• Руханият
  • 12 Мамыр, 2021

«...Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!»

Нұрперзент Домбай
«Ana tili»

Жақында әлеуметтік желіде тарап кеткен осы бейнежазбаны көріп жағамызды ұстадық. Қазақтың қаршадай қызы қазақша жазудан безініп тұр. «Менің төлқұжатымда Саматқызы деп жазыпты. Мен бұрынғыша Саматовна болып қала бергім келеді» дейді ол. Тағы да былай дейді: «Менің төлқұжатымның қазақша емес, орыс тілінде болғанын қалаймын». 

Он жеті-он сегіз жастағы бойжеткеннің сөзі осындай. Шошисың. Жаның түршігеді. Қазақ қазақ болғысы келмей тұр...
Бұл енді бөлек әңгіме. Біздің бұл жолғы сөз еткелі отырғанымыз аты-жөнді ұлттық дәстүрімізге сай жазуға мән бермейтіндігіміз жайында. Мұны тіпті намыс, ар санамайтынымыз.
Кешегі Алаш ардақтылары бұл мәселені ұсақ-түйек ­санамады. Елдік іске бағалады. Міржақып Дулатұлы не деді: «Газет, журналдарымызда көбіне «ұлы», «баласы», «қызы» дегеннің орнына «ов», «ова» жазылады. Бұл қазақ тілінде болмаған себепті, құлаққа тіпті ерсі естіледі, «ов», «ев», «ин», «ова»-лар жалғыз-ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Еуропа халықтарында да жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қажеті қанша?». Әлихан да осы пікірде болатын. Оған Орынбор қаласында өткен тұңғыш жалпықазақ съезінде сөйлеген сөзі дәлел: «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «ов, ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!»
Содан бері де бір ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бірақ текті түзетуге асығар емеспіз. «Ұлы», «қызы» деудің орнына «ов» пен «ев»-ке кенеше жабысып қалдық. Осы жат жұрнақтан арылуға болатын ба еді? Болғанда қандай? Бұл туралы Мемлекет басшысының шешімі де болған. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» 1996 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығы аты-жөнімізді жазудың ұлттық үлгісін қалыптастыруға жол ашқан заңды құжат еді. 
Заң қолдайды. Демек, бар гәп әр адамның өзінде.
Кейбіреулер ойлайды: «Тегімдегі «ов», «ев»-ті алсам бүкіл құжаттарымды өзгертуім керек екен» деп. Жоқ, олай емес. Әлгінде біз тілге тиек еткен Жарлықта былай делінеді: «Азаматтың тегі мен әкесінің атының жазылуын өзгертуі оның құқықтық субъектілігін қозғамайды, яғни тегі мен әкесінің атының бұрынғы жазылуында алған құқықтары мен міндеттерін доғаруға немесе өзгертуге негіз бола алмайды». Тайға таңба басқандай анық жазылып тұр. 
Баспасөз беттерінен байқалып жүргеніндей текті жазудың сан-алуан түрін кездестіре аласыз: Мұхтар Мағауин, Әкім Тарази, Жексен Алпартегі, Ахмет-Төре Мұхамедия, Төтенайдың Базарбегі,.. тегін немесе есімдерін дефис арқылы бөліп жазу: Көпен Әмір-Бек, Хасен Қожа-Ахмет, Жұма-Назар Сомжүрек, Ғабдул-Ғазиз Есембаев...
Атымыз бен тегі­мізді ерекше­лен­діріп, әрқайсымыз өз жүрек қалауымызбен жаза беретін болсақ, бұл жөн бола қояр ма екен... Қайта бір үлгіде болса қазақтығымыз, бір ұлттың өкілі екеніміз білінер еді ғой. Мәселен, ­Петросян, ­Джигарханян десе армян, Шеварднадзе, Кикабидзе десе грузин екендігі менмұндалап тұр емес пе? Кәрістерді де тегіне қарап бірден ажырата аласыз. 
Қазақ үшін ­қан­дай үлгіні алуға ­болар еді? Сірә, ­текке (фамилияға) «ұлы» және «қызы» сөздерін қосып жазу дұрыс нұсқа болар. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Бауыржан Момышұлы, Әбіш Кекілбайұлы... деген секілді. Қазір жиі кездесетін ендігі бір нұсқа – өз аты мен тегін ешбір қосымшасыз қатар жазу: Шерхан Мұртаза, Әбдуали Қайдар, Ақселеу Сейдімбек... Осылай берілгенде: «Қайсысы есімі, қайсысы тегі, ажырата алмай жатамыз?» деген сұрақтың туындауы заңды. Ол үшін аты-жөнге байланысты алдағы уақытта жарық көретін құжатта «бірінші аты, сосын тегі жазылады» деп заңдастырылса шатыспауға болады. Бара-бара бұған көз де, көңіл де үйренері анық. Біздікі – жеке ой. Негізгі тұжырым – көпшілікте.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ­басында бас газетіміз – «Егемен Қазақстанға» басшылық жасаған Шерағаң – Шерхан Мұртаза қарамағындағы қызметкерлердің тегіндегі «ов», «ев»-тердің бір сәтте ­сыпырылып түсуіне мұрындық болып еді. Бұған бола ешкім де наразылық білдірген жоқ. Ұлт басылымы болғаннан кейін жұртқа өздері бастап, үлгі көрсетпесе, қағазға қондырған сөздің, үгіт-насихаттың қадірі бола ма? Осыны ұғынғандықтан газет қызметкерлері редактордың бастамасын түсіністікпен қабылдады. Дәл қазіргі күні Шерағаң секілді «шепті» бұзар батыл да ұлтжанды басшыларды кездестіру қиын болып тұр-ау.
Тәуелсіздікке ие болғанымызға да отыз жыл уақыт болды. Ұлтымыздың бет-бейнесі болып табылатын аты-жөнімізді бір жүйеге түсіруде бұл аз мерзім емес еді. Бірақ әлі де болса немқұрайлылықтан, салғырттықтан арылар емеспіз. Аты-жөніміздің өзге жұрттардан ерекше, ұлттық болмысымызға сай болуы ішіміздегі бірлікті, тұтастықты аңғартатынын ескере бермейтініміз өкінішті. Олай болса ұлттығымызды, қазақ екенімізді әйгілейтін намысты істе жауапкершілік танытайық, ағайын! 

2314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы