар сөзін еске алсақ, қазақ шежіресінің маңызы, елдік тарихнамадағы орын-үлесі арта түседі. Осы орайда, М.Ж.Көпейұлының шежірелік жинағының – «Мес» аталуы мәнді болса, профессор А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» (шежірелік деректерді пайымдау) еңбегінің (2008) елдік сипатының жоғары деңгейде екендігін жоққа шығару қиын. ­Ендеше, Ж.Жылқайдарұлының өмірі мен кезеңінен, анығын айтқанда бірегей болмысынан батыр әрі би, әулие һәм көріпкел қасиеттерінің кең түрде көрініс беруінің табиғилық мәні, тарихи сипаттары да бар. Ол, әсіресе кешеден бүгінге жеткен, ел әңгімелері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан – батырлық болмысынан, ақиқатты ту еткен – бітімді шешімінен, болашақты батыл болжаған – әулиелігінен, табиғат тылсымындағы өзгеше құбылыстарды жоғары рух пен сезім күші арқылы таныған – көріпкелдік қасиеттерінен де кең көлемде көрініс береді.
Жолбарыс Жылқайдарұлының бірегей болмысына тән даналық дидарының мың сан қырының халықтық сипаты мен шындығы осыған саяды.

Рақымжан Тұрысбек, 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымының докторы

1462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы