• Тарих
  • 02 Маусым, 2021

ТАСҚА БАСЫЛҒАН АҚИҚАТ

Қазақ даласындағы аштықтың тасқа басылған ақиқаты оқырманға жол тартты. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша даярланған «Ашаршылық. Голод. Документальная хроника. Сборник документов 1928-1934» атты үш томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі Парламент Сенатында өтті.

Көзі қарақты оқырман хабардар болар, биылғы ақпанда «Азаттық жолындағы ақтаң­дақтар: Ашаршылық зардаптарына ­шынайы тарихи көзқарас» тақырыбында Парламент Сенаты, Мемлекеттік тарих институты,  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесе өткізген дөңгелек үстелде архив құжаттарын ­жинастырып, кітап шығару мәселесі де көтерілген еді.

Бірінші томға 267 құжат, екінші томға 706 құжат, үшінші томға 1126 құжат енген үштомдықтың редакциялық ал­қасының төрағасы – М.Әшімбаев. ­Мү­шелері – Н.Әбдіров, Д.Абдукадырова, Б.Әбдіғалиұлы (жауапты редактор), М.Құл-Мұхаммед, М.Бақтиярұлы, Н.Жүсіп, А.Райымқұлова, Е.Сыдықов, Д.Қамзабекұлы, З.Кабулдинов, М.Қой-гелдиев, Т.Омарбеков, Е.Смағұл.

Жалпы саны екі мыңның айнала­сындағы құжаттар қатталған кітап аш­тықтың шығу себептерін, халыққа тигізген ауыртпалығы мен салдарын сипаттайды. 

Мәселен, ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.И.Голощекиннің ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы И.В.Сталинге жазған «Қазақстанның саяси-экономикалық әлеуеті жөніндегі 1930 жылғы 5 наурыздағы жабық хатына» назар аударайық:

«... Кулактарды жою туралы.

Бірінші категория бойынша 5 наурызға дейін 3113 адам тұтқындалды. Олардың қылмысы әлі тексерілген жоқ. Екінші ­категория бойынша 16 ауданда тұтастай ұжымдастыру жүріп жатыр. Осы 16  ауданның 13-і таза егіншілікпен айналысады. Ал 3-і  мал да өсіреді.

Межелі цифрға сәйкес екінші категория бойынша Қазақстаннан 2450 адам қуылуға тиіс».

Үшінші томда Ғ.Мүсіреповтің, М.Ғатаулиннің, М.Даулетғалиевтың, И.Алтынбековтың, К.Қуанышевтың ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің ­бі-рінші хатшысы Ф.И.Голощекинге 1932 жылы шілде айында жазған хаты берілген. «1930 жылғы Ф.Голощекиннің мақаласына сәйкес Қазақстанда 40 миллион бас мал болған. Ол 160 ­миллион сомды құрайды екен. Ал екі жылдан кейінгі жағдай қандай? 30 миллиондай малдың 5 миллионы ғана қалыпты. Олар өздерінің өткізген малдары, астығы, терісі, жүні, майы үшін ақшаларын ала алмай отырғанын жеткізеді» дейді «Бесеудің хатында».

Кітаптың тұсаукесерінде болған тарихшы Сәбит Шілдебайдың пікірі газетіміздің екінші бетінде беріліп отыр... 

 

2192 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы