• Руханият
  • 03 Маусым, 2021

ҚАЛАМГЕРІН ҚАДІРЛЕГЕННІҢ ҚАДІРІ АРТАДЫ

Қали СӘРСЕНБАЙ         

«Ana tili»

Кезінде дана Димекең жазушылармен жиі жүздескен. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов бастаған қаламгерлер ол кісімен тіке телефонына шығып сөйлесе беретін болған. Демек, жазушыға есік ашық болды деген сөз. Бұл үрдіс ұлт үшін қызмет етті. Қаламгерлер қоғамның жүрек қағысы, жазушыға қарап қоғамдағы құбылыстарды да сүзгіден өткізіп отырған. Елбасы Н.Назарбаев та осы бағытты өте ұтымды жалғастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болса да жазушының баласы. Ол да алғашқы қадамының бірін Жазушылар одағына қамқорлықтан бастады. Айтпағымыз, осы үрдістің президент ­командасынан, әкімдер тарапынан қолдау тауып, жалғасып ­жатуы.

Алматының қалабасы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың бас шаһарға келе салысымен ұлттық құндылықтарға бет бұруы, оның ішінде алғашқы қадамын ұлылардың ізі қалған қара шаңырақтан бастауын айтпасқа әддіміз жоқ. Қалам­герлермен алғашқы жүздесудің жуан ортасында осы пақырыңыз да отырған.

Бұл кісінің әкесі Әбдір елге өте сыйлы болған адам екен. Әлгі «әулиелерді» жастанып оқыған бұл кісі (ол кездегі басшылар әдебиетті жақсы білетін) Елбасымен талай мәрте бірге жүріп, тізе қосып қызмет еткен тұлға. Тегінде бар тегін болмайды деген. Сол әкеден көрген тәрбие оны Жазушылар одағына алып келді.

«Мен осы жерге, сіздердің алдарыңызға келгенше, қасиетті шаңырақтың босағасын аттағаннан айрықша толқу сезімін бастан кештім. Ұлылардың табанының ізі қалған киелі жер ғой. Әкем қаламгерлерді қатты қадір­леуші еді. Бала күннен көңілімізде қалып қойған сурет. Сіздердің жер жарған атта­рыңыз бар, сол аттарыңызға сай өмір сүру мүмкіндіктеріңіз де жоғары болуы керек» деді.

Жазушының қоғамдағы орнына бұдан артық баға бола қоймас. Қаламгерлерге ­деген құрметке елге деген құрмет өлшемімен қаратып айтылған сөз.

Қысқасы, қаладағы қисапсыз кездесулерде қалабасы қала құндылықтары, ұлт руханияты жайын да назардан тыс қалдырмауға ұмтылып жүр. ­Алматы қай кезеңнен әдебиеттің, мәдениеттің ордасы болған. Қалабасы сол мәртебесін сақтап қалу жолында жұмыс істеу керектігін сан мәрте нығарлап айтып жүр. Әсіресе осында бар ғұмыры өткен тұлғалардың атын ардақтауды да қаперге салып қояды. Басқасын ­былай қойғанда, бір ғана Шерхан Мұртаза жөніндегі тапқыр сөзі тұлғаларға деген көзқарастың қандай болуы керектігінің зор үлгісін көрсетті. Бұл алдағы уақыттағы арнайы тақырыптың хабаршысы.  

Айтары жоқ. Мың сөзден бір іс артық. Әкім уәдесінде тұрды. Тәжтажал бас­тал­ғалы жаралы жолбарыстай хал кешкен Жазушылар одағы қазір ине жіптен шыққандай шырайы кіріп қалды. Бас шаһарда ұлт құндылықтарын қадірлеуге рухани бетбұрыс, бағдар жасалды. Ұзағынан сүйіндіргей!

 

 

 

2079 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы