• Cұхбаттар
  • 20 Мамыр, 2021

Бекзат МҰСТАФАЕВ, «Аманат» өнер мектебінің оқытушысы, күйші, ұстаз: КҮЙШІ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН БАЛАЛАР КӨП

– Күй өнерін үйренуге талпыныс қылған балдырғандар қандай қабілетіне қарап іріктеледі?

– Негізі, күй өнеріне баланың саусақта­рына қарап алады. Әуелі, жаңа келген оқу­шының қолына домбыра ұстатып бай­қаймыз. Перне басатын саусақтары мен қағыс қағатын қол қимылын тексеріп көреміз.

– Күйді жетік үйреніп, жақсы тарту үшін шәкірттеріңізге қандай талап қоясыз?

– Шәкіртіме күйдің мазмұны және авторы туралы барынша толық мағлұмат беремін. Автордың өмірбаянын, күйшілік мектебін, орындау стилін, күйдің шығу тарихын айтамын... Өз бетінше ізденіп, сол күйшінің басқа да дерегімен танысуды тапсырамын. Одан әрі, күй нотасын толық жаттату кезеңі жалғасады. Есте сақтау қабілеті жақсы, зерек балалар тез-ақ жаттап алады. Бірақ қиналатындар да бар. Сол себепті, сабақ барысында қайталатып тартқызу арқылы да күй әуенін құлақта қалдырып, жадына сіңіре беруге болады. Күй нотасын жаттап болған соң, екі қолды қатар «қосуын» қадағалаймын. Икемді қағыс алуы үшін күйді көбірек қайталатып тартқызамын. Бұл жерде, енді, пернені анық басуына, нотаны таза алуына, ­дыбысты тұнық шығаруына аса көп мән беремін. Арасында шәкірттеріме күйдің қалай орындалатынын өзім де үлгі ретінде тартып көрсетемін. Олармен қосылып тарту тәсілін жиі қолданамын.

– Бүгінде баланың жан-жақты дамуына бағытталған робототехника, программист, спорт, ән-би, түрлі шет тілдерін үйрететін орталықтар жетіп артылады. Ал дәстүрлі күй өнерін үйренгісі келетін балалар көп пе?

– Домбыра аспабына қызығатын оқушылар өте көп дер ем. Тіпті домбыра үйренушілер қатарының көптігінен сабақ кестесіне «сыйғыза» алмай да жатамыз. Қалалық жерде ұлттық өнерге деген жас жеткіншектердің мұндай сұранысы мені ұстаз ретінде де, ұлтжанды азамат ретінде де қатты қуантады. Мысалы, мектеп жасындағы ұл-қыздармен қатар, біздің «Аманат» өнер мектебінен ересектер де дәріс алады.

– Әлемдік індет салдарынан көпшілік көрермен жиналатын өзге де сайыстар сияқты, балалар арасындағы өнер байқаулары да сап тыйылғаны рас. Шәкірттеріңіздің дүбірлі дүрмектерден көріну деңгейі қалай?

– Шәкірттерімді республикалық және халықаралық сайыстарға қатыстырып келемін. Алматы қаласында өткен «AMANAT musіc» ІІ Халықаралық фести­валінде Домбыра номинациясы бойынша 5-7 жас аралығындағы балалар арасында ­Олжабай Мансұр бас жүлдеге ие ­болды. Ал 8-11 жас аралығындағы балалардан Сәбитбек Абурахман бас жүлдеге, Жүсіпбеков Бейбарыс 1-орынға ие болды. Бішкекте өткен «Болачаак» атты Халықаралық конкурстан да Сәбитбек ­Абурахман «Бас жүлде» алып қайтты. ­Дарынды шәкірттерімнің біразы музыкалық мектептерге қабылданды. Қазір де талантты шәкірттерім аз емес. Олар: Орал Аянат, Аматулла Ермекқызы, Әлихан Сағымбек, Мүшелбай Ербатыр, т.б. Қазіргі карантин талаптарына байланысты, шәкірттерімнің конкурстар мен концерттерге қатысу мүмкіндігі шектеліп тұр. Соған қарамастан түрлі «Онлайн» байқауларға қатысып, жүлделі боп жатқандары бар. Алайда, менің ойымша, баланың үлкен сахнаға шығып, көрермен алдында өнер көрсеткеніне ештеңе жетпейді. Сахнаға шығудың өзінен бала жан-жақты тәлім алады, ол – шеберлік алаңы. Сахна мәдениетіне үйренеді.

– Шәкірттің тұлғалық қалыптасуына күй өнерінің және ұстаздың әсер-ықпалы туралы қандай?

– «Күй» – адамның жан дүниесі. Күйді түсініп, сіңіріп, тыңдаушыға жеткізу үшін де, бала белгілі жасқа толуы керек. Әрине, балалардың мінез-құлқы әртүрлі. Өте сезімтал, әсершіл, яғни мінезі жұмсақ балалар шертпе күйге көңілі ауып тұрады. Ал, мінезді, жігерлі, ойы мен қимылы ширақ оқушылар, көбіне, еркін төгілетін, төкпе күйлерге алымды. Кез келген бір күйді, нотасы бір болғанымен, екі шәкіртім екі түрлі тартады. Өйткені күйді түсінуі екі басқа.

Ұстаз ретінде, баланың ой-санасының жетілуіне, рухани өсіп, қалыптасуына, тәрбиесіне домбыра аспабының да, онымен орындалатын күйдің де әсер-ықпалы зор екенін түйдім. Домбыра үйрену, күй тарту – балалардың эстетикалық түйсік-тал­ғамын биіктетеді, тарихи-рухани танымын тереңдетеді, ой-өрісін кеңейтіп, дамытады.

– Өзіңіз ең алғаш үлкен сахнаға қашан шығып едіңіз?

– Ахмет Жұбанов атындағы Респуб­ликалық дарынды балаларға арналған ­музыка мектебінде білім алып жүрген кезімде, 14 жасымда «Ақ көгершін» конкурсына қатыстым. Дина Нұрпейісованың «Домалатпай» күйін тарттым. Динаның күйлерін тарту үшін, екі қолға да күш және жылдамдық керек. Дина күйлеріндегі оң қолдың қағыс техникасы мен сол қол­дың аппликатуралық тәртібі өте қиын. Күй ырғағы үнемі құбылып отырады. Құрманғазы: «Менің оң қолым мен Дина­ның сол қолын бір кісіге берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді» дегенінің мәнін де кейін түсіне бастадық қой...

– Сұхбатыңызға рақмет!  

Әңгімелескен

Ақжыға Жұмағали

2322 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы