• Тіл
  • 20 Мамыр, 2021

ТІЛДІК АГРЕССИЯНЫҢ АЛДЫН АЛУ: КИБЕРБУЛЛИНГПЕН КҮРЕС

Сарапшылардың ай­туынша, еліміздегі ата-аналар балаларына смартфонды алғаш 3 жасында ұстататын көрінеді. Ал 4-6 жастағы балалардың 54%-да өзінің жеке телефоны немесе планшеті болатын болса, бала 14 жасқа келгенде бұл көрсеткіш 97%-ға жетеді екен (https://egemen.kz/article/249005-kiberbulling-zhalghan-akkaunttan-dgapa-shekkender).
Соңғы 20 жылда орын алған саяси, әлеуметтік, қоғамдық жағдайлардың, жаһан­данудың нәтижесінде қоғамда жалпыадамзаттық құндылықтардың өзгергені анық. Жаңа құндылықтарды санаға сіңіруде ғаламтор жетекші құралға айналды. Бұл өзгерістерді жеке тұлғалардың шынайы өмірдегі және виртуалды әлемдегі мінез-құлқы, іс-әрекеті, тілі арқылы байқауға болады. Өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған ғаламторды және виртуалды коммуникацияны пайдалануда сол кеңістіктің мәдениетін, әдебін сақтауды, сол арқылы өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуді де ойлаған жөн. 
Тілдік агрессия – бұл көңілге қаяу түсіретін сөз айту, жағымсыз көңіл күй, сезім немесе ниеттің сол сөйлеу жағдаятында ерсі, дөрекі, анайы тілдік қалыпта білдірілуі. «Тілдік агрессия айрықша ниет – адресанттың (сөйлеуші / жазушы) адресатқа коммуникативтік тұрғыдан залал (кемсіту, қорлау, келемеждеу) келтіруге мақсатты бағытталған қалауы немесе өзіндік мүдделерін (өзін таныту, өзін-өзі қорғау) қайсыбір «тыйым салынған» тәсілдермен жүзеге асыру ойы түрінде көрініс беруі мүмкін» (Қорлау және жала жабу: сарапшының көзқарасы. Жауапты ред. Г.Х.Әженова. – Алматы: Әділ сөз, 2013. -152б. ). Тілдік агрессия жағымсыз, теріс эмоция мен сезімді білдіруге қызмет етеді. 

А.Басс агрессияның вербалды (тілдік), дене агрессиясы және тікелей, жанама агрессия сынды түрлерін бөліп көрсетеді. Тілдік агрессияға әсер ететін көңіл күй се­зімдеріне ашу, ыза, долығу, өкпелеу, көңіл толмау, жеккөрушілік, айыптау, жақтырмаушылық, т.б. жатқызылады. Бұл агрессия түрі көп жағдайда сыртқы тараптан қысым көрсетіл­генде, қарсы жауап беру ретінде шығады.

Тілдік агрессия ұғымын В.И.Жельвис, Л.В.Енина, Т.А.Воронцова, А.К.Ми­хальская, Л.М.Семенюк, А.Басс, К.Е.Изард, А.А.Леонтьев, т.б. ғалымдар зерттеп, түрліше жіктеген.

Ғылымда тілдік агрессияның пайда болу себептеріне мынадай әлеуметтік факторлар жатқызылады:

Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың болмауы. Мысалы, қылмыстың өршуі, девиантты мінез-құлықтың пайда болуы, жастар арасында тілдік агрессия қалыпты жағдай болып есептелетін микротоптардың пайда болуы.

Қоғамдық санадағы құндылықтардың төмендеуі. Қазіргі қоғамда күш көрсету қалыпты жағдайға айналып отыр. Билікке ұмтылу, табысты, өзіне сенімді адамның сөзбен жауап қайтара білуінің идеалды әрекетке айналуы.

БАҚ-тағы қорлық көрсету фактор­ларының көп насихатталуы. Соңғы уақытта әртүрлі заманауи бағдарламалар мен жасөспірімдерге арналған телесериалдарда тілдік агрессия эталондары көптеп кездеседі.

Отбасында сөйлеу мәдениетіне аз көңіл бөлінуі және тілдік агрессияның алдын алу шараларының дұрыс жолға қойылмауы;

Ғаламторға қолжетімділік, аноним­ділік.

Интернет кеңістігіндегі агрессивті мінез-құлықтың бір түрі – кибербуллинг.

Кибербуллинг (электрондық ізге түсу, онлайн қатыгездік) – әлсіз адамға қарсы бағытталған электрондық нысандарды пайдалана отырып, топ немесе жеке тұлға  іске асыратын  ұзақ мерзім ішінде агрессивті әрекеттер арқылы  көрініс табатын ізге түсудің түрі.  Бұл  смс-хабарламамен, әлеуметтік желімен, әшкерелейтін веб-парақшаларды құру ­немесе  қорлық көрсететін бейнеконтентпен және қорқыту әрекетімен сипатталады. Оның мақсаты жәбірленушінің эмоционалды жағдайын нашарлату және оның әлеуметтік қарым-қатынасын бұзу.

Кибербуллинг тікелей және жанама түрде болуы мүмкін. Тікелей түрінде хат немесе хабарламалар арқылы жәбірленушінің өзіне шабуыл жасалады. Ал жанама түрінде басқа тұлғалардың қатысымен, оның келісімінсіз, яғни аккаунтын бұзу арқылы іске асырылады. Кейде жәбірленушінің өз аккаунтын бұзу арқылы оның өзгелермен қарым-қатынасын үзіп, абыройына нұқсан келетіндей немесе басын қатерге тігетіндей хабарламалар жіберуі мүмкін.

Кибербуллингпен айналысатындардың өздерін ғаламторда еркін ұстауының бір себебі – жеке басының жасырын болуы (ано­­нимділік). Оларды анықтау ұзақ ­уа­қытты талап етеді әрі қиын. Агрессор әре­кетінің жазасыз қалуы бұл жағдайды одан әрі шиеленістіреді. Уақыт өте келе, оның жү­регі қарайып, қатыгездік деңгейі арта түседі.

Ғаламтордағы ақпараттық үдерістердің ерекшелігі ондағы ақпараттың жойылмай, бірнеше сайтта ұзақ уақыт сақта­ла­тындығында. Оның ішінде жалған, тек­серілмеген, бірақ жәбірленушінің «бетіне салық болатын» ақпарат та сақталады. Жәбірленуші өзінің кінәсіздігін неғұрлым ұзақ дәлелдеуге тырысса, әр жазылған пікір арқылы таралымы көбейіп, белгісіз агрессормен ақпараттық айқас соғұр­лым ұзаққа ­созылады. Нәтижесінде жәбірленуші күйзеліске ұшырайды, соңы қайғылы жағдайларға душар етуі де мүмкін. Ғаламтордағы белгісіз топтардың құрбанына айналып, тіпті араларында өз-өзіне қол жұмсайтындары да бар.

Р.Ковальски, С.Лимбер, П.Агатстон өздерінің «Кибербуллинг: Буллинг в цифровом веке» атты еңбегінде виртуалды кеңістіктегі кең таралған кибербуллингтің төмендегідей түрлерін көрсеткен:

Троллинг – біреуге тіл тигізу арқылы әлеуметтік желідегі қарым-қатынасқа нұқсан келтіру. Троллерлер әртүрлі парақшаларда, чаттарда негатив пікірлер жазу арқылы өзіне назар аудартқысы келеді.

Хейтинг (hate) – белгілі бір адамға немесе құбылысқа арнайы  жағымсыз комментарийлер, хабарламалар, иррационалды сын жазу.

Флэйминг (flaming) – көпшілік ортамен әлеуметтік желілердегі чаттарда және комментарийлерде  жанжалдасу.

Киберсталкинг (cyberstalking; to stalk – ізге түсу, бақылау) – белгілі бір адам мен оның отбасы мүшелерін заңға қайшы жасаған іс-әрекеттерін әшкерелеу мақ­сатында электронды хаттар арқылы қорқыту.

Грифинг (griefers) – онлайн ойындарда ­ойыншыларды бақылау түрі.  Олардың мақсаты – ойында  жеңу емес, басқаларын ойын қызығынан айыру. Олар  балағат сөздерді пайдаланып, ойынның жеке  бөліктерін оқшаулайды және ашық түрде ойында алаяқтық әрекеттер жасайды, сондай-ақ олар  ойыншыға  аса қауіпті әдістерін қолданады.

Секстинг (sexting) – жалаңаш және жартылай жалаңаш адамдардың  суреттерін немесе бейнематериалдарын жариялау. ­Балалар үлкейген сайын олардың секстингке тартылуының мүмкіндігі жоғары. Бұл жағдай көбінесе айырылысқан жұптар арасында болады. Сонымен қатар қорлау немесе зиян келтіру мақсатында қарым-қатынас үшін кек алу мақсатында бұрынғы жұптарының суреттерін салуы мүмкін. Мұндай сипаттағы хабарламаларды алу  кез келген тұлғаға психикалық тұрғыдан ауыр тиеді.

Хеппислепинг (Happy Slapping – шаттана қол шапалақтау, «қуана» соққыға жығу) жәбірленушіге психологиялық және физикалық күш көрсету, қысым жасау, оны бейнекамераға түсіру, кейін интернет-ресурстарына жүктеу немесе зорлық-зомбылық, күш көрсетуді сырттай бақылап, бейнекамераға түсіру. Бұл ұғым әлемді дүр сілкіндірген 2005 жылы ағылшындық жасөспірімдердің метрода жүргіншілерді соққыға жығып, сол сәтті бейнекамераға түсіріп, кейін ғаламторға жүктеген жағдайдан соң қолданыла бастады. Елімізде көлік апаты болғанда жолаушылар өлім мен өмір арасында жатқанына, тіпті жолаушылардың қаза тапқанына қарамастан сол сәтті ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге салып, мессенджерлерде әртүрлі топтарға тарататындар осы қатарға жатады.

Қазақстандық әлеуметтік желілерде хейтинг, троллингтің жалпыхалықтық сипат алуы алаңдатады. Сөзінде «әр қазақ менің жалғызым» қазақтың бүгінгі ұрпағы іске келгенде басқаша, еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін сынап-мінеу пікір­лерін жазуға шебер-ақ. Сүйектен өтетін сөзінің екінші тараптың психоэмоционалды күйіне қаншалықты әсер ететіндігі жайлы бас қатырмайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін инстаграмм желісінде жазылған тілдік агрессия көрінісі байқалатын пікірлерге назар аударайық.

Жеке басқа тіл тигізу сипатындағы пікірлер: «Бұл байғұс мен жұлдыз болам деп тұрса», «екіжүзді бәле», «түрің құрсын ­албасты», «жартыбас деген осы шығар», «жігіт емес, ез екен», «бейшара», «осының басы істемей ма бірдеңе», «тауықтың ­миындай ми жоқ», «ооо, шайтан», «албасты», «ауырасың ба?», «қызтеке», «мамбет», т.б.

Бейәдеп сөздерді пайдалану арқылы жеке басқа тіл тигізу: «өлген екен», «осындай ешектер бұзады жастарды», «шіріген жұмыртқа», «малдар көбейіп барады», ­«топастар», «осы жексұрынға орысша сөйлеуге рұқсат бере салыңдаршы», «оттай бермеші», «мал екенсің», т.б.

Күш көрсетуге шақыратын пікірлер: «Қолдарын шауып тастау керек», «тірі болғанына шүкір десін», «аузыңнан маңқ еткізейін ба?», «бәріңді бір жерге жинап, өртеп жіберу керек», т.б.

Келемеждеу, мазақ ету сипатындағы пікірлер: «Қуғынбай», «майбас», «жарым», «кемпірлер сияқты не көрінді», «фуууу, не киіп алған?», «капей, түрін қара», «боянбасаң кемпірсің ғой», «бауырсақ, не істеп отырсың», «сенің суретіңмен кішкентай баланы қорқытуға болады», т.б. Бұл келтірілген пікірлердің барлығы моральдық-этикалық қағидаларға қайшы. Осындай пікір жазатын азаматтарымыз жеке басқа тіл тигізіп, қорлағаны үшін заңмен қудаланатынынан хабардар ма екен?!

ҚР Қылмыстық Кодексiнің 131-бабында қорлау бөлімінде:

  «1. Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту – бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.

 2. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – екі жүз айлық есептiк көр­сет­кiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қо­ғам­дық жұмыстарға тартуға жазаланады» делінген.

Келесі кезекте тілдік агрессияның алдын алу, кибербуллингпен күрес жолдарына тоқталсақ. Аталған мәселенің шешу жолдарына қатысты әлемдік тәжірибеге көз жүгірттік. Әлемдегі киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге ертерек назар аударған мемлекеттер, ең алдымен, оның заңдық тұғырын бекіткен. Қазақстанда да Прези­денттің тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап заңнама әзірленуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жол­дауында: «Адам құқығын қорғау ­бойынша жаңа шаралар қабылдау аса маңызды. Мен үшін бұл проблема басымдық ­саналады. Бүкіл әлемдегідей Қазақстан да интернет қудалаудан азаматтардың қорғансыздығымен бетпе-бет келіп отыр. Бірінші кезекте мұнан балалар зардап шегеді. Әсіресе олар интернет-қудалауды ауыр қабылдайды. Өкінішке қарай, бұл қайғылы жайттарға алып келеді. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдайтын кез келді. Балалардың құқығын қорғайтын өзге де шараларды күшейтіп, хабарландыру процедурасына қатысты Балалар құқығы туралы конвенцияның факуль­тативтік хаттамасына қосылу қажет» деді.

Қазір барлық мемлекеттерде ғалам­тордағы тілдік агрессияны тізгіндеу жұмыстары екі бағытта жүргізілуде: бірін­шіден, әлеуметтік желі, веб-сайттардағы ұнамсыз мазмұндағы жазбаларды шектейтін техникалық тетіктерін дамыту, яғни цензурадан өткізу, «шағымдану», «ұнамсыз контент» батырмаларының пайда болуы. Екіншіден, ғаламтор пайдаланушыларын киберқауіпсіздік ережелерімен таныстыру, басқа қолданушыларға қатысты дұрыс әрекет етуді үйрету шаралары жүзеге асырылуда.

Шетелде ғаламтордағы сауаттылық дең­гейін арттыратын,  ғаламтор қолданушыларына виртуалды кеңістікте дұрыс қарым-қатынас жасауды, сөз қолданыстарын саралауды, виктимді мінез-құлықтан (қылмыс құрбаны болуға бейімділік, адамның басқа біреудің   өзіне аморальды, заңға қайшы әрекетіне  көнуі) арылуды үйрететін арнайы веб-сайттар жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Дружественный Рунет» қорының «Дети онлайн» жобасы, канадалық Билл Белсей құрастырған сайт www.bullying.org..

Елімізде бұл мәселемен Қазақстанның интернет Ассоциациясы, Қазақстандағы құқыққа қарсы контентке қарсы іс-қимыл бойынша жедел желі, Peremena.media медиа-ресурсының «Айналайын SOS» жобасы, Street Law Kazakhstan балаларды зорлық-зомбылық және кибербуллингтен қорғау білім беру ­жобасы, «Bilimqory Foundation» бағдарламасы айналысып жүр.

Кибербуллингтің алдын алу шараларын ұйымдастыру кезең-кезең бойынша іске асырылуы керек: бірінші кезең – еліміздегі кибербуллинг көріністеріне мониторинг жүргізе отырып, оның себептері, сипаты, оған қатысушылар жайлы ақпарат жинақтау, сандық-сапалық өңдеу жұмыстары; екінші кезең – қоғамның назарын осы мәселеге аудару, ағартушылық бағыттағы жұмыстар, толыққанды ақпарат беру, оның алдын алу шараларының нұсқаулығын әзірлеу, тарату, жиындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізу, БАҚ беттерінде мәлімет беру; үшінші кезең – ғаламторда қысым көрген тұлғалармен арнайы мамандардың жұмыс жүргізуі.

«Bilimqory Foundation» бағдарламасы кибербуллингке тап болған жағдайда немесе оның алдын алу үшін: әдепсіз хабарламаларға жауап бермеу; оларды дәлел үшін суретке түсіріп, сақтап қою; ғаламтор желісіне өзіңізге қатысты фото, видео жарияламау, жеке ақпарат салмау; күмәнді топтарға жазылмау; балаларға ойын мен қатыгездіктің айырмашылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынады.

Кибербуллингтің алдын алу үшін төмен­дегідей іс-шараларды жүзеге асырған жөн:

Кибербуллингке қатысты толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік беретін сайт, портал, форум; онлайн кеңес беру, call-орталық, т.б. жұмыстарын жетілдіру;

Киберббулингтен аулақ болуды санаға сіңіретін психологиялық әдістерді анықтау, тренингтер ұйымдастыру;

Азаматтарға ғаламторға жүктеген әрбір жеке басына қатысты ақпараттардың (мекенжайы, электронды поштасы, ұялы телефон нөмірі, суреттер, логин, құпия сөз) агрессор тарапынан өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін екенін түсіндіру;

IT сауаттылықты арттыру, барлық сайт немесе форумдарда сайт әкімшісі немесе модераторына шағым жазу, веб-парақшаны қөшіруді талап ету, жәбірлеушіні бұғаттау мүмкіндігі бар, ол мүмкіндікті дер кезінде, дұрыс пайдалану;

Лингвоэкологиялық білім беру, сөздің әсерін түсіндіру, сөйлеу мәдениетін меңгерту;

Ата-аналар балалары пайдаланатын ақпаратты бақылап, ара-тұра браузер тарихын тексергені абзал. Сонымен қатар ғаламтор, әлеуметтік желі пайдалану сәті немесе одан кейінгі әрекетін, көңіл күйін бақылаңыз. Күдік тудыратын жағдайды байқасаңыз, әңгімеге тартыңыз, эмоционалды түрде қолдау көрсетіңіз.

Виртуалды қарым-қатынастың ерек­шелігі, қауіп-қатері, салдары жайлы ашық дәріс, семинар, тренингтер ұйымдастыру.

Мазмұнында адамгершілікке жат, қорлайтын жазбалар жарияланған сайттар тізімін жасау, сараптау, қажет болса тыйым салу.

 Жазылмаған дала заңына бағынған қазақ ру, ел арасындағы қарым-қатынаста сөз саптауға ерекше мән берген. Айтар ойын екшелеп, әр сөзді орнымен қолдана білген. «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді», «Бір ауыз сөз қасіретті тыяды, бір ауыз сөз айықпас дерт жияды» деп, сөздің құны мен құдыретін терең сезінген. Олай болса, хадисте келетін «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», XI ғасырдағы шығыс педагогикасындағы әйгiлi шығарма «Қабуснамада»: «Адамзаттың ең абзал қасиетiнiң бiрi – сөз сөйлей бiлу. Бұл жағдайды жете түсiн де, жақсы сөйлей бiлуге үйрен: сыпайы, анық сөйлеудi әдет қылғайсың» деген аманатқа адал болайық.

Гүлім Чукенаева,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, PhD

4013 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы