• Руханият
  • 02 Маусым, 2021

Қыз жасауына қосатын құнды еңбек немесе келіндерге керек кітап

Жақында ғана қолымызға пошым-пішімі ғана емес, мазмұн-мәйегі де, концепциясы да өзгеше бір кітап келіп түсті. Аты «Ұрпағына ұран болған аналар». Нұр-Сұлтан қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Ұлы дала арулары» сериясымен жарық көріпті. Жоба жетекшісі және идея авторы, сондай-ақ негізгі авторы қазақтың көрнекті қаламгер қызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова. Құрастырған Ш.Бейсенова мен Ж.Әскербекқызы. 
Кітап үш бөлімнен тұрады. «Асыл текті әзіз аналар» деп аталатын бірінші бөлімге Бөрте ханым, Найманның әулие келіні Ақсұлу (Әлпеш) ана, Қыдыр қонып, бақ дарыған Нұрила (Домалақ) ана, Болған ана, Жұбан ана, Қанбике ана, Рәбия Сұлтан бегім, Жаған бикем, Ел анасы – Бопай ханым қатарлы ұлы аналардың өмір жолы мен өнегелі істері арқау болған. 
Жинақ «Бөрте ханым» атты мақаламен басталады, мақала авторы – Жанат Әскербекқызы. 

Жалпыға мәлім болғандай, Бөрте ханым – әлемді билеген Шыңғыс ханның сүйікті жары, сенімді серігі әрі данагөй кеңесшісі. Сондай-ақ ұлы қағанның тұяғы жетіп, құлашы қармаған күллі империясын мұрагерлікпен билеген Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлелерді өмірге әкеліп, ақ сүтін беріп, баулып өсірген анасы. Демек, тарихта Ұлы қағанға сүйікті жар, төрт бірдей ханға ана болған Бөртенің қадір-қасиеті ерекше болғаны айдан-анық. Сондықтан да оның есімі ұзына тарих бойына қатар аталып келеді. 
Бөрте ханым құдай қосқан қосағы «Шыңғыс хан» атанбай тұрып-ақ сенімді серігіне, данагөй ақылшысына айналған данышпан ана. Ұлы қағанның өмірінің қиын кездерінде де, жорыққа аттанған шақтарында да қасында болып, балтыры сыздағанда басын сүйеген, ақылына ақыл қосқан нағыз айнымас серігі ғана емес, кемеңгер кеңесшісі бола білгені тарихтан белгілі. Ол туралы аталған мақалада Ұлы ханшайымның ерлігі мен данышпандығын айғақтайтын әсерлі де айғақты детальдар келтірілген. 
 Кітаптағы бұдан кейінгі мақала «Найманның әулие келіні немесе тоғыз таңбалы найман елінің түп анасы жайлы аз сөз» деп аталады. Авторы – Шәрбану Бейсенова. Мақала Найман ата келіні – Ақсұлу өмірін арқау еткен.
 Кітаптағы келесі бір көлемді мақала «Қыдыр дарып, бақ қонған Нұрила ана» деп аталады. Бұл еңбектің де авторы Ш.Бейсенова. Бұнда да күллі қазаққа есімі аңыз боп жеткен, өзі де текті атадан шыққан, көзі тірі кезінің өзінде-ақ жұрт жаппай «Домалақ ана» атап кеткен ғазиз жанның көріпкел әулиелігі, келген жерінің әулетін өсіріп-өндіру жолындағы жанкешті еңбегі, ұрпақ берекесі мен ұлыс ұйытқысына айналған асыл қасиеттері жан-жақты сөз болады. ДАТ-тың деректеріне сенсек, Домалақ ана Бәйдібек биден Тілеуберді атты ұл сүйеді. Ол бала кейін «Жарықшақ» атанып кетеді. Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат есімді үш ұл, Күнбибі, Нұрбибі есімді екі қыз өмірге келеді. Албан, Суан, Дулаттар бүгінде іргелі үш тайпа ел болып отырса, Күнбибі «Қызай» деген атпен, Нұрбибі «Мұрын» деген атпен найманның ішіндегі екі тайпа елдің атын иеленіп отыр. Сөз болып отырған еңбекте Домалақ ананың өмірі мен өнегелі істеріне молынан орын берілген. 
 Бұдан өзге, «Болған ана», «Жұбан ана» (авторы Ж.Оспан), «Адай тегі, Адайдың анасы туралы айтылмыштар» (авторы Ж.Жылқышыұлы), «Рәбия Сұлтан бегім», «Жаған бикем» (авторы Ж.Айтмұхамбет), «Еланасы – Бопай ханым» (авторы Б.Нұрдәулетова) деп аталатын мақалаларда да аталған қасиетті аналардың өмір жолы мен аналық ұлы қасиеттері арыдан жеткен халықтың қариясөздері, тарихи деректер негізінде жан-жақты сөз болады. 
Кітаптың екінші бөлімі «Есімі ру-тайпа атауына шыққан аналар» деп аталады. Бұл бөлімде Қызай ана, Мұрын ана, Абақ ана, Тасбике, Тәттібике, Қасай мен Жекей секілді есімдері ру-тайпа атын иеленген аруақты да ардақты аналардың өмірі мен өнегелі істері, кісілік қадір-қасиеттері кеңінен сөз болады. 
 Бұл тарауға арнайы жазған кіріспесінде: «Ру-тайпа басиелігіне аналардың келуіне олардың жеке басының көшбасшылық қасиеттерімен қоса, қоғам өзі іріктеп әкелген, ықпал жасайтын шым-шытырық тартысты жағдайлары мен қатал тартысты оқиғалары да шешуші орын алатыны белгілі» дейді Шәрбану Қонақбайқызы. 
 Расымен де, автордың бұл пайымына көз жеткізу үшін есімдері ру-тайпа аттарын иеленген Қызай ана, Мұрын ана, Абақ аналардың өмір жолы мен кейуаналық қасиеттеріне бір сәт үңілсек те жетіп жатыр. 
 Сөз болып отырған екінші бөлімдегі, тіпті тұтас кітаптағы ең көлемді дүние – жазушы Шәрбану Бейсенованың «Қызай ана» деп аталатын шығармасы. Автор аталған шығарманың жанрлық сипатын көрсетпепті. Көлемі жағынан да (254 беттік кітаптың 91 бетін алып жатыр), жазу-бейнелеу тәсілі жағынан да, көркемдік деңгейі тұрғысынан да аталған шығарманы деректі-хикаят десек еш қателеспейміз. 
 Жалпы «Қызай ана» бізге өте етене тақырып. Олай болатын себебі, біз туып-өскен өңір – Жетісудың өргі бөлігі, бүгінде ҚХР құрамындағы Іле аймағына қарасты сегіз ауданда Ұлы жүздің албан тайпасы мен Орта жүздің найман тайпасынан тарайтын қызай руы баяғы заманнан қоңсылас, ауылы аралас, қойы қоралас ғұмыр кешіп келеді. Біздің екі шешеміз (әкемнің жеңгелері) қызайдың қыздары болды. Бала күнімізде сол шешелеріміздің «кигіз үй», «тамақ пысты»... деп сөйлейтінін, тіпті кимешек-шылауыштарының да өзгешелеу екенін аңғарып, үлкендерден «негесін» сұрасақ, «ол кісілер қызайдың қыздары» деп жауап беретін. Кейіндеп ауылдағы жиын-той, ас-нәзір кезінде шежіреші қарттардың аузынан қызай тайпасының тарихы мен шежіресін де көп естідік. Соның бәрінде айтылатын аңыз сарыны мынаған саяды: Қызай ана Ұлы жүз үйсіндегі Бәйдібек би мен Домалақ ананың қызы екен. Азан шақырып қойған есімі Күнбике. Найманның матайынан тарайтын Төлегетайдың Шағыр деген баласына ұзатылыпты. Шағырдан Итемген, Меңіс деген екі ұлды болған кезде, бір жаугершілікте Қызайдың күйеуі Шағыр қайтыс болады. Одан кейін Қызайды әмеңгерлік жолмен алуға ниет білдірушілер көбейеді. Жосын бойынша бұндайда әйелдің таңдауы шешеді. Сонымен, Қызайдың таңдауы Тоқтар деген қайын інісіне (кей шежірешілер Тоқтарды қожа тұқымы деп те айтады) түседі. Қызай Тоқтардан Бегімбет, Дербіс деген екі ұл сүйгенде Тоқтарды әлдекімдер қастандықпен өлтіріп кетеді. Осыдан кейін Қызай ананың негізгі қам-қарекеті, басты мақсат-мұраты екі әкеден тараған төрт ұлды аман-есен өсіріп-өндіру, ынтымақ-берекесін сақтап, ел қатарына қосу болса керек. 
 Сосын Қызай ананың төрт ұлы өсіп-өніп, рулы елге айналады. Жоңғар шапқыншылығы тұсында күллі қазақ баласы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламалап» Қазақ хандығының Орталық, Батыс және Оңтүстік өңіріне ұйлығып қалған болатын. Жоңғар күйреп, Ұлы даламыз жаудан азат болғаннан кейін ел-жұрт Абылай ханның нұсқауымен қайыра ата-қонысына көш басын түзейді. Абақ керей баласы Алтай-Сауырға, найман рулары Тарбағатай, Тоқта, Барлыққа, албан, суан балалары Жетісу өңіріндегі ескі жұрттарын табады. Дегенмен, осы жолғы көшті қызай руы бастаған деген сөз бар. Оған халық ішінде айтылатын «Ел ауғанда алдымен қызай ауған...» деп басталатын қисса дәлел. 
 Қызай елі көшінің сорабы Сыр бойы (кей деректе Арқа) – Алакөл – Тоқта – Барлық – Буратал – Іле деп сипатталады. Ал, енді осы Қызай балаларының Ілеге қоныс аударуына қатысты ел ішінде сан түрлі аңыз-әңгіме бар. Бір аңызда Қызай ананың екі күйеуі де арт-артынан қайтыс болып, жас балаларымен жесір қалған соң, төркін жұртын қара тартып, Тарбағатайдан Жетісу өңіріне салқар-көшті өзі бастап келген делінеді. Тағы бір деректерде Қызай ұрпақтары Сыр бойында отырғанда-ақ мал-жаны тез өсіп, рулы елге айналған. «Алдағы күндерде бастарыңа қысылтаяң заман туса, нағашы жұрттарыңнан көмек сұрарсыңдар» деген Ана өтініші бойынша кейін барлық көшті қызай руының ел ағалары жүзеге асырған делінеді. 
 Сөз болып отырған кітаптағы «Қызай ана» атты деректі-хикаят та, негізінен, осы желімен өрбиді. Автор өз шығармасына Қызайдың Ілеге көшуі мәселесінде жоғарыдағы бірінші аңызды, яғни Қызай ананың екі күйеуі арт-артынан қайтыс болып, жас балаларымен жесір қалған соң, төркін жұртын қара тартып, Тарбағатайдан Жетісу өңіріне салқар-көшті өзі бастап келген деген аңызды өзек еткен. Әдеби шығармашылықта «тарихи шындық және көркемдік шындық» деп аталатын ұғымдар бар. Көркемдік шындық дегеніміз – қаламгердің сол шығармадағы концепциясының қажетінен туған шындық. Оған тарихи шындық тұрғысынан қарау әбестік болады. Ал Ш.Бейсенованың «Қызай анасы» көркем шығарма болғандықтан, қаламгер өз шығармасының концепциясының қажетіне орай қайсы деректі, қай аңызды қолай көреді, ол өз еркі болуға тиіс. 
 Көркем дүниеде ең маңыздысы, ол – шығарманың концепциясы. Атап айтқанда, ДАТ деректері бойынша Қызай ана – көріпкел-әулиелік қасиеті бар, шешен, белгілі деңгейде ел билігіне, ел ішіндегі дау-дамайларды шешуге араласқан, көркіне көркем мінезі сай келген Еланасы ретінде сипатталады. Бұл енді Қызай ананың ақыл-парасаты толысып, кемеліне келген өмірінің соңғы кезеңіндегі қасиеттері болуға тиіс. Оған дәлел Қызайдың тұтас бір іргелі тайпаның атын иеленуі. 
Сондай-ақ «Қызай ана» хикаятындағы аса бір маңызды тақырып, бүгінде шамалы сұйқыл тартып бара жатқанымен, ежелгі ұлттық дәстүрімізде елеулі орны бар, ұзына тарих бойына ел-жұрттың өсіп-өнуінде, береке-бірлігінде, тайпалар арасындағы ұлы ынтымақта шешуші рөл атқарып келген «нағашы-жиен» концепциясы. Шығарма өзегінен біз осы тұғырнаманың маңызы мен өзектілігін бірден аңғарамыз. Өйткені қазақы қариясөзде Қызайдың екінші күйеуі Тоқтардың өлімін Итемгенмен байланыстыратын әңгіме бар. Сондай сыпсың сөздің ел ішінде жүргені туралы шығармада да айтылады. Егер Қызай ана барған жеріндегі ағайын ішінде жүре бергенде, осындай сыпсың өсектің арты немен тынған болар еді?! Осыны күнілгері сезген данышпан ана төркін жұртына жақындауды көздейді. 
 Қызай ананың көрегендігі мен еңбегінің арқасында жалпақ қазақ жұртының құйқалы бір ұлысы, кенішті бір тайпасына айналып отырған қызай тайпасының жалпы саны ғана емес, ол елден шыққан тарихи тұлғалардың өзі қаншама?! Қызай елінен шыққан әйгілі Есенгелді батыр, Алаш арысы Әбеу Құдышұлы, ақын Таңжарық Жолдыұлы, дәулескер күйші Әшім Дүңшіұлы, Шығыс Түркістан Республикасы тұсындағы жаужүрек батырлар, ағайынды Әкбар мен Сейіт, тағы қанша жүздеген ақын-жазушылар мен ғалымдар, әнші-күйшілер ұлт рухының асқақтай түсуіне елеулі үлес қосқан жоқ па?! 
 Әрине, біз бұл арада, егер «Қызай ана» хикаятындағы Қызай ананың өсу жолындағы сюжеттерді, басты кейіпкерлер мен олар арасындағы тартыстарды, шығарманың жазылу шеберлігі мен көркемдігін жінтіктей сөз етіп отыратын болсақ, мүлде ұзаққа кетіп қалуымыз мүмкін. Ол, әрине, алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. 
 Тура осы Қызай ана секілді бір тайпаның атын иеленіп отырған қасиетті ананың бірі – Мұрын. Мұрын ана туралы жазу міндеті осы жолдардың авторына – бізге жүктелген болатын. 
 Мұрын анаға қатысты деректер, халықтың жадында ғасырлар қойнауынан келе жатқан, негізінен, ауызша және сол ауызша деректер негізінде халық ақындары жырлаған өлең-жырларда сақталған. Бұл біздің халқымыздың барлық тарихи тұлғаларына қатысты ортақ жағдай. 
Қызай, Мұрын аналар секілді есімі ру-тайпа атын иеленген ұлы тұлғаның бірі – Абақ ана. Кітаптағы «Абақ ана» туралы жазбаны (авторы Ш.Бейсенова. Дерек беруші Егеухан Мұхамәдиқызы) оқып отырсақ, оның тағдыры да Қызай ананікі секілді. 
Кітаптың осы бөліміндегі Тасбике, Тәттібике аналардың тағдыры мен тағылымы да жоғарыдағы Қызай ана, Мұрын ана, Абақ аналардың үлгі-өнегесінен онша алшақ кетпейді. 
 «Ел жадындағы аңыз аналар» деп аталатын ІІІ бөлім Қарқабат ана, Марау ана, Зереп ана, Жұпар ана, Сыланды ана, Дарабоз ана, Қойсана ана, Қаламқас апа, Айғаным әже, Зере әже бастаған аты аңызға айналған ғазиз аналардың өмір жолы мен өнегелі істеріне арналған. 
Бұнда да аттары аталған аналардың барған жерінің өсіп-өнуіне мұрындық болғаны, ұрпақтары мен ел береке-бірлігінің ұйытқысы болғаны, ер-азаматының аяулы жары ғана емес, керек болса сенімді серігі, ақылшысы болғаны сөз болады. 
Қорыта келе айтарымыз, «Ұлы дала арулары» сериясымен жарық көріп жатқан бұл кітаптардың бүгінгі өскелең ұрпаққа берер тағылымы мен тәлімі ұшан-теңіз. Ұлы Мұхаңның (Әуезов) «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп, осыдан тура жүз жыл бұрын айтып кеткенін бәріміз білеміз. Ол бір ғасыр бұрын айтылғанмен, ұлтымыздың тізгін-шылбыры өз қолында болмады. 
Қазір сол ұлы Мұхаңның әйгілі уәжіне ұлт болып құлақ асатын дәуірдеміз. Ештен кеш жақсы. Бесігімізді түзеуге қам қылайық, ағайын. Ендеше, бесіктің егесі әйел-аналар екенін, жалпы әйел-ана ұлағатты болмаса, ұлт ұлы болмайтынын сезінетін, осы ақиқатты жұрт болып қолға алатын уақыт жеткен секілді. 
Біз сөз етіп отырған «Ұрпағына ұран болған аналар» атты кітап ұлттық құндылық ретінде әрбір шаңырақтың төрінде тұрса, тіпті қыз-келіндеріміздің міндетті оқулығы болса, керек болса қыз жасауымен бірге беретін жасаубасы болса да артық болмас еді. 
Қазақ дәстүріндегі ақ кимешекті әжелер мектебі – қашаннан ұлт болмысы мен дәстүрінің алтын арқауы, тәрбие бастауы. Тұтас кітап қолына алған адамға осы туралы сыр шертеді. 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану 
институтының директоры, 
филология ғылымының докторы, 
профессор

 

2000 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы