• Әдебиет
  • 10 Наурыз, 2011

Фәнилік драма

– Қара жерге жеткенше басың мына, Сыйла, сыйла досыңды... қасыңды да! Дос-жарыңа сүйікті бола түссең, Қас та санар қастығын басылдыға. * * * – Бастық — милау, біреудің ебелегі! Білмейді ешкім: қолынан не келеді?.. – Бұрын оған беруден орынтақты басына оның дәл өлшеу керек еді! * * * – Қош, достым! Болсын жаның дарағы аман... – «Қошың» не?! Лебізің бе қаламаған? – Мансабы өскен біраз жігіттер бар, Дос болып қалуға онша жарамаған... * * * – Кейде айналсаң бейбақтың мұңдасына, Өрлігің де жетеді бір басыңа!.. – Оның бәрін сараптап қайтесің, дос, Қатысы жоқ дәл саған – құрдасыма! * * * – Түссе деп бұ Жалғанның жарығы шын, Сездің бе мен бейбақтың сабылысын?.. Түсімде түні бойы көп жұбаттың, Бақилық болған, мәңгі сағынышым!.. * * * – Қалқам, Адам емессің... білесің бе? – Оһ!?. Не жаздым тастардай күресінге?! – Әзіл... Бірақ Хауа Ана жалғасысың, Жүргені жөн қыздардың бұл есінде... * * * Айлар тозып, мезгілге желініп күн, Күттім... бірақ білмедім: нені күттім?.. Тек анығы — телегей бұл фәниде, Шырағы деп санадым сені үміттің! * * * – Соғыста жең яки жеңіл, мейлі, Жеңілсең — екінші орын берілмейді. – Жанжал да солай. О да жаңсақ бір іс. Орынды жарыстарда алсақ дұрыс... * * * Ажары астасқандай Ай, Күнменен, О, бізде арулар көп Айгүл деген! Сүйініп көрген сайын деп тілейсің: қадірін түсірмесе-ау қай білмеген... * * * Алла әмірін ғаламда қоса атқарған – Шексіздік пен Мәңгілік қосақталған. Бітпейді олар, өтпейді ешқашанда, Бар ұлы ұғым басталар осы аттардан. * * * Далбаса – деу енді ондай жолығады! Қайтқан қайран достың бос орыны әлі... Езіледі еске алсам ет-жүрегім, Осы шығар жанның да морығаны?.. * * * – Дейді ғой Тағдыр деген болады шын... Ол соқса — сен де оны соғамысың? – Соғары оның жалғыз мен деймісің... Асырар бәрімізден ол әдісін. * * * – Мәселен... саған ғана түнерді Күн... – Ол — Ажал келген, басқа бұл енді кім... Алланың әмірі деп мойынсынам... – Бұл — сенің соңғы ерлігің, ұлы ерлігің! * * * – Ұстаздық еткен кезде біз балдырған, Ағайлар қорғайтын һәм ызғар-мұңнан... – О, олар жалғасы еді-ау бабалардың, Қазақи мейірімменен із қалдырған! * * * – Сұрағым бар... және тұр әрі ебі кеп, Жауабыңды ұқпайын әдебі деп: Мен көрмедім Тараздан, сен не дейсің, Ару бар ма өзіңнен әдемірек?.. Не сиқыр? «Жүр ме жұрттың бәрі адасып!?» – деген ой жағымды оймен жағаласып, Қолыңды бір сілтеп ең... Енді қара: өзің де кеттің қайта араласып... * * * – «Ол жоқ енді!.. Езілдің, ей, несіне?!» – деп жұбатсам өзімді, кейде есіме әнің түсіп, тағы да егілемін... Ән – жаныңның дыбыстық бейнесі ме?.. * * * Тәубе!.. Шықтық түнектен, серпіп түннен, Елді, жерді есепсіз кертіп тілген. Енді сана жарасы тез жазылса-ау, Сан ғасырлық сойқандар мертіктірген!.. * * * – Кетем!.. Мына жұрт таңды бос лаңға!.. – Кетпе... Абай деген ғой шошығанда: «Өлген мола, туған жер жібермейді, Әйтпесе тұрмас едім осы маңда». * * * – Ең ұлы ұстаз біздің осы елде кім?.. – Анықта: кімге ойдың көші ергенін. Ол – Абай! Қазақ біткен шәкірті оның, Шығарған алғаш Алаш көсемдерін. * * * – Шығып жатқан жаһанның әр елінде, Жамандықты ертеңгі әлегім де... – Жаһан ортақ, әрине... Дегенменен, Пенде өмір сүреді өз әлемінде. * * * Ой салды мына таң да бозара атқан: Өмірім аман ба кір-қожалақтан?.. – Пәк болып туып, пәк боп кетеріме, Көзімді жеткізе гөр, о, Жаратқан!? * * * Не қалмақ арттағыға?.. Қалады арман... Оны ұрпақ қалай қарсы алады алдан?.. Әдеп жоқ, мейірім жоқ, өркөкірек, «Шошимын кейінгі жас балалардан». * * * Бұл көптің көрінгенмен көбі серік, Қалғандай кей көңілдің өңі семіп. Деу жөн-ау: «Ең әуелі ішті тазарт, Сонан соң кел, жарқыным, көріселік!» * * * Балалық... Уақыт қой алған оны! – Десең де кей-кейде мұң жанға жоғы. Мұң екен ең ақыры шаңды, сазды сызатын ескі ауылдың арба жолы... * * * Жасты елтітіп жын-шайтан шатпағына, Неге мәзбіз Батыстың жатқанына?!. Адамзаттық тұғыры – ұят десек, Ұяттың да Батысқа батқаны ма? * * * – Өлімді ойлау адамға күш береді, Сол күш берер өмірге үстемені. – Дұрыс. Ажал көрінсе аждаһа боп, Оған қарсы әрекет істеледі. * * * Тарих — қызық!.. Көрсе де ызғар, қайғы, Ізгі болған жаннан көп із қалмайды. Ал әлемдік зұлымдық жасағанға, Тарих неге орынын қызғанбайды? * * * – «Ескерткішім ертеңге салады өткел!» – десең, дей ме ел: «Ел деген саналы өтті ер»?.. Енді ойланшы: ертеңге ескерткіштен қай бетпенен қарайды қарабеттер? * * * Ажалдың бірі асықпай, бірі демде, Жеткенде құпиясы білінер де. Тек, әттең, марқұм байғұс айта алмайды-ау, Ол жайлы жылап тұрған тірілерге... * * * – Таптың ба қарап орман, атырапты, Дәлме-дәл бір-біріне жапырақты?.. Ондай жоқ! Даналар да дара-дара, Айырғын ақымақ пен ақымақты. * * * Күндер-ай... зымырайды жарысқандай, Айлар да аяңдайды қалыс қалмай... Бәрінің қалдырғаны шимай-шатпақ, Дәптер боп бет пен кере қарыс маңдай. * * * Махаббат... Бұл сұлулық жауһары ма? Мүмкін ол Адамдықтың тау, тағы ма? Әлде ол бақытқа нәр-нөсер ме екен?.. – О, онда, айналайын, жау тағы да! * * * – Мұқату мені ептеп сөзің кілең... Оныңа төзіп келем. Төзімді ме ем? Ал жалпы мұқалмауым бір себебі – О бастан өз бағамды өзім білем. * * * Қуанбау бір жақсыны көргеніне, Қайғырмау бір жақсының өлгеніне... Сонда бұл сезім дейтін ең асылын, Кісінің тірісінде-ақ көмгені ме? * * * – Әйелдің құрметтелсе қай елде аты, Ол – бізбіз. Кеткен де емес бай-ерге ақы. «Сыйға-сый» деген... Содан бір базына: айылды сәл жинашы, әйел заты? * * * Сұлу көп таба алмастай бір де мінін, Теңердей өзін нұрға, гүлге ерінін! Не дерсің мезгіл өте... сол ерінмен, Қайырса қос қанатын күнде ерінің? * * * Табанға қалса намыс бастырыла, Тарылып аспанның да асты мына, Бел бусаң тәуекелге... Ал тәуекел жаныңның тау бұзатын тасқыны да! * * * Қара суық... қақырап тыстағы маң, Айырылыпты аспан да құстарынан... – Сыртқа шықсам жолықтыр бір жақсыны, Құзғынды емес, о, Тәңір, іш қарыған! * * * – Қалды артта жер ортасы – Көктөбе де, Бұл жасты аз да деме, көп те деме. Өнімсіз болсам – өзім өкінермін, Сондықтан сен онша, Өмір, өкпелеме?.. * * * О, Алла, мына өмірді берген де сен, Әлі де жарылқай гөр пендем десең. Азға да қанағат қып, тәубе деймін, Кім болам көпті сұрап телмеңдесем?! * * * Аластап алмас тілмен азғандарын, Дүние, адам жаны... қазған бәрін Абай ғой. Көп ойланып қала берем: ұнар ма Ұлы Атама жазғандарым?..

Арғынбай БЕКБОСЫН

2698 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы