• Руханият
  • 02 Маусым, 2021

ҚЫЗЫЛ ГАУЛИЯҢ (романнан үзінді)

Оқырман назарына жазушы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янның «Қызыл гаулияң» романынан үзінді ұсынамыз. Аударған белгілі қаламгер Серік Нұғыман. Сондай-ақ аудармашымен шағын сұхбатымыз да қоса беріліп отыр:

– Мо Янмен таныстығыңыз қайдан басталды? Оның өзге қандай шығармаларын аударып едіңіз?
– Мо Ян шығармаларымен көптен бері таныспыз. Олай болатыны, 1988 жылы Қытайда «Қызыл Гаулияң» деген кино түсірілді. Үлкен дүмпу тудырды. Режиссері әлемге әйгілі Чжан Имоу. Әрине, ол кезде киноның Мо Янның содан екі жыл бұрын жарық көрген аттас романы желісімен түсірілгенін білмедік. Кейін қаламгер аты жиі естіле бастады. Кейінгі жылдарда даңқы тіпті артты. Ел ішінде биік марапаттарға ие болды, Қытайдағы ең үлкен әдеби сыйлық – «Мау Дүнді» иеледі. Ақыры, 2012 жылы Нобель сыйлығын алып тынды. Міне, осы тұста оған дүниежүзі оқырмандарының назары ауды. Сол қатарда біз де жазушының біраз шығармаларымен танысып шықтық. 
Аударма жайына келсек, шыны керек, елге келген соң, қытай әдебиетінен шамалы қол үзіп қалдық. Мо Янь әлемдік марапатқа ие болған соң, қайта қызықтық. Интернет арқылы біраз шығармаларын қарап шығып, бір-екі әңгімесін аудардым. Соның ішінде «Үйрек бағушы» деген әңгімесін оқырман жылы қабылдады. Ол әуелі бір журналда, кейін «Жас қазақ» газетінде қайта басылды. Сол себеп болды ма, екі-үш жылдың алдында Бейжіңдегі «Ұлттар баспасы» қазақ редакциясы тарапынан Мо Янның «Қызыл Гаулияңын» қазақшалау туралы ұсыныс түсті. Аударылатын роман бұл ғана емес екен, қытай әдебиетіндегі классикалық шығармалардың біразы қамтылыпты. Оларды басқа жігіттер тәржімалады. Уақыт тығыз екен. Өте қысқа уақытта аударып, баспаға тапсырдым. Кешікпей ол жарыққа шықты. Пандемия кезінде қамалып, үйде отырдық қой. Сонда аударманы үстінен қайта бір қарадым. Асығыстық, тәжірибесіздік салдарынан біраз кемшіліктер кеткен екен, қайыра түзетіп, жобаға келді-ау дегенде «Әдебиет порталына» бердім. Олар қолма-қол жариялады. 
Соны да қоса айта кетейін, роман өте көлемді, бес бөлімнен тұрады. Тапсырыс берушінің өтініші бойынша біз шығарманың алдыңғы екі бөлімін ғана тәржімаладық. 
– Романның ерекшелігі не?
– «Қызыл гаулияң» – Мо Янның тырнақалды романы. 1986 жылы жарияланған. Ең басты ерекшелігі – қытай әдебиетіндегі орныққан реализм дәстүрінен бас тартып, оқиғаларды жаңа формада баяндайды. Шығарма өзегі – Екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы қытай өмірі. Осы соғыстың алды-артындағы жағдайлар егжей-тегжейлі сөз болады. Ең кереметі, жазушы соның бәрін қамшы өргендей бірімен-бірін араластыра өрбітіп, үлкен-кіші оқиғаларды тоғыстыра сабақтап, тартымдылығын арттырып, соңында бір желіге әкеп байлап, қызықты түйін түйді. Ілгері-кейін жүз берген істерді бөліп-жармай, біртұтас әңгімелегенде адамды жақсы әсерге бөлейді. Оқылуы тез. Соған қарамастан, қамтитын ауқымы кең. Жеке-жеке оқиғаларды, оған қатысқан адамдар әрекетін аса дәл, нақты береді. 
Жазушы сұхбаттарының бірінде өзінің Габриэль Гарсия Маркестен көп нәрсе үйренгенін айтады. Оны, міне, осы романның өн-бойынан анық байқауға болады. Мо Янь Уильям Фолкнерден де көп нәрсе үйренгенін жасырмайды. Фолкнердің табиғат суреттерін беру ерекшеліктері да осы шығармада жақсы көрініс тапқан. Осындай шеберліктің әсері шығыр, романды оқып бастаған жұрт, соңына жетпей тоқтамайды. 
Екіншіден, роман қытай халқының ұлттық тұрмысын да өте қанық көрсетеді. Роман ұзатылған қыздың ұзатылып бара жатқан жолында кездескен қызықты оқиғадан басталады. Демек, шығарманы оқып отырып Қытай халқының ұлттық тұрмысымен де терең танысуға болады.
– Қытайдың тағы қандай авторларын, шығармаларын аударғыңыз келеді немесе аударып жүрсіз? 
– Қытай әдебиеті – өте үлкен әдебиет. Тарихы да тым тереңде. Ертедегі әйгілі «Таң заманы жырларын» тудырған Ли Бәй, Ду Фуларды айтпағанда, кейінгі «Үш патшалық хиссасы», «Батысқа сапар» және «Қызыл сарай түсі» қатарлы прозалық шығармалар әлемге белгілі. Ол шығармалар желісімен түсірілген кейбір сериалдар Қазақстанда көрсетіліп, кезінде көрермен жақсы қабылдаған. Өткен ғасырдың басындағы қытай әдебиеті орыс әдебиетінің ықпалына ұшыраған. Батыс әдебиетінің де әсері сезіледі. Атақты Лу Шүн, Мау Дүн, Ба Цзин, Лау Шылар солардың алдыңғы легінде. Олардың біразы бірге аударылды. Одан берідегі Уаң Мың сынды жазушылар бұрынғы Кеңес Одағы аумағына кеңінен белгілі. Ал жаңа замандағы Мо Ян секілді жазушылардың шығармалары мүлде бөлек. Қытай әдебиетіне тың серпін әкелген, өзгеше сипаттағы қаламгерлер. 
Ал кімді, нені аудару жайына келсек, шынын айту керек, оны біз шешпейміз. Ол ұсынысқа байланысты. Бірақ ұсыныс түсті екен деп кез келген жазушыны да аудара бермейміз. Аудармаса болмайтын қаламгерлерді ғана таңдаймыз. Әлгінде айтқан, Кеңес Одағына кезеңінен танымал Уаң Мың деген жазушы бар. Мо Янның тұстасы Жиа Пиіңуа деген жазушы бар. т.б. Қытайда осы тұста аз санды ұлттардан да үздік қаламгерлер шыққан, солардың шығармаларымен таныссақ ұтылмаймыз ғой деп ойлаймын. Мысалы: өзіміздің Әкпар Мажитұлы ағамыз, тибеттен шыққан Алай дегендей. Алай – Қытай әдебиетіндегі өте белгілі тұлғалардың бірі. Кезінде арғы беттегі қазақтар біраз шығармасын аударған. Шамасы, ол бізге де жеткен болуы керек... Қысқасы, ұсыныстар түсіп жатса, оқырманның сұранысына ие бола алатын біраз шығарманы аударуға болады.

Әжем ағыл-тегіл еңірейді. Гаулияң­дар тербетіледі. Күй­мешілер ырғауын тоқтатады. Есірген, пәле іздеген кернейші-сырнайшылар да күй ойнағандарын қояды. Тек әжемнің өксік атқан үні ғана қалып, әйел затының сызылған сыңсуы онан да жағымды сырнайдың мұңды сарынымен барып тоғысады. Сырнай үнін естіген әжем жылауын тоқтатып, құдды бір аспан күйіне құлақ түргендей, әуеден ұшып келіп жатқан көркем ырғаққа ықыласпен назар салады. Жүзін жас жуып, бетінен далабы кеткен жас келіншек қасіретке толы сырлы саздан ажал сыбысын естіп, өлім иісін иіскегендей, жаналғыштың гаулияңнан аумайтын қызыл еріндері мен гаулияң болып күлімсіреген алтын-сары жүзін көргендей болады.
Тіл-ауыздан айрылған күймешілер аяқтарын ауыр алып, үнсіз жүріп отырады. Күйме ішіндегі құрбандықтың қайғылы сыңсуы мен арт жақтағы сырнайдың сүйемел үні көңілдерін астаң-кестең етіп, есеңгіретіп тастағандай. Гаулияң арасындағы тар соқпақта тұнжырай ілбігендер келін алып келе жатқандарға емес, өлік шығарып бара жатқандарға ұқсап қалады.
Әжемнің алдында келе жатқан күймешінің – кейін менің атам болған Үй Жанаудың жүрегінде бір ерекше сезім оянып, ол бейне маздап жанған алаудай лапылдап, болашақ жолына нұр шашып, сәуле сепкендей болады. Жас келіннің өксіген үні оның жан түкпірінде бұғынып жатқан махаббат сезіміне от тамызады.
Жол ортада күймешілер бір сәт аялдап, күймелерін жерге қояды. Жылай-жылай мең-зең болған әжем бір аяғын байқамай күйменің сыртына шығарып алады. Тым нәзік, керемет әдемі, сүйкімді аяқты көргенде күймешілер естерінен тана жаздайды. Үй Жанау жақындап келіп еңкейіп, әжемнің кіп-кішкене, нәркез аяғын аса еппен, құдды бір құс балапанын ұстағандай аялай қармап, күймеге кіргізіп қояды. Іште отырған әжем осы бір жылы сыпайылықтан әсерленіп, күйменің пердесін ашып, алақаны қыз-қыз қайнаған жас жігіттің қандай адам екенін көргісі келеді.
Меніңше, барлық неке – тағдыр жазуы. Өмірлік істер қашанда Тәңір бұйрығымен болады. Бұл шәк келтіруге болмайтын ақиқат. Тек әжемнің аяғын ұстағаны себепті ғана Үй Жанаудың жүрегінде ең ұлы, жаңа тіршілік бастауға деген ең ынталы ыстық шабыт оянған. Содан былай оның өмірі түбірімен өзгеріп жүре береді және әжемнің өмірін де өзгертеді.
Күйме қайта жолға шығады. Керней ұзақ барылдап барып тынады. Солтүстік шығыстан жел тұрып, көктегі бұлттарды айдап, күн көзін тұтас көлегейлейді. Күйме іші күңгірттене түседі. Әжем жел тербеген гаулияң жапырақтарының сыбдырын естиді. Толқынды толқын қуалап, бірін-бірі қақпақылдап, алысқа әкетіп бара жатады.
Солтүстік шығыстан күннің күркірі тағы естіледі. Күймешілер жүрісін жылдамдата түседі. Әжем Дән шаңырағына тағы қанша қалғанын білмейтін. Қолды болған лақтың кебін киген байқұс қыз ажал мезеті таяған сайын жүрегі тыншып, байсал тартады. Әжемнің қойнында бірге келе жатқан өткір қайшы бар екен. Оның Дән Пиәнлаң үшін, әлде өзі үшін әзірленгенін анық білмепті.
Әжем отырған гүлді күйменің Бақалы өзегінде тоналуы – әулетіміз тарихынан тарайтын аңыз-әңгімелер арасындағы ең салмақтысы. Ерекше орны бар оқшау оқиға.
Бақалы өзегі – ойпаң жердің ішіндегі ойпаң екен. Топырағы құнарлы, суы мол аңғарға шашылған гаулияң тұқымы қақала, қаулап өсіпті. Әжемнің күймесі сол араға жеткенде солтүстік шығыс аспаннан қызыл найзағай жарқ етіп, бұлт арасынан жамыраған күннің сарғыш сәулесі жолға түседі. Ентіге дем алған күймешілер қара терге малшынады. Бақалы ойпаңына енгенде ауа кенет зіл тартып, жол жағасындағы қалың гаулияң қарая жарқырап, бітік өскен арам шөп пен жыныс шырмауық жол бетін тұмшалап, аяқ басар жер мүлде көрінбей қалады. Киіздей қалың шөп арасынан бой көтеріп, көк, күлгін, ақ, қызғылт түсті қауашақ ашқан кекіре гүлі көзге жиі түседі. Маңайдан бақаның мұңлы бақылы, көк шегірткенің мазасыз шырылы, түлкінің зарлы шәуілі естіліп тұрады. Күймеде отырған әжем бойын оқыс сызды самал ұрғандай тітіркеніп, майда терісінің бетіне ұсақ-ұсақ бүртіктер тепсініп шыға келеді. Білегінің құсеттене бұжырланып кеткенін анық байқайды. Не болғанын түсініп үлгермейді, алдынғы жақтан біреудің:
– Жол ақысын беріңдер! – деп айғай­лағанын естиді.
Қуанғаны да, қайғырғаны да белгісіз, жүрегі тосын аунап түседі. «О, жасаған, қыспа нан жейтіндерге де жолықтық-ау, міне!» деп күбірлейді ішінен.
О заманда Гаумидің Дұңби ауылында қарақшы деген топ-топ болып қаптап жүреді екен. Қалың гаулияң арасында суда жүзген балықтай бірде шығып, бірде жоғалып, емін-еркін сайрандаса керек. Ел арасынан өздеріне жақтас жиып, топ құрады екен. Барымтаға шығып, мал айдап, жаман істің түбін түсіріп, ал оң жұмыстың берекесін қашырады екен. Алда-жалда қарны аша қалса, екі адам ұстап, бірін қалдырып, екіншісін хабар салуға ауылға жібереді екен. Арасына жұмыртқа, сарымсақ салып ораған, екі қарыстай ұзын, қыспа нан әкелуге бұйырады екен. Оны жегенде қос қолмен екі жағынан қысып ұстап, ауызға қарай итеріп отыратындықтан, ол «қыспа нан» аталыпты.
– Жол ақысын беріңдер!
Қыспа нан жейтін адам тағы гүр ете қалады. Күймешілер тоқтап, жол ортасында көлденең түсіп жатқан тонаушыға қарап, аңырып тұрады. Тонаушы аласа бойлы, бетіне қара сия жаққан адам екен. Басына жүгері қабығынан өрілген төбесі биік қалпақ киіп, иығына шөп сулық жамыла салыпты. Ішінен түймесі жиі қара бешпет пен белін буған жалпақ белбеуі көрініп тұрады. Белінде қызыл торғынмен томпита орап алған түйіншегі бар. Оны үстінен бір қолымен қармап басып алыпты.
Әжем демнің арасында ештеңеден жасқанбайтын батыр жанға айналып шыға келеді. Өлімнен сескенбейтін адам басқадан қалай қорықсын? Күйменің пердесін ашып, қыспа нан жейтін адамға қарайды.
– Жол ақысын беріңдер, әйтпесе, бәріңді жайратып саламын! – деп тағы айғайлаған әлгі адам, беліндегі қызыл түйіншегін қағып-қағып қояды.
Кернейші-сырнайшылар қойындарынан әжемнің әкесі сыйлаған жармақтарын алып, әлгі адамның алдына қарай тастайды. Күймені жерге қойған күймешілер де аздың алдында алған бақыр ақшаларын солай лақтырады.
Жармақтарды аяғымен жинастырып алған әлгі адам көзін күймеде отырған әжемнен алмай, тесіле қарайды.
– Сендер түгел... күйменің артына кетің­дер! Болмаса, мен оқ шығарамын! – деп ақы­рады ол беліндегі нәрсесін қағып-қағып қойып.
Күймешілер нарау басып күйменің артына қарай озады. Ең соңында кетіп бара жатқан Үй Жанау шұғыл бұрылып, әлгі қыспа нан жегішке оқты көзімен ата қарайды. Сол сәт түсі бұзылған әлгі адам беліндегі қызыл түйіншегін сығымдай ұстап:
– Артыңа бұрылма... енді бұрылсаң, атып тастаймын! – деп айбат шегеді.
Қолын беліндегі нәрседен алмаған тонаушы күйменің алдына келіп, әжемнің аяғынан ұстайды. Әжем жайбарақат күледі. Әлгі адам от қарып алғандай шошып, қолын шұғыл тартып алады.
– Күймеден түс! – дейді сосын зірк етіп. – Маған ілес!
Әжем қозғалмайды. Бетінде ұйып қалған манағы күлкі.
– Күймеден түс!
Орнынан көтерілген әжем аспай-саспай күйменің бағанынан аттап, жайнай ашылған кекіре гүлінің арасына барып тұрады. Оң көзін қыспа нан жейтін адамға, сол көзін күймешілер мен кернейші-сырнайшыларға салады.
– Гаулияңның арасына қарай жүр! – дейді беліндегі қызыл шүберектегі нәрседен қолын алмаған жол торушы.
Әжем қаннен-қаперсіз тұра береді. Бұлт арасынан жалт еткен жарқылға ілесе жеткен, мыс барабан даңғырындай қатты шыққан сұмдық гүріл әжемнің ашық ажарындағы жылы жымиысты быт-шыт қылып, сайдан санын, құмнан ізін таппастай етіп тоз-тозын шығарады.
Әжемді гаулияң ішіне қарай ықтиярсыз айдап келе жатқан жол торушының қолы беліндегі нәрседен ажырамайды. Әжем мардымсыған бір назармен Үй Жанауға қарап қояды.
Үй Жанау жол торушыға қарай төтелете тартады. Жұқа еріндерін жымқыра тістеген оның екі езуінің бірі өрге көтеріліп, екіншісі төмен салбырап кеткен екен.
– Қозғалма! – дейді жол торушы үні қатты болғанмен, десі бәсең шығып. – Тағы бір адым аттасаң, атам! – Қолы беліндегі қызыл шүберектегі нәрседен ажырамайды.
Үй Жанау қыспа нан жейтін адамға жақындай түседі. Ол алға адымдаған сайын анау шегіншектей береді. Бейтаныс адамның көзінен жасыл ұшқын шашырайды. Бетінен мөп-мөлдір тер моншақтары тарам-тарам боп ағады. Үй Жанау үш қадамдай қалғанда ол ұят-намысты қайырып қойып, баж етіп бұрылып, тұра қашады. Үй Жанау тұра қуып, жетіп барып, құйрықтан бір тебеді. Денесі арам шөпке оралып, кекіре гүлді жапыра, бар екпінімен алға қарай ұша жөнеледі. Аяқ-қолы бос кеңістікте талпынған сәбиге ұқсап ербеңдеп, ақыр-соңы анандай жердегі гаулияң сабақтарының арасына барып топ ете қалады.
– Жанымды қия көр, ағатай! Сексенге келген анам бар еді. Бұл жолға шарасыз түстім, – дейді тонаушы Үй Жанаудың алдында жаттанды сөздерін шұбыртып. Желкесінен қыса ұстаған Үй Жанау оны күйменің алдына сүйреп әкеліп, жолдың үстіне жалп еткізеді. Сосын сөзден тыйылмай тұрған аузын дәлдеп шірене тебеді. Баж ете түскен жол торушының жартысын жұтып, жартысын аузынан шығарып үлгермеген қара қаны мұрнынан бұрқ етеді.
Үй Жанау еңкейіп, оның беліндегі нәрсені суырып алады. Қызыл шүберекті сілкіп қалғанда, ішінен ағаштың қисық-қыңыр жіңішке тамырлары лақ етеді. Тұрғандар тіксіне қарайды.
Тонаушы тізерлеп отыра қалып, қайта-қайта бас ұрып, кешірім сұрайды. «Жол торушының бәрі үйде сексенге келген анам бар дейді» деп аз-кем шегініп тұрған Үй Жанау күймешілер мен кернейші-сырнайшыларға көп ішіндегі көсемдей мардымси қарайды.
Шу ете қалған күймеші, сырнайшылар атылып келіп, тонаушыны ортаға алып, жеткендері қолмен, жетпегендері аяқпен, жабыла соққылауға кіріседі. Алғашында әлгі адамның ойбайлаған ащы дауысы естіліп тұрады да, аздан соң біржола өшеді. Кісі денесіне тиген соққының былшылдаған дыбысын естіп жол бойында тұрған әжем Үй Жанауға бір қарап қойып, жүзін іле көкке, жасын оты жарқылдаған аспанға бұрып әкетеді. Ажарындағы әлі сейілмеген асқақ жымиыс оны тым паң, асыл текті, бекзат етіп көрсетіп тұрады.
Кернейшілердің бірі қолындағы үлкен кернейін үйіріп әкеп, тонаушының тақ төбесінен періп қалады. Өткір ернеуі бас сүйекке «кірш» етіп кірген ол кернейін күшеніп жүріп әрең шығарып алады. Тонаушының ішек-қарны шұрылдап, екі бүктеліп қалған денесі кенет жазылып, сұлық түсіп жатып қалады. Бір жолақ ақ пен қызылдың арасындағы сұйықтық төбесіндегі терең жарықтан жылып ағып шығып жатады.
– Өлді ме? – дейді қабысқан кернейін құшақтаған кернейші.
– Өлді... бір салғанға шыдамайтын шүкімайт екен!
Үрейленген күймеші, кернейшілер өңдері бұзылып, сасып қалады.
Өлі адамға бір, тірі адамдарға бір қараған Үй Жанау тіл қатпайды. Гаулияң жапырағынан бір уыс үзіп алып, алдымен күйме ішіндегі әжемнің құсығын сүртеді. Сонан соң барып әлгі ағаш тамырын алып, үңіле қарайды. Қызыл шүберекті неше қайтара байлап, бар пәрменімен аласқа лақтырады. Әуеге көтерілген зат қызыл көбелекке ұқсап ұшып бара жатып екі бөлініп, алдымен тамыр, артынан қызыл шүберек, жасыл гаулияңның үстіне кезек-кезек құлайды.
Артынан әжемді күймеге сүйеп шығарған Үй Жанау:
– Жауын келе жатыр, тез қозғалайық! – дейді.
Әжем күйменің пердесін жұлып алып, түкпір жаққа тастай салады. Соның арқасында жолай таза ауамен еркін тыныс­тап, Үй Жанаудың қақпақтай кең жауырыны мен қанжырдай аш белін көріп отырады. Араларының жақындығы сонша, әжем аяғын шамалы көтерсе болды, оның құйқасы қалың әппақ басына тиіп кетердей еді.
Жел екпіні күшейіп, ары-бері ырғалған гаулияң толқын-толқын болып теңселеді. Жол жиегіндегі сабақтар әжеме тағзым жасап, құрмет көрсеткендей мойынын иіп, басын жол ортасына қарай соза түседі. Күймешілер аяқтарын жіті басып, гүлді күйме өте орнықты, құдды бір суда жүзген қайықтай жаймен ғана сырғып отырады.
Көп өтпей құйып беретін жазғы нөсерді күткен бақалар шаттана әнге басады. Түнерген аспан барған сайын сұрғылттанып гаулияң алқабына төне түседі. От қамшысын кенет үйірген найзағай жерге жете бере жарқыл шашып, «шарт» етіп көкті жарған дауысы құлақты тұндырады.
Қабағат көңілденген әжем қара боран көтерген жасыл толқындарға жасқанбай қарайды. Бұлт диірмен тасындай үйіріле жөңкіледі. Жел бағыты жиі өзгеріп, ығына алған гаулияң жапырыла тербеледі. Сөйтіп, ай­нала лезде әлем-тапырыққа айналып жүре береді.
Алғаш түскен үлкен-үлкен жаңбыр тамшылары гаулия масағын теңселтіп, арам шөпті қирата жапырып, жолдағы майда топырақты лай батпаққа айналдырады. Күйме төбесін сартылдата сабайды. Мөлдір моншақ әжемнің кестелі кебісіне, Үй Жанаудың тақыр басына төгіледі. Тіпті кейде қиғаштай ұрып, әжемнің жүзіне де келіп тиеді.
Үй Жанау бастаған күймешілер аяғын қанша жылдам басып, жүрісін тездеткенмен, түске таяу құйып берген найзағайлы жаңбырдан аман қала алмайды. Сансыз гаулияңды сұлатқан сел нөсер кең далада армансыз сіркірейді. Гаулияң түбін паналаған бақалар ақ тамақтарын бүлкілдетіп, тоқтаусыз бақылдайды. Қараңғы інінде тығылып жатқан түлкілер гаулияң жапырағынан сырғыған су моншақтарына қызығып, телміре қарайды.
Топырақ жол әп-сәтте құй батпаққа айналып, арам шөп басылып, кекіре гүлі су болған басын көтеріп, дүр сілкініп, құлпырып шыға келеді. Күймешілердің кең қара шалбары бұтқа жабысып, бойы сұңғақ тартып, келбеті келісе түседі. Жауын шайып, құйқасы жарқыраған Үй Жанаудың басы әжемнің көзіне аумаған толған ай болып көрінеді. Төпеген өткінші әжемнің киімдерін де малмандай қылады. Әсілі, күйменің пердесін жауып, су болудан сақтануына болғандай екен. Бірақ әжем олай етпеген, еткісі де келмеген, күйменің ашық тұрған есігінен тігіліп, аласапыранға айналып кеткен кең дүниеге қараған да отырған.

Қытайшадан аударған: 
Серік НҰҒЫМАН

1329 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы