• Қоғам
  • 20 Мамыр, 2021

КІМ БОЛСАҢ ОЛ БОЛ, МЕЙЛІҢ, РҰҚСАТ ЖОҚ!..

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Сурет Самал Ыбыраеваның фейсбук парақшасынан алынды

Кей-кейде табиғатты аялаудың, қорғаудың, аң мен құсты қадірлеудің қазақы таным-түсінігінен айырылып бара жатқан сияқтанамыз. Әйтпесе, «ұшы-қиыры жоқ» деп баға беретін сайын даламызда ұшқан құс пен жүгірген аңды қорғаудың қазақы пайым түсінігі әуел бастан-ақ бар еді ғой. Әсіресе обал, сауап деген сөздің дәл осы табиғат пен ондағы тіршілік иелеріне қарата айтылатыны баршамызға аян емес пе еді?

Бұл қазақ даласын бұрын мекендеген қаншама аң-құстың біразы осы өлкеден мәңгіге қош айтысты екен?! Арамызда жүргенінің қадір-қасиетіне жеткенімізге күмәнданатын сәттер де аз емес. Әйтеуір жылма-жыл тұма табиғаттың біз араласпауға тиіс мезгілінде бір даудың шеті қылтияды да тұрады. Әсіресе әңгіме киік төлдейтін мезгіл мен «Құралайдың салқыны» деп аталатын амалға жақындағанда бір көтеріліп басылады. 

Бір нәрсе анық – қазақ пен киік осы далада талай-талай дәуренді бастан өткерді. Тіпті бір замандарда қазақ та, киік те жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Бір өкініштісі, кейбіреулер киікті жеке эгосының ­нысанына айналдырып алды. Ет жегісі келе ме – киікті атады. Напақа тапқысы келе ме – мүйізін сатады. Енді міне, суретке түскісі келе ме – киіктің құралайын, дүниеге енді келіп, айналаға жәудір көзімен қараған титтей төлін құшақтап әлемжеліде әлде­қандай болысады.

Қазақ киік төлдейтін мезгілге «Құралайдың салқыны» деп ат қойғанда да тұма табиғаттың перзентін төлдейтін мезгілде жайына қалдырғысы келген болар. Бізді қойшы, табиғаттың өзі осынау бір мезгілде дәрменсіз киікке жәрдемші болып, күнін суытып, шыбын-шіркейді киік төлдейтін мекеннен қуып, ит-құстың назарынан аулақта жүруіне жағдай жасайды екен. Алайда жаңа технологияның «бес қаруын» асынған адам баласына табиғат не істей алсын? Соңғы кезде киіктің жыртқыштың азуынан емес, адамның тікелей және жанама араласуынан қырылып жатқаны әмбеге аян ғой. Сондықтан киік, сен кешір адам баласын!

Күні кеше ғана киік­тің құралайын құшақ­таған актрисаның фотосессиясы әлеуметтік желілерде үлкен дау ту­ғызды. Сөйтсек, мұндай фото­сессияға Қазақстан ­Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өзі рұқсат берген болып шықты. Осы министрліктің қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Самал ­Ыбыраева Facebook желісіндегі парақшасында мынадай пікір қалдырды: «...Қазақстандық актриса Альмира Тұрсынның киіктермен суретке түскені жайлы түсінік бере кеткім келіп отыр. Фотоэкспедицияны кәсіби фотограф Ospan Ali өткізді. Бұған дейін ол фототүсірілімге рұқсат беру туралы ресми өтініш жасаған болатын. Біз жануарлардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін барлық шаралар сақталуын, сондай-ақ инспекторларымыздың түсірілім барысында бірге болуын айта отырып, рұқсат бердік. Кездесу күні мен уақыты алдын ала бекітілді».

Әлде көзімізге түспеді, әлде басқа бір себеп бар ма, Альмира Тұрсынның Instagram желісінде осы фотосессияның видеокадрларынан суретке түсіру тобынан өзге ешкімді, әсіресе инспекторларды байқаған жоқпыз.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Елдос Абақановтан мұндай фотосессияға түсуге рұқсат алудың ресми мәселелері қалай болатынын сұрағанымызда: «Киік біздің ұлт үшін киелі жануар. Ерекше қорғалады әрі көктем уақытында енді-енді көбейіп жатқанда, фотосессия арқылы ма, басқа жолмен бе, адамдардың табиғи процестерге ­араласуына қатысты қарсылықтар айтылғаны заңды деп есептеймін. Министрлік тарапынан қандай да бір рұқсат берілсе, ол рұқсат заңға қаншалықты сәйкес, заң бұзылды ма, бұзылмады ма – осы мәселені анықтайтын мемлекеттік органдар мәселенің түйінін шешіп береді деп ойлаймын. Министрлік рұқсат берсе, демек, оның арнайы негіздемесі, құжаты бар деген сөз. Оны да құзыретті органдар жалпы бұқараға көрсеткені дұрыс. Жеке пікірім, дала тағысы төлдейтін уақытта, ол процеске адам араласпауы немесе адами фактор төмен болуы керек. Егер мұндай мәселенің ресми заңнамалық нормалары бұрын болмаса, оны қарастыру керек деп есептеймін» деген пікірін айтты.

Адам қолы заһарлы. Бала күнімізде «қасқыр адамның қолы мен табанын жемейді екен, себебі уыты көп» деген әңгімені жиі еститінбіз. Енді міне, ондай әңгімені «ескі бидің» сөзіне балап, құлаққа ілгіміз келмейді де, жаңа туған төлді қалай болса солай ұстай береміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін Алматыдағы зообақтың қызметкерлерінен киіктің жаңа туған төлін ұстауға болатын-болмайтынын анықтап білдік. Олар жаңа туған киіктің төлін мүмкіндігінше ұстамауға тырысатынын, алайда қолдан емізуге, т.б. жағдайлар жасауға тура келсе, алғашқы күндері қолғап киіп қана лақты қолға алатынын, оның өзінде ұзақ уақыт ұстамауға тырысатынын айтты. Киіктің лағына адамның иісі сіңсе, оны емізуге кез келген киік үркіп қалатынын да сол мамандар айтады. 

Айтқандай, киіктің лағын суретке түсіру арқылы елдің туризм әлеуеті артып кетеді деген сөздердің шындығын да Елдос Абақановтан сұрап көрдік. «Киіктің жас төлін суретке түсіріп таратудың  туризмге қатысы бар дей алмаймын. Интернет желісіне қарасақ, бір ғана фотосессия болған сияқты. Бірақ басқа блогерлер, қоғам белсенділері таратқан қаншама суреттер жүр. Мұндай жаппай фото түсіруге рұқсат етпеу керек деп ойлаймын» дейді Мәжіліс депутаты.

Иә, қазақ даласында киік-қырғын бұрын да болған, бола­шақта да толастай қоймайтынына осындай бір себептер дәлел бола түсіп, жаның ауырады. Киікті қорғау – оны аңшының мылтығынан ғана қорғау емес екенін ұғынатын кез жетті. Киікті қорғау – қазақ ұғымындағы киені қорғау ғой.

Сөзімізді ақиық ақын Мұқағалидың өлеңімен түйіндегіміз келеді. «Кім болсаң, ол бол, мейлің рұқсат жоқ, бесіктегі сәбиді тербетуге» дейді ақын. Құралай да адамның сәбиі секілді құттай тіршілік иесі, біреудің перзенті. Демек, кім болсаң, ол бол мейлің, саған да оны ұстауға, жеке эгоңды қанағаттандыруға рұқсат жоқ...

2092 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы