• Ақпарат
  • 12 Мамыр, 2021

Түрлене бер, Түркістан!

Осы күні Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болған. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан – түркі әлемінің рухани ­астанасы» тақырыбында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті бейне-конференциясында бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп жатқан қазіргідей қиын уақыттың өзінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы бәсеңдемегенін ерекше атап өткен еді. 

Енді, міне, ҚР Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түр­кістанға арнайы ат басын бұрып, пайдалануға берілген және құры­лысы жүріп жатқан нысандарды аралап, қала мен облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани тыныс-тіршілігімен танысып шықты. 
Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кістанға сапары барысында алдымен «Тұңғыш Президент саябағын» абаттандыру жағдайына қанықты. Жалпы аумағы 38 гектар болатын «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр жасанды арал пайда болып, ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынған. Он мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселген. 
Елбасы оған қоса қазақ хандарына арналған мемориалдық кешеннің ашылуына қатысты. Мемориалдық кешеннің жалпы аумағы 0,85 гектар. Жаңа нысанның барельефінде қазақ билерінің, қазақ даналарының көркемсөздері қашалған. Шеңбер тәріздес салынған пилондардағы гранит тақтайшаларға қазақ даласын басқарған 21 ханның есімімен қатар, олардың билік жүргізген жылдары да жазылған. Мемориалдың ашылу рәсімі аясында Н.Әбішұлы еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы жиналған «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салды.
Елбасы Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан этноауылды да аралап көрді. «Этноауыл» кешені – қазақ даласының XVIII-XIX ғасырлардағы өмірін бейнелейтін жоба. «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық музейдің ортасында орын тепкен ин­терактивті этноауылдың аумағы 16 мың шаршы метрді құрайды. Көшпенділер өркениетінен көрініс беретін этноауыл аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген. Елбасы Әзірет Сұлтан қорық-музейінің аумағында салынған Яссы ботаникалық бағының даму барысымен де ­танысты. Бірнеше аллея, лабиринт, сәндік тоғандары бар бақтың аумағы 8 гектарға жуықтайды. Мұндағы жеміс ағаштары мен өзге де мыңға жуық сәндік ағаштардың көшеттері Германия, Бельгия мен Өзбекстан елдерінен әкелінген. 
Түркістанға сапары барысында Тұңғыш Президентке 480 мыңнан астам кітап қоры бар облыстық ғылыми-әмбебап Farab кітапханасының ерекшеліктері де көрсетілді. Мұнда көне кітаптар, кесенеге жүргізілген ең алғаш­қы зерттеу жұмыстары туралы жазбалар сақтаулы. Ауданы 2 600 шаршы метрлік үш қабатты ғимарат­тың сәулеті кітап беттеріне ұқсас етіп салынған. Кітапхана ғимара­тын­да жаңа туындылардың тұсауке­серіне арналған жаңа үлгідегі шығармашылық залы, кәдесыйлар дүкені және кездесулерге арналған жайлы шайхана, басқосу ­студиясы – ковор­кинг, компьютерлік ­сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған муль­тимедиа залы бар. Бұл, әсіресе, блогерлер, фотографтар мен дизайнерлер үшін пайдалы орын болмақ. Кітап­ханада 3D модельдерін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Балалар залында оқудан басқа роботтехника бойынша сабақтар өтеді. 

Ескі кітаптар, қолжазбалар мен құжаттар архиві назарға ұсынылады. Ғылыми-зерттеу тұрғысынан кітапхана­ның мақсаты – барлық құжатты, куәлік­терді және басқа да маңызды материал­дарды бір жерге жинау, оқырмандар мен ғалымдарға қолжетімді ету. Ол үшін барлық ақпарат сандық форматқа ауыстырылады. Екінші маңызды міндет – ескі құжаттар архивін жинап, сақтау. Ол үшін ­ерекше жағдайлар мен сыртқы факторларды бақылау қажет. Мұндай ­құжаттарды тотығуға қарсы жабдығы бар арнайы цех қалпына келтіреді. Мамандардың ­айтуынша, бұл – Орталық Азиядағы жалғыз цех. Үшінші маңызды бағыт – жасанды интеллектіні пайдалана отырып, тарихи кітаптар мен материалдардың үлкен дерекқорын қалыптастыру.
Елбасы барған «Керуен-сарай» – Орталық Азиядағы ең ірі көпфункциялы туристік кешен. Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешені Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге турис­тер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуға тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне де қатысты. Төрт қабатты өнер ордасының көрермендер залы 510 адамға арналған. Мұндағы вестибюль, кулуарлар, фойе, жинақтау холдары мен VIP залдар ұлттық нақышпен безендірілген. Театрда Елбасы «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады. Сондай-ақ «Құрметті қонақтар» кітабына естелік жазба қалдырып, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. «Біз Тәуелсіздік жылдары тағы бір елеулі нысан – Түркістанды салдық. Көпғасырлық ­тарихында Түркістанға мұндай қаржы, осыншама көңіл бөлінбеген. Жаңарған бірегей қала» деді Елбасы брифингте. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қаланың архитектурасы көнетүркілік және заманауи сәулетке негізделгенін атап өтті. Халықаралық әуежайдың әлеуетіне тоқталды. 
Түркістанға сапары барысында ­Елбасы өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму барысымен де танысты. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев руханиятқа оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашқанын атап өтті. Осы күні Түркістанды жасыл қалаға айналдыру бағытында 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 29 көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше, қайталанбас үлгіде салынған. Бекзат Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» көлемі 20 гектардан асады. Саябақта 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, жасанды тоған орнатылған. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылып, субұрқақ, орындықтар, 2 мыңнан астам кіші архитектуралық форма қойылған. Жалпы аумағы 5 гектар жерде орналасқан Нұрсұлтан ­Назарбаев атындағы жаяу жүргіншілер аллеясы аумағы жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағы да абаттандырылып, жарық шамдар орнатылды. Жиырма гектар аумаққа газон төселіп, ағаштар отырғызылды. Суару жүйелері жүргізіліп, жолаяқтар төселді. Субұрқақтар салынып, шағын сәулеттік мүсіндер орнатылды. Сондай-ақ «Нұр-Сұлтан» алаңы, «Жібек жолы» саябағы, «Дендросаябақ», Яссы көшесіндегі «Желілік саябақтың» да құрылысы аяқталған.
Түркістанға сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, облыс орталығының жаңарып, күн сайын өзгеріп жатқанын атап өтті.
 
 

А.Жұмағали

1441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы