• Білім және ғылым
  • 20 Мамыр, 2021

Бастамалардың бесігі болған...

Елбасының көрегенділігінің арқасында Елор­дамыздың төрінде жайғасқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне бүгінгі таңда 25 жыл. Өткен ширек ғасырда университет отандық жоғары оқу орын­дарының алдыңғы қатарына шығып, сонымен қатар әлемдік деңгейде белгілі, танымал білім және ғылым ордасына айналды.

ЕҰУ-да өзіндік дәстүр қалыптасып, оқу орны мақтаныш пен абырой иеленді, сондықтан да грантпен түскен студенттердің саны Республика­мыздың көлемінде ең жоғары сатыға шықты. Университет білім мен ғылымның тізгінін бірдей ұстап интеграцияның іргесінде қарқынды жетістіктерге жетті. Заманның талабына сай жаңа методологиялық тәсілдер, заманауи ақпараттық мәліметтер, жаңашыл бағыттар, арнаулы дәрістердің өрістеуі барлық факультетте де орын тапты. Жылдан жылға дамудың динамикасы анық байқалады. Бұл Еуразия ұлттық университетінің шүбәсіз табыстарының көрсеткіші.

Бұл бағытта елеулі жетістіктер жеткі­лікті деуге әбден болады. ЕҰУ іргесі қаланған уақыттардан бері университеттің профессорлық оқытушылар құрамы мемле­кеттік бағдарламалардың жүзеге асуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Елдегі мемлекеттік «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында атқарылған жұмыстар көлемі ауқымды. Әсіресе осы кезде университет басшы­лы­ғының қам­қорлығы арқасында шетелдік және ішкі мұрағат­тардағы ел тарихы мен мәде­ниетіне қатысты қол­жазба және архив­тік материалдарды жинақтау, ғы­лыми талдау жұмыстары біршама жүйеге түсіп отыр.

Атап айтқанда, маңызды табыстардың қатарында ЕҰУ-дың іргесінде жаңашыл (инновациялық) ғылыми бағыттардың бірегейі Дала өркениетіне аса зор көңіл бөлуде. Дала өркениеті егіншілік қоғамдардың өркениетімен қатар, терезесі тең дербес құбылыс ретінде әлемдік тарихи үрдісінде айқын көрініс тапқан. Дала өркениеті пәнаралық зерттеулер іргесінде өтілуде.

ЕҰУ-дың оқу және тәрбие үдерістері де тұрақты түрде ғылыми негіздерде жүр­гізіледі. Бұл бағытта ғылымның жетіс­тіктерін күнделікті тәжірибеде қолданудың мол мүмкіндіктері оқу үдерісіне жаңа пәндердің енуі арқылы анық көрінеді. Бұл ретте, қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың мұраларын ғылыми зерделеу бағытындағы жұмыстар көлемі ауқымды. Бүгінгі күнде университетте жүргізіліп отырған абайтанулық зерттеулер мен сол бағытта арнайы кабинеттердің көршілес және алыс шет елдерінде ашылуы соның айқын бір дәлелі. Келесі, тілге тиек етер аса өзекті «Алаш» қозғалысына байланысты ұлттық бірлікті ңығайтуды меңзеген ұлы тұлғалардың мұраларын тиянақты жинақтап, баспадан шығару жұмыстары кеңінен атқарылған.

Университет өз тарихында білім беру, ғылыми ізденістер және тәрбиелік жұмыстар үшін маңызы ерекше мерейтойлық атаулы даталарды халықаралық және республикалық көлемде, жоғары деңгейде өткізіп келеді. Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы және үстіміздегі жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында көптеген ғылыми, тәрбиелік іс-шаралар жүзеге асырылды.

Университетте ғылымға үнемі ерекше көңіл бөлінеді. Оның айғағы, мыңнан аса ғалым уни­верситеттің жұмысына белсенді атсалысып келеді. Біраз ғалымдардың есімдері әлемдік деңгейде танымал. Біртіндеп математика мен биологияда, әдебиет пен тарих салаларында ғылыми мектептер қалыптасып жатыр.

Нәтижелі табыстардың арқасында универси­теттің өрісі айтарлықтай кеңейді, еуразиялық және әлемдік деңгейде белгі берді. Белсенді шетелдік университеттердің қатарына қосылды. ЕҰУ беделді Еуропалық университеттердің ассоциациясына тұрақты мүшелікке қабылданды. 200-дей университетпен халықаралық келісімге қол қойылды.

«Тарихты тобыр жасамайды, тарихты тұлға ­жа­сайды» дегендей, Еуразиялық ұлттық университеттің ректоры, ҰҒА акаде­мигі Е.Сыдықовтың ерен еңбек атқарып жатқанына барша куә. Тарихтың қоғам дамуына ықпалы аса зор екендігі сөзсіз. Берік ха­лықтың тарихи сана-сезімі қашанда жоғары. Сондықтан да Е.Сыдықов Қазақстан тарихшылары Ұлттық Конгресінің төрағасы жұмысын атқарып, елдің бірлігі мен татулы­ғын дәріптеп, халықтың ­са­насын одан әрі қалыптастырып, қоғамдағы рухани және өнегелі құндылықтарды насихаттап, жастар өре­сі­нің кемелденуіне назар аударып, салиқалы еңбек атқаруда. ЕҰУ зерттеу орта­лығына айналуына дайын. Олай болса, ғы­лымның мәртебесі одан сайын биіктеп, ғылым, білім және өндіріс тығыз байланыста болмақ.

Болат КӨМЕКОВ,

ҰҒА академигі

 

2823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы