• Тарих
  • 27 Мамыр, 2021

ҮРЕЙДІҢ КӨЗІ ҮЛКЕН, ӨМІРІ ҰЗАҚ

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.  Атаулы күн елімізде 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. 
Еліміздің тарихында мерейлі сәттермен қатар, қайғы-қасіретке толы жылдар да аз болған жоқ. 1925 жылы елді басқаруға келген Филипп Голощекин «Кіші Қазан төңкерісін» жүргізуді ұстанды. Осының салдарынан ұлт зиялылары қуғынға ұшырады. ­Голощекин өзі бастап оларды елден қуып, сөйтіп көзін жоюды қолға алды.  Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты ешкімді де аямады. 1920-1950 жылдары миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың бетке ұстар айтулы азаматтары сол солақай саясаттың құрбандарына айналды. 
Қанды қасап кезінде жерімізге тұтас халықтар жер ­аударылды. Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінді. Кеңестік биліктің зорлауымен қоныс аударған этнос өкілдері бүгінде біздің ең жақындарымызға, отандастарымызға айналып отыр. 

«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен білек түре, бел шеше кіріскен белсенділер еліміздегі қырық миллионнан астам мал басының қырылуына әкеліп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында сан миллион адам қайтыс болды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»  атты мақаласында былай деді: «... 1921-1922 жылдардағы алапат ашаршылықтан бері 100 жыл өтті. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет». Мемлекет басшысының 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы шыққаны көпшілікке жақсы белгілі. 
Халқымыз қуғын-сүргін кесірі­нен жазықсыз жапа шеккен ардақ­тылардың есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді ешқашан естен шығарған емес. Тарихтан тағылым алып, биік мақсаттарға ұмтылу – ұлағатты іс.

Шымкент қаласының қақ төрінен мұражай салынды. Ол - саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған. Іске кірісіп кеп кеттік. Жазықсыз жапа шеккендердің құжаттарын жинаумен қатар, олардың ұрпақтарымен қарым- қатынасты арттырдық. Мұражайдың аты облыстық болғанымен, біз әлдеқайда кең ауқымды қамтыдық. Өйткені өзге облыстарда дәл мұндай мұражай жоқ. Өзге облыстардың да мұрағаттарын ақтарып, қуғын-сүргінге ұшырағандар жөнінде материалдар жинақтап, олардың ұрпақтарына іздеу салдық.
Мамырдың 31 жұлдызы жақындағаннан қоңырау соғушылар көбейеді. Өйткені көптеген жерлерде гүл шоқтарын қойып тағзым ететін ескерткіш, не мұражай жоқ. Мұндайда астаналықтар: «Бізден отыз шақырым жерде «Алжир» мұражайы ашылды. Бірақ бұл – ұлт зиялылары әйелдерінің отырған лагері, біз Сіздердің мұражайға барғымыз келеді» деген өтініштерін білдіріп жатады.

 Тектілік

Бізге келушілер де, келем деушілер де көп. Ондайда демеушілер іздеп зыр жүгіреміз. Ешқашан тарынып көргеніміз жоқ. Себебі «халық жауы» атанып, зұлмат жылдары зардап шеккендердің тікелей ұрпақтарының өзі бүгінде сексен мен тоқсан жастың аржағында. Олар мемлекет тарапынан қолдау мен жеңілдіктер талап етіп көрген емес. Тек қана әкелерінің ақталғандарына риза. Репрессияның жетпіс жылдығына орай театрда өткен ғылыми конференцияда бір азамат Ілияс Жансүгіровтың ұлы Саят ағаға: «Зардап шеккендер ретінде кірмелер (репотрианттар) мен шет жақтан қоныс аударғандарға үкімет тарапынан өтемақы, яғни қаржылай қолдау көрсетіліп жатады, ал бізге неге жоқ?» деп сауал тастайды. Сонда Саят ағамыз: «Біздің әкелеріміздің төгілген қаны ешқандай материалдық көмекпен ­жуылмайды. Ол кісілердің есімі ­онсыз да бүкіл қазақтың жүрегінен орын алған. Сол да жетеді!» деп, тағдырластарын бір серпілтіп тастап еді.
Шындығында да, бұл ұрпақтардың тағдыры – ауыр тағдыр болды. Құрбандар көрген қиянат – артында қалған ұл-қыздарына «өмірлік азық» болды. Тағдыры – қыл үстінде, әне үзілем – міне үзілем деген қоңыр күздің күлгін жапырақтарындай болғаны рас.
Талайымен аралас-құралас жүрге­німде білгенім, бірде-бірінің дүние-мүлікті сөз еткенін, жоқшылыққа тарынғанын естігенім де, көргенім де жоқ!
Бізде осы қасиет бар ма? Жаса, ендеше қаны жерге тамған – Тектілік!

 Көз жасы

 Мұражай ашылғалы жиырма жыл өтсе де үзбей келетін ұрпақтардың бірі – алматылық Кәбира Құлымбетова (Қарабалина) апамыз. Кезінде Каз ЦИК-тің төрағасы болған Ұзақбай Құлымбетовтың қызы. Келген сайынғы әдеті – әкесінің барлық құжатын алдырып алақанымен сипайды, ­бауырына басады. Сосын жылайды. Өткен-кеткен өмірін, қатыгездікпен өткен балалық шағын еске алады. Содан соң маған қарап: «Қарағым, осы күнге жеткізген Аллама, одан кейін ел баласы, Елбасы Нұрсұлтанға айтар алғысым шексіз. Мынадай мұражай салып берді. Жоғалтқанымызды бір жерден табамыз. Қолжазбалар, көне суреттер көзіме оттай басылады. Рақмет, қалқам. Сөздің шыны керек, әкемізді күнде ойлаймыз десек асылық болар, мен өзім қазір әкемнің жасынан асып кеттім. Ал сен болсаң күнде осы кісілердің рухымен тілдесесің. Суреттері, құжаттары қойылған шыны жәшіктерді күнде сүртесің. Әкем ештеңе демей ме?» деп, сөз аяғын қалжыңға бұрады. Бұрады да тағы жылайды.
 – Әкем 1937 жылы «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілгенде, мен іште қалған бала екенмін – дейді алматылық Клара Асылбекқызы Сейітова. – Мен әкемнің жүзін көрмей өскен ұрпақпын. Бірақ оған деген махаббатым өлшеусіз. Әкем Асылбек Сейітов – Алматыдағы тұңғыш емхананы ашқан, земской врач болған екен. 1931 жылы Әлихан Бөкейхановпен ­танысып, «Алаш» партиясына мүшелікке кірген. Аллаға шүкір, бүгінде есімі өзі ашқан Алматыдағы №5 емханаға, Алматы мен Астана қалаларынан көше аттары берілді. Өзі жайлы архив материалдарынан жинақтап сүбелі кітап бастырып шығардық. Өткен жылы әкемнің 120 жылдығы есте қаларлықтай өткізілді. Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы театрда мұражай қызметкерлерінің күшімен дайындалған әкем туралы көріністі актерлердің орындауында көріп, көз жасыма ие бола алмадым. Бейне, әкем тіріліп келгендей жағдайды басымнан өткердім. Халық барда солар үшін басын құрбандыққа шалғандардың аты өшпейтініне көзім жетті. 
Айтпақшы, бірде Алматыда жүргенімде туған күніммен құттықтап апамыз телефон соқты. Менің сонда екенімді есіткен соң қоярда-қоймай шәй ішіп кетуге шақырды. «Ылғи да Шымкентке барғанда үйіңнен дәм татамыз, келмесең маған ұят болады» деген соң кіріп-шыққаным бар. Айтайын дегенім, көне кісілердің келген қонаққа альбом көрсететін дәстүрін бұл кісі де ұмытпапты. Көне альбомды ақтарып отырып, көзіме таныс бейне оттай басылды. Кім екенін сұрағанымда Клара апай: «Бұл менің түп нағашым – Мұса Шорманов қой» деді. Сымдай тартылған Мұсаның екі жағында бәйбіше-тоқалы тұр. Шорманов анасы жағынан Шоқан Уәлихановтың нағашы ағасы екен. Шығыс халықтарымен қатар орыс тілін жақсы меңгерген қазақ ақсүйегі, орыс әскерінің полковнигі екендігінен хабарымыз болатын. Сол Мұсаның ұлы Сәдуақастың Нафия есімді жалғыз қызы болған екен, 16 жасында ­Асылбек Сейітовке ұзатылған. Мұсаның немересі Нафия – Клараның анасы. Асылбек Сейітов атылғаннан кейін, араға жыл салып Нафия қайтыс болды. Сонымен, Клара Ормановтар әулетінде тәрбиеленіп, ел қатарына қосылады.
Саяси қуғынға ұшыраған, атылған, асылғандардың тағдырының тереңіне көз салсақ, әрбірінен осындай тектіліктің ізін көрген болар едіңіз. Мұның өзі, тереңдеп зерттейтін гендік саласындағы тарихшы мамандар болса, олардың қоржынына қомақты олжа салары дауысыз деп ойлаймын.
Өмірге келуі зобалаң уақытпен тура келіп, әкесін суреті арқылы ғана білетін Клара Асылбекқызы сияқты көптеген ұрпақтардың қайғысы да, қасіреті де бір. Бірақ тамырында тектіліктің қаны ағып тұрған жан ғана әке өмірінің тарихына терең бойлай алмақ.
Қазақты қазақ қылып ұстап тұрған да, осы теңін жоғалтса да тегін жоғалтпаған ұлы қасиетінде екендігі жадымызға орала береді.
Сондай тектілердің бірі – Сұлтанбек Қожанов, Міржақып Дулатов, Иса Тоқтыбаевтармен қоян-қолтық араласып, ұлт болашағы үшін аянбай еңбек еткен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ізімен келе жатқан, сол кездегі ағартушылық жолында мол мұра қалдырған – Тәңірберген Отарбаев еді. 
Кеңес Одағы кезеңіндегі үстем тап өкілдерінің түкірігі жерге тамбай тұрған кезеңде, яғни 1970 жылдары ұлт батыры Бауыржан Момышұлының республикалық бір газетке көлемді мақаласы жарияланады. Өзінің шыққан тегін, туған жерін, оқыған мектебі туралы саралай келе, білім алған ұстаздары туралы айтуды да ұмытпапты.
Шымкент қаласындағы №7 мектепте білім алғанын, онда дәріс берген Тәңірберген Отарбаевтың педагогикалық көзқарасы мен сабақ беру тәсілдерін тебірене еске алып, ұстаздарының суретін жариялапты. Бұл мектепте қазақ поэзиясының ­патриархы Әбділда Тәжібаев пен қоғам қайраткері Өмірбек Жолдасбековтер де оқыған.
 Газеттен әкесі туралы жылы лебізді естігенде екі көзіне ерік берген Ұлжан апай, қайткенде батырға жолығу керектігін ойлайды. Бірақ жастайынан бойына сіңіп кеткен жалтақтық, жасықтық, үрей Бауыржанға баруға көп кедергі жасайды. Араға жылдар салып барып Баукеңнің есігін қағады.
 Бастан-аяқ қырағы көзімен бір шолып өткен Баукең:«Өтірік айтып тұрсың, бүгінде жақсылардың атын жамылғандар көбейіп кетті. Мына қортық бойыңда Тәңірбергеннің он нұсқадан бір нұсқасы жоқ. Тәкең еңселі, кеудесі шалқақ, жігіттің төресі еді. Ұстаздық, ақындық, ағартушылық қасиеттерін былай қойғанда, ол өнер адамы болатын» деп Ұлжан апайға тесіле қарайды. 
 Ұлжан апайдың айтуы: «Шынында да аласамын, бет-әлпетім де келісіп тұрмаған болуы керек, бір жасымнан жетімдік тақсіретін тартып, мектеп жасына дейін әр босағада бір жүріп, мектеп жасына жеткенімде Шымкенттегі Сұлтанбек Қожанов атындағы мектеп-интернаттың бірінші класына ағайындардың әупірімдеп өткізгенін (сол он жыл оқыған мектепті менің әкемнің ашып кеткенін білімеппін) бірде тоқ, бірде аш жетім қыз боп әйтеуір қатарға қосылғандығым, енді әкемнің көзін көрген, айтуы бойынша одан дәріс алған адамның маған өз әкемді қимай тұрғанын көргенде, көз жасым бұршақша төгілді. Үндемей жылаудың соңы өксікке айналды. ­Батыр жұбатудың орнына:
Прекратить! Терпеть не могу женские слезы! – деп айқай салды.
Көз жасымды сүртіп қайтуға оқталдым. Баукеңнің: «Стоять!» деген сөзіне бұрылып қарадым: «Не айтқың келді? Айтқын!» деді.
– Бойымның қортықтығына күйеу балаңыз ренжіген жоқ еді! – дедім.
Солай айтуым мұң екен, Баукең қарқылдап күліп алды да: – Рас, сен Тәңірбергеннің қызы екенсің, оған нәзік юморың куә. Бірақ өжеттігің тартпапты:
– Ылғи жетімдік көріп, қуғын-сүргінде жүрген ұрпақта ол қайдан болсын?! – дедім. Батыр мені бауырына басты.
Мен тағы да жыладым...

 Үрей

Бүгінде қуғын-сүргінге ұшыраған­дардың санын түгендеп, олардың балаларының тағдырына алаңдап жатқандар аз. Халықтың санына ден қойдық та, сапасына мән бермей жүрміз. Бұдан қазіргілер сапасыз деп айтқым жоқ. Дегенмен, кешегі Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев, Әтекеш Толғанбаевтай ірі тұлғаларды іздейтінім рас.
Осы қызметімнің арқасында Ілияс Жансүгіровтың өзін көрмесем де, ұлдары Саят, Болатты, қызы Ильфаны көріп, сұхбаттасып, араластым.
Міржақыпты көрмесем де, қызы Гүлнәрді көрдім. Тіптен «Көзіме жас бер, жылайын» кітабыма сұхбат та алған екенмін.
Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы, мұнай барлау саласындағы техника ғылымының докторы ­Тынышбаев ­Дулат шейһ, Ғабдулхаким Бөкейхановтың ұлы, тау-кен саласы бойынша техника ғылымының докторы, академик Бөкейханов Дияс, бір әулеттен он жеті адам қуғын-сүргінге ұшыраған, демография ғылымының докторы, елімізге аты мәшһүр Мақаш Тәтімов, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде басшы қызмет атқарған Сабыр Айтқожинның ұлы ядролық атом саласын зерттеуші физик, техника ғылымының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Эмиль Айтқожин, Қаз ЦИК-тің төрағасы болған Ұзақбай Құлымбетовтың ұлы Бостан мен қызы Кәбира, Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой режиссер Жұмат Шаниннің немерелері Болат, Райхандармен жүздесіп, пікірлесіп, олардың мұңына ортақтаса білгенім үшін де қуаныштымын.
Мемлекет, қоғам қайраткерлерінің бүгінгі ұрпақтары да көлденең көк атты емес, бәрі де белгілі ғалымдар. Екінің бірінің қол жетпейтін дүниежүзі деңгейіндегі сыйлықтардың иегерлері. Соған қарамай олардың кішіпейілдігі мен ізеттілігіне, елгезектігі мен қарапайымдылығына, мейрімділігі мен төзімділігіне тәнтімін. Ойланып сөйлейді, ойлы сөйлейді. Адами қасиеттерін әрлендіріп тұрған олардың имандылығы. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, әке есімі аталған жерде тік тұратыны да бір-бір әңгімеге тақырып. Телефон соғып қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлерге арналған ғылыми-теориялық конференция өткізгелі жатқанымызды естігенде шет мемлекетте жасап жатқанына қарамай, ұл-қыздарының бірі қалмай келгенінің өзі не тұрады. 
...Қонақүйдің қонақтарды қабылдап тіркейтін жерінде тұрамын.
Жасына сәйкес, жүріс-тұрысы қиындаған апаларымызды төменгі қабатқа орналстырып болған соң, «Жігіттер! Сіздер үшінші қабатқа барасыздар!» дедім, әлі танысып үлгермегендіктен, бет-әлпетіне қарап, жас санап.
– Бізді жігіттер қатарына жатқызғаныңызға рақмет, – деп жадырай күлген, келбетінде қуаныш нұры ойнаған жігіт ағасы маған жақындап төлқұжатын көзіме тосты. Онда: Бөкейханов Диас 1937 жылы туған деп көрсетіліпті. Жетпіс жастан асып, сексеннің үзеңгісіне аяқ арта бастаса да реңдері жап-жас. Мен мұны – ішкі жан дүниесінің тазалығынан, біреуді күндеп-мінемейтін, қызғаныштың қызыл шоғын жанына дарытпаған жүрек тазалығынан болар деп ұқтым. 
Бірақ... бірақ... Бұл ұрпақ жасында бақытты болды ма? Бақыттың дәмін татты ма?
...Небәрі 23 жыл өмір сүрген Алаштың ардақты ұлдарының бірі ­Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» атты аяқталмай қалған романында «Өмір көркемдігі» ­деген шығармасы бар. Өзі араласып жүрген қуаныш-сүйінші ортақ ортада өткен нақтылы деректерден құрылған. Кезінде айтуға да, жазуға да мүмкін емес тақырыпты автордың тұспалдап болса да жеткізе білгендігіне тәнтімін: «...Бір күні өзен жағалауында жатқанымызда бір әдемі күлкі естідік. Күлкі – әйелдің күлкісі, шалқып шығып жатыр. Жастықтан, бақыттан, шаттықтан, сұлулықтан тасып шыққан бұл күлкі қайғылы адамды шаттандыратын күлкі. Күлкінің иесі он жеті, он сегіз жасар қыз еді.
Тегінде қыз аса сұлу еді. Бірақ біз қыздың несі әдемі екенін біле алмадық...» дейді де, араға аз уақыт салып, баяғы күлкі иесі Дәмелі сұлуды былайша суреттейді:
«– Неге таңғалдыңыздар? Дәмелімін ғой дейді жәй ғана. Бірақ біздің алдымызда құлпырған сұлу Дәмелі емес, ағаштай жансыз, сұп-сұр біреу тұр еді. 
– Байдың қызы деп мектептен, комсомолдан шығарды. Мен бақытымнан, қуанышымнан айрылып далада қалдым, енді қайтем, қайда барам? – Дәмелі еңіреп жылап, орындыққа отыра кетті...».
Міне, бұл жағдай «халық жауы» ретінде атылып кеткен немесе Сібірге итжеккенге айдалған барша Алаш азаматтарының балаларының басынан кешкен көрініс еді. 
Бір мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмын. Жоғарыда аты аталған белгілі ғалымдарымыздың бірі әңгіме арасында Мәскеуде оқығанын, оқып жүрген кезінде соңынан «Халық жауының баласы, оқудан аластау керек» деген ондаған домалақ арыздар түскенін айтқан. 
Бір оқу орнынан екінші оқу орнына ауысып, нәтижесінде алғашқы алған мамандығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа бір оқу орнын тамамдағанын, сол саланың өзінде асқан биіктікке жеткенін жеткізген. 
Өзіміз мұрындық болып «Алаш» партиясының құрыл­ғанына 90 жыл ­толуына орай өткізілетін конференцияға шақырғанымызда әлгі ағамыз екіұштылау жауап қатты. Келгісі келетінін, бірақ келмеуі мүмкін екенін айтты.
«Аға, мен әкеме ас беріп, соған шақырып жатқан жоқпын, керісінше, сіздердің әкелеріңізге ас бермекшіміз. Оның үстіне, сіздің әкеңіз осындағы Қайтпас елді мекеніндегі – Албастысайда атылмап па еді» дегенімде амалсыздан келетінін мәлімдеді.
Айтулы күн жақындады. Келуші­лердің кестесін түзіп, күтіп алушыларды бекіттік. Әлгі ағамыз Алматы поезымен келетін болғандықтан оны күтіп алуды екі жігітке тапсырдық. 
Поез уақытында келген. Вагоннан түсе қоймаған соң купеге жігіттердің өздері көтеріледі. Купеден енді шығып келе жатқан кісіге екеуі қосарланып:
– Айтқожин сіз бе? – дейді.
– Жоқ, мен емепсін! – деп ағамыз купеге қайта кіріп кетеді.
Мына хабарды естіген соң вокзал басына өзімнің баруыма тура келді. Ағамен емен-жарқын есендесіп болған соң: «Аға мұныңыз не?» деп сұрамаймын ба. Сондағы естігенім «Қорықтым» болды. 
 Алматы мен Шымкенттің арасы небәрі жарты тәулікті құрайды.
Ойымша, ол кісі поезға отырған сәтінен бастап, бастан өткен қиямет-қайым күндерге ой жүгіртеді. Өткен күндердің елесін ойға оралтудың сәті он екі сағатқа сыймай, ойы аяқталмай қалған. Поездың тоқтауы ОГПУ өкілдерінің жаналғыштары «Пәленшиев сенсің бе» деп фамилиясын сұраған мезетке тура келіп қалды ма екен деп ойлаймын.
 Бұл – бойда қалып қойған үрей.
 Астанада отыз шақырым жерде « Алжир» музейі ашылған. Оны білмейтін бірде-бір қазақстандық жоқ. Кезінде сол лагерьде елу мың әйел отырған. Оның дені – күйеулері «халық жауы» болып атылғандар мен қуғындауға ұшырағандар. Тәуелсіздік алғаннан кейін сол жерде марқұмдарды еске алу мақсатымен ас берілді. Арасында лагерьде мерзімін өтеген, көзі тірі әйелдер де болады. Бәрі де өткен-кеткен, көрген қиындықтарын еске алып, қиялдарымен адам төзгісіз сол бір кезеңдерге сапар шегеді. Мұңдастардың басы қосылып, ­тарих тереңіне ой жүгіртіп отырған сәттерінде баяғыда комендант болып істеген (бүгінде қарт) адам келе қалады. Әлгіні көре салып, шүйіркелесіп отырған әйелдер ( бүгінде кемпірлер) орындарынан атып тұрып, жан-жаққа қаша бастайды.
 Шараны ұйымдастырып отырған жастар бұған күле қарайды. Сүйекке сіңіп кеткен үрейдің кез келген уақытта бас көтеретінін олар қайдан білсін?! Зұлмат салған үрей жүздеген, мыңдаған жылдар адамның жүрегінде қалып қоятынын біле бермейміз.
 Жаныңда жайлаған қорқыныш пен үрей ешқашан кетпейді екен. Ол санаға сіңіп, жаныңның бір түкпірін мәңгі мекен етіп жатады да қояды. Ол аздай, кейінгі ұрпақтарына да инс­тинкт арқылы берілетін өлермен сезім.
 Үрейдің көзі үлкен, өмірі ұзақ екен де... 
 
 

Академик жылады 

 Мұражайда тақырыптық іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Бұл –тыңдаушы қауымның интеллектуалдық әлеуметіне, қазіргі зиялы қауымға, студенттер мен мектеп оқушыларына, жалпы әрбірінің ой-өрісіне, қабылдай білу икемділігіне, жасына байланысты таңдалынып отырады. 
Бізде нақтылы жасалынған нұсқау-бағдарлама болғандықтан, өзіміз өткізген тәжірибелерге сүйене отырып, тақырыптарға бөлетін болдық.
 Өйткені мұражай өмірінде мынадай бір келеңсіздік болғанын жасыра алмаймыз. Киногерлердің ішінде Еркін Рақышев деген жекеменшік кино түсіруші азамат, елде бірінші болып репрессия тақырыбына барды. Көп ізденіп, архивтерде сарылып отыратын бұл азамат біздің мұражайдың да жиі келетін қонағы еді. Араға уақыт салып «Ашаршылық» деген деректі фильмін шығарды. «Зер қадірін зергер білер» дегендей, фильмнің алғашқы нұсқасы жарық көрісімен оның тұңғыш көрермені де біз болдық. «Ашаршылық кезінде ондай болған, мұндай болған» деп, ауызша айта бергеннен, көзбен көрген мың есе артық екенін сезіндік. Фильмнің бізге сыйлаған дискісін көшпелі көрмелерімізде пайдаланып, мектеп оқушыларына көрсете бастадық. Көп ұзамай бірен-саран ата-ана төбе көрсетіп, наразылықтарын білдірді. Өйткені фильмде кішкентай баланы қазанға салып қайнатып жатқаны көрсетілді. Бұл, әрине, жетінші класс оқушылары үшін өте ауыр, қорқынышты, тек мектеп жасындағылар ғана емес, ересек адамдарға да қатты әсер ететін қасірет. Оны мектеп оқушылары үшін жасаған бағдарламалардан алып тастадық. Осы фильмді көруге мұражайға келушілермен әңгіме-тест өткізетін болдық. Өйткені фильм жүйкесі нашар адамдарға көрсетілмеуі тиіс деп шештік. Шындықты айту оңай болғанымен оны көрудің, халықтың басынан кешкен қасіретті тағдырын сезінудің өзі ауыр екенін түсіндік. 
 Бір жолы Мұхтар Әуезов атындағы халықаралық университеттің ұстаздар қауымы мен жоғары курс студенттерін шақырдық. Оқу орнының сол кездегі ректоры, ғалым, Уәлихан Бишімбаев мырзаның өзі бастап келді. Тақырып 1920-26 жылы Ташкент қаласынан «Қазақ» газеті жабылған соң жарық көрген «Ақ жол» газетінің кітап болып шыққан нұсқасының тұсаукесері болуы керек.
Кітап туралы айта келіп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандардың түп-төркінін де қозғадық. Зиялы қауым өкілдері болғандықтан келуші қонақтар сөз сөйлеп, тарих тереңіне бойлап жатты.
Сөз кезегі осы оқу орнының профессор-академигі Әсмә Ахметқызы Қалыбековаға тиді. Пауза... Айтар сөзін іштей жұптап тұрған болар деп, бәріміздің назарымыз сол кісіге ауды. Үндемей тұрып-тұрып, кенет еңіреп жылап жібергені. Қатты сасып қалдық. Сабырлы да салмақты, ілімді де білімді, оқу-ағарту саласының білгірі болған апайдың өзін ұстай алмай қалуы, әсіресе өз студенттерінің алдында егілуі жанды ауыртты. Бірақ адамзат баласының бір-ақ рет берілетін балалық өмірі қайғы-қасіретпен, зорлық-зомбылықпен, аш-жалаңаш өтуі – жария салып айтпаса да, ішінің бір түкпірінде тығылып алып мүжи берді. Қасіретті шындықты – тоғыз қабат торқаңмен, атақ-даңқпен бүркей алмайсың. Ол бәрібір тас-бөгеттің бәрін жарып өтіп, маңдайы қасқайып көрініс бере береді. 
 Әсмә Ахметқызын бір адамдай білетін едік. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын, үнемі ізденіс үстінде, том-том кітаптар шығарып, өз халқының, әз халқының салт-дәстүріне көңіл бөліп, оны өмірлік кредосы санайтын, сыртқа сыр алдырмайтын сырбаз да тәкаппар апамыздың езілгені бәріміздің көңілімізді алаң етті.
 Оның көз жасы – музей экспонаттарын аралап, суреттермен ­танысып, жүрегінде сонау Қарағанды жерінде жазықсыз жапа шеккендердің арасынан әке-шешесінің бейнелерін көріп қалуынан туған көз жасы болып шықты. «Әкесін «халық жауы» деп ұстап әкеткенде шешесі үйелмелі-сүйелмелі үш баламен аңырап қала береді. Әкесі сол кеткеннен мол кетеді. «Кебін киген келмейді, кебенек ­киген келеді» дегенді санасына әбден сіңірген анасы, күтуден жалықпайды.
 Бір күні түнде арып-ашқан, жадап-жүдеген бір бейтаныс азамат есік қағады. Беймезгіл уақыт болса да адам отағасының есімін атаған соң, анасы есік ашады. Әрі таныс, әрі бейтаныс бұл адам әкесімен бірге партия қызметінде басшы болған әкесінің тағдырласы болып шығады.
 Төсқалтасынан бір қағазды алып анасына ұсынады. Алғашында анасының жүзінде қуаныш нышаны байқалғанымен, бірте-бірте сөніп барып, соңы көз жасына ұласты. Әлгі кісі анасын жұбатпақ болып әлденелерді айтты, бірақ ол ананың сорғалаған көз жасына кедергі бола алмады. 
 Ол кезде бақытсыз балдырғандар әкелерінің атылып кеткенінен бейхабар еді...
 Академик Әсмә Ахметқызы біздің жиі келетін жанашырларымыздың бірі. Өткен жылы Қарағанды қаласында тұратын, бүгінде отставкадағы полковник бауырымен, ұрпақ-жұрағаттарын ертіп келіп, әке-шеше рухына тағзым етіп кетті.

Қазақ болып өлсем деймін...

Бірде қызмет орнымен немересін жетелеген ақсақал келеді.
– Балам, мені осында бір тылсым күш алып келді. Петропавлдан келіп отырмын. Жасым сексенге жақындап қалды. Есімім Пархат, фамилиям Вахитов. Осы Оңтүстік Қазақстанда туғанмын. Әкем Байзақов Мәуленқұл «халық жауы» деп аталып кеткенде небәрі екі жаста екенмін. Көп ұзамай Қазан қаласынан бір-ақ шығыппыз. Оның себебі – менің анам Махинур Вахидова татар ұлтының қызы еді. Сонымен, менің құжатыма – Вахидов Фархат, ұлты – татар деп жазылып кеткен.
 Ес білген шағымда Қазақстанның Петропавл қаласына келдім. Әкем 1972 жылдары Павлодар губерниясында прокурор қызметін атқарған екен. Қазір, құдайға шүкір, үйлі-баранды болдым. Әкеміз ақталды. Қанша жылдардан бері бір көру арман болған туған өлкеме аяқ басып тұрмын. Әкемді ұстап әкеткен үйді де көрдім. Өз орнында тұр екен. Шымкенттегі Гоголь көшесі 41-үй. Көзіме оттай басылды. 
 Ендігі айтпағым, сіздерде әкем туралы құжаттар бар көрінеді. Соны дәлел етіп – өз фамилиямды алып, қазақ екенімді айғақтайын. Соған көмектес. Өйткені мен қазақтың баласы – қазақ болып өлсем деймін...
Мұражайдың қор сақтау бөліміндегі құжаттар сөйлей жөнелді: 
«Байзақов Мәуленқұл Ислам­құлович – 1900 жылы туған. Ұлты – қазақ.
Әйелі – Вахитов Маһинур – 1911 жылы туған. Ұлты – татар.
Қызы – Байзақова Лайля – 1933 жылы туған. Ұлты – қазақ.
Ұлы – Байзақов Пархат – 1936 жылы туған. Ұлты – қазақ.
 Байзақов Мәуленқұл 1938 жылы 20 январьда ОҚУНКВД тапсырысымен ұсталған. Кеңес Одағына қарсы насихат жүргізгені үшін 58 статьяның 2,8,9 және 11 пункттері бойынша ҮШТІКТІҢ қаулысымен 1938 жылдың 8 февраль күні атылған. 1989 жылы ақталған.
 Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 апреліндегі «Жаппай  саяси репрессияның құрбандарын реабилитациялауға байланысты Байзақов Мәуленқұл – саяси қуғын-сүргін құрбаны болып табылады...».
 Ақсақал қуанып қалды. Әкесі тіріліп келгендей бір отырып, бір тұрып, қайта-қайта рақметін жаудырып жатты.
 Құжат беретін мекемеге қажетті құжаттарды әзірлеп бердік.
 Бұл – зобалаң жылдары атылып, кейіннен ақталған барлық құрбандарға берілетін тілдей анықтама. Аз болса да көп мағынаны білдіріп тұр. Артында қалған ұрпаққа жол сілтеп тұрған мұхиттағы маяк сынды, әрі алыс, әрі жақын жол сілтеу.
 Араға алты ай салып Пархат аға келді. Қунақ. Жүзінен қуаныш лебі еседі.
– Сіздерге алғыс айтқалы келдім. Ұлты қазақ деген төлқұжатты да алдым. Ендігі арманым әкем тұрған үйге ескерткіш тақта орнатсам деймін. Бұл мүмкін бе? – деп сұрады. Іштей толқулы. Рұқсат беріле ме немесе оны қайтесіз деп айтып қала ма деген үрей де бар сияқты. 
–  Қазір тұрып жатқан үй иесінің келісімін де алдым. Үйдің тақта ілетін қасбетін жөндеп беруге келісіп те қойдым.
– Өте жақсы, аға. Қолымыздан келген көмегімізді аяп қалмаймыз. ­31 мамыр күні бейбіт митингі өткіземіз. Сол митингіден кейін өзіңіздің тағдырлас әріптестеріңіздің, өзге де ұрпақтардың, жалпы халықтың қатысуымен ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашатын боламыз, – дегенімде Пархат Мәуленқұлұлының қуанышында шек болмады.
 

«Атам» дедім, атпадым...

 

Бірақ... Қиын тағдырдың құрда­сындай болып алған қырсықтың бірі тағы да алдымыздан шыққан...
 Бірде саяси қуғын-сүргін құр­бандарын еске алуға арналатын митингі өткізудің қарсаңында ­«Хабар» ұлттық арнасы «Көзқарас» бағдарламасының тікелей эфиріне шақырып қалды. Белгілі тележүргізуші Қымбат Досжанның жүргізуімен жарты сағаттық уақыт сәтті аяқталды. Тікелей эфир болғандықтан көрермендер тақырып аясында көкейлерінде жүрген сұрауларын қойып жатты. Бұл мұражайдың ашылуына қызығушылық танытып, біздің нендей жұмыстар атқарып жатқанымыз туралы білгісі келетіндер аталарының осы зұлматқа іліккені, олардың құжаттарын қайдан алуға балатынын сұранған жастар легі көп болды.
Әлқисса, Алматыдан оралдым. Столымда жатқан қалалық әкімдіктің қаулысын оқып шыққанымда – қаным басыма шапшыды. Бұл хабар маған соғыстан келген қара қағаздан бетер әсер етті. Онда: «Мемлекет, қоғам қайраткері, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен, кейіннен ақталған Байзақов Мәуленқұлға қазіргі мен тұрып жатқан үйге ескерткіш тақта орнатуға қарсымын» деп үй иесі қол қояды.
Апырым-ай, сонда бұл қалай? Алға­шында рұқсат береді. Үйінің қасбетін жөндетіп алды. Сосын «маңғыт – аузына саңғыт» дейді. Жалпы бұл жерде үй иесі ғана емес, қалалық әкімшіліктегі кейбір кержақтардың да қарекеті жатқан сияқты болып көрінеді.
 Дереу сол кездегі қала әкіміне телефон соқтым. Қаулыны кімнің әзірлегенін сұрадым. 
– Шамамда Оксана... деген қызметкеріміз...
– Айтпады деме, қазір мен сол үйге барамын. Оксанаңды Давыдовымен қоса атамын! Тез келіңдер, – дедім де телефон трубкасын лақтырып тастадым. Осы сөзімді сол кездегі облыс әкімдігінің идеология жөніндегі орынбасарына да айттым.
Экономиканы дамытамыз, ақша табу керек, ақша, ақша дей беріп, бұрынғы идеологияны құрдымға кетіріп, жерлеп тындық.
«Елім, жерім, халқым! – деп қыршын жастарын қиған жандар неге елеусіз, ескерусіз қалды. Тіптен оларға қарсылық танытып жатқан «шарлатандарға» жол көрсетер жан неге жоқ? Сендер шара көрмесеңдер өзім-ақ көрейін. Бүгін біраз адам атылады! Мен кеттім!» дедім.
Бұлай деуімнің себебі – музейде мылтық бар еді. Отан соғысының бір ардагері: «Үйде сақтауға балаларымнан қорқамын, басқа музейге өткізгім жоқ, қызым, тек өзіңе сенемін» деп, қарсылығыма қарамай қалдырып кеткен-ді.
Мылтықты қолыма ұстап, көшеге шықтым. Қызығы бірде-бір көлік тоқтамайды. Аздап кідіргендері қолымдағы мылтықты көріп, зуылдап өте шығады. Музейге қайта кіріп телефон арқылы таныстарымнан машина сұрадым. Көлік табылды. Жаныма бір қызметкерімді ертіп әлгі адреске жеттім. Қала, облыс әкімдігі қызметкерлері жиналып қалыпты. Келісіп қойған ба қайдам, әлгі үйдің иесі алдымнан шығып мәймөңкелеп:
– Маған дұрыстап түсіндірмеді. Әрине, елі мен жері үшін оққа байланған азаматқа қарсы емеспін! Маған басында дұрыс түсіндірген жоқ – деп түлкі бұлаңға салды. – Тіптен, мен бұл үйді бұзып, екі қабат үй салуым мүмкін, бірақ ескерткіш-тақтаны қалдырамын!
– Үйдің құжатын әкел! Бұл үйді сен қашан сатып алып едің?
Үй – баяғы барақ үйлер. Ауласын машина жуатын жерге айналдырыпты.
– Сенесіз бе, Давыдов сенімхатпен тұрып жатқан бұл үй Жоһар Даудаевтың атына рәсімделіпті.
– Қай Даудаев? Кәдімгі, біз білетін Даудаев па, әлде фамилиялас па ­деген сұрағыма әлгі еврей иығын қиқаң еткізді де қойды. Бірақ ол менің шаруам емес еді. Немқұрайлық пен салбөкселіктің нәтижесінде талай ­тарихи құндылықтарымыздан айрылып қалып жатқан жоқпыз ба?
«Ақбілекті» осы қалада дүниеге келтірген Жүсіпбек Аймауытовтың да тұрған үйі жермен-жексен болып кетті. Бұл – біздің бойкүйездігіміз бен намыссыздығымыздың жемісі.
Бұл жерде мен құлдық психоло­гияның аясында қалып, шенеуніктердің алдында мысықтабандап, жалтақ жүрсем ешнәрсе өзгермес еді. Халқыма деген, ерте өшкен әруақтарға деген құрметімді осындай жолдармен жеткізуге – өздері, өздерінің қылықтары мәжбүрледі емес пе? Кейде ащы ашудың тәтті жемісі болады екен.
Нәтижеде Алаш қайраткері тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Пархат атамыз «қазақ» құжатын алды. Өз фамилиясына ие болды. Үрім-бұтағы жиналып үлкен әкесі Байзақов Мәуленқұлдың әруағына бағыштап ас берді. Павлодарына қуанышпен оралды.
Көп ұзамай Пархат ағадан хат келді. «Қызым саған ризамын.
Жағдайым жақсы. Төрт сиырым бар. Келіп айран-сүт ішіп қайт» депті.
Қайран тектілік-ай! Қураған әке сүйегін іздеп, құранын бағыштап, рухани биіктігін жоғалтпаған азамат, аман бол!
Павлодарға барып, айран ішудің реті келмей қойғаны-ай!
 
 

Ханбибі Есенқарақызы, 
ақын, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, 
Халықаралық «Алаш» 
сыйлығының лауреаты

2282 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы