• Ақпарат
  • 27 Мамыр, 2021

Зере мен бала Абай ескерткіші

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының орталығы Қалбатауға бара қалсаңыз ғажайып ескерткіштің куәсі ­боласыз. Зере әже мен бала Абайдың мүсіні кім-кімді де ­болса елжіретері хақ. 

Қалбатау өңірі – Зере Бектемірқызының туған өлкесі. Хакім Абайдың бала кезден ақылшысы, қамқоры әрі ізгілікке тәрбиелеуші ұстаз бола білген ел анасы қоғамдық мәселелердің де оң шешімін табуына атсалысқан қайраткер екені тарихтан мәлім. Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі. Ол кісі көп жасап, қартайған кезінде өмірден озыпты. Ырғызбай тұқымдары, бүкіл Шыңғыстау жұрты Зерені құрметтеп «кәрі әже» атаған. Кәріліктен құлағы естімейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.
Ескерткіш авторы Абай ауданы Саржал ауылындағы қарапайым мектеп мұғалімі Ертіс Тәтиев пен оның ұлы Еркебұлан Ертісұлы. Олардың айтуынша, Зере әженің тізесіне немересін отырғызу идеясы – нағыз әже бейнесін айшықтап тұрған көрініс. «Зере әже бейнесін жасауға, «Абай жолы» эпопеясын көп оқығанымыздан болар, қиналмай кірістік. Өткен қараша айында қолға алған жұмыс еді, енді міне, халыққа ұнап жатыр, жемісін көріп, қуанып жатырмыз» дейді авторлар ескерткіштің ашылу рәсімінде. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлы аналары» атты іс-шара аясында жазиралы Жарма жерінде жемісін тапқан бұндай шараның ұйытқысы болған Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов болатын. Сол шараға «Құнанбай» фильміндегі Зере әженің рөлін ойнаған Жарма ауданының тумасы Нұрсипат Салықова мен «Құнанбай» фильмінің режиссері және Құнанбай рөлінде ойнаған Досхан Жолжақсынов та қатысып, «Әлемнің сусар бұлағы, қозғаушы күші, ай мен күні аналарды жырламаған дәуір жоқ болар. «Жұмақ – аналардың табанының астында» деген сөз де бекер емес. Мына атқарылып жатқан ізгі істеріңіз қайырлы, құтты болғай» деген лебізін білдіреді. Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, ескерткіш халық қаражатына салынған. «Ескерткішке бірде-бір бюджет ақшасы кеткен жоқ. Біз осыдан 4 ай бұрын «Береке» атты қор құрдық, соған байланысты газетке хабарландыру бердік. Сонда біздің мекемелер, халық өздері ақшаларын беріп, сол ақшаға салынды» дейді ол.
Ескерткіштің жалпы биіктігі 4 метрден асады. Бала Абайды тізесіне отырғызып, ойға шомған Зере әже бейнесі жас ұрпаққа ізгілік нұрын шашып тұрғандай әсер қалдырады. 

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

2261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы