• Ақпарат
  • 27 Мамыр, 2021

«Қазақстанымнан шабыт аламын»

Өнер – кез келгеннің бойына дарымайтын ерекше қасиет. Оның ішінде бояуларды мың құбылтып, суретті сөйлете білетін қылқалам шеберлерінің дарыны баға жетпес құндылық деуге болады. Суретшілік өнерді серік еткен жалынды жастар қатары көбейіп келеді. Солардың қатарында 19 жастағы жас суретші Арина Цой да бар. 

 

Бойындағы бейнелеуге деген талантын Арина Цой мектеп қабырғасында байқаған. Ол сабақтан тыс уақытта өзін қызықтырған зат­тың жобасын сыза бас­таған. Қылқаламға деген құштарлығы сол кезден бастап ояна бастаған көрінеді. Аринаның айтуынша, содан бастап бос уақытында сурет салу әдетіне айналған. Ол үнемі қазақтың кең-байтақ даласын, керемет табиғатын ақ қағаз бетіне түсіруге қызыққан. Уақыт өте келе қызығушылығын басқа арнаға аударған. 
– 2018 жылы арнайы бағдарламамен Америкаға 1 жылға көшіп бардым. Сауалнамада қоныс аудару себебімді «сурет салу» деп толтырдым. Бірақ бір жыл бойы үйінде тұратын отбасы маған арнап әртүрлі мөлшердегі 20-30 кенеп (холс), он шақты қылқалам мен түрлі акриль бояуын сатып алып, дайындап қояды деп ойламадым. Әуелі қай қылқаламды қай кезде қолдану керектігін де білмедім. Сондықтан өзіме ыңғайлы біреуімен ғана сурет сала бастадым. Бірте-бірте қолым да машықтанып, барлығын меңгеріп алдым. Айтпақшы, сол кезде өмірімдегі бірінші картинамды салдым. Сондай-ақ Техаста өткен сурет байқауына алғаш рет қатысып, бақ сынадым, – деген жас қылқалам шебері өнер жолына қалай келгенін айтты.  
Жыл өтіп, Талдықорғанға оралғаннан кейін де жас суретші өзін шыңдай түсті. Адам анатомиясын, жарық физикасын, ­растушевка сынды кәсіби дүниелерді зерттейді. Оның жұмыстары жақындарының көңілінен шығып, таныстарынан тапсырыс қабылдай бастады. Ол бүгінде тапсырысқа сурет салып қана қоймай, киім-кешекке авторлық иллюстрациясын салып, өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүр. Досы екеуі инстаграмм әлеуметтік желісінен парақша ашты. Ол жерде жас суретшінің жұмысына баға беріп қана қоймай, көңіліңіз қалаған суретті киіміңізге салдыртсаңыз болады.
Кейіпкеріміз Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және шет тілдер уни­верситетінің студенті. Қыл­қаламды кә­сібіне айнал­дыр­ған ол ал­дағы уақытта авторлық стикер (әртүрлі фор­маттағы жап­сырғыш), пин (эмблема, брошка) және күнделікті қол­данатын түрлі аксессуарлар шығаруды жоспарлап отыр.  
– Шабытты айналамнан іздеймін. Менің Отаным Тәуелсіз Қазақстанның әдемі табиғатынан, білімді жастарынан, көрікті жерлерінен шабыт алғанды жақсы көремін. Әсіресе қазақтың кең-байтақ сар даласы маған қатты ұнайды. Жас болса да биіктен көрініп жүрген замандастарыма қарап үлгі аламын, өзіме бағдар іздеймін. Күні бойы антика дәуіріндегі ұлы авторлардың, жаңа авторлардың шығармаларын мұқият зерттей аламын. Әр бөлшегін қарай отырып, олардың сурет идеясына қарай түстерді таңдау қабілетіне таңданамын. Картинасы арқылы нені айтқысы келгенін түсінуге тырысамын. Соларды зерттей отырып, әлі алар асуым көп екенін ұғынғандай боламын, – дейді кейіпкеріміз. 
Өжет қыздың арманы асқақ, алға қойған жоспары айқын. 

Е.МАРХАБЕКҚЫЗЫ 
Алматы облысы 

1819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы