• Ақпарат
  • 27 Мамыр, 2021

Меруерт - мейірім (эссе)

Мектепте оқитын кезім. Бірде ауылдағы шағын дүкеннің алдында тұрған «Уазикті» көрдім. Мұндай көлік ешкімде жоқ. Менің көңілімді аударған көлік емес, дүкеннен алған оны-мұнысын көтеріп машинаға қарай келе жатқан аға еді. Түрі сондай таныс. Қайдан көрдім? Қайтадан анықтап қарағанда бірден таныдым. Төлеген! Иә-иә, «Қыз Жібектегі» Төлеген! Ауыл баласының танысын-танымасын жасы үлкенге амандасатыны, қолында ауыр жүгі болса, айтқызбай-ақ көтерісе жөнелетіні –  қалыпты жағдай. Солай болуы керек. Амандасып, әйтеуір дүкеннен алған азық-түлігі бар, жәшіктегі заттары бар, бір жағын ұстап көмектескен соң өзімнен-өзім мәз болып арқама қанат байланғандай үйге қарай жүгіре жөнелгенім есімде. Шешеме келіп Төлегенді көргенімді қуанып әрі біртүрлі мақтанып айттым. «Бала немене айтып тұр» дегендей бетіме бір қарап өз шаруасын істей берген шешемнің маған сенбегені анық. Сонда да қоймаймын. Дүкенге келгенін, азық-түлікпен қоса біршама анау-мынау зат алып көлікке қарай жақындағанда басқа емес, тура «Қыз Жібектегі» Төлегенге көмектесіп жібергенімді қайталап айта бердім. Танымал актердің шынымен ауылдың дүкенінде болғанын артынан шешем дүкеншіден естіп, менің өтірік айтпағаныма көзі жеткен. Сол кезде мен көрген Төлеген ауылымыздың маңында кино түсірілімінде жүріпті ғой. Жалпы біздің ауылға жақын жерлерде кинотүсірілімдер жиі болатын, бұл күнде қазақ көрерменіне таныс бірнеше белгілі фильмнің көріністері менің алақандай ­ауылым Шошанайдың төңірегінде түсірілген.

Ал театрға жұмысқа орналасқан алғашқы кездерде күні кеше теледидардан, клубта көрсетілетін кинолардан белгілі небір өнер саңлақтарымен бірге бір ұжымда жұмыс істейтінім, оларды енді күнде көретінім ертегідей әлемнің есігін ашқандай әсер еткен. Таңғажайып түс көргендей айтып жеткізе алмайтын сезімге бөленіп жүрген күндерім тек өзіме аян. Сол кезде танымал Төлегенмен, сұлу Жібекпен бірге жұмыс істейтінімді шешеме айтып, тағы мақтандым. Анам марқұм сонда да бірден сене қоймаған. Менің ғазиз анама өзі кинодан ғана көрген Құман аға мен Меруерт апай қарапайым адамдардың ортасында емес, өзге бір мекенде өмір сүретіндей қабылданды ма екен, кім білсін.
Алғаш рет Меруерт апаймен бірге өнер көрсеткенім ешқашан есімнен кетпейді. Көпшілік сахнасында ғана төбе көрсетіп жүргенім болмаса, анау айтқандай үлкен рөл сомдай қоймаған жап-жас кезім. Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Ана – Жер-ана» деген керемет қойылым болған. Өнердің құдіреті –өміршеңдігінде десек, қырық жыл репертуардан түспеген өміршең қойылым осы – «Ана – Жер-ана». Ол спектакль­де өнердің нағыз өз өкілдері ой­нады. «Театрдың ақ жаулығы» атан­ған Сәбира апа Майқа­нованың өзі ғана қан­дай еді! Сәбит аға мен Тұңғышбай аға қойшының рөлін кезектесіп ойнайтын. Бірде Тұңғышбай аға киноға түсіп жүргеніне байланысты шыға алмай, Сәбит аға да ауырып қалды ма, анығы, есімде жоқ, кешке болатын спектакльде сол рөл маған тапсырылыпты. Шағын ғана рөл, бірақ бар-жоғы 2-3 сағат дайындалып небір сахна майталмандарымен бірге ойнап шығу деген... Жүрексіндім, қорықтым, санаулы сағаттың ішінде жауапкершілігін де сезіндім. Театрға жаңадан кіргенім тағы бар. Ең болмаса, бір күн бұрын білгенімде. «Қырғыз әндерін білуі мүмкін, домбыра шертіп ән айтатыны бар, Тұрыс Бекжан ойнасын» деп айтқан Әзірбайжан ағаның, анығында, директордың өзінің тапсырмасы құлағына тиген соң қойсын ба, сол кездегі труппа жетекшісі Мұрат аға Әйнекбаев қолыма пьесаны әкеп ұстатты. Әлиманың рөлін Меруерт апай ойнайды, менің партнерім. Қорыққанның көкесі сол болды. Қорықпай ше, бір кезде өзім талай рет кинодан көрген атақты Қыз Жібек қой ол! Сол кезде мені жатсынбай, жатырқамай, қобалжып қана емес, қорқып тұрғанымды аңғарып: «Бекжан, сен қорықпа. Өзіңді еркін ұста. Сен ауылда өстің емес пе, бұл саған таныс, қойшының өмірін көріп өстің ғой» деді. Сондағы айтқан ол кісінің осы сөздері менің жадымда таңбаланып жазылып қалды, ешқашан есімнен шыққан емес. Осы сөздер мендегі ішкі үрейді жеңді, бір сәтте қанаттандырды. Сол жолы Меруерт апайдың бойындағы ерекше мейірім мен бауырмалдық қасиетті анық байқадым. Рас, сахнада партнер болды, ойда-жоқта берілген рөлді аз уақыттың ішінде қаншалықты орындадым, оны сол кісілер біледі. Ал ең үлкен олжам – Меруерт апай­дың жанашырлығын сезінгенім, қамқор­лығын көргенім болды. Мүмкін, бұл таңертең киноның түсіріліміне барып, кешкісін спектакльде ойнап, түнде тойларда асаба болып жүрген қазіргі «әмбебап» өнерпаздар үшін түкке тұрмайтын шығар, бірақ Меруерт апайдың сахнаға шығарда жігерлендіргені әсершіл жүрегімді аунатып жібергенін мақтана айтудан жалықпас едім. Басқа – басқа, ол – қазақ көрерменінің көңілінде Қыз Жібек болып жатталып қалған, әр адамның жүрегінде сақталып қалған Меруерт Өтекешова. Сол мейірімге толы бір ауыз ақыл-кеңесі ол кісіні жақсы көріп құрметтеуімнің еселене түсуіне себеп болды. 
Ауыл баласының үлкеннің алдынан қия кеспейтіні, үлкеннің айтқанын екі етпейтіні табиғатында бар, кішкентайынан бойына сіңіріп өседі. Сондықтан ба, Құман ағам мені өзінше жақсы көрді. Асылында, Құман ағам мен Меруерт апайды бірінен-бірін ажыратып бөлек қарау мүмкін емес. Бұрын солай болған, қазір де солай. Ештеңе өзгерген жоқ. Құман ағамның бір басына жетер еркелігін анау айтқандай сырлас болмасам да, сыйласып өткен інісі ретінде жақсы білемін. Кез келген отырыста болсын, өз шаңырағына жиналған қонақтарының ортасында болсын Құман аға өте көңілді жүретін. Әнді жақсы айтатын, керемет билей де алатын, сырнай тартатыны қандай еді. Жұмыс күні екеніне қарамай, түннің бір уағына дейін созылған талай әдемі отырыстар мен кештердің ертеңінде олардың қол ұстасып жұмысқа бірге келе жататынын көретінбіз. «Демалыс күндері болса бір сәрі, түннің бір уағына дейін мазамды алдыңдар ғой» деген сөз Меруерт апайдың аузынан ешқашан шығып көрмепті. Естімеппін. 


Актер деген халықтың өзге жұрттан ерекшелігі – жүрегінің тым нәзіктігінде, баладай аңғалдығында, сәбидей сенгіштігінде. Жүрген жері – ойын-той, елдің ықыласына жаны семіріп, жұрттың қошеметіне көңілі тоғаяды. Ондайда отбасыңдағылардың көңіліне қарай бермейсің, жарыңның қабағына да, дастарқанға қояр тама­ғының бар-жоғына да бас қатыра қоюың екіталай, өзіңді құрметте­гендерді жиып-теріп күндіз бе, түннің бір уағы ма, оны да ойламастан бірден үйіңе бастайсың. Бұндай сәт жылына бір рет болса, жан-жарың түсінер-ау, күнара болмаса да, ай сайын ақылдаспастан қаптаған қалың нөкермен өзің де құдайы қонақтай болып өз үйіңе салып ұрып кіргеніңді келіншегіңнің аса жақтыра қоймасы анық. Патша да – біз, паң да – біз, ал әйел... Баласының сабағы мен тамағына қарайтын, өзінің жұмысы мен үйдегі тірлігін тең ұстайтын әйел заты шығармашылық адамына жар болса, жүз есе қиын екенін де кештеу түсініппін. Жатақханада тұрғаныма қарамай Мейірман, Уайыс, Әнуар, Құман ағаларымды бөлмемізге ертіп келерде келіншегіме: «Ағаларыма ауылдағыдай қолдан кесілген ­кеспе көже істеп қой» дейтінмін. 90-жылдардағы тоқыраудың ауыртпашылығы қаладағы біз сияқты жас отбасына әсер етпей қойған жоқ. Қазіргідей тапсырыспен үйіңе дейін жеткізіп берер аста-төк тағамның сан түрі болмаған, дүкен сөрелері жұтаң кез. Дастарқанға қойылған «рама» майын нанға жағып жеген Құман аға сондайда: «Тү-у, мына май не деген тәтті!» дейтін. Осы бір ауыз сөзге бар ризашылығын сыйғызып, келіншегімнің бекерден-бекер қысылмауына, өзінің алдында ыңғайсызданбауына жағдай жасап, қамқор көңілін білдіретін. Мәселе әйелдің берген дастарқан толы тамағында емес, адам жатырқамайтын жылы қабағында екенін жайлап ұқтыратын жанашырлығы екен-ау... Сол ақжүрек ағаларымды жатақханама бастап келгенде баласынбай ере жөнеліп, аядай бөлмемізге өзімсіне кіріп қонақ болатын жайсаң жандардың бәрі бақилық бүгінде... 
Құман ағадай ерке актердің өмірлік серігі Меруерт апайдың бойындағы тек қана қазақ әйелінде кез­десетін төзім мен сабырдың шексіз екеніне де біртіндеп көзім жеткен... Жа­сының үлкендігіне қарамай ағамды мен де еркелететінмін. 
Бірде біреулер рен­жітті ме екен, жоқ, әлденеге өзінің жаны жабырқады ма, мені көргенде: «Бекжан, шал болып мені жақсылап бір боқташы» дегені. Қолқалап тұр кәдімгідей. Аға деп жақсы көрген жанды жөні жоқ қалай боқтаймын, не деп «тілдейсің» мұндайда? Еш қалжыңсыз өтінді. Құлазыған көңіліне соны демеу көріп, ақсақалдарды еске түсіріп серпілгісі келді ме, білмеймін. Әп-сәтте Ақылбай ақсақалдың дауысына салып ауылдың шалдарындай жақсылап тұрып сөзімді тұздықтадым келіп! Сондағы Құман ағамның бір демде иығы көтеріліп күлгені-ай! Шынымен, рақаттанды. Содан бастап Құман ағамды көрген жерден шалдардың дауысына салып сыбап салатын болдым. Риясыз шынайы күлетін, риза көңілмен мәз болатын, жарықтық... Жалт етіп өткен дүние-ай! Біз сағынып есіне алып жүрсін дедің бе екен...
Жоғарыда айтып кеттім ғой, ­Меруерт апай туралы Құман ағасыз жеке-дара бірдеңе деу тіпті мүмкін емес. Жаратушының өзі жарастырған, Сұлтан Қожықовтай әйгілі режиссер­дің фильмінде қос ғашықтың рөлін бірге жасатып, құдайдың өзі қосқан ғажап жандар! Адам әдетте жас кезіндегі шәлкем-шалыс мінезін түзеп жүре-бара салмақты болуы мүмкін, кемеліне келіп кемеңгерлікке ұмтылуы, ақыл-ойы толысқанда даналыққа жетуі мүмкін, жасына лайық саналы адамның парасатты көрінуге тырысуы – табиғи заңдылық, тіпті солай болуға тиіс те. Ал Құман аға жаратылысынан пендешіліктен жоғары, кісілік келбеті биік, тумысынан бекзат жан болатын. Оған дәлел – 2000 жылдардың басында ­Меруерт апайдың аттестациядан өтпей, ­театр талабына сай актриса «болмай» қалған кезіндегі оқиға. Ол уақытта театр ­директоры Тұңғышбай ағамыз болатын. Сол күндерде бірге істейтін біраз адам Құман ағаны жағалап, Меруерт апайға араша болуы керегін «өтінгендей» болды. Құман аға арқылы басшылықтың бұл әрекеті өздеріне жақпайтынын қайта-қайта білдіріп келсін-келмесін ескертушілер табылды. Былайша айтқанда, бықсыған қоламтаны көсеп, араға от жақпақ болды әрі олар «көсеуді» Құман ағаның қолына ұстатуды көздеді. Әркімнің пиғылы әртүрлі. Біреулердің шынымен жаны ашыған шығар, енді бірі – әйтеуір бірдеңе деп қалғанды жөн көрді. Қалай десе де сондай әңгіме болды. «Меруертті жұмыстан шығаратыны дұрыс емес, бірдеңе десеңізші», «Аттес­тациядан өткізбегені оң болмапты Тұқаңа айтпайсыз ба?» деген сияқты сөздердің бәрі әрі әріптесі, әрі сүйікті жары ретінде жанына батпады емес, батты. Ештеңе ойламады дей алмаймын. Бірақ Құман аға: «Енді басшылық солай шешсе, демек, солай дұрыс болғаны. Тұқаң – директор. Директор болғандықтан бір білгені бар шығар» деуден танбады. Неткен бекзаттық, неткен биіктік! Қай-қайсымыз болса да жел сөзге еріп, жағадан алмасақ та, орынсыз алысар едік сол кезде. Жоқ, Құман аға олай етпеді. Жымиып қана басшыны басшы деп сыйлады, директордың көзқарасы мен пікіріне өзінің ойын тықпаламады. Көбік сөзге еріп, көпірме мінез танытқан жоқ. Бұдан кейбір әріптестерінің шынайы жанашырлығын түсінбеді деген ой тумауы керек. Ақ-адал ниетпен айтылған сөздерді қабылдады. Десе де, ақылға салды, бәріне байыпты қарап байсалды қалпынан айнымады. «Жұбайым мені қолдамады, бірге істейтіндердің сөзін далаға кетірді» деген Меруерт апайды да көрмедік сонда. Сол баяғы сабырлы қалпынан аспай Құманымен қол ұстасып кетіп бара жататын. Мен білетін Меруерт апай осындай және ешқашан оғаш мінезін көрсетпейтін жан. Айналасын да соған үйреткен. 
Меруерт апай – өте сезімтал актриса. Оның ішкі жан дүниесінің сезімталдығына жететін өнер иесі некен-саяқ. 
Былайғы жұрт ұрынарға қара таппай орыстілді екенін сөз етуі мүмкін. Ал оның әр рөлін ойнағандағы сәті жайлы ештеңе дей алмас еді. Апай сомдаған бір ғана Қаракөзді көрген адам көзіне, келбетіне қарап-ақ рақаттанар еді, мұңаяр еді. Меруерт апайдың кейіпкерінің бәрі қалың көрерменге не айтқысы келгенін түрімен-ақ түсіндіретін. Оның жалт етіп қараған жанары сөйлейді, көзінен-ақ бәрін оқуға болады және түр-келбеті жан-жүрегіңді қозғап, тұла бойыңды баурап тастайтын. Бір ғана «Өтелмеген парыз» фильміндегі шағын рөлінде ашуының өзін екі жақ ұшын қозғап барып қусырыла қалатын мұрнымен, бар реніш-өкпесін түрімен-ақ көрсетпей ме, есіңізге түсіріңізші. Мұң да, шаттық та, өкпе де, наз да – бәрі Меруерт апайдың түрінде тұр, аппақ жүзінде жазулы.
Өмір бар жерде өлім бар, бірінсіз-бірі жоқ мынау жалғанда қуаныш пен қайғы қатар өріліп жатады. Меруерт апай сүйікті жар болды, үш баланы өмірге әкелген аяулы ана атанды. Өкініштісі, бақытты отбасының бір тал ұлы өмірден ерте кетті. Ана үшін мұның қандай қасірет екені ет пен сүйектен жаралған саналы адамның бәріне белгілі. Жанына жолап кеткенге орынсыз мұң шағатын немесе елдің бәрінің маған жаны ашуы керек деген түсінікпен өмір сүретін адамдар да кездеседі, бірақ мен таныған осынау ғазиз жандар мұндай емес. Мына өмірде қабырғасының астында қайғысы жоқ, мұң-көрпеге оранбаған адам кемде-кем. Ал өмірдің сәтсіздігін өзінде қалдырып, тағдырдың тауқы­метін ішіне сақтап, тіршілігінің сұр тартқан жағын өз отының басынан ары асырмай сырт көзге жарқылдап жүру, айналасына тек жағымды әсер қалдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Төңірегіндегілерге қара басының бітпейтін мәселесін айтып, орынсыз шағынып біреуге өкпе арту Құман аға мен Меруерт апайдың табиғатына жат. Сұлулықтың символына айналған жандарға бұл тіпті жараспас еді. Жаратылысынан бекзат адамдар әр кез қасындағылардың көзін тойдырып, көңілін толтыру үшін жаралғандай, өзгеге қуаныш сыйлап жүруді ғана мақсат етуі мүмкін. Екеуі атақ-даңққа жап-жас шағында жетіп, танымалдықтың ­буына мастанбай-ақ жұрттың сүйікті ұл-қызына айналған және сол әдемі қалпын сақтап қала алғандар. Өз басым солай қабылдаймын.
Бір театрда бірге істеп келе жатқа­ны­мызға қаншама жылдар өтіпті. ­Сонау «Ана – Жер-анадағы» кездейсоқ ойнаған қойшының рөлінен кейін қаншама ірілі-ұсақты бейнелерді сомдадым. Соның бәрін Меруерт апай арнайы көрді. Көріп қана қоймай, үнемі өзінің жылы лебізін айтуды ешқашан ұмытпады. Осының өзі әріптес тарапынан қандай қолдау, қандай қамқорлық екенін жақсы түсінем, жан-жүрегіммен сезіне алам. 


Құман ағамнан ойда-жоқта айы­рыл­дық... Тура сол кезде шетелге гастрольдік сапарға шығып кетіп, жаназасына қатыса алмадым. Мұң басқан көңілімді, жылаған жүрегімді жұбата алмай қиналғанымды айтып та, жазып та жеткізу мүмкін емес. Мағжаныма «Құман ағаңды ақтық сапарына шығарып салудан қалып кетпе, үлкендер рұқсат етсе, сүйегіне түс, балам» дегеннен басқа қолымнан не келер еді сол кезде... Сыңарынан айырылған аққудай жетімсіреп қалған Меруерт апайдың жанына жалау бола алармыз-ау, бірақ Құман ағаның орнын толтыру ешкімнің қолынан келмейді. Сол сүреңсіз күндердің бәрін ай жүзінің ар жағына жасырып тастаған Меруерт апайымды театрдан көрген сайын Құман ағамды еске алдым. Біздің театрда Қыз Жібектің алдынан шығып еркелей салуға менен басқа ешкімнің жүрегі дауаламайды. Кездесе қалғанда Меруерт апайдан бәрі шын көңілмен жағдай сұрауы мүмкін, бірақ дәл мендей өзімсініп сөйлесуге батпайды. Осыны ойлағанда жүрегім шым ете қалады. Неге дейсіз бе? Айтайын...
Кейде біз айналамыздағы адамдарға жақсы сөз арнауға өте сараңбыз. Жай­шылықта жылы сөзімізді айту үшін де қолайлы сәтті күтетініміз бар. Тіпті жүрекжарды сөзіміздің өзін тек қызметі биік, мансабы жоғары, лауазымы үлкен жандарға бақай есеппен ғана арнайтынымыз өтірік емес. Онда да арнайы шақырылып жатсақ, туған күндерінде көсілеміз, шешіле сөйлеп жаттанды тілекті жаудырамыз келіп. Бұл рас, осыны мойындауымыз ­керек. Жақсы адамдардың жақсылығын өмірден өткен соң жылап, егіліп айтатынымыз тағы бар. Марқұмға соншама жылы сөз керек пе өзі... Мәңгілік ұйқыға кеткен адамның өзі естіп жатқан жоқ, қадірін тірісінде білмеген соң, жылы лебізіңді арнамаған соң, жасандылықтың не қажеті бар? Бұл, әрине, ақылы толысып, ел ағасы жасынан асқан Бекжанның түсінігі. Сол түсінік қой Меруерт апай жайлы жүрек сырымды қағаз бетіне армансыз ақтартып отырған. Әйтпесе, жазушы да, журналист те емеспін. Ағам мен апайдың атын жамылып, бар қазақтың сүйіктісіне айналған осы кісілер арқылы абырой-бедел жинап ала қояйын деген арзан ойдан, пендешілік пиғылдан да аулақпын және жоқ нәрсені ойдан қосып, орынсыз әсірелеп, әдемілеп бояу жағып, сылап-сипағаным жоқ. Көргенімді сол қалпында жазғым келді...
Айтпақшы, туған күн демекші, биыл туған күнімде Меруерт апай қоңырау шалып құттықтап, ақ тілегін жаудырды. Ал дәл осы жылы туған күнінде, анығында, Меруерт апайдың мерейтойында құттықтап хабарласуды ұмытыппын. Құнтсыздығыма, салғырттық танытқаныма қатты ыңғайсыздандым. «Көңіл көңілден су ішеді» деген сөз бар қазақта. Өзіне ­деген бүкпесіз көңілімді ақ қағазға түсіріп Меруерт апайды осылай құттықтағым келді. Өйткені қазақ киносы мен театр өнерінің Қыз Жібегі биыл 70-ке толды. 
Өзімнен үлкен аға-апаларымның бәріне мейлінше көңіл бөліп, мерекелерде құттықтап, жайшылықта ара-тұра хабарласып хал-жағдайын сұрап тұруды парыз санаймын. Бұл – жасы кішілердің олардың алдындағы міндеті. Қазақ өнегесі осылай сіңген, қазақы тәрбие сондай. Мерекелерде қоңырау соғып іздегенде Меруерт апайдың қуанатыны дауысынан-ақ сезіледі маған. Күні кеше ғана хабарластым. Сүйікті Құманы жайлы айтып жатыр. «Мен көңілді жүрсем төрде тұрған суреттегі Құман да қуанады, маған мейірлене қарайды. Менің жаным жаурап, жүрегім мұздаса, портреттегі Құманның жүзін де көңілсіздік басады, мұңая қарайды маған. Солай өмір өтіп жатыр...» дейді Меруерт апай. Құман ағаны қатты сағынатынын осылай жеткізді. «Театрдағы бұрынғы аға-апаларды сағынам. «Қыз Жібекке» биыл 51 жыл толады, Асанәлі аға екеуміз ғана қалған екенбіз ғой» деп мұңайды енді бір сәт. Театрдан менің ғана жиі хабарласып іздейтінімді де айтты. Қуанып қалды. Адамды қуанту үшін көңіл бөлуге кететін азғана уақытты қимай, жылы сөзді аяп немқұрайдылық танытатынымыз жаман. Біз қазақ үлкенінін ардақтаған, салт-санасын салмақтаған жұртпыз. Мейірімнен ада болып бара жатқан қазіргі біртүрлі қоғамда үлкенге деген құрмет пен ізетті ұмытпайықшы! Айналамыздағы адамдарға ілтипат қана керегін ескеріп жүрсек, соны үнемі жадымызда ұстасақ. Мына бес күн жалғанда қазақтың қадірін қазақ білгенге не жетсін!
Мерейлі жасыңыз құтты болсын, Меруерт-мейірім! 

Бекжан ТҰРЫС
Алматы 

4108 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы