• Cұхбаттар
  • 02 Маусым, 2021

Шілікті даласында сақ дәуірінің екі жүзден астам ескерткіші бар

Археолог-ғалым, тарих ғылымының кандидаты Ғани Омаровпен сұхбат  

 

– Археология ғылымында есімі белгілі тұлғасыз. Берел мен Шілікті сияқты атақты сақ қорғандарын зерттеген археологтың бірісіз. Осылардың бәрінен «Алтын адам» табылды. Айтыңызшы, осы тарапта ашқан жаңалықтарыңыздың қайсысы көңіліңізге жақын?
– Тап мына тапқан жаңалығымды ерекше бөліп атаймын деп айта алмаймын. Бәрі де – сақ заманын терең білу үшін аса қажет, мол мәлімет берген жерлер. Бәрі де жаныма жақын, көзіме ыстық. «Алтын адам» ғана емес, басқа да асыл жәдігерлер мол табылды. Мәселен, өзім зерттеген 3-Шілікті қорымының Бәйгетөбе обасынан барлығы 4 мың 303 дана алтын зат табылды. Оның 153 данасы мәліннің маскасы бейнесінде, 36 данасы бүркіт, 20 данасы бұғы, 39 данасы қасқыр мен аю түрінде, бір түйме-қапсырма бес жұлдыз, бір қапсырма арқар бейнесінде болды дегендей. Жай ғана алтын емес, осының бәрі – өнер туындылары. 
– Шілікті жазығы – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылының арғы бетіндегі кең жазық қой. 
– Иә, дұрыс айтасыз.  Шілікті жазығының ұзындығы – 80, ені – 30 шақырым, осы кең жазықты оңтүстігінде Тарбағатай, шығысында Сауыр, Сайқан, солтүстігінде Маңырақ ­таулары қоршап жатыр. Шілікті жазығының жағрафиялық жағдайы адам өмір сүруіне өте қолайлы. Жазы шыбынсыз салқын, қысы қарсыз және жылы болып келетін даланы көшпелі, малшы тайпалар қола дәуірінен бері кең қоныстанған. Шілікті даласында көне мәдениеттің аса бір өркендеген уақыты сол даланы сақ тайпалары мекендеген біздің заманымызға дейінгі мың жыл бұрынғы уақытқа сәйкес келеді. Шілікті даласында сақ дәуірінің екі жүзден астам ескерткіші бар. Олардың елу шақтысы – сақ патшаларының обасы.
– Сіз айтқан Бәйгетөбе обасынан табылған 4 мың 303 дана алтын әшекейдің бәрі «Алтын адамның» киімінен шықты ма? 
– Иә, біздің дәуірімізден, шамамен, сегіз жүз жыл бұрын өмір сүрген сақ патшасының киімінен шыққан алтын әшекейлер – осы. 2003 жылы табылған «Алтын адам»,  1969 жылы табылған Есіктегі «Алтын адамнан», шамамен, 400 жылға үлкен. Жалпы Шілікті қазбаларының олжасы жерімізде табылған сақ мәдениетінің «Алтын адамын» ғана беріп қойған жоқ, сонымен қатар ерте сақ кезеңіне жататын Шілікті мәдениетін анықтауға, сақтар мен қола дәуірі мәдениеттерінің арсындағы байланыстарды табуға, сақ-скиф аң стилінің генезисіне, т.б. мәселелерге байланысты жаңаша тұжырым жасауға мүмкіндік берді.
– Сақ заманындағы ескерткіш Қазақстанның тағы қай өлкесінен табылды?
– Жетісу, Сырдария, Шығыс, Солтүстік, Батыс, Орталық Қазақстанда. Мәселен, Жетісудағы Есік (Алтын адам), Бесшатыр обалары мен көптеген көмбелер, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті қорымдары, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы Тасмола мәдениетінің обалары, Сырдың төменгі ағысындағы Ұйғарақ қорымы және көптеген ескерткіш, қорым, ғұрыптық орындар, сақ дәуірінің қоныстары ашылып, қазылып, зерттелінді. 
– Археологияға кездейсоқ адам келмейтін сияқты. Айтыңызшы, бұл мамандықты таңдауға не себеп болды?
– Әке-шешем мұғалім болған кісілер, яғни ұстаздар отбасынанмын. Қызмет бабымен ата-анамның жұмыстарын ауыстыруына байланысты мектеп бітіргенше жеті жерде оқыппын. Соның ішінде елімізге танымал мектептерде оқу менің пешенеме жазылыпты: Өскемендегі Ж.Жабаев атындағы мектеп-интернат, Марқакөл ауданындағы КСРО Халық мұғалімі, Ленин орденінің иегері Құмаш Нұрғалиев басқаратын Боран орта мектебі және Тарбағатай, Марқакөл ауданындағы төрт мектеп. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Қ.Нұрғалиев қан майданда екі аяқ, бір қолынан айырылғанына қарамастан білім беру саласында аянбай еңбек еткен еңбекқор жан еді. Еңбекқорлығы төрт мүшесі түгел жандардан әлдеқайда артық еді. Мектеп жиһаздарының өзін арнайы тапсырыспен Латвиядан әкелетін. 1970 жылдардың өзінде мектебіміз түсімізге де кірмеген қазіргі таңдағыдай бейне бақылаумен жабдықталған болатын. Информатика туралы менің түйсігім де сол кезде еліміздің сонау бір түкпіріндегі ауыл мектебінде қалыптасқан еді. Кейін Алматыдағы Социалистік Еңбек Ері Рафиха Бекенқызы басқарған №12 мектепте оқыдым. Әке-шешем тынымсыз еңбекқор адамдар еді. Міне, бала шақтағы осы адамдар менің өміріме үлкен әсер етті десем артық емес. Үлгі тұттым. Әкем – филолог, тіл маманы болғандықтан болар, ақындыққа жақын болдым.  7-8 ­сыныптан бастап, өлең жаза бастадым. Алғашқы балалық сезім ғой. Әкем өлең дәптерімді көріп, түзетіп қоятын. «Жылауық ақын болма, «сүйем», «күйем» дейсің. Жігіт емессің бе?» деп  әзілдей отыра, өз қамқорлығын білдіретін еді.
Мектепті өте жақсы бітірдім. Бірақ ­ауылдан Алматыға барғанымда физика пәнінен қиналдым. Тіпті намыстанғаннан ешкімге көрсетпей жылаған кезім де болды.  Тырысып оқығанның нәтижесі болар. Сөйтіп, еңбектеніп политехникалық институттың құрылыс факультетіне оқуға түстім. Бірақ айналамдағы араласатын достарым, жерлестерім журналистика, филология факультетінде оқитын еді. Жастықтың сол бір албырт шақтары-ай десеңші! Үшінші курста «сабақты тастаймын, үйленемін» деп әке-шешеме хабар айттым. Ол кезде «ұят болады» деген бір ауыз сөз  біздің тәрбиеміздің шоқ жұлдызы еді ғой. «Директордың баласы оқуын тастап кетіпті, оқудан шығып қалыпты» деп ел айтады ғой, «ұят болады» деген бір ауыз сөз мені өмірдің басқа арнасына салғандай болды. 
Сол кезде өзіммен құрбылас жастар бірігіп «Балауса» деген топ құрып, ақын-жазу­шылармен кездесу жүргіздік. Әлі есімде, осындай кездесулердің бірінде философ Әуезхан Қодармен кездестік. Сол кездесуден кейін бір қанат пайда болды ма, Алматы архитектура-құрылыс институтындағы оқуымды бітіре сала, Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне түстім. Архитектура-құрылыс факультетін  бітіргендіктің пайдасы көп болды, археологияға жан-тәніммен қызықтым.  1989 жылдан бері үзбей жыл сайын археологиялық экспедицияға шығып келемін. Міне, отыз екі жыл болыпты. Өмірді қайта бастасам, әрине, археологияға барар едім. Өйткені мамандығым  мақта­нышыма, өмірлік өзегіме айналды. Негізі адам екі нәрседен қателеспеуі керек, тағдырыма ризамын. 
– Өзіңіз өлең жазады деп естідік.
– Мен ақын емеспін, бірақ қазақтың әр азаматы сияқты ақынжанды екенім рас. Қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтатынмын. Абай, Мұқағали, Қадыр, Мұхтар ағаларымыздың, Тұрсынхан, Фариза, т.б. апаларымыздың өлеңдерін іздеп жүріп  оқитынбыз. Ұлықбек Есдәулетов, Нұрлан Берғазиев, Бауыржан Жақып, Бауыржан Үсенов, Қайрат Әлімбек, Гүлнар Салықбаева, Светқали Нұржанов, т.б. өлеңдерін жатқа білетін едік. Біздің қатарластарымыздың дені осы замандас, құрдас ақын-жазушыларды мақтан тұтып өсті.
– Шәкірт қашанда ұстазын үлгі тұтады, ­археология саласындағы ұстаздарыңыз кім болды? 
– Қазақтың тұңғыш кәсіпқой археологы – Әбдіманап Оразбаев, профессор Әбдеш Төлеубаев, профессор Мадияр ­Елеуов, Нұртаза Алдабергенов, профессор Зейнолла Самашев және ҚазҰУ-дың тарих факультетінде қызметтес болған аға буын өкілдері, профессор Әбу  Тәкенов, Сүлеймен Тұрғанбаев, Төреғали Қаратаев және т.б. Осы ғұлама  ағалардан өмірге, білім-ғылымға деген құштарлық, еңбекқорлықты ғана емес, бір-бірімізге деген құрметті, яғни адами қасиеттерді үйрендік. Өмір  жолында осындай тау тұлғалардың кездескеніне мың шүкіршілік етемін. 

Әңгімелескен 
Т.Бақаш

2411 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы